Түркі этностары тілдерінің жаңа кезеңі

Түркі халықтары дамуының бесінші сатысы жаңа түркі дәуірі деп аталады. Бұл дәуір шамамен ХV ғасырдан бастап, ХХ ғасырдың І ширегіне дейінгі аралықты қамтиды. Аталмыш дәуірде түркі халықтары моңғол шабуылына, яғни ХІІІ ғасырға дейінгі атақ­даңқынан айырылып, даму қарқыны төмендеп, тоқыраушылыққа ұшырап, кері кету, әлсіреу, ыдырап бөлшектену жағдайында жетті. Оның ең негізгі бір себебі – ХІІІ ғасырдан бастап, түркі халықтарының моңғолдар шабуылына душар болуы. Экономикалық жағынан да, мәдени­рухани жағынан да түркі халықтарына қарағанда дамудың төменгі сатысында болған монғолдар жаулап алған елдерде олардың дамуына ауыр зардаптарын тигізді. Елдің экономикалық, мәдени, мемлекеттік­әлеуметтік дамуын кері кетірді, қалаларды, мәдени орталықтарды қиратты, өртеді. Орта Азия мен Қазақстандағы даңқы бүкіл әлемге әйгілі болған Сауран, Сығанақ, Баласағұн, т.б. қалалар, олардағы әйгілі кітапханалар өртенді, туыстас­төркіндес тайпалардың біртұтас халық болып қалыптасуына кесірін тигізді. Ел ішінде алым­салық, тонау­талау кең етек алды, халық күйзеліске ұшырады. Жаңа түркі дәуірінде түркілердің ортақ одақтары ыдырап, қазіргі түркі халықтары, олардың тілдері бір­бірінен жекеленіп, бөлек­бөлек халықтар, тілдер болып қалыптасты. Мысалы: бұрынғы қыпшақ­ бұлғар тайпасы татар, башқұрт тілдері болып екі халыққа бөлінсе, қыпшақ­ноғай тайпасы ХV ғасырдың өзінде­ақ қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтары болып бөлінді, т.б. Бұлардың жеке халық болып қалыптасуымен бірге олардың тілдері де жіктелді. Шыңғысханның және оның ұрпақтарының қанды жорықтарынан әбден титықтап, естерін енді жия бастаған, жеке халықтық, ұлттық бірлікке бет алған түркі халықтары көп ұзамай­ақ Ресей патшасының отарлық шеңгеліне тап болды. Патша үкіметі 1552 жылы Қазанды, 1556 жылы Астраханды басып алды да, содан бастап түркі халықтарын, олардың ата қоныстарын бірінен­соң бірін жаулап алып отырды. Оған тарихи деректер де дәлел бола алады. Тарих ғылымы Қазақстанның Ресейге қосылуын 1731 жылдан бастайды. Осы мезгілден басталған отаршылық Қазақстанның маңызды аймақтарында бекіністер, қамалдар, қалалар салудан бастайды: Ертіс өзені бойынан 1715 жылы Омбы, 1718 жылы Семей, 1720 жылы Өскемен, 1752 жылы Петропавел, XIX ғасырдың бас кезінде Ақмола, Көкшетау, Қарқаралы, Жетісу, тағы басқа бекіністер, қамалдар, қалалар салынды. Олардаң негізгі тұрғындары өз заманында патша үкіметінің ең сенімді қанды шоқпарлары болған қазақтар болды.

Қазақ даласының ең шұрайлы жерлері жергілікті халықтан күшпен тартып алынып, ауып келген орыс шаруаларына, әскерлерге берілді. Отаршыл үкімет атаулының қай­қайсыларының болса да көздейтін түпкі мақсаттары – отар болған халықтарды халықтық, ұлттық сезімнен, өткендегі рухани байлығының салт­ санасынан жұрдай ету, оларды ұмыттыру, санадан өшірту, сөйтіп, өткенді сөз етуге тұрарлық тарихы жоқ жабайы, төмен етіп көрсету, сол арқылы өздерінің билеп­төстеуін, үстемдігін, отаршылық езгісін, іске асыруды көздейтіні қоғамның даму тарихынан белгілі. Тарихи деректерді ғылыми негізге ала отырып, ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының өзінде тіл теориясының майталманы, профессор Т.Р. Қордабаев төмендегі көзқарасын білдіреді: «Осы озбырлық саясаттарын іске асыру үшін, ең алдымен, отар халықты дінінен, тілінен, жазба нұсқаларынан айыруды көздеген. Өйткені – дін мен тіл, жазу мен жазба тарих, ата қоныс, жер­су атаулары – өткенді ұмыттырмайтын, оларды әрдайым еске салып отыратын тарихтық көрсеткіштер. Патша үкіметінің басып алған түркі халықтарын, солардың бірі қазақ халқын да аталған тарихтық көрсеткіштерден айыру, шоқындырып христиан ету, тілін жойып, орысша сөйлету, ғасырлар бойына қолданып келген жазуын тастатып орыс графикасын қабылдату, жер­су атауларын қалай болса солай өзгертіп, отарлаушылар аттарымен атату, тіпті Сібірдегі көптеген ұсақ халықтардың аты­жөндерін орысша ататуға дейін барды. Отарлау саясатынан туған мұндай озбырлық әлі де жойыла қойған жоқ. Қазақстандағы тың жерлерді игеру мәселесіне байланысты Н.С. Хрущевтің қазақ даласына басқа жерлерден келімсекті мол енгізгеніне мақтанған бір сөзінде патша үкіметі бұл өңірді бірнеше ғасыр бойы адамдармен толықтыруға қанша тырысса да мәнді ештеңе істей алмаса, біз оны кеңестік амал­тәсілмен іске асырдық деп мақтанған болатын. Н.С. Хрущевтің бұл мақтанышы орынсыз емес те еді. Шындығында да, ұлт мәселесі жөніндегі саясатты бұрмалап, шектен шыққан өктемдік, әкімшілік саясат қолдану арқасында Кеңес өкіметі тұсында түркі халықтарының, солардың ішінде қазақ халқының да, ұзақ ғасырлар бойы қалыптасқан тіршілік дәстүрі, тұрмыс күйі, әдет­ғұрпы, тілі мен діні, салт­санасы санамалы жылдар ішінде күшпен өзгертілді, жойылды, бір сөзбен айтқанда, патша өкіметінің отарлық саясатынан әлдеқайда шапшаң қарқында іске асырылды. Н.С. Хрущевтің «кеңестік тәсілді пайдаландық» деп мақтануының бекер еместігі де осында болатын. Ертеде басталған өктемдіктің, асыра сілтеудің арқасында кеңестік құрылыс жылдарында өз дамуының шыңына көтерілген озбырлықтарды көре біліп, оған қарсылық, наразылық білдірген жергілікті ұлт зиялылары «халық жауы» деген жаламен жазаланып, келмеске кетіп жатты. Кейбір мәліметтерге қарағанда, айтылғандай жаламен атылған озық ойлы қазақтар саны 22 мың, ал ұзақ жылдар бойы түрме азабын көргендер 49 мың көрінеді. Мен бұларды айтқанда, кеңестік құрылыс жылдарында қол жеткен кейбір жетістіктерімізді жоққа шығару, оларға көз жұмып қарау ниетінде айтып отырған жоқпын, сол жетістіктеріміз көлеңкесіндегі ешкім бекер дей алмайтын ақиқат, шындықты айтып отырмын, сол қырсықтардан тезірек арылсақ деген мақсатта айтып отырмын. Менің бұларды қымсынбай айтуыма мүмкіндік берген – ел өмірінің барлық саласында да кең өріс ала бастаған ұлы бетбұрыс, жаңару. Осы жаңару, жариялылық пен демократия арқасында ғана түркі халықтары жойылуға айналған тілі мен дінін, әдет­ғұрпын, ұлттық дәстүрін, өткен тарихын қайта тірілтіп, жандандыруға кірісіп жатыр» (Қордабаев Т. Түркология және қазақ тіл білімі. – Қарағанды, 1992. ) ХV­ХХ ғасырлар аралығының тілдік жазба ескерткіштері мол. Олардың алдыңғы дәуір ескерткіштерінен негізгі ерекшелігі – ертедегі жазба нұсқалар сияқты жалпы түркілік ортақ тілде жазылмай, негізінде, қазіргі түркі халықтарының әрқайсысының өзіндік сөйлеу тілінде айтылып, жазылып сақталуында. Жаңа дәуірде түркі халықтары өздерінің қазіргі атауларына ие болып, бір­бірінен жекеленіп, бөлінгендерін ескерсек, олардың тілдік деректерінің әр халықтың өз тіліне жақындасуы, немесе өз тілінде жазылуы – заңды құбылыс. Мұндай тілдік деректерге ХV ғасырдан бергі ел аузында сақталып келген әр халықтың ақын­жырауларының ауыз әдебиеті туындылары, қолжазба түрінде сақталған түрлі жазба деректер, әр жылдары баспадан шыққан түрлі жанрдағы басылымдар, мерзімді баспасөздер жатады. Аталған дереккөздер қазіргі түркі халықтары тілдерінің көпшілігінде, солардың ішінде, қазақ тілінде де көптеп кездеседі. Қазақ әдебиеті тарихына арналған зерттеулерде ХV ғасырда Асанқайғы, Қазтуған, ХVІ ғасырда Шалкиіз, Доспанбет, ХVІІ ғасырда Жиенбет, Марқасқа, ХVІІІ­ХІХ ғасырларда Бұқар жырау Қалқаманұлы, Шал Күлекеұлы, Дулат Бабатайұлы, Махамбет Өтемісұлы, Шортанбай Қанайұлы, Шернияз Жарылғасұлы сияқты көптеген ақын­жыраулар болған. Осылар сияқты ауыз әдебиетіне жататын алуан түрлі көркем әдебиет туындылармен қатар Ыбырай, Абай сияқты жазба әдебиет өкілдері де, қолжазба түрінде сақталған шежірелер, би­сұлтандардың, хандардың Ресей әкімдеріне жазған қатынас қағаздары, XIX ғасырдың соңғы жартысында басылған түрлі тақырыптағы кітапшалар, қиссалар, Түркістан уалаяты, Дала уалаяты, Қазақ сияқты газеттер де болған.

Читайте также:  ЖЫЛУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕ ДӘСТҮРЛІ ЕМЕС ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІН ҚОЛДАНУ

Осы уақыт аралығында тілдік нұсқалармен қатар бұл дәуірде түркі халықтарын, олардың тілдерін лингвистикалық тұрғыда зерттеген көптеген ғылыми еңбектер де жарық көрді. Ондай еңбектер қатарын Еуропа мен Ресей шығыстанушы ғалымдарының зерттеулері де толықтыра алады. Жаңа дәуір жемісі болып табылатын шежірелер тілі лингвистиканың негізгі нысаны бола алады. Қазақ тайпаларының өз алдына этникалық бір топ, халық болып қалыптасуының, оның бұрынғы жеке тайпалық тілдерінің бірыңғай, біртұтас халықтық тілге айналуының алғашқы кезеңдерінде шыққан бізге белгілі, көлемді шығарманың бірі – қазақтың тарақ тамғалы Жалайыр руынан шыққан Қадырғали Жалаири (Қадыр Әлі Қосымұлы би, арғы тегі Жалайыр) жазған шежіре. Бұл шежіре ең алғаш Қазан университетінің профессоры, орыстың Шығыстану ғылымының көрнекті уәкілі Илья Николааевич Березиннің Библиотека восточных историков деген атпен шығарған жинағының екінші томының бірінші бөлімінде 1854 жылы басылып шықты. Осы басылуына жазған шағын ескертпелерінде И.Н. Березин бұл қолжазбаны университетке И. Халфин деген адамның әкеп тапсырғанын, өзі жариялағанға дейін ескерткіштің ғылым әлеміне белгісіз екендігін айта келіп, қолжазбаның өз қолына тигенге дейін бастапқы және соңғы бірнеше беттерінің жоғалғандығын ескертеді. Міне, соның салдарынан шежіренің әуел баста қалай аталғаны, Қадырғалидың шежіреге берген атауы (тақырыбы) белгісіз. Шежіренің бізге белгілі Жамиғ­ат­ тауарих аталуы И.Н. Березиннің қойған шартты аты. И.Н. Березин шығарманы Жамиғ­ат тауарих аталу себебін былайша түсіндіреді: Кітаптың ең негізгі бөлімі Рашид ад­ Диннің Жамиғ­ат тауарих деп аталатын, парсы тілінде жазылған шежіресінің ықшамдала аударылған түрі болғандықтан, бұл еңбекті де сол түп нұсқаның атымен атадық дегенді айтады. Шежіренің екі бөлімнен құралатынын, оның бір бөлімі Шыңғыс наманың аудармасы екенін шығармасының соңында Қадырғалидың өзі де ескертеді. Қ. Жалаири – ХVІ ғасырдың соңғы жартысы мен ХVІІ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген адам. Ол тарихта белгілі Тәуекел ханның жиені, кейінде Қасым қаласының ханы болған Ораз Мұхаметтің әрі тәрбиешісі, әрі биі болған. Шежіренің бастапқы жеті беті өзі және өзінің ханы Ораз­Мұхамет тәуелді болған орыстың сол уақыттағы патшасы Б. Годуновтың сән­ салтанат байлығын, әскери күшін дәріптеп баяндауға арналған. Одан кейінгі тарауларда Шыңғыс ханның және оның ұрпақтарының өмірін, жаугершілік әрекеттері баяндалады. Шежіренің соңғы тарауында Ораз­Мұхаметтің өзі және оның ата­бабылары туралы айтылады. Шығарма Ораз Мұхаметтің Қасым қаласына хан болып келуін, хан болуына байланысты жасаған той­думанын суреттеумен аяқталады. И.Н. Березин пікірінше, шежіренің басқы тарауындағы Б. Годунов жайлы бөлім мен шежіренің соңындағы Ораз­Мұхамет және Қырым туралы тараулары Қадырғалидың өз туындысы да, одан басқалары Рашид ад­Диннің Жамиғ­ат тауарихының аудармасы дегенді айтады. Шежіренің жазылған уақытын И.Н. Березин 1598 жыл мен 1605 жылдың аралығы болу керек, дұрысырағы 1600 жыл болар деп жорамалдайды. И.Н. Березин шежіренің тілі туралы ауыз толтырарлықтай мәлімет бермейді: шежіре татар диалектісінде жазылған, бірақ шығыс жазушыларына тән стиль негізінде сөйлеу тілінде емес, кітаби тілде жазуға тырысқан. Көп жерлерінде парсы сөздерімен, фразаларымен түркі сөздері ұштасып, араласып келіп отырады. Шығарманың орфографиялық емлесі де жоғары сатыда емес, – деген бірен­саран ескертпелер айтады. Жамиғ­ат тауарих шежіресінің тілі туралы тамаша пікірді қазақ халқының тұнғыш ғалымы, ағартушы Ш.Ш. Уәлихановтың еңбегінен табамыз. Ш.Ш. Уәлиханов еңбектері жинағының бірінші томына жазған Ә.Х. Марғұлан өз очеркінде, Шоқан Жамиғ­ат тауарихтың негізгі тарауларын орыс тіліне алғаш аударған ғалым деген баға береді.

Читайте также:  Демократия жағдайындағы саяси партия әлеуметтануы

Шоқан өзінің Извлечения из Жамиг­ат тауарих деген еңбегінде шежіренің негізгі тарауларын орыс тіліне аударумен қатар, сол уақытта татар тілінде қолданылмайтын түркі­монғол және араб­парсы сөздерінің сөздігін береді. Ш.Ш. Уәлихановтың пікірінше, шежіреде кездесетін түркі­моңғол сөздерінің шамасы жүзге жуық, араб­парсы сөздерінің шамасы да сондай. Ш.Ш. Уәлиханов шежіре тілінің ерекшеліктеріне де бірсыпыра талдау жасайды. Бұл саладағы айтқан пікірін саралай келе, Ш.Ш. Уәлихановтың шығыс халықтары тілдерін жақсы білетінін, тілдік заңдылықтарды шебер меңгергендігіне қайран қаласың. Шежіре тіліндегі қазіргі қырғыз­қайсақтар тіліне өте жақын сөздер мен сөйлемдерді талдай келіп, бұл тілдік тұлғалардың күні бүгінге дейін халық тілінде қолданыста жүргенін баса көрсетеді. Шежіреде қолданылған және қазақ тілінде қолданылатын сөздер мен сөз тіркестеріне лингвистикалық талдау жасап, олардың қандай түбірден өрбігендігіне, бастапқы архиформаларына ғылыми тіл білімі тұрғысынан анализ жасаған. Шежіре тіліне жоғары баға бере тұра, Шоқан оның орфографиялық жағындағы кемшіліктері мен тілінде кездесетін бірен­ саран олқылықтарды нақты мысалдар негізінде талдап көрсетеді. Ш.Ш. Уәлиханов шежіре шағатай тілінде жазылғанын айтады. Шағатай тілі сол дәуірдегі түркі халықтарының көпшілігіне ортақ кітаби әдеби тіл болғандықтан шежіре де осы дәстүрмен жазылған. Шығармада араб, парсы, моңғол сөздері, тіпті тұтас тіркестер жиі кездеседі. Шежіредегі басқа тілдерден енген сөздерді, фразаларды автор түркі сөздерімен түсіндіріп отырады. Автордың бұл түсіндірмелері қазіргі тілдік нормадағы оңашаланған мүшелер тәріздес болып келеді немесе оны ғылымда комментариялар деп те атайды Шығарма ХVІ ғасырдың соңғы ширегінің жемісі. Бұл дәуір түркі тілдес халықтарының жеке­жеке этнос тілдеріне ыдырап, халық болып қалыптаса бастаған кезеңмен сәйкес келеді. Сондықтан да болар шежіре тілінде көне түркі формалары мен ортақ түрки лексикасы қазақ тілінің төл формаларымен жарыса қолданылады. Сонымен қатар кейбір грамматикалық формалар мен амал­ тәсілдерден де осы қасиет байқалады. Бұндай тілдік параллельдердің қатар қолданылуы өтпелі дәуірге тән құбылыс болып табылады. Мысалы: офат болды // өлді, йоллар// жолдар, ләшкәр //ғаскер //әскер, мәңә //маған, түмен //мың (түмән бегі, он мың бегі), яғы //жау, иоқ// жоқ, сығыр //сиыр тон және т.б. Осы тәріздес параллельдер грамматикалық формалардың сөзге жалғану тәртібінде де кездесіп отырады. Шығарманың, қазақ тілінің басқа түркі тілдерінен жекеленіп, өз алдына жеке халықтық тіл болып қалыптаса бастауының алғашқы дәуірінде жазылғандығын ескерсек, жоғарыдағыдай параллельдердің, қос­қабаттасулардың себебін түсіну қиынға соқпайды. Шежіреде қазіргі қазақ тілінде кездеспейтін оғыз, қыпшақ тобындағы басқа тілдерге тән фонетикалық және морфологиялық кейбір ерекшеліктер де кездеседі. Бұл шежіренің тілдік сипаты туралы толығырақ мәліметті Т.Р. Қордабаевтың Тарихи синтаксис мәселелері (1964) және Тарихи грамматика мәселелері (1975) атты еңбектерден алуға болады. Тілдік жағынан Қ. Жалаири шежіресіне едәуір ұқсас келетін екінші шежіре – Әбілғазы Баһадүрдің Түркі шежіресі еңбегі. Бұл – түркі тектес халықтардың ХVІІ ғасырдан сақталған жазба деректерінің ішіндегі көлемділерінің бірі. Шежіренің авторы Шыңғыс ханның ұрпағы, Хиуаның ханы Араб­Мұхаметтің баласы – Әбілғазы Баһадүр. Әбілғазы Баһадүр 1603 жылы Үргеніште туып, 1664 жылы дүниеден қайтқан. Ол – 1643­1663 жылдары Хиуаның ханы болумен қатар, өз заманының белгілі қолбасы, батыры, білімпаз тарихшысы болған адам. Шежіресінің кіріспесінде автор түрлі өнерлерді меңгеруімен бірге әр алуан тілдерді білуге де құштар болғандығын, соның арқасында араб, парсы, түркі тілдерінің жетік білетінін айтады. Бізге Әбілғазы Баһадүр ханның екі еңбегі белгілі: оның бірі – Шежіре түрікмен де, екіншісі – біз сөз етіп отырған Түркі шежіресі. Түркі шежіресі ғылым әлеміне алғаш рет Швед армиясының Ресейде тұтқында болған офицері Ф.Ю.фон Страленбергтің еңбегі арқылы ХVІІІ ғасырда белгілі болды. Шежіре 1726 жылы француз тіліне аударылып жарияланады да, одан біраз кейінірек неміс, ағылшын, орыс, түрік тілдеріндегі аудармалары жарық көреді. Осы еңбекте сөз болып отырған нұсқа 1891 жылы Шамсиддин Хұсайынұғылының қаржысымен Қазанда басылып шыққан. Бұл басылымның татар тілінде жарияланғаны талас туғызбайды. Түркологтар арасында шежіре қолжазбасының тілі туралы әр түрлі пікір айтушылар бар, ал шежіре авторы Әбілғазының өзі: «Бұл тарихны яхшы уа яман баршасы да білсүн дип түркі тілі илан яздым. Түркі болғанда һәм шондай… жеңіл лұғатлар илан яздым ки, хатта беш яшар ұғлан аңдар мағыналарын» ,– деп жазады. Шынында да, шығарма тілі өте жеңіл, қарапайым, түсінікті. Қ. Жалаири шығармасында оқушылардың көпшілігіне түсініксіз араб, парсы, монғол сөздері, сөз тіркестері едәуір жиі кездесіп отырса, Ә. Баһадүр туындысында ондай сөздер, тіркестер кездеспейді. Сонымен қатар, екі шежіре арасында фонетикалық және грамматикалық ұқсастықтар да жоқ емес. Мысалы: екі шежіреде де қазіргі әдеби тіліміздегі с, ж, у, ы, і дыбыс таңбаларының орнына ш, и, ғ, ұ, ү дыбыс таңбалары қолданылады. Етістіктен болған баяндауыштар ІІІ жақта көпше түрде айтыла береді (бардылар, келділәр, қаштылар, айтарлар), сан есімнен болған анықтауыштардың анықталушысы болып келетін зат есімдер көпше түрде қолданылған (екі адамдар, он мың шеріклер), т.б. Шежірелер тілдерінде ұқсастықтармен қатар әр шежіренің өзіне тән лексика­ грамматикалық ерекшеліктер де кездеседі. Арнайы тоқталуды керек ететін ХVІІІ­ХІХ ғасырлардан сақталған жазба деректер – әр түрлі қатынас қағаздары. Мұндай типтегі материалдар қазақ тілінде көп емес. Бұл топқа, негізінде, қазақ хандары мен би­сұлтандарының, батырларының Ресей патшасы мен оның генерал­губернаторларына және бір­біріне жазысқан түрлі мазмұндағы қатынас қағаздары. Бұларды құжаттар тілі деректері деп айтуымызға болады. Құжаттар тілі деректері стилі жағынан біркелкі емес. Атақты әдебиеттанушы ғалым Б. Кенжебаев XIX ғасырда басылып шыққан кейбір кітаптардың тілі туралы, олардың тілі мейлінше шұбар келеді. Араб, парсы, шағатай, татар, башқұрт сөздері араласып жатады. Аты қазақша дегені болмаса, тілдері қазаққа түсініксіздеу болды. Оларда қалың бұқара былай тұрсын, қазақтың мұсылманша оқыған, хат білетін адамдары – қожа­молдалары да жөнді түсінбейді пікірін құжаттар тілі де растайды. Айтылған ғалымдар пікіріне дәлел бола алатын Кіші жүздің сол кездегі ханы Ай­шуақтың патша үкіметінің ішкі істер министрі В.П. Кочубейге жазған қатынас қағазындағы деректерді келтірейік: «Кіші жюз қырғыз­қазағы юртының бән хан хысаблаймын. Бәнім хукмым астында болғушы ішкі сархад иерлерінде сархад тарафында мақам едәшіләр уа ол Кіші юзнің … һәр бөлік уруғларында хукмат едеші башлық сұлтандар, старшиналар уа билер, уа мырзалар, уа батырлар, уа ғайри яхшы адамлар жұмығ юртымызның халайықларының ғам халайықларының тыныш уа астрахатлігі үшүн қылған қол уағдаларын бәнім назарыма тәслім едүп һәм өтүніп, сұрайлар. Жүмлә пәндешілік илән сіз ғали нәсіплү саятлыны граф хазратларымызға ғарыз қылүп жүмлә мархаматлү уа ғинаятлұ падышаһ агзам хазратларының ғали дәргәһләрінің тапұғына жүмле бәндә гәне ғарыз қылуп уағдаларын, тәкід уа тақыр қылдұрмақыңызы бән хан һәм барша жамағатлар жүмле ыхласлы пәндешілүгіміз илә иланмас қыламыз». Келтірілген құжаттағы сөздердің үштен біріне жуығы қазіргі қазақ әдеби тілінде қолданылмайтын араб, парсы және көне түркі сөздерімен қатар, қазіргі әдеби тілде қолданылмайтын бірсыпыра грамматикалық формалар. Олардың қатарына мәтіндегі хазратларымыза, қылдурмақыңызды, бізім, ұрұғ, тұғры, қылорға, иетмәгәндиндүр және т.б. сөздерін жатқызуға болады. Мұнда барыс жалғауы ­ға түрінде айтылмай жалаң ­а түрін де хазратларымыз­а, табыс септігі ­ны түрінде келмей, жалаң ­ы түрінде қылдурмақыңыз­ы, ілік септік ­дің түрінде айтылмай ­ім түрінде айтылған. Жалғаулардың мұндай ықшамды түрі және сөз аяғында, қазіргі тіліміз тұрғысынан алғанда, ар­тық­ғ келуі, есімшенің ­ор, ­ғұшы, есімдіктің бән, бәнім түрлерінде келуі – оғұз группасына жататын тілдерге тән қасиеттер. Бірақ бұл топқа жататын материалдар тілдік жағынан біркелкі емес, олардаң бірінде араб, парсы тілінен енген сөздер өте көп қолданылып, оқуды, түсінуді мейлінше қиындатса, енді біреулерінде ондай сөздер аз қолданылған да, түсінуге жеңіл болып келген.

Читайте также:  Ғылыми білімнің прагматикасы

Оставить комментарий