Түркі халықтары туралы алғашқы мәлімет Еуропада орта ғасырдың басында, Шығыс Рим империясының шекарасында Орта Азиядан ауған көшпелі тайпалардың пайда болуынан басталады. Көне түркі халықтарының тұрмысы, мәдениеті, тарихы туралы мәліметтер Византия дипломаттарының, тарихшыларының, грек, латын тілдерінде жазып қалдырған еңбектерінде кездесетін көрінеді. Дегенмен түркі халықтары, олардың тілдері, мәдениеті туралы ғылыми сипаттаулар Еуропада кейініректе, Осман түріктерімен байланыс жасаудан басталған. В.В. Бартольд История изучения Востока в Европе и России (сочин. т.ІХ. М, 1977.) деген еңбегінде еуропалықтар бірнеше ғасыр бойы тек Осман мемлекетінің тарихын, Османтүрік тілін сипаттаумен ғана шұғылданды дейді. Түркі тілдерін бірбіріне салыстыра зерттеу, олардың салыстырмалы сөздіктерін жасау, көне жазба нұсқаларды филологиялық тұрғыда зерттеу істерімен Еуропа Шығыс зерттеушілері ХVІІІ ғасырдан бастап айналысты. XIX ғасырдың басынан бастап Үндіеуропа тілдерін зерттеу негізінде қалыптасқан салыстырмалытарихи әдістің дамуына байланысты Еуропада түркі тілдерін ғылыми негізде зерттеу едәуір етек алды, зерттеу нысандары да молайды. Мұндай ауқымды бетбұрысқа ОрысШвед соғысында тұтқынға түскен Швед армиясының офицері Ф.Ю. фон Страленбергтің еңбегі елеулі бастама болды. Ф.Ю. фон Страленберг ұзақ уақыт Сібірде тұрып, бұл аймақты тарихигеографиялық жақтан зерттеген Еуропа мен Азияның солтүстік және оңтүстік тарихтық, географиялық сипаттамасы атты еңбек жазып, оны 1730 жылы Стокголъмде жариялатқан. Бұл еңбек 1797 жылы орыс тіліне аударылып шығарылды. Ф.Ю. фон Страленберг — күні бүгінге дейін түркологтар арасында елеулі мәселе ретінде қаралып келе жатқан ОралАлтай тілдері деп аталатын теорияны бастаған және осы топқа жататын тілдерді өз ішінен түрлі топтарға жіктеуді алғаш көтерген ғалым. Ол — Орал группасына жататын угрофин, самоди тілдері мен Алтай тілдері деп аталатын түркі, монғол, тұнғұсманчжұр тілдері өзара ұқсас тілдер деген пікірді алғаш айтқан. Осының негізінде кейініректе ОралАлтай тілдері өзара туыстас тілдер деген теория қалыптасты. Ф.Ю. фон Страленберг — түркі халықтарының Енесей өзені бойынан табылған руникалық жазуы туралы да алғаш пікір айтушылардың бірі. Ол — Әбілғазы Баһадур ханның Шежіре түрік атты еңбегін орыс, неміс тілдеріне аударған. Ф.Ю. фон Страленбергтің ОралАлтай теориясын анықтай түсіп, оны ілгері дамыту істерімен неміс ғалымдары В. Шотт, М.А. Кастрен, бұлардан біраз кейін О. Доннер, Г. Винклер, И. Грендель, Г.И. Рамстедт, А. Соважо, арнайы шақыруымен келіп, Ресей ғылым Академиясында Шығыстану ғылымын ұйымдастыруға белсене қатынасқан Г.З. Байер, Г.Я. Кер сияқты ғалымдар болды. Қазірде түркология дүниежүзіне кең тараған әлемдік ғылымға айналды. Түркі тілдерін зерттеу істерімен Англия, АҚШ, Германия, Швеция, Франция, Австрия, Жапония, Түркия ғалымдары да айналысады. Дәл осы арада Еуропа ғалымдарының түркі тіліне қатысты алғашқы зерттеулерінің бірі ретінде қаралып жүрген бір еңбекке тоқтала кеткен орынды. Ол — Кодекс Куманикус деп аталатын сөздік. Кодекс Куманикус (құмандар кітабы) Құман деп отырғандары — қыпшақтар ХІІІХІV ғасырда готикалық көне әріппен жазылған, көлемі 164 бет. Екі бөлімнен тұрады: I бөлімде латыншапарсыша құманша сөздік, құман тіліндегі әр түрлі сөз таптары, олардың латын тіліндегі баламалары сөз болады, екінші бөлімде құманшанемісше латынша сөздік және құман тілінде жазылған мәтін, құман тілінің латынша жазылған грамматикалық очеркі. Ғалымдар бірінші бөлімді италияндық; екінші бөлімді неміс жазған дейді. Қолжазбаны алғаш француз тіліне аударып бастырып шығарған академик Ю.Г. Клапрот (17831835). Ю.Г. Клапрот Азия туралы зерттеулер деп аталатын еңбегінде Ф. Петрарка (Италияның атақты ақыны) кітабынан алынған латыншапарсышақұманша сөздік деген атпен 1828 жылы бастырып шығарады. Кодекстің екінші рет жарық көруі — 1880 жылы. Оны Кун Будапештте бастырып шығарады. Бұл — ең толық және сауатты шыққан түрі. Бұл үш бөлімге бөлінген, алғы сөзден және көлемді кіріспеден тұрады. Кіріспеде құмандар тарихы, олардың басқа түркі тайпаларымен қарымқатынасы баяндалады. Екінші бөлімінде Кодекс мәтіндері және оның латынша аудармасы берілген, үшінші бөлімінде — латынша, парсышалатынша және немісшелатынша сөздіктер берілген. Сөз саны 3000ға тарта. Латынша жазылған осы басылымнан бастап Кодекс Ресейде В.В. Радловтың аудармасымен 1887 жылы Петербургта басылды, бірақ ғалымдар оны толық аударма емес, жеке үзінділер ғана дейді. 1936 және 1942 жылдары Дания ғалымы К. Гренбек қолжазбаның түп нұсқасын өзгеріссіз екі рет басып шығартқан. Соңғы Копенгагендағы 5басылымында (1942 жылғы) құманшанемісше сөздік түрінде жарияланған. Кодекс материалына сүйеніп, құман тілін зерттеген бағалы еңбек — 1884 жылы Петербургте жарияланған В.В. Радловтың Құман тілі туралы дейтін зерттеуі. Бұл ескерткіш тілін Қазақстанда Ә. Құрышжанұлы зерттеді және зерттеп жүр, одан бірнеше еңбектер жариялады. Зерттеушілер авторы белгісіз бұл сөздікті қыпшақ тіліне қатысты алғашқы материал деп есептейді. Ресейде қалыптасқан түркологияның даму тарихын төмендегідей кезеңдерге, дәуірлерге бөлу бар: бірінші кезең — ХVІІІ ғасырдың екінші жартысына дейінгі дәуір, екінші кезең — ХVІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап, ХІХ ғасырдың бірінші жартысын қамтиды, үшінші кезең — XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап, Қазан революциясына дейінгі мезгіл, төртінші кезең — Кеңес дәуірі делінеді. Бұл әрине, шартты бөліс. Дей тұрсақ та, біз де осы бөліске сүйендік. І. Славян халықтары мен түркі халықтар арасындағы қарым қатынас ерте заманнан, IX ғасырдан басталады. Оған бұл екі халықтың географиялық жақтан бірбіріне жақын болып, ерте заманнан бастап бірбірімен қарымқатынас жасаулары да себеп болса керек. Тарихи деректерге қарағанда, шығыс славяндар IX ғасырда түркі тайпасы Хазарлардың қол астында, соларға тәуелді болған. Әлденеше ғасырға созылған қарымқатынаста бұлар арасында жаугершілік шабуылдар мен одақтастық қатынастар бірінбірі алма кезек ауыстырып отырған. Бірде бірі екіншісіне қыз беріп я қыз алып, құдандалы болса, енді бірде саудасаттық, экономикалық қарым қатынас жасасқан. Ертерек замандағы мұндай қарымқатынас шығыс славяндар мен хазар, бұлғар, қыпшақ (құман) деп аталатын түркі тайпалары арасында болған, Содан бері қарай үзілмей келе жатқан ұзақ замандық қарымқатынастар тілде де із қалдырмай қоймайды. Араласқұралас халықтардың бірінің тілін бірі білуге тырысатыны табиғи нәрсе. Сол ерте заманның өзінде де тілдерін білетіндердің түркілер ішінде, түркі тілін білетіндердің славяндар ішінде де болған. Көрнекті кенес түркологы А.Н. Кононовтың келтірген материалдарына қарағанда, орысша, түркіше сөздіктің алғашқы шағын түрі ХІІІ ғасырда жасалған көрінеді. Бұған дәләл ретінде А.Н. Кононов Се татарский язык, Толкование языка половецкого деп аталған екі қолжазба сөздікті келтіреді. Түркология дамуының бірінші кезеңінде славяндар мен түркі халықтары арасында өзара танысу, қарымқатынас жасау үшін бір бірінің сөйлеу тілін білуге талпынушылық болған, шағын көлемде болса да тілдік материалдар жинап, аударма сөздіктің алғашқы, өте қарапайым бірдіекілі түрі жазылған. Ғылыми негізде, жоспарлы түрде жүргізілмегенімен, қарымқатынастың аталғандай түрлерінің өзіақ түркологияның кейінгі дәуірде ғылыми негізде қалыптасып, дамуына негіз болғандығы даусыз. ХVІІІ ғасырдан бастап түркі тілдерін білуге көбірек көңіл бөлінеді. Жалпы Шығыстану, соның бір саласы түркологияның дамуына І Петр патша елеулі ұйымдастырушылық үлес қосқан. I Петрдің әмірімен 1725 жылы құрылған Ресей ғылым Академиясы Шығыс тілдерін үйрену, басқа тілдерден орыс тіліне кітаптар аудару істерімен де шұғылданады. Академия құрамында Шығыстану істерімен шұғылданатын арнаулы топ болады. Ол топтың құрамында Г.З. Байер, Г.Я. Кер сияқты Шығыс зерттеушілері болған. А.Н. Кононов бұл екі ғалымды Ресейдегі алғашқы Шығыс зерттеушілері, алғашқы түркологтар деп атайды. Г.Я. Кер (16921740), ұлты неміс, Галл университетінің Шығыс тілі бөлімін бітірген. 1732 жылы Петербургке арнайы шақырылып, сыртқы істер коллегиясында, араб, парсы, түрік тілдерінен тілмаш міндетін атқарған, осы тілдерді орыстарға үйреткен. Кейінде Ресей ғылым Академиясына шақырылған.
Оставить комментарий