Тәттімбет туралы шығарма

Тәттімбет Қарақаралы аймағына кіретін Мыржық тауының қасында, Мүшек бұлағының жағасында Қызылжал деген қыстақта 1813 жылы туып, билік қызметін 1844 жылдан 31 жасынан бастады, Нұрбике – шаншар елінің биі 5 . Сол Мыржық тауының түбінде өсіп-­өніп, сол арада 1861 жылы дүниеден көшеді 6 . Қабірі Түндік өзенінің сол жақ жағасында, бабасы Мүшкенің Шошақ тамының ішінде. Онда әкесі Қазанғап, Тәттімбеттің өзі, баласы Исатай бәрі тегіс осы бейіттің ішінде. Өзі өлген соң, орнын үлкен баласы Мұсатай басып, шаншар елінің билігін қолына алады 7 . Баласы Мұсатайдың қабірі Тәттімбеттің туған жерінде, Мыржық тауының қасында. Оның жатқан күмбезі Есім бәйбішенің атымен аталады. Есім Тәттімбеттің тоқалы, Мұсатайдың өгей шешесі. Тәттімбеттің ағасы Құттымбет 1805 жылы туған, Нұрбике – шаншар елінің атақты биі, ол да асқан күйші, інісі Ырысымбет – үлкен домбырашының бірі. Балалары Мұсатай, Қисатай, Исатай. Мұсатай әкесі қайтыс болған соң 1862 жылы Қарқаралының қазысы болып сайланады. Оның баласы Шайқы Совет дәуіріне дейін жасап, Семей қаласында тұрды, кейін Аякөздегі қызына барып, сонда қайтыс болды. Қисатайдан Кәбіш, одан Өзбек – Тәттімбеттің шөбересі. Тәттімбеттің кейбір тарихи белгілері, мөрі осы Өзбектің сандығында сақталған. Тәттімбеттің өмірбаянын, оның күй тартуын жақсылап айтып берген осы Өзбек пен оның туысқандары. Олардың айтуынша шаншар елінің жайлауы Тәттімбет пен Алшыбайдың кезінде Шідерті өзенінің аяқ кезеңінде болған. Ол жерге Түндік өзенінен көшіп, Әулие­ Қызылтау, Шақшан өлкесін кесіп баратын. Алшынбайдың басына орнатқан тамы да сол Шідерті өзенінің жағасында болған. Бұлардың айтқан сөзі Шідертіні қоныстап отырған Сүйіндік елінің сөзімен бірдей. Сүйіндіктердің айтуынша да, «XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың бірінші жартысында Шідерті өзені бойында тұрғызылған көп бейіттер тегісімен қаракесек, шаншар елінікі еді». Қазыбек бидің қартайып дүниеден көшкен жері Баянаулалық Далба деген жер. Ол жерде Қазыбекті сатыға өрелеген қиған тастар сақталған, денесін Әзіретке апарып қойған. Бұларды бүгінге дейін жақсы білген кісі Алшынбайдың немересі, Қақабайдың Ермағамбеті. 1975 жылы тоқсан жасқа келген әлі кәрілік жеңе қоймаған сұлу қарттың айтуынша, Тәттімбеттің жүйрік таныған адамы Мұса мырза – ақылды, байсалды, көп тыңдайтын, халық шаруасын жүйрік түсінген кісі. Тәттімбет оны мен құда болып, баласы Мұсатайға оның қарындасы Шамсияны алып береді, ол екеуінен немересі Шайқы туады. Бүріктбайдың қызы Ақбет сұлуды Қисатай алып, одан Зікен туады. Қисатай асқан домбырашы, әкесінің тартқан күйлерін бергі заманға дейін мұрас етіп келген. Бір қызық оқиға, Тәттімбет тек серіліктің қызығына түсіп кетпей, ол шаруашылық жұмысына орасан көңіл бөлген. Ол Түндік өзенінің бойында әдемі қала салу үмітімен, патша үкіметіне арыз беріп, рұқсат сұрайды. Бұл әңгіме ел аузында сұлу аңызға айналады. Сол сияқты ағаштан үй салу ісін де жүзеге асырады.

Ағасы Құттымбеттің қыстауы өзінен алыс емес, Мыржық тауының ішінде тұрған 8 . Інісі Ырысымбеттің ағаштан тұрғызған қыстауы, ағаш үйі Дастар тауының ішінде жарқырап тұрған 9 . Оның тағы бір ғажап ісі Қарқаралы төңірегіндегі қаптап жатқан кен орындарын зерттеп, одан металл балқытып шығаруды өнердің бір түрі деп түсінген. Осыған орай 1856 жылы 12 маусым күні Сібірдің генерал­губернаторы Босфортқа арыз жазып, кен балқытып шығару туралы рұқсат сұрайды. Арызында айтқан: Сібір өлейетіне қараған қазақ даласында ескі кен орындары орасан көп. Оны зерттеп байқаса, одан алтын, күміс, жез, қорғасын тағы басқа түрлі металдар көп шығатыны айдан анық. Осыны іздеп табуға, қорытып металл алуға, тау заңының ережелерін көрсетіп, пайдалануға еркі бар екенін айтып арыз жазған. Аяғына Нұрбике­Шаншар болысының ел басқарушысы, ­ деп мөрін басқан. Арыздың бұрышында сол кездегі ұлықтардың біреуі Тәттімбеттің кім екені туралы түсінік жазады. Қарқаралы аймағының биі Нұрбике – Шаншар елінің жүз басы. Қазір қызметтен бос. Саудагерлер гильдиясына жазылмаған, бірақ ел ортасындағы қадірі ең күшті. 1842 жылдан 1854 жылға дейін Нұрбике­Шаншар елінің ел билеушісі болды. Осы жылы өзінің өтініші бойынша қызметтен босатылды 10 . Демек, кен жұмысымен шұғылдануы ел билеу ісінен босанып қалған соң ойға түскен нәрсе. Ол жылдары Шыңғыс Уәлиханов та орнынан алынып бос қалған. 1855 жылы Орта жүзден Петерборға елші болып барғандардың ішінде Тәттімбет те бірге болған. Солардың әр біріне патшаға таныстыру үшін сенатта отырған білетін кісілердің жазуында Тәттімбетке ерекше oй бөліп, оның аяулы кісі екені сипатталған. Онда айтқан: «Таттимбет избран от пяти Каракисекских волостей Каркаралинского округа, почтеннейший би управляет Нурбике – Чанчаровской волостью с 1842 по 1854 год. С особенным усердием и уважением в народе по своему уму и добросовестности… пользуется особенным уважением в народе, как по благонамеренному образу своих действий, так по значению своего отца – родоначальника Чанчаровской волости, оказавшего немало важных услуг правительству при открытии Каркаралинского, а затем Баянаульского округов; Брат же Таттимбета, Куттумбет Казангапов в 1826 году участвовал в депутации, бывшей в Петербурге, имел счастье удостоиться представления государю и награжден чином поручика» 11 . «Тәттімбет ­ дейді жазуда Қарқаралы аймағының бес болыс елінің өкілі, аса қадірлі би. Ел басқаратын жері Нұрбике­Шаншар болысы, қызметте 1844 жылдан 1854 жылға дейін. Жұмысты аса қажырмен, мол ақылмен, әділдікпен атқарады. Өзінің кемеңгер ойымен, әкесінің беделімен ел арасында аса даңқты, әкесі Шаншар болысындағы қазақтардың ұлы атасы, оған бас иеді. Қарқаралы, Баянаула дуандарын ашуға болысты. Туысқаны Құттымбет 1826 жылы Петерборға өкіл болып келген. Патшаға көрініп бақыт құшағына кірді, «поручик» деген атақ алды. Архив мәліметтерінің суреттеуінше, Тәттімбеттің әлеуметтік ісі осындай жарқын, әрі күрделі болған. Тәттімбет орта бойлы, жарқын жүзді, көркем кісі болған. Сыртына киетіні алтынмен кестелеген жарғақ тон, қыс күні қамқа тон, басында бұшпақ бөрік, аяғында көк саур етік. Киімі қандай көркем болса, ат­тұрманы да сондай көз тартатын, сәулетті болған. Тәттімбеттің осы бейнесін 1846 жылы Түндік өзені бойында А. Янушкевич көреді. Халық аңызының суреттеуінше де, Тәттімбеттің абыройы халық ортасында мейлінше күшті болған, ол әділдікті сүйген. Алшынбай мен екеуі кейде өкпелесіп қалса, Алшынбай ұзақ уақыт көріспей жүруге шыдай алмай, Тәттімбеттің үйіне өзі келіп, бас ұрып, онымен бір ауызды болуды өзіне міндет еткен. Алшынбай қызын Құнанбайға бергенде тойды басқарған Тәттімбет.

Читайте также:  ЖЕР АСТЫ СУЛАРЫ

Тәттімбет оған бар жан­тәнін салып, тойды қызық етіп өткізуге тырысады. Көптеген ғажайып күйлер тартады. Халықты ойын­сауықтың құшағына бөлейді. Құнанбай Тәттіекеңе алтынмен жапқан көркем сұлу тон кигізеді. Тәттімбет ­ дейді Ермағамбет, әрқашан Алтынбаймен қанаттас болған. Құнанбайдың әкесі Өскенбайға ас бергенде ол асты басқарушы Алшынбай, Тәттімбет, Байжігіт Тана би, Жанақ ақын – төртеуі басқарған. Ac Шыңғыс таудың өлкесінде өтпей, Қаракесек арасында Аққойтас өзенінің бойында «Сегіз ауыл» деген жерде өтеді. Асқа үш жүздің баласы тегіс қатысады. Күтуші он екі болыс қаракесек елі (бес бошан, Қара, ІІІоржалықпас, Қамбар). Тәттімбет пен Жанақ ақын екеуінің басқаруымен аста неше алуан әдемі көріністер болған. Ән шырқалған, толқынды күйлер тартылған. Жан толқитын эпикалы жыр айтылған, балуан күрес, салдар ойыны, ат ойыны, ат жарыс, жалаңаш әйелді майданға шығару, тағы басқалар. Демек, Тәттімбеттің жақсы көрген дүниесі сұлулық, әсемдік, серілік. Домбыраны ол бала күнінен әдемі тартып үйренген. Бұл мұра оған ата­бабаларынан, Шаншар елінің атақты серілерінен мұра болып қалған. Домбыраны ол бірінші рет ағасы Әліден, әкесі Қазанқаптың інісінен үйренеді. Тәттімбет сол жас күнінің өзінен тарихи заманнан қазақ музыкасында сақталып келе жатқан атақты күйлер «Бозайғыр», «Саймақтың сары өзені» (Хуан­хэ), «Азамат» (ескі күй), «Алшағыр», «Ақсақ құлан», «Ноғай­қазақ» (ескі күй), «Кер киік» (ескі күй), «Қашқан қалмақ» (XVIII ғ.), өзі шығарған күйлер «Жылқыда», «Қосбасар», «Балқылдақ», «Көкейтесті», «Терісқақпай», «Сары жайлау», «Сылқылдақ», «Боз торғай», «Балбырауын», тағы басқалар. Тәттімбет осы күйлерді Омбыдағы қазақ билері жататын үлкен үйде талай рет толғантып тартқан. Оның Омбыдағы жақсы тыңдаушылары Құнанбай, Алшынбай, Мұса, Шыңғыс, Ыбырай Жайықпаев, Аққошқар, Секербай Малгелдин, Есеней, Қазанқап, Алшынбай, тағы басқалар. Осылардың барлығы Тәттімбеттің тартқанын орасан қадірлеп, оны бар жанымен сүйетін. Тәттімбеттің шығарған күйлерінің ең ескісі, «Жылқыда» ­ атақты күй, бір жұт жылы шығарған. Жас жігіт Тәттімбет қыс күні жылқысын ішке (орман ішіне) айдап, найман елінің ортасына барып тұрады. Онда жұт жоқ, жылқысы семіріп тойынады. Тәттімбеттің ол жердегі ісі сауық құрып, елді қуанышқа батыру. Найман ортасында күйді әдемі тартатын бір домбырашы қыз бар екен. Тәттімбет күйдің кейбір мотивтерін содан алып отырады. Бір күні Тәттімбет пен қыз екеуі күй тартып, бірін бірі жеңе алмайды. Тәттімбет қырық күй тартады, соның бірі «Сылқылдақ», найманның күйші қызына арнап шығарған, мәнісі консонанс – көп үндерді бірыңғай құйылып, судың ырғағы сияқты сылқылдап шығуынан қойылған. Демек, күйдің көп үнмен қосылып әдемі тартылуында. Сондай бір күйді «Былқылдақ» деген атпен Есіл бойындағы бір сұлу қызға арнап шығарады. Ол өте толқымалы, созылып былп­былп етіп шығатын кейде ақырын көтеріліп, кейде бәсеңдеп отырады. Ойды толғандырып жай­күйіне үлкен әсер беретін күйлерінен мөлдіреп тұратыны «Тоғыз тарау Қосбасар», «Сал Қоңыр», «Балбырауын», «Терісқақпай» бәрі де төгіліп мөймілдеп, кісіні шабытқа келтіретін киелі күйлер. Солардың ішінде аса шарықтап шығатыны «Сары жайлауы». Бұл байтақ сахараның жойқын толғауы, әдемі үнімен кісіні еріксіз өзіне тартатын, терең ойлы, көңіл қуантатын, ауыз тұщитын, бақыл күйі. Мұнда алысқа серпілген көркем жайлаудың шалқыған киелі суреті, оны қызықтап отырып сезгіш адамдардың терең толғауы бейнеленген. Бұл күйді Тәттімбет дүниеден кеткен соң (1861 ж.), Ортауда Сары Тоқа Жауадан тартып, ол менің тартқан күйім деп санаған. Бірақ ту баста шығарған Тәттімбет екені даусыз. Тәттімбеттің күйлерін мәдени мұра етіп, көпшілікке таратушы күйшінің ардақты әрі дарынды ұрпақтары, оның ішінде кенже інісі Жақсымбет (1829­ 1919 жж.), балалары Мұсатай, Исатай, немерелері Бекен, Зікен. Жақсымбет – ол да атақты домбырашының бірі, ескі заманның күйлерін асқақтата тартып, оларды қартайғанша есіне сақтап, біздің заманымызға дейін әкеліп жеткізеді. Тәттімбеттің күйлерін елегізіте еркін тартатын домбырашылар Беген мен Зікен, Тәттімбеттің баласы Қисатайдың ұлы, Баян тауындағы әнші Мұстафаның апасы Ақбеттен туған. Тәттімбеттің бір ұрпағы Ахмет Ысмағұлов, Жақсымбеттің немересі. Онымен жазушы Сапарғали Бегалин көрісіп, күйші баласы туралы бір неше жаңалықтар жазып алған. Ахмет жас күнінде атасы Жақсымбетті жақсы білген. ­ Менің атам күйші ағасын есіне түсіргенде талай таңсық нәрселерді айтушы еді. Күйші бабамның саусағы домбыраны қалай соқса, одан тамылжып шығатын күйдің үні толқындатып сайрай жөнелетін. Ол оның сарынына әбден батқан кезде дүниені бүтіндей ұмытып, шалқыған ой шабытының қызығына түсетін сді. Мұны Жақсымбет немересі Ахметке әңгіме қып айтқан. Тәттімбеттің асқаралы күйіне бәйек болған күйшінің бірі соқыр Жомарт, қай ел екені белгісіз. Бірақ оның тартқандары Тәттімбеттің ұрпақтары тартқандай таза емес, кемшілігі көп болған. Тәттімбеттің ұрпақтары оны біраз сынап, кемшілігін түзеп отырған. Революцияның алдында да, кейін де Тәттімбеттің күйлерін сәулетті етіп тартатын асқан домбырашылар Нұркен Шыңтеміров (1870 ж. туған), Ғаббас Айтпаев (әнші, күй тартушы), Мақат, Әбікен Қасенов. Кейінгі заманда Тәттімбетті еске түсіретін оның жерлестері Қыздарбек, Ақан, Тұрысбек Түсіпбеков, тағы басқалар. Осылардың күйшіні ұмытпай, оның ғажайып күйлерін көпшілікке тартып жеткізу арқылы Тәттімбетті қазір бүкіл Қазақстан жүйрік біледі. Тәттімбеттің халық мәдениетіне келтірген мұрасын, оның ұлы қазына, тарту екенін бірінші рет жарқын түрде сипаттаған асқан ойшы, халықтың сүйікті ұлы Біржан сал. «Біржан сал мен Сара айтысында» ол туралы былай айтқан: Тәттімбет арғындағы ардагерім Қырық түрлі күй тамызған саусағынан. Тәттімбеттің шығарған күйлері қазақ мәдениетінің бір ұлы салты. Сондықтан ол халық жүрегіне берік орнап, сұлулықтың ой­сананың, ізгі дүниенің бір мұрасы болып, әділетке шақырудың, музыка өнерінің шалқып жатқан бір жойқын қазынасына айналды. Бұл туралы Арқаның совет дәуіріндегі бір ақыны айтқан ғой: Күйші жоқ бұл Арқада Тәттімбеттей, Төгілткен күй толқынын бір мүдіртпей, Сарнатып «Сары өзенді» тартқан кезде Сұлу қыз кете алмапты бір түнетпей. Осыларды бір сөзбен тұжырып айтқанда, бүгінгі қызық дәуірде Тәттімбеттің, Біржан салдың, Құрманғазының, Ақан серінің қазақ халқының тарихына, мәдениет мұрасына, өнер саласына келтіретін үлесі орасан зор, оны бүгінгі мәдениетті жұртымыз жақсы түсінеді.

Читайте также:  Көркем бейне құрылымының заңдылығы мен сюжеттік құрылымы

Оставить комментарий