Загрузка…

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ РОМАНЫ

«Тәуелсіздік тудырған романдар». Атына қарап, бұл – азаттық алған жылдарда жазылған романдар деп ойлап қалмаңыздар, бұл – тәуелсіздік жылдары туған қазақ романдарының тақырыбы мен көркемдік-идеялық ерекшелігі, кейіпкерлер жүйесіне талдау жасаған зерттеуіміз. Дәл осы зерттеу арқылы егемен ел атанғалы бері қазақ қаламгерлері не жазды, қалай жазды, тоқсаныншы жылдардан кейін жарық көрген туындылардың төл әдебиетімізден алар орны қандай деген сауалға жауап алуға болады. Ұлттық әдебиетіміздің даму жолына көз жіберсек, оның кезең-кезеңдерін, сол кезеңдердің өзіне тән басты ерекшеліктерін көреміз. Айталық, ежелгі дәуір, қазақ хандығы дәуірі, одан бергі ХІХ ғасырдағы әдеби дамуды үлкен бір дәуір деп жүйелесек, екінші 136 дәуір ұлы өзгерістерге, дүрбелеңге толы болған ХХ ғасыр. Тарихи оқиғаларға толы болған бұл ғасырдың өзінде әдеби даму бірнеше кезеңге жіктелді. Атап айтар болсақ, ХХ ғасырдың бас кезіндегі әдеби даму, осы ғасырдың 20-30 жылдарындағы әдебиет, 40-60 жылдардағы, 60-90 жылдардағы әдебиет деп жіктелсе, одан кейінгі кезең тәуелсіздік әдебиеті деп ерекшеленеді. «Ал тәуелсіздік кезеңінің әдебиеті кеңестік жүйе құлағаннан кейін қатаң идеологияның қыспағынан босап, еркін тыныстаған елдің ұлттық болмысы мен рухын жаңғыртып, жаңа заманға лайық туындыларымен ерекшеленеді. Әдебиеттің түрлі жанрында дамудың жаңа бағыты, тың арнасы болды. Ғасыр басында арыстарымыз арман еткен азаттық, егемендік қазақтың басына бақ болып қонған тұстан төл әдебиетіміздің де болмыс-сипаты түрленді» дейді әдебиеттанушы Жанат Әскербекқызы. Академик Рымғали Нұрғали кезінде «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» деп әйгілеген ғасырдағы қазақ әдебиетінің басында Ахмет, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар сынды арыстар тұрса, «алдыңғы толқын ағалар» арқалаған әдебиет жүгі кейінгі алыптар тобына аманатталды. Даму осылай үзіліссіз жалғасып келеді. Саясат қысымымен айтарын ашып айта алмаған қаламгерлеріміздің ішінде тұншыққан мұң мен қасірет (оны жазушыларымыз уақытында астарлы мәтін, мәнді тұспал, жанама тақырыптар арқылы аңғартып келген) тәуелсіздігімізді алған кезде өлең болып өрілді, қара сөз болып төгілді. Арқалар жүгі ауыр, тынысы кең роман жанры замана шындығын, тарих тағлымы мен халық рухын бейнелеуде өз міндетінен жаңылмады. Кешегі күні айтылмай келген ащы шындық, ел тарихындағы ауыр кезеңдер тәуелсіздік тудырған романдардың негізгі өзегіне айналды. Елден ауа көшкен қарапайым халық тағдыры, елім деп еңіреген арыстар қасіреті, кеңестік жүйенің қитұрқы саясаты мен қысымы – жазушыларымыз жеріне жеткізе толғап, шеберлікпен бейнелеген тақырып болды. Сондай-ақ шығармашыл тұлғаның қат-қабат болмысы мен ерте күннің ел қорғаған қаһармандары, бүгінгі заманның тағдырлы пендесі, Сіз бен біздің замандасымыз тәуелсіздік романдарының орталық тұлғасына айналды. Тәуелсіздік жылдарында жазылған романдарға, айталық, қиын тағдыр кешіп, атажұрттан алыста демі үзілген қаламгерлер Қ.Шабданұлының «Қылмыс», Х.Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір», әдебиетіміздің көрнекті тұлғаларының бірі М.Мағауиннің «Жармақ», тәуелсіз қазақ әдебиетінің жаңа өкілі Д.Амантайдың «Шайыр мен Шайтан», «Тоты құс түсті көбелек» т.б. романдарын атауымызға болады. Біз өз зерттеуімізде тәуелсіздік жылдарындағы романдарды әрбір кезекті баяндамамызда талдап, талқылап жариялауды жөн көрдік. Бүгін тәуелсіз қазақ әдебиетінің жаңа өкілі Дидар Амантайдың романдары жайлы сөз болмақ. Д.Амантай – қазіргі қазақ әдебиетінде «нағыз» модернист, әрі постмодернист ретінде бағаланып, шығармалары әдеби сынды «шулатып жүрген» жазушыларымыздың бірі. Қазіргі таңда Д.Амантайдың туындыларына екі түрлі, бір-біріне қайшы келетін көзқарас қалыптасқан: бір топ – оның тілі қасаң, шығармаларының көркемдігі төмен, мағынасы ауыр, кірме эпизодтар мол, түсіну қиын деп жатса, екінші топ – туындылары астарлы, алыстан орағытады, философиясы терең, көп қабатты деп мақтап жатады. Д.Амантай шығармашылығы мен ондағы постмодернистік сарын туралы Б.Майтанов, З.Серікқалиев, Г.Бельгер, Ә.Бөпежанова, Т.Әсемқұлов, Л.Сафронова, т.б. бірқатар әдебиеттанушылар мен сыншылар өз пікірлерін білдірді. Д.Амантайдың көркемдік әдісіне нақты сипаттама беру мақсатын алға қоймағанымен жекеленген зерттеу мақалаларында жазушы шығармаларындағы модернизм мен постмодернизм поэтикасына қатысты тұстары ғана талданды. Қазіргі әдебиеттегі автордың, жазушының орны туралы өз көзқарастары Д.Амантайдың бірқатар эсселерінде көрініс берген. «Әдебиеттің ролі» эссесінде «жоғарғы мәдениетті транзитті экономиканың құрбандығы» [1, 20] деп бағалай отырып, мәдениетке қамқорлыққа алып, кітап бастыру дәстүрлерін сақтап қалуға шақырады. Зерттеуші Л.Сафронова: «жазушы 137 модернистік идеологияны ағартушы, суреткер-реалист, сонымен қатар суреткер-романтик позицияларымен қатар ұстанады» [2, 89] – дейді. Д.Амантайдың шағын ғана «Гүлдер мен кітаптар» романы әдеби сында үлкен қарама– қайшылықты пікірлер тудырды. Д.Исабеков оны «роман емес» деп бағалады. Г.Бельгер романды, тұтастай алғанда, «астар мен толғаныс, үзілген сөз, мозаикалық баяндауға, бір- бірімен қиысуы қиын әркелкі эпизодтарға» құрылғанын айтады [3]. Әрине, бұл бір жағынан шығармаға құрылымдық өзгерістер енгізуге ұмтылатын жазушы жаңашылдығымен, ізденістерімен де ұштасып жатыр. Ә.Бөпежанова Дидар Амантай шығармашылығының «көзге ұрмайтын пәлсапалық құрылымымен» және «жасампаз сұхбаттастық сипатымен» ерекшеленетініне назар аударады және жазушы туындыларына тән осындай қасиеттердің көркем көріністері – жазушының жаңа заман талабына сай «Мен Сізді сағынып жүрмін» атты повесі мен «Гүлдер мен кітаптар» романында айқынырақ танылғанын жазады. «Гүлдер мен кітаптар» романын көлемі шағын, бірақ «конструкциясы өте дамыған – бірнеше идеяны қат-қабат алып жүретін шығарма» ретінде бағалайды. [4, 12]. Роман сюжетіне келер болсақ, бас қаһарман — Әлішер есімді жазушы жігіт үлкен кітап жазу мақсатын алға қояды. Шығармада қатар жатқан қос әлем бар — Әлішерге қатысты бүгінгі күн оқиғалары мен ықылым замандардағы түркілердің көне тарихын қозғайтын өткен күн оқиғалары кезектесе дамиды, яғни сақ өркениеттері мен бүгінгі мегаполис болмысы иық түйіскен. Романның алғашқы «Әлішер» тарауы бүгінгі күні, яғни жиырма бірінші ғасырда Әлішердің ойындағы кітабын жазып бітіруге бар жанымен құлшына кіріскен қаракетінен басталады. Қаһарман түс көреді: «Жорғалап келе жатып ол жердің иісін таныды, кітап иісі шығады. Кәдімгі шаң-топырақ басқан сарыала қағаздың таңсық иісі тап иегінің астынан аңқып тұр…» [5, 3]. Тәңіріні іздеп жүрген Әлішердің бүкіл ойы — қалайда өз бетінше жол салған, өзгеше өлшемді «Тәңірі кітабын» жазып бітіру. Сол кітапты жазу барысында қаһарманның күдік пен күмәнға толы сергелдең күй кешуі, өмірде жолы болмай, жалғызсыраған, көңілі толмаған, тіпті түңілетін күнделікті өмірі, таныс және бейтаныс адамдармен кездесуі, әңгімелесуі бүгінгі әлем бейнесімен байланысты. Екінші әлем қаһарманның кітабында көрініс табатын, оны санасында бейнеленіп жатқан көне түркілердің тарихын, аңызды қозғайды. Жазушы жігіттің рухани ізденістері, өмірлік мұраты — өзінің түп негізін табуға бағытталған. Ол өз кітабында көне түркілердің сонау ерте замандардан бастап осы кезеңге дейінгі жалғастығын, үзіліссіз тарихын сомдауға бар күш-жігерін жұмсайды. Романның екінші желісі де жазушының осы ұмтылысы жүзеге асқан тарихи аңыз сілемдерімен байланысты дамиды. «Мұса», «Ғайса», «Мұхаммед», «Заратуштра», т.б. тарауларында қазақ даласына келіп орныққан діндердің тарихына шолу жасайды, түркілер арасындағы алғаш пайда болған күнә, өлім, т.б. рухани категорияларға негізделген аңыздарға иек артады. Д.Амантай романын зерттеушілер модернистік және постмодернистік эстетикамен ұштастырады. Ғалым Б.Майтанов: «Автор баяндау барысын күлт үзіп, кенет күтпеген философиялық пайымдау сарынына түсе салады да, одан тағы оп-оңай шығып кетеді, әдеттегі өмір көріністерін үзілмелі кескінде бейнелеуге көшеді… Д.Амантай шығармаларында аллюзия, интертекст, реминисценция және «сана ағымының» автор еркіндігімен сабақтас түрі елеулі философиялық, тұрмыстық, эзотериялық мәселелерді постмодернистік поэтика ауқымында қарастыруда зор стильтүзушілік роль атқарады» — дейді [6, 64-65]. Жазушы шығармалары түрлі туындылардан алынған фрагменттерден құрастырылғандай әсер қалдырады. Шығармалары көбінесе көлемі шағын болып келеді. Дәстүрлі мағынадағы сюжет үлгісі кездеспейді. Алайда осы шығармада модернизммен трансформацияға түскен романтикалық таным іздері де байқалады. Бұл тұрғыда қаһарман дүниені, әлем бейнесін руханиятпен байланыстырады. Ол қазіргі қоғамда кітаптың қадірі болмай, кітаптың күні өткеніне қынжылады. Кезінде кітапқа бас иген, кітапты қадірлеген адамдар оған «сатқындық» 138 жасады. Кітаптың бүгінгі қоғамда аяқ асты болуы Әлішердің жеке өміріндегі трагедияға айналады. Постмодернизм эстетикасы ұстаздық тағылымдардан, идеалдардан бас тартса, қаһарман үшін идеал — кітаптар мен гүлдер. Романтизм эстетикасында гүлдер қашанда сұлулықтың, сезім тазылығының символына айналады. Гүлдер Әлішер үшін сұлулық символы, ал кітаптар — өнер символы. Оның шығарма тақырыбына арқау болып отырғаны да осы себептен. Қаһарман бүкіл әлемде өзін жалғыз сезінгенде, өмірден баз кешкенде, оның басты серігі, көңіліне медет тұтары — кітаптары мен гүлдері. «Жаратылыстың барлық түрі кітапқа ену үшін жаратылған, депті әсемдікке ғашық Малларме. Кез-келген кітаптың асқақ мұраты елге танылу болса, онда қалам жазған ойдың алдымызға сырғытып отырған тұжырымында адал ниет жоқ» [5.41], «Асқақ кітап, ең алдымен, кісіліктің белгісі» [5, 42]. Авторланған Әлішердің «Гүлдер» тарауындағы гүл туралы толғаныстарында да романтикалық элементтер ұшырайды: «Ол гүл туралы толғанды. Көздің жасы тәрізді домалап асқар биіктен күннің дәмі шәрбәт нұры тамады, тамған нұрдан жаралып, періштеге айналған жарықтың бұла еркесі дүниеге құшағын ашып, ұяң жүзбен иіле қарайды. Төңірек жез қанат қырғауылдың әдемі күлкісінен ертегінің еліндей шексіз құлпырады. Ескі заманда шайыр қызды сұлуын гүлге теңеді. Қазір ол ізгіліктің бейнесіне айналып отыр. Қасірет шегіп, бейнет көргенде, шындықты танып, бақыт кешкенде, сіздің іргеңізден ұдайы гүл табылады. Қайғыңызға ортақтасады, қуанышыңызды бөліседі, жалғыздықта серік болады… Шөл дала ма, таулы қырат па, құнарлы өлке ме, перизат гүл аспанға қарап алақанын жаяды. Сонау жоғарыдан құлдилап құлаған бір күндік сәуле молынан төгіліп, үлбіреген қауыздың ішіне толады. Үстірттен тапқан шақпақ алтын құсап, жарқырап келіп шашақ себетіне көлденең шағылып, айналасына бұрқырап шашырады Өңі қашқан реңсіз топырағына киелі шапағаты тиеді» [5, 52] деген толғаныстың романтикалық бояулары жоқ деп көріңіз. «Гүл, бірінші кезекте, әуен. Өз орнын тапқан әсемпаз паң асқабы гүл күннің нұры құйылған нәс бөлмеде ғажайып үндестікті туғызады. Қас әдеміліктің өлшемі гүл» «Гүл – азаттық пен жалғыздықтың жалауы. Азаттықты іздеген жалғыздықтан жеңіледі. Гүлде сол бір жасырын мұң бар, сол бір жасырын мұң гүлге талмай қадалып ұзақ қараған соң, сізге көшеді, кейін қанша қуансаңыз да, сізден шыққан күлкі тереңдігі күрсіністі жасыра алмай, бетіңізде жүгірген ізінің әйтеуір бір жерінен алаң көңілді белгісін беріп тұрады». «Кітап ой ретінде жалғыздықтың аясында дүниеге келетін жұмбақ құбылыс, ал, гүлді серік іздеген жаны нәзік адам өсіреді. «Гүл – сезімді ой тудырады, кітап – ойдың сезімін дамытады». Әлішердің кітаптар мен гүлдер туралы ой-пікірлерінде авторлық идеялар бас көрсетеді. Жалпы «Гүлдер» тарауы көлемі жағынан шағын болғанымен, мұнда романтикалық көңіл-күй ұшқыны да, эссеистикалық, публицистикалық толғамдар, гүлді күтуге байланысты натуралистік ақыл-кеңестер де араласып кеткен. Автор гүлге тыңайтқыш ретінде калий тұзын, суперфосфатты пайдалану қажеттігін, оны қандай мөлшерде қанша сумен дайындауға болатынын ежіктеп айтып келеді де: «Нәзира гүлдің мамыражай бейқам қорғансыздығы сергек ұйықтаған жалғыз көзді жалмауызды оятады» [5, 52] деп романтикалық әуенге қайта оралады. Сонымен қатар «Кітаптар» тарауында автор әлем әдебиетінде танымал жүз шақты кітаптардың тізімін санамалайды. «Қаламгер» тарауында да жазушыларды атап шығады. «Гүлдер» тарауында да бізге таныс және таныс емес сал алуан гүлдердің түгелдей аттарын атап шығады. Шығарманың екінші бөлімінде түркілердің ежелгі тарихы, олардың пайда болуы туралы жиырма бес жыр кірістірілген. Бір жыр – ойлары үтірлермен бөлінген бір сөйлемнен тұрады» дейді автор. Әрине, бұны постмодернистік танымнан тамыр тартқан автордың рухани тәжірибесі деп бағалауға болады. Жалпы жазушы дәстүрлі стильден кейде саналы түрде бас тартып, әдеби эксперименттерге барады. Романның қаһарманы Әлішер бір жағынан әлеммен үйлесім іздейді, екінші жағынан ол «постмодернистік» дәуірдегі адамның рухани құлдырауына, азғындауына алаңдайды. Содан келіп қаһарманның жалғызсырауы туады. Зерттеуші Ә.Бөпежанова Әлішердің мінез ерекшелігі турасында: «Ол – адам санасының тұтастығы жойылған, «әлемнің кіндігі – адам» 139 қағидасы белгілі бір деңгейде мағынасынан айырыла бастаған, бұқаралық мәдениеттің «жеңіп», адамның, қоғамның өмірсалты, тіпті дүниетанымы озық технологиялар аясында қалыптасып отырған кезеңнің кейіпкері деуге болады; белгілі философ-мәдениеттанушы А.Наурызбаева «постгуманистік кезең» деп анықтама беретін кезеңнің кейіпкері; алайда рухани болмысы мықты, бойына өз заманының да рухани-мәдени мұрат-идеалдарын жинақтаған кейіпкер» деп сипаттама береді. «Романда жасампаздық рух, жанды әлдилер әдемі бір мұң бар» деуі зерттеушінің шығарманың романтикалық табиғатын танудан туған байламы де қабылдауға болады. Қарап отырсақ, Әлішердің бойынан жазушының жеке тұлғасы бой көрсетеді. Автордың демі, тынысы, көзқарасы айқын сезіледі. Д.Амантай қоғам мен жеке тұлғаның тұрмысында модернизм мен постмодернизм құбылысының тереңдеп енуінің салдары туралы «Таңбалардың ойыны» мақаласында: «Қазір өзін фәлсафашы, ойшыл, жай ғана адам санаған тұлға постмодернистік нигилизм сырқатына ем іздеудің үстінде. Оны табамыз ба, жоқ па, белгісіз. Бірақ ізденістің нәтижесі қайткен күнде де адамзаттың тағдырына тікелей әсер ететіні сөзсіз» дейді. Д.Амантай шығармада мәні мәңгілік мәселелерді сауалдар формасына көмкеріп, оған жауап іздей шарқ ұрады, қаһарманымен бірге сергелдеңге түседі. Сонымен бірге өзінің рухани ізденістері мен философиялық толғамдарына оқырмандарын да тартып, ортақтастырады. Осы жағынан романтикалық бейнелеу тәсілінің ұшқындары аңғарылады. 2011-2012 жылдары Париж, Анкара және Ұлан-Батор қалаларында қазақтың белгілі жазушысы, қара сөздің шебері, кинодраматург Дидар Амантайдың кезінде Алматыда жарық көрген «Қарқаралы басында» атты проза кітабының француз, түрік және монғол тілдеріне аударылған тәржіме нұсқалары басылып шықты. Парижде шыққан кітапқа «Гүлдер мен кітаптар» романы енді, алғысөзін біртуар ақын, заңғар ойшыл Олжас Сүлейменов жазды. Жалпы, бұл кітаптың Парижде жарық көруіне Олжас Сүлейменов зор қамқорлық жасады. Қазақ тілінен французшаға тәржімелеген — Айтқали Бақытов, ал редакторлық жұмысты атқарған — Франция азаматы. Кейін бұл аударма кітап жөнінде мәдениеттанушы Альбер Фишлер сыни мақала жазып, ой-пікірін білдірді. Кітаптың түрікше нұсқасы «Гүлдер мен кітаптар» романы мен «Төлеутай ақсақалдың немересі» әңгімесінен құрастырылды, аудармашысы — белгілі шоқайтанушы, қаламгер Әбдіуақап Қара. Монғолша тәржімесіне «Гүлдер мен кітаптар» романымен қатар бірнеше әңгімелер топтастырылды, тәржімелегендер — Жазгүл Жұмабай мен Нәпіл Базылхан. Жалпы, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, «Тарлан-Үміт» сыйлығының иегері Дидар Амантайдың бұл «Қарқаралы басында» атты кітабы — бес томдық шығармалар жинағының алғашқы томы. Автор алдағы жылдары шығармаларын бір-бір томнан шығарып тұруды өзіне мақсат тұтып отыр. Үрімші қаласында орналасқан ҚХР Шынжаң өлкелік баспасы Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романы, «Мен сізді сағынып жүрмін» повесі және отыз жеті әңгімесін бір кітапқа топтастырып, баспадан шығаруды жоспарлап та қойды. Бүгінгі күні елге белгілі аудармашы Қайша Тәбәрікқызы Дидар шығармаларын қытай тіліне аудара бастады. Алғашқы үш әңгімесі Қытайдың (天涯) («Tian Ya») «Қиян» атты әдеби жорналына шығып та үлгерді. 2010 жылы Сіздердің назарларыңызға ұсынылған «Қарқаралы басында» атты кітаптың, сонымен қатар, қазіргі таңда орыс, испан, неміс, араб, ағылшын, парсы және кәріс тілдеріне тәржімәланып жатқанын айта кеткен жөн. Проза, кинематограф және көсемсөз жанрын қатар ұстанған Дидар Амантайдың бұл үш кітабы, бір тараптан, қаламгердің қазақ әдебиетінің мәртебесін асыру, шетел оқырмандарына таныту жолындағы және, сонымен қатар, қазақ оқырман қауымы алдындағы есебі тәрізді.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar