ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТ

Тұрар Рысқұлов өмірбаянында оның ұйымдастыруымен және төрағалығымен РСФСР құрамындағы автономиялық құрылымдардың басшы қайраткерлерінің, БОАК және КСРО ОАК мүшелерінің қатысуымен 1926 жылы Мәскеуде болып өткен ұлт мәселесіне арналған кеңестің орны ерекше. Қатысқан кісілердің құрамы, сондай­ақ онда талқыланған мәселелердің маңызы жағынан бұл кеңес, уақыт көрсетіп бергендей, шын мәнінде ұлт мәселесіне арналған бүкілодақтық 5­кеңестің міндетін атқарған еді.

Ұлттар мәселесіне арналған бұрынғы 4­кеңес Мәскеуде 1923 жылы 9­12 маусым аралығында болып өткен­ді. «Өте құпия» деп мөр басылған 4­кеңестің материалдарын жетпіс жыл өткен соң, 1992 жылы жеке кітап етіп мәскеулік «Инсан» баспасы басып шығарды. Ал «Националдар кеңесі» немесе «Рысқұлов» кеңесі атанған 1926 жылғы кеңестің материалдары да «Құпия» деген белгімен Мәскеу архивтерінде сақталуы.

Егер іске ыждиһатты тарихшы­мамандар тартылар болса, бұл материалдарды да жеке кітап етіп шығаруға толық мүмкіндік бар. Ал енді осы тарихшылардың үлкен қызығушылығын туғызған кеңесте не жөнінде сөз болады, оның кеңестік тарих дәуірінде алатын орны қандай?

Бұл сауалдарға жауапты кеңес материалдарымен жақын таныса отырып алуға болар, бұл арада біз кеңесті өткізудегі Т.Рысқұлұлының атқарған қызметі мен онда қаралған мәселелерге қысқаша ғана тоқталмақпыз. 1926 жылдың мамырында Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылордада «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы қызметінде жүрген Тұрар Рысқұлұлы кенеттен Мәскеуге шақырылып, РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалады.

Бұл орталық биліктің Сталиннің басқаруымен жаңа кеңестік империяны құру ісін қызу қолға алып жатқан мезгілі еді. Жаңа империялық принціптердің үстемдік алуына жан­ тәнімен қарсы шыққан З.Валидов, М.Сұлтанғалиев және басқа сол сияқты қайраткерлер қызметтен аласталып, абақтыға жабылып, сағы сынған болатын. Дегенмен орталықтың озбырлығына наразы күштер әлі де аз емес­тін.

Бұл наразылықты өз дәрежесінде жеткізуге қабілетті жеке қайраткерлер де бар­тын. Солардың бірі Тұрар Рысқұлұлы еді. 1926 жылдың маусымында БКП(б) ОК Саяси бюросы «РСФСР­ды, оның құрамындағы ұлттық республикалар мен облыстардың құрамын жетілдіру мәселесі бойынша М.И.Калининнің басшылығымен 33 адамнан тұратын комиссия құрады. Ұлттық құрылымдар мен орталық арасындағы конституциялық­құқықтық қатынастарды белгілі бір жүйеге келтіруге тиіс болған бұл комиссияның жұмысы үлкен үміт артарлықтай күйде емес еді.

Читайте также:  Тіл қызметі құбылыстарындағы тілдің алатын орны

Ал тез арада шешімін күткен мәселелер күн өткен сайын көбейе түскен болатын. Сөйтіп, большевиктердің ұлттық езгідегі халықтарға теңдік жұмағын беру жөніндегі уәдесі қол жетпес қиялға айнала бастайды Бұл жағдай РСФСР құрамындағы автономиялық құрылым басшылары арасында орталық саясатына деген наразылықтың өсе түсуіне негіз болады. Т.Рысқұлұлы өткізген кеңес сол наразылықтың жиынтық көрінісі еді. Кеңес 1926 жылы 12 қараша күні кешке және 14 қараша, жексенбі күні, яғни оған қатынасушылардың БОАК сессиясының жұмысынан қолдары босағаннан кейінгі уақытта өтеді.

Кеңес жұмысына 49 адам қатынасады. Олардың 11­і қазақ қайраткерлері болатын. Бұл сан сол мезгілдегі қайраткерлеріміздің саяси белсенділігінің айғағы болса керек. Кеңесті ашу сөзінде Т.Рысқұлұлының «БОАК­нің ұлт істері бөлімі мен Мәскеуге сессияға келген ұлт аймақтары өкілдерінің өтініші бойынша» өткізіліп отырғанын айтып, күн тәртібіне мынандай мәселелерді ұсынады: 1) М.Калинин төрағалық жасайтын БКП(б) ОК­нің Комиссиясының қызметіне байланысты РСФСР­дағы ұлттық автономиялық құрылымдардың мәселелері; 2) БКП(б) ОК жанындағы ұлттық мәселелер бойынша өткізіліп тұратын кезекті кеңесті шығару қажеттігі жөнінде; 3) БОАК Президиумы жанындағы ұлт істері бөлімінің міндеттері жөнінде; 4) РСФСР­дың жетекші орталық мекемелеріне (халкомдар мен соған тең орындарға) ұлт қызметкерлерін тарту жөнінде.

Бірінші мәселе бойынша кеңеске қатынасушылар Т.Рысқұлұлының жасаған хабарын тыңдап, сонан соң Асфендияров, Самурский және Курц даярлаған тезистерді талқылайды да, қалған мәселелер бойынша еркін пікір алысады. Тезистердің авторлары орталық билік орындарына басқару ісінің шектен тыс орталықтандырылып, бюрократизмге жол беріп және республикалардың жергілікті мәселелерін түсінуге келгенде құлықсыздық танытып отырғандықтарын айтып, сондықтан да басқару аппаратын жергіліктендіру, жер мәселесінің, өнеркәсіп салу және оларды маман кадрлармен қамтамасыз ету, жергілікті ұлт тілдерін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеру және басқа осы сияқты мәселелердің шешілмей жатқандығына көңіл аударды.

Кеңесте сөйлеген шешендердің сөздерінде де наразылық пен ашыну аралас еді. Курц (Поволжье немістері АКСР Халком кеңесінің төрағасы): «Мемлекетіміздің орталық мекемелері саяси мәні бар директивалық қаулыларды ғана емес, тіптен аз ұлттарға байланысты барлық кеңес мекемелері міндетті түрде орындауға тиісті заңдарды аяқ асты етіп отыр».

Читайте также:  Тарих философиясының үш міндеті

Әбдірахман (Қырғыз облатқару комитеті төрағасының орынбасары): «Ұлт аймақтары мен РСФСР­дың орталық мекемелері арақатынасына байланысты шешілмей жатқан жай өте көп. Мәселен, сол ұлт аймақтарынан арызданып келген орыс өкілінің арызы көп жағдайда автономиялық мемлекет орындарының ресми өтініштерінен жоғары қойылып жатады… 21­жылы біз жер­су реформасын өткіздік, қызғыздарға кезінде келімсектер тартып алған жерлері қайырылды, жер ғана емес, жермен бірге салынған құрылыстар, диірмендер де өтті.

Мұны естіген БОАК қаулы қабылдап, диірмендер өз иелеріне қайтарылсын деп көрсетеді, ал енді осы құжатқа сүйеніп орыс шаруалары түрлі наразылықтар ұйымдастыруда…» Кеңесте сөйлеген қазақ өкілдері С.Асфендияров, С.Меңдешев, Ж.Мыңбаев, С.Қожанұлы, Ә.Досов Қазақстандағы жағдайды қатал сынға алысты. Кеңесте қорытынды сөз сөйлеген Т. Рысқұлұлы да ымырасыз еді. Ол: «Орталық мемлекеттік аппарат өздеріңізге мәлім мүдделерді қорғап әбден қалыптасып қалған, енді оны сол қалыптасып қалған бағыттан басқа жаққа бұру жеңілге түспес.

Аппарат ұлттық аймақтардағы ерекшеліктерді есепке алуға бейімделмеген. Керек десеңіз, оның жетекшілері қандай ұлттардың қайда тұратындықтарын да білмейді. Онда жұмыс жасайтын шенеуніктер ұлтшылдық пиғылмен уланған, ұлыдержавалық шовинизм тура осы орталық мекемелерден тарап отыр. Қазіргі экономикалық саясатта елді индустрияландыру мәселесі негізгі орын алып отыр. Міне, осы мәселеде де ұлттық аймақтардың түпкілікті мүдделері мүлдем есепке алынып отырған жоқ.

Тіптен қайсыбір жауапты орындағы жолдастар сол ұлттық аймақтарда қандай индустрияландыру болуы ықтимал деп есептейді. Олардың түсінігі бойынша, онда тек көшпелі шаруашылықтар ғана бар, ал егіншілік аудандарында болса өнеркәсіптің дамуына қажет негіз жоқтың қасында. Сондықтан да фабрика мен заводтарды РСФСР­дың орталық аудандарында ғана көбірек салу керек, ал ұлт аймақтары шикізат көзі міндетін атқаруға тиіс…»

Кеңес Т.Рысқұлұлының тапсыруы бойынша Курц даярлаған қарардың жобасын талқылап, қабыл алады. Кеңес өзінің құқықтық статус тұрғысынан нақты шешімдер қабылдамай, М.И.Калинин басқаратын комиссияға ұсыныстар жасаумен шектелуге тиіс еді. Кеңес сондай­ақ Рысқұлұлы, Курц, Самурский, Наговицын және Асфендияровқа «Кеңесте қаралған мәселелер жөнінде Сталинге баяндап, оның алдына ұлт мәселесі бойынша 5­кеңесті өз уақытында шақыру туралы мәселе қоюды тапсырады».

Читайте также:  Ұйымның маркетингтік қызметін стратегиялық жоспарлау

Кеңес, сонымен бірге барлық ұлттық республикаларға өзінің негізгі материалдарын қамтыған 130 беттік материалын жөнелтеді. Кеңес қабылдаған ұсыныстарда орталық биліктің ұлт аймақтарымен қатынасын қатал сынға алған жолдар жеткілікті еді.

Мәселен, онда «РСФСР­ дың орталық билік орындары мүмкін болғанша автономиялық республикалардың дербес халкомдарын өздеріне бағынышты етіп, оларды біржола жоюға жол ашуда», сондай­ақ «жергілікті халықтардың мұқтаждығы мен мүддесін есепке алмастан ұлттық аймақтарға байланысты жер мәселесінде переселендік­отарлаушылық бағыт ұстанып отыр, бұл мәселеде жергілікті автономиялық республикалардың өкіметінің басынан асып көптеген істерді өз қалауынша тындыруда…» деген тұжырымдар бар болатын. Әрине, И.Сталин өзінің бағытын өткір сынға алған мұндай кеңеспен келісе алмайтын еді, сондықтан да тез арада оның ұстанған бағытын ымырасыз сынға алған жиналыстар өткізуді тапсырады.

РСФСР­дың барлық автономиялық құрылымдарында «рысқұлов» кеңесінің бағытын айыптаған жиналыстар өте бастайды. Солардың бірі Қазақстанның сол тұстағы астанасы Қызылорда қаласында да 1926 жылы 18 желтоқсанда болып өтеді. Онда негізгі баяндамамен сөйлеген Ф.Голощекин еді. Мәжілістің қабылдаған қаулысында былай деп көрсетілді: «Националдардың жоғарыда аталған кеңесі қабылдаған шешімдерді ешқандай да қабылдай алмайтындығымызды білдіре отырып, біз ОК­тің ұлт мәселесіндегі саясатын толық қолдайтындығымызды білдіреміз.

Бұдан былай ұлттық республикалардың пікірі мен мұқтаждықтарын олардың партия комитеттері мен үкіметі ғана білдіруге тиісті деген бағыт орныққанын дұрыс деп тауып, өз қалауы бойынша барған гастролерлер мен жауапты қызметкерлердің айтқаны есепке алынбауға тиіс деп санаймыз».

Националдар кеңесінің тарихы, әрине, ұлттық республикаларда болып өткен айыптау мәжілістерімен аяқталған жоқ. 1937­1938 жылдары бүкіл Кеңестер Одағын қамтыған жаппай репрессиялау саясаты тұсында «рысқұлов» кеңесіне қатынасқан қайраткерлердің бәрі дерлік қамауға алынып, жазаланды. Тоталитарлық жүйе Т.Рысқұлұлы мен оның пікірлес серіктеріне көрсеткен қарсылығын кешірген жоқ. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деген осы да.

Оставить комментарий