Түркі тілдерінің жазба ескерткіштері және олардың лингвистикалық сипаттамасы

Түркі халықтарының жазба ескерткіштерін әдетте үш хронологиялық қабатқа бөліп қарастырады: 1. Көне түркілік кезең (V­X ғғ.); 2. Орта түркілік кезең (Х­ХV ғғ.); 3. Жаңа түркілік кезең (Х­ХХ ғғ.). Бірақ, аталмыш хронология ғылымда түпкілікті орнықпаған, сондықтан да қазіргі кезде кезеңдеудің бірнеше түрі ғылыми әдебиеттерде қатар қолданылып келеді. Түркі тілдеріндегі ескерткіштер тілі термині көне және орта түркілік барлық тілдер тобына жататын ескерткіштер негізінде қалыптасқан. Бұған қазіргі тірі және өлі түркі тілдері кіреді. Түркі тілдері ескерткіштері тілінің басым көпшілігі «әдеби тіл» мәртебесіне ие, яғни диалектілерден ерекшеленетін, сұрыпталған, өзіне дейінгі дәстүрлерді бойына сақтаған, функционалдық стилистикалық варианттылық сияқты әдеби тілге тән диалектілік негізде, яғни ауызша ғана қолданылатын немесе тек қалалықтар тілінің негізі болып табылатын формалар. Түркі халықтары мен тайпалық одақтардың шығыстан батысқа қарай миграциялану нәтижесінде көне әдеби тілдердің қалыптасуы басталды. Түркі тілдес халықтардың алғашқы әдеби тіл варианты руникалық ескерткіштердің тілі болып табылады, кейде оны руникалық койне деп те атайды. Аталмыш ескерткіштер тілі ұйғыр және қыпшақ элементтерінің қатысуымен оғыз тілі негізінде қалыптасты. Бұл тілдің халық фольклорымен байланысы да сезіледі (ол туралы әдебиеттануда жазылған еңбектер саны баршылық). Руникалық ескерткіштер тілінің стилистикалық тармағы анық емес, солай бола тұрса да ірі, кесек ескерткіштердің – Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк, Күлі Чор, Мойын Чор ескерткіштерінің тілі жоғарғы стильде, алтай жазбалары қарапайым стильде жазылған. Руникалық койнелердің ареалдық таралуы өте кең (Моңғолия, Байқал жағалаулары, Оңтүстік Сібір, Шығыс Түркістан, Орта Азия, Қазақстан, Поволжье, Солтүстік Кавказ, Шығыс Еуропа). Жанрлық жағынан да біркелкілік байқалмайды, олар: тарихи­библиографиялық, қайтыс болғандар басындағы баталар, құз басындағы, тастардағы, тұрмыстық заттардағы дидактикалық сонымен қатар, магиялық және діни, құқықтық мазмұндағы жазбалар. Көне ұйғыр әдеби тілі. Турфан және Ганьчжоу аймақтарында руникалық койне жазуының ұйғыр­оғыз негізінде қалыптасқан тіл. Фонетикалық, лексикалық және грамматикалық қабаттарында ұлттық, таза ұйғырлық элементтер сақталған. Алғашқы кезде қолданылған руникалық алфавитпен қатар, ұйғырлар ғылыми әдебиеттерде ұйғыр, кейде манихей немесе брахми деп аталып жүрген соғды жазуының бейімделген түрін пайдаланған. Көне ұйғырлардың әдеби тілінде жанрлық және стильдік тұрғыдан жіктелген, толыққан, діни, философиялық­дидактикалық жанрлардың түрлері, шамандық, буддалық, манихейлік, христиандық трактаттар дәстүрі, прозалық, поэтикалық, медициналық, астраномиялық сипаттағы ғылыми шығармалармен қатар ресми құжаттар және жеке адамдардың хаттары да кездеседі. Алайда ұйғыр әдеби тілінің жан­жақты қоғамдық функциясына қарамастан, аталмыш тіл тек жазба тіл ретінде ғана қалып қойды. Қараханид­ұйғырлар әдеби тілі. Бұл тілді кейде хакан немесе буграхан әдеби тіл деп те атайды. Аталмыш әдеби тіл орталығы Қашқар қаласы болып табылатын Қараханид мемлекетінің аумағы мен Самарқан және Бұхара шекараларына дейін қолданылды. Қараханид дәуірінде араб жазуымен мұсылмандық діни мазмұнда жазылған Жүсіп Баласағұнның Құтты білік поэмасы мен Ахмед Иүгінекидің Хибат ул­Хақайық шығармасы, Махмұд Қашқаридің Диуани лұғат­ ит­түрк сөздігі мен Құран тәпсіріне жазылған түсініктемелерді атауға болады. Бұл кезеңде поэзия жанры прозаға қарағанда жақсы дамыған. Осылардың ішінде лингвистикалық тұрғыдан өте бағалы еңбек – Махмұд Қашқаридің Диуани лұғат­ит­түрк» еңбегі. Бұл – ХХ ғасырдың басына дейін белгісіз болған ХІ ғасыр ескерткіші. Зерттеушілердің пікірінше, қолжазба М. Қашқаридің өз жазуы емес, көшірмесі. Өткен 1915­1971 жылдары қолжазба кітап болып Стамбулда жарияланған. 1939­1943 жылдары (Б. Аталай) түрік тіліне аударып, 3 томдық сөздік пен еңбектің 1 томдық индексін Анкарада шығарған; 1960­1967 жылдары С. Муталибов өзбек тіліне аударады; 1980 жылдары Диуанидің ұйғырша варианты Шыңжаңда басылады; 1993 жылы Түбі бір түркі тілі деген атпен еңбекте кездесетін қазақ тіліне қатысты тұрақты тіркестер Ә.М. Ибатовтың басшылығымен, 1998 жылы лұғаттың поэтикалық нұсқасы А.Қ. Егеубаевтың авторлығымен жарық көрді. Диуанида қамтылған материалдарды мынандай салаларға бөліп қарастыруға болады: а) тілдердің белгілі бір топқа тәндігі дәл көрсетілген сөздер; ә) түркі тайпаларының мекендеген жерлері көрсетілген мәліметтер; б) түркі тілдерінің генеологиялық жіктемесі; в) тарихи фонетика мен грамматика; г) түркі тарихы, географиясы, этнографиясы, поэзиясы мен фольклоры. Диуанида түркі тілдеріне тән сөздерге араб тілінде түсініктеме берген. Лұғат алфавит тәртібімен емес, буын саны тәсіліне қарай орналастырылған. М. Қашқари Орта Азияда мекендеген түркі халықтарын тілдердің туыстастығы жағынан солтүстік тілдер және оңтүстік тілдер деп екіге бөліп қарастырған. Сонымен қатар, оларды орналасу аймағына қарай топтастырған. Негізгі тілдерді, оғыз, түрки және қыпшақ деп жіктеп, оларға сипаттама берген. Сегіз мыңға жуық сөзге лингвистикалық тұрғыдан талдау жасап, 300­ге жуық мақал­ мәтел, өлең шумақтары келтірілген. М. Қашқаридың Сөздігі түркі халықтарының тілдік фактілерінен тарихи мәлімет беретін, қазіргі түркі тілдес халықтардың бәріне ортақ мұра болып табылатын, түркологияда ғана емес, жалпы тіл білімі теориясын қалыптастырушылардың бірі. В.М. Алпатов пікіріне сүйенсек, «әлем лингвистикасында салыстырмалы­тарихи әдіс негізінде жазылған тұңғыш ғылыми еңбек», ол әлі де өз зерттеушелерін күту де. Хорезм­түрік әдеби тілі. Сырдарияның төменгі ағысы мен Алтын Орда аумағын мекендеген тайпалар тілі. Аталмыш тілде Рабғузидің Қиссас ул­әнбия, Құтбтың Хұсрау ­Шырын, Хорезмидің Махаббат­ наме поэмалары жазылған. Хорезм­түрік әдеби тіліндегі шығармалар негізінен поэтикалық және діни, философия­дидактикалық, сарай ақсүйектері жанрында жазылған. Оғыздық­ұйғырлық дәстүр негізінде жазылған бұл ескерткіштерде қараханид дәуірі тілінің ықпалы мен кейбір қыпшақтық жаңа элементтер де жоқ емес. Ұйғыр тілінің ықпалы мен кейбір қыпшақтық жаңа элементтері де жоқ емес. Ұйғыр тілінің ықпалы онша көп байқалмаса да, ескерткіш графикасында ұйғыр әрпімен жазылған сөздер де кездеседі. Шағатай әдеби тілі. Ортағасырлық ескерткіштер тілінің классикалық түрінің көрсеткіші болып табылады. Шағатай тілінің деректері өте көп. Дәстүрлі қалыпта жазылатын оғыз­ұйғыр тілінің үлгісі аталмыш тілде сақталмаған десе де болады. Шағатай әдеби тілінің құрылымдық қорының негізгі элементтері Самарқан мен Андижан говорлары болып табылады. Себебі, бұлар сол кезеңдегі ірі қалалар болып саналған. Бірақ, сонда да болса, көне ұйғыр тілінің ықпалы тілге әсер етпей қоймады. Кейбір көне шағатай мәтіндерінде ұйғыр жазуы варианттары кездесіп отырады. Дегенмен, шағатай тілі ескерткіштері араб жазу негізінде сақталған. Шағатай тілі көркем әдеби тілдік, сипаты жағынан және терминологиялық тұрғыдан толыққанды тілдер қатарына жатады. Поэтикалық және прозалық жанрда жазылған шығармалар мазмұны діни, философиялық­ дидактикалық, ғылыми құқықтық, ресми, эпистолярлық және т.б. болып келеді. Шағатай тілінің дамуын бірнеше кезеңдерге бөлуге болады: а) ерте кезең – Ә. Науаи шығармаларының поэзиялық жанры жазылған кез (1440­1502 жж.); ә) орта немесе классикалық кезең шағатай – дәуірінің алтын дәуірі деп те атайды, – Ә. Науаидің шығармашылығының гүлденген кезі; б) соңғы кезең – кейінгі кезеңде қалыптасқан түрки бағытымен тоғысатын дәуір. Түрки әдеби тілі. Бұл дәуір қазіргі түркі тілдерімен тығыз байланысты. Тарихи аренада қазіргі түркі халықтарының кезеңі мен жеке ұлттардың қалыптасуына дейін шағатай тілі әдеби норма ретінде қолданылды. Әртүрлі түркі тілдес халықтар тілінің элементтері мен жергілікті говорларды өз бойына жинау шағатай тілінен ерекше түркі тілдерінің әдеби нормасын қалыптастыруға әкелді. Бұл тіл ғылыми әдебиеттерде түрки тілі деп аталады. Түрки тілінің өмір сүру формасының бірнеше түрі болды: 1) орта азиялық (өзбек, ұйғыр тілдері); 2) поволжьелік (татар, башқұрт тілдері); 3) арал­каспийлік (қазақ, қарақалпақ, қырғыз тілдері); 4) солтүстік кавказдық (қарашай­балқар, ноғай, құмық тілдері); 5) кіші азиялық (түрік тілі). Түрки тілінің қолданылу кезеңі қазіргі жеке түркі тілдері мен ұлттық әдеби тілдердің қалыптасуының алғашқы кезеңіне сәйкес келеді. Селжүк немесе көне осман­анадолы түріктерінің әдеби тілі. Кіші Азия мен Закавказьеде қолданылған. Бұл тілде Ахмет Фахыктың «Шарық­намә», Джаллидин Румидің, Сұлтан Веледтің өлеңдері мен оғыздардың эпикалық жанрда жазылған Қорқыт ата кітабы жазылған. Құрылымдық жағынан селжүк әдеби тілі оғыз тілдері мен көне ұйғыр тілінің элементтерінен тұрады. Селжүк әдеби тілінде көне ұйғыр тіліндегі дауысты дыбыстар мен [ң] дыбысының орнына қазірге дейін өзбек тілінде сақталған [нг] диграфы қолданылған. Көне селжүк әдеби тілінің негізінде қазіргі түрік тілі, әзірбайжан тілі, түрікмен тілі қалыптасты. Мамлюк­қыпшақтарының әдеби тілі. Египет пен Сирияда арабша­қыпшақша глоссарийлерде, араб тілі дәстүрімен жазылған қыпшақ тілінің грамматикасында, азды­көпті діни және сарайлық мазмұндағы мәтіндерде кездеседі. Бұлғар әдеби тілі. Негізінен, стандартты эпитафиялық араб жазумен жазылған Қазан және Волга бойынан табылған ескерткіштер тілі. Сонымен қатар, қазіргі ғылыми еңбектерде айтылып жүрген, тек тарихи деректер негізінде ғана анықталып хун тілі, оғыз тілі, печенег тілі, половец деп аталатын тілдер бар. Бірақ аталмыш тілдерде ескерткіштер сақталмағандықтан лингвистикалық тұрғыдан көп талдау жасалмаған. Сонымен қатар, көне ескерткіштер қатарына стильдік жағынан тұрақтанбаған, әдеби тіл формаларының ешқайсысына жатпайтын, ерекше диалектіде жазылған ескерткіштер де кездеседі. Солардың бірі Кодекс куманикус (Codex Cumanicus). Бұл ескерткіш – лингвистикалық тұрғыдан ерекше көңіл аударарлық еңбек. Аудармасы – Құмандар кітабы. ХІІІ-­ХIV ғасырда көне готикалық әріпте жазылған, көлемі 164 бет. Кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде латынша­парсыша­құманша (қыпшақша) сөздік құман тілдеріндегі баламаларымен берілген. Сонымен қатар, құман тілінде мәтіндер мен құман тілінің латын тілінде жазылған қысқаша очеркі бар. Кейбір ғалымдардың пікірінше, І бөлімде итальяндық ғалым, ІІ бөлімді неміс ғалымы жазған дейді. 1828 жылы Ю.Г. Клапрот Азия туралы зерттеулер деп аталатын еңбегінде Ф. Петрарка кітабынан алынған латынша­парсыша­құманша сөздік деген атпен қолжазбаны алғаш рет француз тіліне аударып, бастырады. 1880 жылы Кодекс куманикустыңтің 2­басылымын венгр ғалымы П. Кун Будапештте бастырды. Бұл – Кодекс куманикустыңтің ең толық және ең сауатты шыққан басылымы. Кіріспеде құмандар тарихы, олардың басқа түркі тайпаларымен қарым­қатынасы баяндалады. Негізгі бөлімінде Кодекс куманикустыңтің мәтіндері және олардың латынша аудармасы, сонымен қатар латынша­парсыша­ латынша және немісше­латынша сөздіктер берілген. Жалпы сөз саны – 3000­ға тарта. Осы басылымнан кейін В.В. Радлов 1887 жылы Кодекс куманикустыңтің аудармасын Петербургте жариялады, ол 1936 және 1942 жылы Копенгагенде құманша­немісше сөздік ретінде жарық көрді. Кодекс куманикустыңтің авторы белгісіз. Бұл ескерткіш қыпшақ тіліне байланысты құнды материалдардың негізі болып табылады. Өз заманында латын тілі Еуропа елдері үшін қандай рөл атқарса, Азия халықтары үшін құман (қыпшақ) тілі де сондай қызмет атқарған. Сол кезеңде, ХІІІ­-ХІV ғасырларда, Дунай өзенінен Қытай қорғанына дейінгі, Батыс Сібірден араб елдеріне дейінгі аймақтағы халық қыпшақ тілінде сөйлеген, ол тілді түсіне білген. Сонымен қатар, Батыс пен Шығыс арасында ресми тіл ретінде қолданған деген пікірлер де бар. Кодекс куманикустыңтің сөздігі әр әліпбилік тәртіппен, әрі тақырыптық­семантикалық нұсқа бойынша жазылған. Қазіргі кезде қазақ тіл білімінде аталмыш ескерткішті профессор, түркі тарихы мен тарихи грамматиканың Қазақстандағы көрнекті маманы Ә. Құрышжанұлы зерттеген. Сонымен, түркі тілдері көне ескерткіштерінің тілдеріне қысқаша қорытынды жасасақ, тілдің екі типін ажыратуға болады: әдеби және ауызекі сөйлеу тілі немесе диалекті. Әдеби тілдің екі түрі қолданылған: 1. Орта Азия мен Поволжьеде, Кавказ бен Дағыстанда қолданылған, VІІ-­ХХ ғасырлар арасында пайдаланылған ұйғыр­оғыз тілдер үлгісіндегі тілдер. Бұл дәстүрдің ықпалы өте күшті болған, мәселен, шағатай тіліне әсері. 2. Закавказье мен Кіші Азияда, Египет пен Поволжьеде қолданылған ХІІІ­-ХVІІІ ғасырларды қамтитын қыпшақ тілі дәстүрі. Осы аталмыш екі дәстүр қазіргі 30­дан аса жеке түркі тілдерінің қалыптасуына өз септігін тигізді. Таза екі дәстүр толық сақталған түркі тілдері қазір сақталмаған. Сондықтан да таза тілде сөйлейтін ұлт қазір жоқ. Туыстық генеалогиялық принципте көне түркі тілдерін жіктеу ғылымда әлі түпкілікті қалыптаспаған. Әр ғылымның өз принципі мен көзқарасына орай әр қырлы жіктемелер бар. В.В. Радлов көне түркі әдеби тілінің фонетикалық және морфологиялық белгілеріне қарай үш диалектісін көрсетеді: көне солтүстік диалект, көне оңтүстік диалект және аралас диалект. Көне солтүстік диалектіге Орхон­Енисей, ескерткіштері тілі мен Қарабаласағұн және Түркістан жазбаларын, сонымен қатар қағазда сақталған Тұрпан жазбаларын жатқызады. Оңтүстік диалектіге В.В. Радлов оңтүстік Байқал өңірінің қолжазбалары сақталған жазбалар тілін жатқызса, аралас диалектіге оңтүстік және солтүстік диалектінің қоспасын, яғни манихей, ұйғыр жазуы ескерткіштері мен «Құтты біліктің» Каир нұсқасының тілі, будда ескерткіштері мен ұйғыр жазуындағы «Алтын йаруқ» және т.б. ескерткіштер тілін жатқызады. А.Н. Самойлович фонетикалық және морфологиялық белгілеріне қарай тоғыз, аяқ, бол, тау, сары, қалған сөздерін келтіріп 6 тілдер тобына бөледі: 1. көне бұлғар тобы, яғни р тобы; 2. ұйғыр немесе д тобы; 3. тау немесе қыпшақ тобы; 4. тағлық немесе шағатай тобы; 5. тағлы немесе қыпшақ­түрікмен тобы; 6. ол немесе түрікмен тобы. Сонымен қатар, С.Е. Малов, Н.А. Баскаков, А. фон Габен, жоғарыда айтып кеткен М. Қашқари, К.Г. Менгес, А.Н. Кононов және т.б. ғалымдардың генеалогиялық жіктемелері бар. Жалпы жоғарыдағы фактілер мен түркі ескерткіштері негізінде жасалған ғалымдардың туыстық топтастыруларына сүйене отырып, көне түркілердің әдеби тілін төмендегідей топтастыруымызға болады: Руникалық немесе көне түркі әдеби тілі – б.з. І­ІІ ғасырларында қалыптасып, өзінің гүлдену шағына дейін, VІІ­ІХ ғасырларға дейін қолданылған; Көне ұйғыр әдеби тілі – көне руника койнесінің негізінде қалыптасқан (А.Н. Кононов пікірі) ХІІІ — ­ХІV ғасырларда қолданылған, ХVІІІ ғасырға дейін өз функциясын атқарған; Қараханид­ұйғыр тілі – ХІ — ­ХІІ ғасырларды қамтиды. Көне ұйғыр тілінің негізінде қалыптасқан; Хорезм­түрік әдеби тілі – ХІІІ­ХІV ғасырларды қамтиды. Қараханид­ұйғыр тілінің негізінде қалыптасқан; Шағатай әдеби тілі – ХV­ — ХVІІ ғ. қамтиды. Хорезм­түрік әдеби тілінің негізінде қалыптасқан; Түркі тілі – ХІV­ — ХХ ғ. Шағатай әдеби тілінің негізінде қалыптасқан; Шағатай тілінің негізінде оғыз, қыпшақ, бұлғар этностарының әдеби тілі, ХІІІ­-ХІV ғасырларда қолданылған селжүк, мамлюк­ қыпшақ, құман, бұлғар әдеби тілдері қалыптасты; ХVІ­-ХVІІ ғасырлардағы қыпшақ әдеби тілінің негізінде армян жазулы түркі ескерткіштері жазылды.

Читайте также:  Қазақтың мәртебелі Қасым ханы

Оставить комментарий