Тәтидің Қоқан ханмен кездесуі

Бір жылы Тәти «қыс болмайтын, қошқарға күйек байламайтын Жиделібайсынға бастап барамын» дейді. Әуелі көш жолын шолып қайтпақ болып, қасына бірнеше адам алып жолға шығады. Қоқан өтіп оның ханы Құдиярға (З.Ә. Есмағамбетовтың кітабында Тәти өзбектің ханы Беглербекпен Ташкентте кездеседі) келіпті. Хан Тәтиді тәуір деген мейманханасына қабылдап, құрмет көрсетеді. Бір мәжіліс үстінде Құдияр хан есіктен төрге дейін төселген аса үлкен кілемді көрсетіп: — Сіздің Арқада осындай үлкен кілем бола ма? — дейді. — Арқаның кілемі сіздің кілеміңізден үлкен болады. Жауынға шірімейді күнге күймейді. Күн, су, жел үшеуі де нұр ғой. Су жуады, күн сүйеді жер үрлейді. Осы үшеуінің арқасында Арқаның кілемі түгі ажарланып, құлпырып түрлене береді — деп жауап берген екен Тәти. Оған мән берген ешкім жоқ. Хан Тәтиден бұйымтайын сұрапты. Сонда Тәти: — Иә, асыл текті Құдияр хан, сізді мейірбан жүректі деп естиміз. Біз мал өсірген үш арыс қазақ деген ел едік. Соңғы жылдары қыс қатты болып, мал жұтап, ауыртпалық көріп тұрмыз. Соның жайында бес­ақ ауыз сөзім бар еді — дейді. Хан ұлықсат берген соң, Тәти: — Тар қойын, кең етегіңізге кіргізіп алыңыз. Бұл бір. Екінші, үш арыс қазақтың сөз тізгінін өзімізге беріңіз. Үшінші тілегім — жайымен ұзап көшіп, қиыр жайлап, шет қонуға кеңшілік жасаңыз. Сіздің хандық қазынаңызға халықтан пітір­зекет жиып, өзіміз тапсырып тұрайық. Ақырғы тілегім: әрқилы сырт шаруамыз туралы айбарлы қорғанымыз болып тұрсаңыз екен, — дейді. Сөз мәнісін жете түсінбесе де бұл тілектерден оншама маңызды ештеме көре алмаған Құдияр хан: «Қол астыма кіргізіп аламын һәм бес сұрағыңызды да түгел бердім», — деп келісе кетіпті. Тәти келген шаруасын бітіріп аттанған соң ханның бас уәзірі ханға: — Тақсыр, cіз Тәтиге сөзіңізден ұсталып қалдыңыз, оныңыз қиын болды, — дейді. Хан аңтаң. Уәзір Тәти сөздерінің мазмұнын былай шешкен екен: — Ciз «Арқада мұндай үлкен кілем бола ма?» дегеніңізде ол: «Арқаның кілемі будан да үлкен болады» деді. Онысы қазақтың ұлан байтақ жерін айтқаны. «Үш арыс елміз» деді «Ұлы жүз, Орта жүз, Кіщі жүз көп халықпыз» деген сөзі еді. Оның астарында айбар жатыр, Сізбен теңбіз дегені. Арқаның қысы қатты деп жұтын айтты, тар қойныңызға ал деді. Онысы барлық үш жүздің баласы қыстап шығатын қоныс сұрағаны. Оны қалай бepeciз? Кең етегіңізге кіргізіп алыңыз дегені — жаздың күні жеріңнің алыс шетіне ұзап көшем, қаласам келемін, қаламасам келмеймін дегені. Сөз тізгіні өзімізде болсын дегені, ciздiң алдыңызға хан деп келіп жүгінбейміз дегені. Қаржыны өзіміз әкеліп береміз дегені — қаласақ садақа — зекет берерміз деп сізді жұбатқаны. Осы сөздердің сырын кеш ұққан билеуші сол мезетте сертінен тайыпты (З.Ә. Есмағамбетовтың кітабында Бегілербек хан өзінің уәзіріне Тәтиді у беріп өлтіруді бұйырды).

Читайте также:  Ұйғыр әдебиеті тарихын зерттеудің мәселелері

Оставить комментарий