ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 20 ЖЫЛЫ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ТІЛІ

Ата-бабаларымыз аңсап өткен тәуелсіздігімізге биыл 20 жыл. Осы жылдар ішінде еліміздің қанат жайып биікке ұшқанына көз жіберсек, жасалған істер аз емес екендігін көреміз. Алысқа бармай жатып, осы жуырда Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, 7-Азия ойындарының жеңімпазы атануы осының дәлелі. Сөзімізді Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген сөзімен жалғастырғымыз келіп отыр. Ежелгі қазақ жерінде тәуелсіздік таңының елең-алаңында, яғни 1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. 1995 жылы қабылданған Ата заңның 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай айқын жазылып, конституциялық шешім жасалды. Осыдан екі жыл кейін қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тілі» деп тағы да атап көрсетіліп, оны барша азаматтардың еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайлар жасалды. Үкімет осы Заңның жүзеге асуы жөнінде көптеген қаулы-қарарлар алды. Тілдердің қолданыс аясын кеңейту бағытында арнайы мемлекеттік бағдарламалар жасалды. Тәуелсіздік алар қарсаңда құрылып, қазақ тілінің кең өріс алуы жолында қызмет етіп жүрген халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының да қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қызметін іске асыру тетіктерін әзірлеуге, ғылыми-ақпараттық тұрғыдан негіздеуге, ұлттық идеологияның ошағы болуға интеллектуалдық та, кадрлық та әлеуеті жеткілікті. Қазіргі заманымыздың кемеңгері атанған Ә.Кекілбаевтың «Тіл және тәуелсіздік» еңбегінде айтылып кеткендей «Тіл туралы ойлану – бәрі туралы ойлану. Тіл келешегін ескеру – артымызда қалған мен алдымызда тұрғанның бәрін де еске алу деген сөз». Сөзімізді тағы да Ә.Кекілбаетың ойымен жалғастырсақ: «Бабаларымыз баяғыда ескерткендей, адамзат тарихына қарасақ, тілі мақұрым қауымдардың өздері де мақұрым болыпты. Ал тілдерін дамытып, кемелдеріне келтірген халықтардың өздері де дамып, кемелдеріне келіпті [1.187]. Еліміздің тәуелсіздігімен қоса тіліміз де түледі. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қанатын кеңге жайып, қолданылу аясы кеңейе түсті. Жоғарыда ескертіп кеткеніміздей мемлекеттік тілдің дамуына байланысты мемлекеттік деңгейдегі көптеген маңызды құжаттар қабылданғаны шындық. Осының бәрі қазақ тілінің керегесін кеңейтті, мемлекеттік тіл ретіндегі іргетасын мызғымас етіп бекітіп берді. Қазақ әдеби тілінің қоғамдық өмірдегі орны кеңейіп барлық салада қолданыла бастады. Біздің осы баяндамада сөз етпекші болған мәселеміз – қазақ тілінің ғылым саласындағы жай-күйі. Қазақ тілінің ғылым саласындағы қолданылу тарихы тым әріде жатыр. ХХ ғасыр басындағы тіл мен әдебиетіміздің оқулықтарын былай қойғанда, математика, физика, география, табиғаттану оқулықтары қазақша сөйлей бастады. Бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, пысықтауыш, түбір, жалғау, жұрнақ, үстеу, зат есім, сан есім, сын есім, етістік, көсемше, есімше, шылау, одағай, нүкте, дәйекше, үтір, тырнақша, кеңістік, биіктік, жазықтық, көлбеу, тік бұрыш, сүйір бұрыш, доғал бұрыш, тежеліс, қозғалыс, үйкеліс, үдеу, оттегі, сутегі, көміртегі, қышқыл, сірке су, етқоректі, сүтқоректі, қосмекенді, тікенжапырақты, қылқанжапырақты, т.т. деген алғашқы терминдердің авторлары болып, сонымен қатар ғылым тілінің іргетасын қалаған Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұхаметжан Тынышбаев, Тұрар Рысқұлов, Халел Досмұхамедов, 37 Құдайберген Жұбанов, Әлімхан Ермеков, Нәзір Төреқұлов, Жүсіпбек Аймауытов, Санжар Аспандияров, Жақып Ақбаев сынды ұлт көсемдер болды. «Тіл туралы сөз еткенде, екі нәрсені есте ұстау керек. Біріншіс і – тілдің өрісі – яғни, қолдану аясы жайлы. Екінші мәселе – тілдің өресі туралы. Бұл мамандардың білік-біліміне тікелей қатысты» дейді Р.Сыздықова [2.] Осы сөздің негізгі ойын жалғастыра отыра қазақ тілінің ғылым саласында, ғылым тілі ретінде қалыптаса келіп, әлемдік тіл біліміндегі өзекті тақырыптардың қазақ тіл білімінде зерттеліп жүргенін айтқымыз келіп отыр. Яғни тілдің өресі туралы сөз қозғаймыз. ХХІ ғасыр лингвистикасында адам танымы мен ой құрылымын тіл арқылы және керісінше, ой құрылымынан тілге қарай бағытталған зерттеулер қарқынды сипат алуда. Оның негізі ақпараттың молдығы мен қолданбалы линвистикадағы сұраныс, соған сай ашылған жаңалықтар, адам факторы мен оның тілі арасындағы кешенді байланысты зерттеудің жаңа сатыға көтерілуі жатыр. Тіл жүйесі лингвистиканың зерттеу нысаны болғанымен, оны жеке дара зерттеу бүгінгі ғылым сұранысына жауап бере алмайды. Осы себептен де лингвистикалық бірліктерді когнитивтік не прагматикалық аспектілерде зерттеу қажеттілігі туындады. Осы бағыттағы лингвистиканың негізгі зерттеу нысаны ретінде танылған жоғары сатыдағы бірлік – мәтіннің үстіміздегі ғасыр ғылымында динамикалық сипатын ерекшелеуге елеулі назар аударылуда. Соның нәтижесінде ол қозғалысқа түсетін кеңістік коммуникативтік жағдаят ұғымымен сабақтастырылып, тек интралингвистикалық қана емес, экстралингвистикалық контексте де қарастырылуда. Дискурс аталатын осы динамикалық мәтінді жаңаша тану барысында мәтін лингвистикасы мен дискурс теориясы деген екі басқа, бірақ бір-бірімен тығыз байланыстағы бағыттар айқындалып отыр. Ғылыми дискурстың қазақ тіл біліміндегі бастауы ғылыми стильден басталады, нақты айтатын болсақ, Ә.Қайдар мен Ө.Айтбайұлының зерттеулеріндегі термин сөзден басталады. Ғылымның негізгі тірегі, «… ғылым тілінің жон арқасы» деп академик Ә.Қайдар терминологияны атайды: «Терминология – ғылым мен техника тілін дамытатын лексиканың бірден-бір күрделі қабаты» [3.114]. Ұлттық тілдің функционалдық саласы болып табылатын ғылым тілінің негізгі арқауы, әрине, термин. Басқаша айтқанда, термин ғылымдағы «орталық» ұғым, түпқазық ұғым. Қазіргі кезде арнаулы кәсіби тілдің тілдік, тілдік емес, ерекшеліктері барған сайын күшейе түсуде. Мысалы, салалық ғылымдар тілінде формула, сызба, символ, схема, сурет т.б. бейвербалды таңбалардың қатары көп. Тіпті ғылымның белгілі бір саласының өзінде әлденеше тармақтар пайда болып, олар өздерінің терминдік, терминдік элементтер жүйесі арқылы бір-бірінен алшақтай түсті. Бұл бағытты кәсібицентристік бағыт деп атауға болады деп Н.Уәли тұжырымдайды да «арнаулы кәсіби тіл» деген ұғымға тоқталады. Арнаулы кәсіби тіл – көпфункционалды сипаттағы тіл. Ал арнаулы тіл кемел әдеби тілдің функционалдық бір түрі дейді де төмендегідей қызметтерін көрсетеді: — ақиқатты бейнелеу; — білімді сақтау (эпистемалық); — жаңа білім алу (когнитивтік); — арнаулы ақпарат беру (коммуникативтік). Ғылыми мәтін өз кезегінде дара функционалдық стильді түзеді. Мұндайда стиль мен тіл терминдерінің мағыналары сәйкес келіп жатады. Қазақ тіл білімінде осы мәселеге неғұрлым жақынырақ, нақтырақ келген Ә.Қайдар былай деп жазады: «Ғылым тілі» мен «ғылыми тіл» деген ұғымдар өзара байланысты болса да, екеуі бір емес. «Ғылыми тіл» — әр саладағы ғылымның өзіне ғана тән тілдік ерекшіліктерінің белгілі жүйесі, қолданыс тәсілдері. Бұл терминдерді көбінесе «ғылыми стиль» деп те атайды. «Ғылыми тілге» қарағанда «ғылым тілінің» мағынасы әлдеқайда кең, ауқымы зор. Өйткені «ғылым тілі» деген ұғым жалпы әдеби тілдің атқаратын әлеуметтік қоғамдық қызметінің үлкен бір саласын қамтиды» [4.9-10]. «Ғылым тілі – ғылыми негізде жасалатын өзіндік қалыптасу принциптері бар, стильдік өңі ерекше әдеби тілдің бір түрі. Әдеби тілдің ғылымға қызмет ететін бір тармағы. 38 Адам, қоғам, табиғат жөнінде ақиқат ақпарат беретін, шындықты баяндайтын ғылыми мәтін. Ғылым тілі көптеген ғылыми зерттеулерден ғылыми стильмен теңестіріледі» [5.88]. Ғылыми дискурс негізінен қарым-қатынастың жазба түрінде жүзеге асады, ал ғылым- білім саласындағы жаңалықтар негізінен алдымен, ғылыми мақалаларда жарияланады. Қазіргі кезде ғылыми дискурстың ауызша түрі жиналыстардың ғылыми конференция, семинар, дөңгелек үстел, симпозиум тәрізді түрлерін өтуімен байланысты бұрынғыдан гөрі жанданып, ғылымдағы ауызша сөздің рөлі арта түсті. Ғылыми тілде қолданылатын лексиканың негізгі арқауы терминдер, ғылым саласына қатысты ұғымдар атаулары мен соған қатысты сөздер, сонымен қатар бейтарап лексиканың да орны бар. Мысалы, «түптеп келген», «есептейміз», «есептеймін», «болып табылады», «бірінен саналады», «санаймыз», «нәтижеге қол жеткізуге болады» т.б. тәрізді штамптардың қолданылуын жатқызуға болады. Бұларды, дейді Н.Уәли, реципиент бір нәрсенің «санын», «есебін», «болжамын», «табылғанын» көрсету мағынасында емес, белгілі бір нәрсе жайында тұжырымға, қорытындыға келу деген мағынада түсінеді. Осымен байланысты реципиент ғылым саласында болмаса да, мәтіннің ғылыми сөзге жататынын ажырата алады. Ғылыми мәтінде сөз желісі логикалық жүйеге бағынады, өзара бірімен бірі байланысты арнаулы ақпараттар баяндалады, сөз сипаттау түрінде болып, дәлдікке ерекше мән берілді. Мұның өзі ғылыми дискурстың мамандандырылған ақпарат беру не қабылдау жағынан өзге де коммуникацияның түрінен (көркем дискурс, публицистикалық дискурс) ерекше екенін көрсетеді. Бірінші жақтық тұлға бейтараптанады, баяндауыш көбіне ырықсыз етіс тұлғасында болады: «жасалды», «көрсетілді», «анықталды», «айқындалды» т.б. Бұлай болу себебі, ғылыми мәтіндегі сөз нақты ситуациядағы сөзден, я болмаса жалпы тілдік мағынасынан дерексіздену арқылы өзгешеленуге тырысады. Құбылыстың, заңдылықтың объективтілігін көрсету, өзінің ой-пікірін субъективті етіп көрсету үшін автор ғылыми мәтінде өзін-өзі шеттету тәсілін жоғарыда айтылған тілдік-прагматикалық құралдардың көмегімен жүзеге асырады. Сондай-ақ, «деп айтуға болады», «деп бағаланады», «осылай деуге негіз бар» т.б. тәрізді тілдік құралдар автордың «тасада тұруының» өзін салғырт субъект ретінде көрсетуінің ғылыми дискурс прагматикасына тән тәсілдердің бірі [6.36]. «Жаңа пайда болған білімді атау үшін тұрмыста танылған ұғымды білдіретін сөз ғылыми дискурста ғылымда танылған ұғымды білдіретін арнайы қызмет атқарады», — дейді Н.Уәли. Сөйтіп қазақ тілінің бір тармағы ретінде ғылым тілі қалыптасып, жұмыс істей бастады, ал тілдік бірліктердің ғылыми дискурста мамандануы ғылыми стильдің пайда болуындағы негізгі факторлардың бірі болды [6.35]. Ғылыми стильдің әлеуметтік мақсаты – бойындағы жаңалықты тарата отырып оқырманға жеткізу. Көркем стильмен салыстырғанда ғылыми стильдің таралу аясы да төмен, оқырманын табуы да кем болып келеді. Себебі ғылыми стильдегі мәтін арнайы базалық білімі бар оқырманды қажет етеді. Ғылыми мәтін авторы өз оқырманының арнайы дайындығының белгілі бір деңгейіне бейімделуі керек. Ал, екінші жағынан автор өзінің мәтінін оқитын адамның ғылыми хабарламаны дұрыс түсінуі үшін осы саладан хабардар екендігіне және тәжірибесі барлығына сенімді болады [7.28]. Сонымен тіл тек ауызекі сөйлеу барысында ғана қатысымдық қызмет атқармайды екен, ол әдеби тілдің бар саласында, оның ішінде біз қарастырып отырған ғылым тілінде де оның авторы – ғалым мен мәтінді қабылдаушы – студент арасында тілдік қатысым құралы болады екен [7.23]. Ғылым тілін қатысымдық құралы деп зерттеу дегеніміз – ғылыми дискурсты зерттеу дегеніміз. Дискурс шынайы уақытқа, автор интенциясына, оқырманың интерпретациясына, тіпті оқырманның базалық біліміне тәуелді екені белгілі, сонда ғылыми дискурс түзуші адресант пен оны қабылдайтын адресат бір шеңбер аясында деп елестетуге болады. Өйткені бірі-бірінсіз ғылыми дискурстың нәтижесі болып табылатын танымдық мақсатқа жете алмайды. Осы орайда айта кететініміз, үнемі даму барысындағы қоғам көрінісі, заман бейнесі мәтінде қолданатын тілдік құралдардан көрінеді, ал олардың қолданылу талғамы 39 жоғарыда айтылған прагматикамен байланысты, ал прагматика нәтижесі дискурс талдауға әкеледі. Сондықтан да дикурсты кешенді ғылым деп ата ймыз, ал ғылыми дискурс осы дискурс теориясы негізінде ғылыми стильдің көрініс табуы деп түсінген дұрыс. Тәуелсіздігімізді алғалы ғылымның түрлі саласындағы алдыңғы қатарлы тақырыптарына қазақ тілінде еркін бара аламыз. Атқарылған істер аз емес болғанымен, болашаққа қарар жолда алда тұрған міндеттер де баршылық. Қазақ тілінің ғылым тілі ретінде толық қалыптасып, инновациялық технологиялармен қатар қолданып жүрсе қазақ тілінің одан әрі тереңдей нығаюына септігін қосар еді және бұл тәуелсіздікті нықтай түсетін бір фактор екендігіне күмәніміз жоқ. Әдебиеттер 1. Кекілбаев Ә. «Ұлт және тәуелсіздік», Астана: Ер-Дәулет, 2007. 2. Сыздықова Р. //«Қазақ әдебиеті», 12.03.1999. 3. Айтбаев Ө. «Ғылым қазақша сөйлер ме?// Тіл майданы. Алматы: Арыс, 2000. 4. Ерназарова З.Ш. «Қазақ сөйлеу тілі синтаксистік бірліктерінің прагматикалық негіздері», филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты, Алматы, 2002. 5. Қайдаров Ә.Т. Ғылым тілі және әдеби тіл статусы // Терминдер және олардың аудармалары. Алматы: Ғылым, 1990. 6. Уәли Н. «Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері», ф.ғ.д. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертацияның авторефераты, Алматы, 2007. Тілембекова А.И. «Ғылыми-техникалық мәтіндердің лингвопрагматикалық құрылымы (электроника және байланыс салалары бойынша), ф.ғ.к. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертацияның авторефераты, Алматы, 2004

Читайте также:  Әділ сот туралы

Оставить комментарий