Түйе мен жылқы өсірудің тиімділігі

Түйе мен жылқы – Маңғыстауда ежелден өсіріліп келе жатқан табысты түлік. Сойсаң – ет, саусаң – сүт, жүні мен терісі де бағалы шикізат болып табылады. Бас білдіріп мінсең,– табиғат, жер жағдайына төзімді, шаруаға оралымды көлік. Сондықтан шаруашылықта қоймен бірге түйе мен жылқы өсірудің тиімділігі ұшаң теңіз. Маңғыстау өңірі түйе мен жылқы өсіруге ете қолайлы аймақ болып табылады. Мысалы, біздің «Маңғыстау» совхозының территориясы шығыстан батысқа қарай ендей созылған Сам құмының оңтүстігі мен терістігіндегі ұлан­ғайыр далалық алқаптарды алып жатыр. Бұл жерлерде жусан мен ебелек, изен мен мортык, тағы басқа алуан түрлі өсімдік өседі. Совхоз жерінде ала тағанақ сорлы алқаптар да кездеседі. Осы жағдайды пайдалана отырып, біз алғашқы кездерден бастап түйе мен жылқы өсіруге ұдайы көңіл бөліп келеміз. Мысалы, алғаш ұйымдасқан 1969 жылы совхозда 5566 жылқы (оның, 2138­і бие), 2229­ы түйе (оның 697­і інген­мая) болды. Совхозымыздың басты бағыты қаракөл қой шаруашылығы болғандықтан осынша түйе мен жылқыны одан әрі өсіре беруге мүмкіндігіміз жетпейтін болды. Жайылым, су тапшылығы тағы бар. Сондықтан оныншы бесжылдықтың аяғына дейін 4793 жылқы мен 1550 түйе басқа шаруашылықтар мен өзімізден 1973 жылы бөлініп шыққан «Сам» совхозына берілді. Сөйтіп, оныншы бесжылдықтың басында өзімізде 537 түйе (оның 209­ы інген­мая), 450 жылқы (оның 111­і бие) қалды. Бізде жыл сайын құлындайтын әр 100 биеден 80­90, кейде тіпті 100 құлын алуға болады. Ал алынған төл аман өсірілсе совхоздың мемлекетке ет тапсыру жоспарын орындауға көп септігін тигізеді. Сонымен қатар жылқы малы бап та талғамайды. Бұл оған жұмсалатын жемшөп шығынын үнемдеуге мүмкіндік береді, Ал, жер от болған жылдары жылқы жайылымда еркін жайылып, жақсы қон, жинайды. Сөйтіп, оны қолда бағып, бордақылап жатпай­ақ бірден жоғары қоңдылықпен етке тапсыруға болады.Соның, өзінде жылқы 260–280 килограмға дейін тартады. Мұны біз іс жүзінде өз тәжірибемізден көріп те жүрміз. Мысалы, оныншы бесжылдық жылдарында совхоз мемлекетке 2228 тонна ет тапсырса, оның 913,1 тоннасы жылқының еншісіне тиеді.

Етке өткізілетін әр жылқы 267, 4 килограмм тартқан. Ал жалпы етке тапсырылған 342 жылқының 90 проценті жоғары қоңдылықпен өткізіледі. Мұның өзі бес жылда шаруашылықтың ет тапсыру жоспарын абыроймен орындай отырып, совхозда қой басының өсімін сақтауға көп ықпал етті. Осы деректерді келтіре отырып, КПСС Орталық Комитетінің май (1682 жыл) Пленумы мақұлдаған Азық­түлік программасында ерекше атап көрсетілгеніндей, еліміздегі ет өндіру проблемасын шешуде жылқы шаруашылығын өркендетудің маңызды роль атқаратынын айтар едім. Ол шаруашылықтарға қысы­жазы жайылымда бағылатындығымен, қолға қарамайтындығымен, сөйтіп арзан ет беретіндігімен тиімді. Біз мұны әрдайым естен шығарған емеспіз. Жылқының өзге малға қарағанда өзіндік ерекшеліктері баршылық. Оның ерекше күтімді қажет етпейтіндігін, қысы­жазы жайылымда бағылатындығын біз жоғарыда айттық. Мысалы, өзге мал, әсіресе, төлдеген саулықтар көктемде көп ретте қашан жер көктегенге дейін қолға қарайды. Онсыз төлін жөнді жарытпайды. Ал жылқы көктемде өлі шөпті де талғамай жеп, қонын жақсарта алады. Сонымен қатар күйі төмен деген жылқының өзі көктемде жана шыққан солқылдақ көк мортыққа немесе жаз айларында ебелекке бір ай мерзім жайылғанның өзінде семіріп шыға келеді. Жылқының жылдың әр мезгілінде әр түрлі шөпке оттайтын ерекшелігі тағы бар. Ол күзге қарай еркекшөп пен ебелектің қалдығын жеуге әуес. Августь, сентябрь айларында өзге мал жемейтін адыраспан, тағы басқа шөптердің қураған кезінің өзінде сүйсіне жейді. Ал, октябрь айынан бастап бұйырғынға да жайылады. Жылқы бап талғамайды дегенмен бұдан оны далаға айдап сал да жүре бер деген ұғым тумаса керек. Жылқы өсірушілердің оның әлгіндей ерекшеліктерін ескеріп, баққаны жөн. «Маңғыстау» совхозының жылқышылары оның осы қасиеттерін бойлай жадында ұстап жүреді. Бұл салада ұзақ жылдарғы тәжірибесі бар, шаруашылықта жылқы өсіруге елеулі үлес қосып жүрген еңбек озаттары баршылық. Олардың қатарында «Құрмет Белгісі» орденінің кавалері, чемпион жылқышы Меңдіқұл Алпановтың есімін атар едім. Оның әкесі Нұрлепес Алпанов та көп жылдар бойы совхоздың жылқы шаруашылығын өркендетуге сүбелі үлес қосқан жан. Меңдіқұл оныншы бесжылдықта бағымындағы жылқыларды аман сақтай отырып, орта есеппен әр 100 биеден 81 құлын алды.

Етке тапсырылған әр жылқының орташа салмағын 280 килограмға жеткізді. Жылқы совхозда негізінен ет үшін өсірілетін түлік дедік. Осы ретте оны етке өткізуді, шаруашылық есеппен жүргізген жөн дер едім. Бұдан келетін пайда аз емес. Сондықтан біз бұл мәселені өз жұмысымызда үнемі қадағалап отырамыз. Бірқатар мысалдар келтіріп өтейін. Соңғы жылдары етке тапсырылған жылқының, біразы тайлардың еншісіне тиеді. Ал, олардың салмағы ересек жылқылардан едәуір кем. Енді «неге тайларды өсіріп, етке салмағын арттырып бермеске?» деген заңды сауал туады; Осыған жауап беріп көрейін. Етке жас жылқыны тапсыру совхоз үшін де, жалпы тұтынушылар үшін де тиімді. Совхоз үшін мұның экономикалық маңызы бар. Мысалы, ірі жылқы етінің тірілей салмақпен алғандағы бір килограмы 1 сом 19 тиыннан, ал жас жылқының еті 1 сом 44 тиыннан қабылданады. Осы есеппен алып қарағанда орта салмақтағы ірі жылқының, тірілей құны 360 сом, жас жылқы 335 сомдай болады. Ал бір тайға бір жылда 60 сом мөлшерінде өндірістік шығын жұмсалады. Оны 335 сомнан алып тастасақ, 275 сом қалады. Бұл – бір тайдың келтіретін пайдасы. Екіншіден, жас жылқыны етке өткізу еттің сапалылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар оның дәмділігі халықтың сұранысына да сай келеді. Сондықтан да жас жылқыны етке өткізуден шаруашылық ұтпаса ұтылмайды деп қорытынды жасауға болады. Жылқы өсіруде өндірістік шығындарды неғұрлым аз жұмсай отырып, тиімділікті жақсарта түсуге болады. Сөзіміз дәлелді болу үшін мемлекеттік дайындау бағасымен бір жылқыдан алынған өнімнің және оған жұмсалған өндірістік шығындардың ара қатынасына тоқтала кетейік. Мәселен, 1978 жылы бір жылқыдан 52 сом 67 тиынның өнімін алу жоспарланып, ол іс жүзінде 63 сом, 48 тиын болып орындалды. Сол сияқты 1979 жылы бір жылқыдан 67 сом 22 тиынның орнына 67 сом 55 тиынның өнімі алынды. 1979 жылы әр жылқыдан 8,98 сом пайда табу жоспарланса, іс жүзінде 20 сом 77 тиын таза пайда табылды. Оныншы бесжылдықта совхозда жылқы етінің өзіндік құнын арзандату барысында да көптеген жұмыстар жасалды. Мысалы, 1976 жылы жылқы етінің өзіндік құны 95 сом 26 тиын болып едәуір арзанға түсті. Жылқы етінің өзіндік құны оныншы бесжылдық бойы ұдайы арзандатылып отырғанын айта кетер едім. Мысалы, ол 1977 жылы 100 сом 50 тиынның орнына 45 сом, 75 тиын, 1978 жылы 119 сом 90 тиынның орнына 53 сом 59 тиын, 1979 жылы 102 сом 60 тиынның орнына 79 сом 03 тиын, ал 1980 жылы 103 сом 36 тиынның орнына 84 сом 72 тиын болды. Мұнын бәріне совхоздағы жылқы шаруашылығына ұдайы көңіл бөліп, қамқорлық жасаудың, жылқышылардың ерен еңбегінің, мал мамандарының жүргізген жүйелі жұмыстарының нәтижесінде қол жетті. Совхозымызда жылқы онша көп те емес. Солай бола тұрса да біз олардың жазғы жайылым­суының, қысқы қонысының қолайлы болуына үнемі назар аударып отырамыз. Жаз айларында жылқы Үстірттің шалғай дөңдерін жайлайды. Ал соңғы жылдары орталықтан 40–50 километрдей жердегі сексеуілді, ықтасыны мол Түлей жерінде қыстатылып жүр. Биенің айғырдан шығу науқанына ерекше мән беріледі. Үйірлер іріктеліп, дербес бағылады. Бір үйірде 20, кейде одан да көп бие болады. Жазғытұрым ұрғашы тайлар мен құнажындар бөлектеліп, өз алдына үйір етіліп, бағылады. Мұның шағылысты сапалы өткізуге көп пайдасы бар. Маңғыстаудан, әсіресе, соның ішінде біздің совхозымыз орналасқан Үстірт дөңінің қысы қатал, қары қалың, ал қар түспеген жылдардың өзінде қара суықты, ызғырық желді болып келеді. Бұл кездегі ауаның температурасы – 30­40 градус болады. Ал жаз айларында көбіне жаңбырсыз, қуаңшылықты, аңызақ желді болып келеді. Шілдедегі ауаның, температурасы 40­45 градусқа дейін жетеді. Табиғаты осындай қатал жерде өсіруге қолайлы, әрі шаруашылық экономикасына тиімді түліктердің бірі – түйе. Ол мұндай жағдайға тіпті жылқыдан да төзімді, өзіне жұмсалған шығынды елеулі мөлшерде артығымен өтейді.

Читайте также:  Атлах шайқасы туралы мәлімет

Соңғы жылдары республикамызда түйе шаруашылығын дамытуға орасан зор көңіл бөлініп келеді. Бұған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ ССР Министрлер Советінің түйе өсіру жөнінде 1962 жылы қабылдаған қаулысы толық дәлел бола алады. Бұл маңызды документте арнайы түйе шаруашылықтарын ұйымдастыру, одан алынатын өнімдерді халық шаруашылығының, жоспарына енгізу, асыл тұқымды түйе шаруашылықтарын жетілдіру, фермаларға шаруашылық жайын жетік білетін мамандар, бақташылар бөлу, бұл салада ғылыми­зерттеу жұмыстарын жүргізу секілді күн талабындағы өзекті міндеттер қойылды. Ал 1981 жылы облысымызда түйе шаруашылығын өркендету, оның өнімін молайту, сапасын жақсарту жөнінде кең көлемді мәселелер талқыланған республикалық ғылыми­ практикалық конференцияда да осы бағыттағы көкейтесті мәселелер сөз болды. Аталған партиялық документ пен ұйымдастырылған шаралардың, әсіресе, бізге көбірек қатысы бар. Себебі түйе республикамыздың басқа аймақтарынан гөрі біздің облысымызда көп өсіріледі. Маңғыстаудың табиғи жағдайлары түйе өсіруге, одан алынатын өнімді молайтуға өте қолайлы. Жалпы республикамыздағы түйенің көпшілік бөлігі біздің облысымызда өсіріледі. Облыста сүт өндіру жоспары негізінен түйе сүтінің есебінен өндіріледі. Бұл «Маңғыстау» совхозына да тән. Бүкіл облысымыздағыдай біздің совхоздың территориясының да көпшілік жерлерін алатағанақ сортаңды, құмайтты жерлер алып жатқанын бұдан бұрын да айтқанбыз. Ол жерлер басқа мал жайылуға аса тиімді болмағанымен түйеге таптырмайтын жайылым, табан аудармайтын қоныс болып есептелінеді. Өзге түліктер жемейтін, түйе сүйсіне оттайтын күйреуік, жантақ, сораң, бұйырғын, тағы басқа шөптер, міне, осы жерлерде өседі. Бұл шөптер жаңбыр жаумаған қуаңшылық жылдары да өсе береді. Біздің жерімізді түйе өсіруге қолайлы дейтініміз сондықтан. Оның үстіне түйе басқа мал жайылымына зиянын тигізбейді. Сондықтан бір өрісте түйе мен қой аралас бағыла береді. Біздің совхозда оныншы бесжылдықтың басында 637 бас түйе болды. Оның 40 проценттен астамы інген­маялар еді. Бесжылдықтың, басынан бастап түйе өсіру жоспары үнемі асыра орындалып отырды. Бес жылда совхоздың 417 бота алуы керек болса, бұл көрсеткіш 424 болып орындалды. Сөйтіп орта есеппен әр 100 інген­маядан 37 бота алынды. Түйе сүтінің тағамдық, емдік қасиеттері өте зор. Оның құрамында адам организміне өте пайдалы витаминдер, көптеген микроэлементтер бар. Түйе сүті, одан дайындалған шұбат туберкулез сияқты біраз ауруларға таптырмайтын бірден­бір шипа болып есептелінеді. Ол қазір Маңғыстаудың бірқатар емдеу орындарында пайдаланылып жүр. Сондықтан табиғаттың қиын жағдайларында еңбек етіп жүрген совхоз еңбекшілерін организмге пайдалы осы жұғымды түйе сүтімен қамтамасыз ету мақсатында совхозда елеулі жұмыстар істелді. Сүт өндіру жоспары бес жыл бойы артығымен орындалып отырды. Және өндірілген сүт мөлшерінің жыл сайын елеулі мөлшерде артып келгенін айтар едік. Бұл мынадан айқын көрінеді: егер 1976 жылы жоспар 105,9 процент орындалса, 1980 жылы ол 110,4 процентке дейін өсті. Жалпы бес жылда 964 тоннаның орнына 1118 тонна сүт өндірілді. Жылына әрбір інген­маядан 500 литрден астам сүт сауылды. Халқымыз түйені түліктің төресі деп бекер айтпаған ғой. Оның сүтінің медициналық зор маңызы болса, жүні еліміздің жеңіл өнеркәсібі үшін қой жүнінен де сапалы аса құнды шикізат болып есептелінеді. Сондықтан совхозда түйені аса ұқыптылықпен, неғұрлым қолайлы кезеңде жүндеуді жүзеге асырып келеміз. Соның нәтижесінде бес жылда 107 тонна түйе жүні өндірілуі керек болса, ол 121 тонна болып, артығымен орындалды. Әр түйеден орта есеппен 4,4 килограмнан жүн алынды. Жыл сайын түйе жүнін дайындау құны сапаның жақсартылуына байланысты ұдайы арттырылып отырды. Мәселен, бір центнер түйе жүні 1975 жылы 540 сом болса, оныншы бесжылдықтың аяғында 550 сом құрады. Сүт, жүн өндірумен бірге шаруашылықта түйе өсірудің ет үшін де маңызы үлкен. Бесжылдықта мемлекетке 115,6 тонна түйе еті тапсырылды. Әр түйенің орташа сойыс салмағы 535 килограмнан асты. Енді бір түйеден өндірілген өнім мен оған жұмсалған өндірістік шығынды талдайық. 1976 жылы бір түйеден 96 сомның өнімін алу жоспарланып, ол іс жүзінде 127 сом 31 тиын болып орындалды немесе 31 сом 31 тиынның өнімі артық алынды. Жалпы бес жылда әр түйеден орта есеппен 91 сом 73 тиынның, орнына 110 сомның өнімі өндірілген. Бір бас түйеге 107 сом 27 тиынның орнына 86 сом 68 тиынның шығыны жұмсалған. Мұның өзінен шаруашылық әр түйеден 21 сом 61 тиын пайданы тағы тауып отыр. Шығынды мейлінше аз жұмсай отырып, мол өнім алудың сыры неде? Оның сыры мал күтіміне жете мән беруде, резервтер мен мүмкіндіктерді тиімді пайдалануда, үнем мен ұқыптылықта, шаруашылық есепті жақсы жүргізуде дер едік.

Читайте также:  МҰНАЙ ГАЗ СЕКТОРЫНДАҒЫ ҚАРЖЫЛЫҚ ЕСЕПТІЛІКТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Түйе өсіріп, одан алынатын өнімдерді молайту үшін бұл түліктің тұқымын асылдандырудың үлкен мәні бар. Ол үшін ең алдымен сұрыптау, селекциялық жұмыстарды жүргізу бірінші кезектегі міндеттер болып табылады. Ежелден көршілес Түркменстанда өсіріліп келе жатқан аруананы таза тұқымды бураға қайыту арқылы бір өркешті мая алынады. Оның еркегін нар деп атайды. Осы маядан тәулігіне 10­12 литрден, жылына 4000­4500 литрге дейін, кейде одан да көп сүт сауылады. Ал қос өркешті інгендерден сауылатын сүт бұдан әлдеқайда аз, яғни жылына 500­ ғана. Маяны зоотехния тілінде будан дейді, ал халық оны біртума деп атайды. Оның себебі аруанадан туған маядан одан әрі мая тумайды. Маядан кердері мая, одан кердері, бұдан «көйін» деп аталатын өнім бере алмайтын түйе тұқымы туады. Ал, кердері мая мен кердерінің сүті маядан аз болмайды. Бірақ жүнсіз, сидаң келеді де қыста суыққа төзімсіз болады. Айыр өркешті түйелер қазақ, қалмақ, моңғол түйелері болып бөлінеді. Қазақ, моңғол түйелерін будандастыру арқылы жүндес, етті түйе тұқымын алуға болатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Айыр өркеш інгеннен қоспақ туады. Олар сүтті келеді. Сондықтан шаруашылық экономикасына маядан гөрі інген өсіру пайдалырақ. Себебі інгеннен інген туады да маядан мая тумайды. Түйе өсірудегі аса жауапты кезең – қайыту маусымы. Табиғатында кірпияз, сырдақ жануардың күйті нашар келеді де тұрықпайды. Бұл жағдай, әсіресе, жас түйелерде көбірек кездеседі. Бірқатар будан інген­маялардың қайымай қысыр қалуы да ұшырасады. Бұл жағдай біздің «Маңғыстау» совхозында да болды. Қазір мұны біз жолға қойып келеміз. Інгендер мен маялардың күйтінің келуі жөніндегі биологиялық қасиеттер әр түрлі. Олардың қайымал мерзімдері мен туатын кезеңдері де түрліше болады. Мысалы мая 12, ал інген 13­14 айдан кейін боталайды. Қайыту мерзімі әр кезде болғандықтан кейде бірқатар інген­маялар қыс ортасында туады. Бұл алынған төлді аман сақтауға көптеген қиыншылықтар келтіреді. Кейде боталар өліп те қалады «Маңғыстау» совхозының, түйешілері бұл жағдайды ескеріп, інгенді январь, февраль, ал маяны февраль, март айларына келеден өткізуде. Соның нәтижесінде төл март айында көктем шыға алынып жүр. Інген, маяларды боталаған соң бір айға дейін саумаған дұрыс. Бота осы мерзімде енесінің уызына әбден тояды. Бұл ботаның алдағы уақытта жақсы жетіліп­өсуіне басты себепші болады. Түйенін, шөл және шөлейт аймақтарда өсіруге қолайлы, ыстыққа, суыққа төзімді, ерекше бағым­күтімді қажет етпейтін, күй талғамайтын түлік екенін тағы бір қайталамасқа болмайды. Бірақ бұдан түйеге жайлы да жылы қора, жайылым, жемшөп, су қажет емес, ол өз­өзінен өседі деген пікір тумаса керек. Түйені өзінің талғамына қарай құнарлы жайылымдарға баққан жөн. Судың да мол болғаны дұрыс. Түйені өзінің ерекшелігіне қарай бағып, шаруашылық экономикасына елеулі үлес қосып жүрген бақташылар совхозымызда баршылық. Солардың қатарында өткен бесжылдықта әр 100 інген­ маядан 40–41 бота алып, аман өсірген еңбек озаты Төлеу Бекқалиевтің, Құлжан Садықовтың еңбектерін атап айтар едік. Бұл тәжірибелі малшылар жылдың әр мезгілінде түйе малын талапқа сай бағуды жүзеге асырып келеді.

Читайте также:  "Үшінші әлемді" жеңудегі біздің орнымыз бен уақыт

Түйені олар күзге қарай бұйырғыны, күйреуік, жусаны мол жайылымдарға бағады. Ауа райына, малдың күйіне қарай оларды арнайы күтімге алады, боталарға қосымша жемшөп беріледі. Сол сияқты келеге түсетін бура мен үлектер де қолдан азықтандырылып, қоңдандырылады. Түйе күтімін сөз еткенде жайлы, жылы типтік қора салу жайын айтпасқа болмайды. Маңғыстауда бұл әлі толық шешіліп, жүзеге асырыла алмай келеді. Бұл олқылық біздің, совхозда да бар. Сондай­ ақ түйені күзетуді, тоғытуды, саууды механикаландыру да әлі жүзеге асырылған жоқ. Бұл алдағы уақытта шешімін табуы тиіс. Бұрын да әр түрлі басылымдарда, баспасөзде әңгіме болып жүрген мына мәселені айта кеткен артық болмас деп ойлаймын. Совхозда түйе, жылқы бағатын жұмысшыларға еңбек ақы малдың санына, алған өніміне қарай, ал шопандарға бұған қоса стажы үшін де төленеді. Бұл жылқышылар мен түйешілерге төленбейді. Осыдан барып олардың еңбекке деген ынтасы кемиді, кейде басқа жұмыстарға ауысып та кетеді. Соған орай осы мәселенің де пісуі жетті демеске ылажымыз жоқ. Осы уақытқа дейін түйе өсіру технологиясы, одан өнім өндіру, түйе сүтінен шұбаттан басқа да өнімдер өндіру жайы, түйе шаруашылығын механикаландыру проблемасы терең зерттелмеген. Сондықтан республикамыздың ғалымдары осы мәселемен тиянақты шұғылданса, арнаулы мекеме болса да артық болмас еді деген пікіріміз бар. Қорыта айтқанда, совхозда түйе мен жылқы өсірудің пайдасы орасан зор. Түйе мен жылқы жыл бойы өрісте болады. Қолға көп қарамайды. Ал, мұның өзі қаржыны аз жұмсап, мол өнім өндіруге және өнімнің өзіндік құнын арзандатуға көптеген мүмкіндіктер береді. Бұған біздің «Маңғыстау» совхозының жоғарыда келтірілген деректерінен айқын көз жеткізуге болады. Сондықтан алдағы уақытта бұл бағалы, экономикалық жағынан тиімді түліктерді өсіру – совхоздың күн тәртібінен түсірмейтін мәселесі.

Оставить комментарий