Тәжі сұлтан Ханқожаұлы – Тау-Жалайыр болысының биі

Жетісу өлкесінің тарих сахнасында ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өздерінің алғырлығымен, заң-жораны білетіндігімен, қауым алдында шешендік қабілетін таныта алған және ел- жұрт арасында беделі мен ықпалы зор талай сұлтан-төрелер мен болыс-билердің өткені тарихтан белгілі. Сондай өз заманының беделді тұлғаларының бірі – он екі ата Жалайыр руының биі, Абылай ханның тікелей ұрпағы – Тәжі сұлтан Ханқожаұлы. Тәжі Ханқожаұлы шамамен 1833 жылы Жетісу өлкесінің Қапал аймағындағы Лабасы тауының етегінде қалың қоныс тепкен Ханқожа Сығайұлының отбасында (қазіргі Алматы облысының Көксу ауданындағы Жамбыл елді мекенінде) дүниеге келген. Оның ата-бабалары ескі сұлтандар әулетінен шыққан. Тәжі төре қазақ ханы Абылайдың кенже ұлдарының бірі Сығай сұлтанның немересі болып табылады. Белгілі ғалым Шоқан Уәлихановтың мәліметі бойынша Абылай ханның қалмақ әйелі Тоқта ханымнан Сығай, Тағай және Сүйік есімді үш ұл дүниеге келген екен. Ел аузындағы аңызға қарағанда, 1779 жылы шамасы Жалайырлар Абылайханнан баласы Сүйік сұлтанды сұрап, өздеріне төре етіп әкеткен. Сол кезде хан онымен бір анадан туған ағалары Сығай мен Тағайды қосып беріпті [1, 204-б.]. Сөйтіп, Абылай ханның рұқсатымен оның аталған үш ұлы бірдей Жетісу өлкесінде қалың қоныстанған Жалайыр руының ортасына келіп тұрақтайды.

Осылай Сығай, Тағай және Сүйік есімді жас төрелердің жаңа ортадағы сұлтандық өмірлері басталады. 19 ҒЫЛЫМИ-САРАПТАМАЛЫҚ ЖУРНАЛ №3 (47) 2015 Қазақ хандығының 550 жылдығы Уақыт өте келе, олар тез есейіп, Жалайыр руының ішкі мәселелеріне араласатындай жасқа жетеді. Араларында үлкені саналған Сығай сұлтан бір кездері Орта жүз жеріндегі руларға төрелік етіп, әкесі Абылай секілді көрші елдермен сауда және саяси байланыс орнатуға ықпал еткен. Қытай дерегіне қарағанда, 1782 жылы ағасы Уәли ханның жіберуімен Сығай сұлтан бастаған тоғыз адамнан құралған елшілік Қытайға барып қайтқан. Сонда патша оған асыл тас тағылған қос көзді хуалинді сыйға тартыпты. Ол кезде Сығай сұлтанның қарамағында қонырат-арғын рулары болған екен [2, 259-б.]. Бірақ шамамен ХІХ ғасырдың басында Сығай сұлтан туған бауырлары қоныс тепкен Жетісу өлкесіне қайта оралып, сонда інісі Сүйік сұлтанның билігі жүріп тұрған Жалайыр және Шапырашты руларының басқару ісіне араласып, біртіндеп өзінің ықпалымен бүтін бір Шапырашты руын басқаруға қол жеткізеді. 1825 жылғы мұрағат тізімінде Сүйік сұлтан тұтас Жалайыр руын басқарады делінген, оған қоса Шапырашты руы да оның ықпалында болған, бірақ оны оның бауырлары Сығай мен баласы Ақан Сығайұлы және баласы Жанғазы сұлтандар басқарады деп көрсетілген [3, 224-б.].

Екі үлкен бауыры – алдымен Тағай, сосын Сығай (1840 жылдың аяғында) қайтыс болғанда, Сүйік сұлтан Жалайыр және Шапырашты руларының ішіндегі ең үлкені әрі бас төреге айналады. Мұрағат құжаттары мен ауызша деректерден Сығай сұлтанның Ақан, Ханқожа және Байғара есімді балалары болғандығы анықталып отыр. 1804 жылы дүниеге келген Ақан сұлтан ержете салысымен, әкесінің жанында жүріп, ел билеу ісіне қатысады. Ол алдымен Шапырашты руының басқару ісіне араласқан болса, кейін әкесінің жолымен Орта жүз жеріндегі округтік басқару тәртібіне бағынған болыстық қызметтерде жұмыс істейді. Көп ұзамай Жетісудың Қаратал өңіріне қайта оралып, қалған өмірін Жалайыр руының арасында өткізеді. Ал бұл кезеңде Ханқожаның Тәжі есімді баласы да ержетіп қалған еді. Оның ел билеу ісіне араласа бастаған кезі патшалық Ресейдің Жетісудағы отарлау саясатымен сәйкес келеді. Деректерге қарағанда, Тәжінің әкесі Ханқожа сұлтан көкесі Сүйік сұлтан секілді тұтас Жалайыр руына билігін жүргізе алмағанымен, сол рудың ішіндегі Қарашапан аталатын үлкен буынына төрелік жасағанға ұқсайды. Өйткені 1848 жылғы ресми бір құжатта Ханқожа Сығайұлы өзінің төлеңгіттерімен бірге қосып санағанда, 20 №3 (47) 2015 ҒЫЛЫМИ-САРАПТАМАЛЫҚ ЖУРНАЛ Қазақ хандығының 550 жылдығы шамамен 207 түтіннен құралған Қарашапан руының сұлтаны ретінде көрсетілген еді, бұл оның осы руға билігін жүргізгендігін білдірсе керек.

Сондай-ақ осы кезеңге қатысты деректе Ханқожа сұлтан қоластындағы Қарашапан руының қазақтарымен бірге тұрақты түрде Сарыбұлақ бастауынан бастап, оның Үшалмалы аталатын шоқысы мен Қаратал өзеніне дейінгі жерлерде қыстаған деп жазылған [4, 116-арт.п.]. Уақыт өте келе, Тәжі сұлтан әкесі Ханқожа секілді өзінің билік айту қабілетімен Қарашапан руының арасында беделге ие болып, олардың сеніміне іліне бастайды. Ханқожаның отбасында Тәжімен бірге оған аттастырып қойған Әжі есімді тағы бір ұлы болған, бірақ ол бауыры Тәжі сияқты Жалайыр руының әлеуметтік-шаруашылық мәселелеріне мүлдем араласпағандығы аңғарылады. Себебі, мұрағат деректерінде Әжі сұлтанның есімі кездеспейді, соған қарағанда, ол әкімшілік істерге араласпай, кейбір қатардағы қарапайым төрелер секілді күн кешкенге ұқсайды. Әжі сұлтанның ағасы Тәжі төренің есімі Жетісу өлкесінің қоғамдық-саяси өмірінде ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жиі кездесе бастайды. Тәжі Ханқожаұлы Ұлы жүз руларының ішіндегі беделді он екі ата Жалайыр елінің құрамындағы Қарашапан тармағының халқы мойындаған биі әрі атасы Сығай төреден бері жалғасын тапқан сұлтандар әулетінің жарқын өкілі болып табылады. Тәжі төре туралы дәйекті деректер Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатындағы «Алатау округі және Үлкен Орда қазақтарының бастығы» атты № 3 және «Жетісу облыстық басқармасы» атты № 44 қорда кездеседі, ал Тәжінің атасы Сығай сұлтан жөніндегі құжат соңғы жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Ресей мұрағаттарынан әкелінген «Шетел мұрағаттарынан келіп түскен Қазақстан тарихы туралы құжаттардың көшірмелік коллекциясы» деп аталатын № 2300 қордан табылып отыр.

Аталған қорлардан алынған деректердің барлығы дерлік осы ғылыми зерттеумізге негіз болып, ғылыми айналымға алғаш рет беріліп отыр. Мұрағат құжаттарында Тәжі Ханқожаұлының есімі тура 1860 жылдардан бастап атала бастайды және онда оны Жалайырдың Қарашапан руының биі деп ресми түрде көрсетеді [5, 47-48-пп.]. Соған қарағанда, Тәжі сұлтан осы кезеңнен бастап Жалайыр руының әлеуметтік-саяси жағдайына белсенді түрде араласа бастаған. Ол замандағы билер руаралық және ру арасында туындаған жер, құн, 21 ҒЫЛЫМИ-САРАПТАМАЛЫҚ ЖУРНАЛ №3 (47) 2015 Қазақ хандығының 550 жылдығы жесір және басқа да күрделі дау-шарларға қатысып, оларды шешуге міндетті болған. Осылай Қарашапан руының атынан Тәжі би де осындай дау-дамайларда билік айтып, көппен бірге әділ шешім шығарып отырған. Билік айтумен қатар Тәжі төре өлкедегі әскери қақтығыстарға да қатысқан. 1863 жылдың 1, 18 және 22 маусым күндері Жетісу жері үшін орыс-қытай отрядтарының арасында Қорғас өзенінің бойында қарулы әскери қақтығыс орын алады. Осы кезде патша өкіметі өз отарын Қытай басқыншыларынан қорғау үшін Жетісу өлкесінде әскери дайындықпен жылдам Құсмұрын, Кеген және Айдарлықұм отрядтарын жасақтайды. Бұл отрядтардың құрамына әртүрлі болыстықтардан қазақ жасақтары да алынды. Мәселен: — Жалайыр руынан: би Тәжі сұлтан Ханқожаұлы, сұлтан Найманхан Қамбарұлы, би Құтым Сапақұлы, би Назар Қарымбайұлы; — Дулат руынан: Ахметжан Дәуітәліұлы, Оразалы Таянұлы, Дәуренбек Сарыұлы, сұлтан Әбіш Ералыұлы, би Дәулетбақ Малдыбайұлы, би Қазыбек Тайтеліұлы; — Шапырашты руынан: би Шоқан Әлиұлы; — Ысты руынан: би Қойкелді Жаманкин және т.б. Айдарлықұм отрядының құрамында; — Албан және Суан руының аға сұлтаны Тезек Нұралыұлы бастаған сұлтан Уәш Хакімбекұлы, сұлтан Әбухан Адамсатұлы, сұлтан Батырхан Тезекұлы, би Жансерке Жайнақұлы, сұлтан Адамсат Ибақұлы және т.б. отыздан астам қазақ жігіттері Құсмұ- рын және Кеген отрядтарының құрамында жүріп, қытайларға қарсы әскери іс-қимылдарға қатысады.

Үзіліспен үш күн өткен бұл қарулы қақтығыстардың бірінде қытай әскерлері Құсмұрын, Кеген және Айдарлықұм қосындарын шабуылдау мақсатымен қарсы қимыл жасаған сәтте, патша отрядының құрамына басқа сұлтан-билермен қатар Тәжі сұлтан кірген қазақ әскери бөлімше- лері жауға қарсы батылдықпен және жылдам қатты соққы беріп, оларды сол жерде қиратып, шекарадан ары ығыстырып жіберген болатын. Соғыстан кейін патша өкіметі қазақ бөлімшелеріне «1863 жылдың 1, 18 және 22 маусым күндері Қытай әскерінің басқыншылығына қарсы әскери іс-қимылдар кезінде қазақ жасақтары біздің отрядтардың құрамында жүріп, айырықша батылдықтарымен ерекшеленді» [6, 29-п.] деген баға берді. Осы істе белсенділік танытқан әрбір қазақ билеушілері мен жігіттері- 22 №3 (47) 2015 ҒЫЛЫМИ-САРАПТАМАЛЫҚ ЖУРНАЛ Қазақ хандығының 550 жылдығы не патша өкіметі тарапынан түрлі құрмет көрсетіліп, дәреже- атақтарына қарай медальдар мен әскери шендер үлестірілді. Солардың ішіндегі Айдарлықұм отрядының құрамында жүріп, батылдығымен танылған би Тәжі Ханқожаұлы патша әкімшілігі- мен 1864 жылы 11 желтоқсанда № 2214 бұйрықпен үшінші дәрежелі құрмет кафтанымен марапатталады [6, 66-п.]. Шекарадан Қытай әскерлерін ығыстырып шыққаннан кейін, патшалық Ресей ХІХ ғасырдың 60-жылдарының ортасына қарай Жетісу жерінде мекендеген бүкіл Ұлы жүз руларын басқару мақсатында және олардан тұрақты түрде салық жинауды бастау үшін отарлық негіздегі алғашқы әкімшілік-аймақтық бөліністі енгізуді қолға алады.

Басқа Ұлы жүздің рулары іспетті Жалайыр елі де патша өкіметінің осы реформасына ілініп, 1865 жылдың қыркүйек-қараша айлары аралығында оларға болыстық басқару жүйесіндегі ұйымдастыру жұмыстары басталады. Патша өкіметі- нің Жалайыр еліндегі әкімшілік ұйымдастыру жұмыстарына сол рудың беделді әрі ықпалды сұлтандары Сұлтанғазы Жанғазыұлы, Тәжі Ханқожаұлы, Қамбар Аланұлы, Мұхамедше және Жадай Сүйікұлдары; билері Тіленші Балпықұлы, Бөлен Тасыбайұлы, Жайнақ Темірбекұлы, Бек Мәжінұлы, Төреш Бектасұлы, Тілеуберді Ескелдіұлы, Назар Қарымбайұлы, Құтым Сапақұлы; старшындары Байғұтты Есғұттыұлы, Тілеулі Мамырбайұлы, Бисен Табылдыұлы және басқалары белсене атсалысады. Алдымен олар Жалайыр руының өзге Ұлы жүз руларының құрамында шашырап көшіп жүрген кейбір руластарын түтін санымен анықтап алып, олардың бұрынғы шыққан ортасына қарай қайта көшіргеннен кейін, жаңа тәртіппен әкімшілік болыстарды жасақтайды. Мәселен, Жалайыр- дың үш бірдей – Қарашапан, Орақты және Күшік руларындағы ұйымдастыру жұмыстарын Тәжі сұлтан Байғұтты, Тілеулі және Бисен старшындармен бірге жүргізеді. Тексеру барысында олар Қарашапан ішіндегі Кішкенбай руының 24 түтіні Тезек сұлтанның, басқа 6 түтін қасқараулық Байғазы бидің, Орақты руының 27 түтіні Әли сұлтанның және сол рудағы Нартайлақ пен Байтайлақтың екі түтіні Аягөз округінің болысы Тәнеке Дүйсенұлының құрамын- дағы наймандардың арасында көшіп жүргеніне кезігеді [7, 186-п.].

Солармен бірге Сыпатай руының басшысы Қамбар Аланұлы екі бірдей Сыпатай мен Шілімбеттегі 42 түтіннен тұратын Бұсыр- манның балалары Самбет Орманов, Сәтбай Бұғыбаев, 42 түтінді 23 ҒЫЛЫМИ-САРАПТАМАЛЫҚ ЖУРНАЛ №3 (47) 2015 Қазақ хандығының 550 жылдығы құрайтын Жолдыбайдың балалары, сондай-ақ Ботбай, Дәуін және Сасық – барлығы Тезек сұлтанның болыстығында, Қарамарқаның Мейірмен мен Маңқаз – Дулаттардың ішіндегі Қожақұл би Байсеркенің ауылында, Шілімбеттің Жанты есімді адамы – Шапырашты руындағы Сарыбай бидің ауылында, Шілімбеттегі Бисенбайдың екі түтіні – шапыраштылық Қашқынбайдың ауылын- да, Қалқадағы Күнтуған Бұлтаевтың, Салықбай мен Төлебайдың 6 түтіні – Тезек сұлтанның болыстығында, сол бөлімнен Барақ Қабиев – Ералы сұлтанның ауылында, Шілімбеттегі Бежібайдың 6 түтіні қасқараулық Қарыбоздың ауылында тұрып жатқанын анықтайды [7, 189-п.]. Ал Жайнақ би Темірбекұлы болса, қоластындағы Мырза руының Апақтағы Қазыбек Құндығұлов пен Үштаспадағы Тоқиаш және жалпы 47 түтін – Аягөз округіндегі аға сұлтан Сейілхан- ның болыстығында, Бәйбіше бөліміндегі Бектастың 4 түтіні – Тезек сұлтанның төлеңгіттерінің арасында және тағы бір түтін Шапырашты руының биі Нарботаның ауылында тұрып жатқанын біледі. Сонымен қатар тексеру кезінде Арықтыным мен Байшегір руының билері Еңқұнды Бармақов, Жоламан Азбаев, Тілеубай Иманбаев – Байшегірдің екі түтіні Тезек сұлтанның ауылында көшіп жүргенін анықтайды [7, 188-п.].

Осыдан кейін Жалайыр руының ұйымдастыру жұмыстарына қатысқан сұлтандар мен билер өздерінің аға сұлтаны Сұлтанғазы Жанғазыұлы арқылы Алатау округінің бастығы подполковник Фридрикске түтін саны жөніндегі барлық тексеру жұмыстары- ның нәтижесін жібереді. Келіп түскен мәліметпен танысып шыққан Фридрикс сол жылдың желтоқсан айында алдымен Дулат және Шапырашты руының аға сұлтаны Әли Әділұлына осы жөнінде былай деп жазады: «Жалайыр руының Тәжі сұлтаны және басқаларының ұсыныс-шағымы бойынша сізге Дулаттар мен Шапыраштылардың ішінде тұрып жатқан Жалайыр руы- ның қазақтарын өз болыстықтарына қайта қосылулары үшін жылдам және қарсылықсыз жіберуіңізге бұйрық беремін» [8, 303-304-пп.]. Осындай мағынадағы келесі бір мәлімдемесін подполковник Фридрикс Албан және Суан руының аға сұлтаны Тезек Нұралыұлына да жазады. Біріктіру жұмыстарының нәтижесінде, 1865 жылдың аяғында Жалайыр руының ішіндегі Қарашапанда – 197, Орақтыда – 201, 24 №3 (47) 2015 ҒЫЛЫМИ-САРАПТАМАЛЫҚ ЖУРНАЛ Қазақ хандығының 550 жылдығы Күшікте – 764, Сыпатайда – 1278, Мырзада – 601, Байғалы-Қайшы- лыда – 503, Арықтыным және Байшегірде – 1000, Андаста – 803, Сиыршыда – 391, Тұлымбек, Айтымбет, Жомарт және Қырғыздарда 801 түтін саны есептеледі [7, 45-п.]. Ұйымдастыру жұмыстары аяқталғаннан кейін, бүтін Жалайыр руынан алғашқы әкімшілік-аймақтық бөлініспен барлығы 8 бо- лыс-ел жасақталады. Олар: Андас-Тұлымбет болыстығы – оның болысы Құтым Сапақұлы; Андас-Қалқа болыстығы – оның болысы Төреш Бектасұлы; Сыпатай болыстығы – оның болысы Қамбар Аланұлы; Мырза болыстығы – оның болысы Сұлтанбай Жәдігерұлы; Орақты-Қарашапан-Күшік болыстығы – оның болысы Мінгіз Ермекұлы; Арықтыным-Байшегір болыстығы – оның болысы Тайрул Тілеубаев; Байғалы-Қайшылы болыстығы – оның болысы Бөлен Тасыбайұлы; Сиыршы- Төлеңгіт болыстығы – оның болысы Мұхамедше Сүйікұлы [7, 101-п.]. Осында аты-жөндері аталған барлық болыс басшылары Жалайыр руының аға сұлтаны қызметін атқарушы подпоручик Сұлтанғазы Жанғазыұлының Алатау округінің басшысына жаса- ған ұсынысы арқылы тағайындалған болатын. Осылардың ішіндегі Тәжі сұлтан Ханқожаұлы тіркелген Орақты-Қарашапан-Күшік аталатын болыстық 6 ауылдан тұрды. Атап айтсақ, Орақты ауылы (201 түтін) – ауыл старшыны Тілеулі Мамырбайұлы; Қарашапан ауылы (197 түтін) – ауыл старшыны Байғұтты Есғұттыұлы; Күшік-Сүйіндік ауылы (219 түтін) – ауыл старшыны Бисен Сатыбалдыұлы; Күшік-Молдас-Маржа ауылы (159 түтін) – ауыл старшыны Сақай Сағындықұлы; Күшік-Таз ауылы (230 түтін) – ауыл старшыны Қапалбай Ордабайұлы; Күшік- Қарасақал-Сары ауылы (156 түтін) – ауыл старшыны Қошақай Есқарыұлы ережемен бекітіледі. Ал Тәжі төре болса, Қарашапан ауылының, тіпті тұтас «Орақты-Қарашапан-Күшік» болыстығының құрметті биі болып табылды.

Ол өзінің, әкесі Ханқожа Сығайұлы мен туған бауыры Әжі төрелердің отбасыларымен бірге «Орақты-Қарашапан-Күшік» аталған бір болыстықта болды. Ал Тәжі төренің ағайындас бауырлары Мұхамедше Сүйікұлы өзінің 3 түтінімен, Сұлтанғазы Жанғазыұлы өзінің 8 түтінімен, сондай-ақ екеуіне бірдей тиесілі 63 түтіннен тұратын төлеңгіттерімен және ағайын-туыстарымен бірге, соның бірі Бексұлтан Байғараұлы да «Сиыршы-Төлеңгіт» болыстығында тұрды. Ал оларға көршілес 25 ҒЫЛЫМИ-САРАПТАМАЛЫҚ ЖУРНАЛ №3 (47) 2015 Қазақ хандығының 550 жылдығы жатқан «Сыпатай» болыстығында сұлтандар әулетінің тағы бір ірі өкілі Қамбар Аланұлы өз отбасымен өмір сүрді [7, 182-п.]. ХІХ ғасырдың екінші жартысында, дәлірек айтсақ, 1865 жылы патша өкіметінің өлкедегі әкімшілік-аймақтық бөліністерінің салдарынан Жалайыр руының ішінде жайылымдық жерлерге қатысты дау-дамайлардың айтарлықтай өршуіне алып келді. Осы кезеңде барлық жағынан күші басым рулар өз арасындағы әлсіз рулардың қыстық тұрақтарын тартып алу фактілері жиі кездесе бастайды.

Мәселен, 1865 жылы 22 қарашада Жалайырдың Сыпатай руының биі Нартбай Байкүшікұлы, старшын Алшан Құлымбетұлы, Қарашапан руының сұлтаны Тәжі Ханқожаұлы, Аманбай Есенұлы және Күшік руының старшыны Қошақай Есқарыұлы Алатау окру- гінің бастығы подполковник Фридрикске былай деп шағымда- нады: «Біз Жалайыр руының ішіндегі ең аз және әлсіз руынанбыз, сондықтан да басқа өте қуатты рулар өздерінің басымдықтарын пайдаланып, барлық жақсы қыстауларды алып отыр, ал біз қыс- тық тұрақсыз қалдық, сол себепті сізден сұрайтынымыз, бізге қажетті қыстық тұраққа жерлерді бөліп беру үшін аға сұлтанға ескертсеңіз» [8, 303-п.], – деп, мөрлері мен таңбаларын басады. Шағымданушылардың өтінішін қанағаттандыру үшін Алатау округінің бастығы Фридрикс 1865 жылы 5 желтоқсанда Верный қаласынан Жалайыр руының аға сұлтаны Сұлтанғазы Жанғазыұлына: «Нартбай би, Елшан старшын, Тәжі сұлтан, Аманбай Есенов, Қошақай старшын және Бөлен би маған өтініш- пен келіп, Дулаттардың Дәуітәлі және Сары билері бос қалдыр- ған жерлеріне басқа, өте қуатты рулар келіп, қыстық тұрақ ретінде өздеріне алып алған, ал олар қыстаусыз қалған. Сондықтан да сіз- ден Дулаттардың қалдырған қыстауларын сол қазақтар арасында теңдей бөліп беруіңізді сұраймын, ал күнгей жақтағы Малайсары деген жер бұрынғыдай Бөленге қалсын, өйткені Шолақтау Албандарға қалдырылған» [8, 316-п.], – деп жазады.

Ел-жұрттың мұң-мұқтажын уақытында шеше білген Тәжі сұлтан өзінің жақын қызметтес серіктері Нартбай, Елшан, Аманбай, Қошақай есімді ауылнайлармен бірге елінің ықыласына бөленіп, жақсы жайылымдық жерлермен қатар тұрақты қыстық қоныстарға да ие болады. Сонымен, басшылықтың бұйрығымен олардың билігіндегі қауым адамдары мынандай көш орындары- мен қамтамасыз етіледі. Мәселен, Тәжі сұлтан тұратын Орақты- 26 №3 (47) 2015 ҒЫЛЫМИ-САРАПТАМАЛЫҚ ЖУРНАЛ Қазақ хандығының 550 жылдығы Қарашапан-Күшік болыстығы қазақтарының маусымдық көштері – Алтуайт пен Кебен жерлерінде және Ықылас тауында; Орақтының жартысы – Малайсарыда, Өгізөлген мен Біжі өзенінің жоғарғы жағында, сондай-ақ Арқарлы және Іле мен Қараталдың құйылысы белгіленсе, ал оларға көршілес жатқан Қамбар сұлтанның басшылығындағы Сыпатай елі – Ешкіөлмес, Лабасы, Мұқыры, Алтуайт және Кебен тауларында, Қызыл және Ащыбұлақ шатқалдарында, Алтынемел таулары мен Іленің төмен жағындағы Жартоғай деген жерлері маусымдық көшке бөліп беріледі. Сол кезде Тәжі төренің туысы Мұхамедше сұлтанның билігіндегі Сиыршы- Төлеңгіт болыстығының көші – Лабасы, Ешкіөлмес және Қызылжар тауларында, Қаратал өзенінің оң жағында және Ықылас өзенінің бойына орналасады [7, 379-381-пп.]. 1867–1868 жылдары патшалық Ресей тұтас қазақ жеріне отарлық басқару жүйесін түпкілікті орнату үшін «Уақытша ереже» деген атпен жаңа әкімшілік-территориялық реформасын енгізеді. Сол ереженің нәтижесінде, қазақ жері – Орынбор, Батыс-Сібір және Түркістан аталатын үш генерал-губернаторлыққа бөлінеді.

Енді Ұлы жүз қазақтары мекендеген тұтас Жетісу өлкесі жаңа құрылған Жетісу облысының құрамына өтіп, Түркістан генерал- губернаторлығына бағынатын болды. 1867 жылғы 14 шілдедегі император жарлығы негізінде дайындалған ереженің жобасы бойынша Жетісу облысында – Қапал, Верный, Сергиополь, Тоқмақ және Ыстықкөл уездері құрылады. Сонымен, бес уезд жасақталып, олардың алып жатқан территориясы мен шекарасы заң жүзінде бекітілген соң, әрбір уездің басшысы мен олардың жергілікті қазақтардан тағайындалатын кіші көмекшілері анықталады. Сөйтіп, Сергиополь уезіне – капитан Фридрикс, Ыстықкөл уезіне – капитан Томск, Верный уезіне – полковник Фридрикс, оның кіші көмекшісі қызметіне – бұрындары Әли төренің төлеңгіті болған, орыс тілін білетін Өмірәлі Айдарұлы, Тоқмақ уезіне – капитан Кулябку, оның кіші көмекшісі қызметіне – сұлтан Құтан Сұлтанбекұлы, ал Қапал уезіне – подполковник Халютин, оның кіші көмекшісі қызметіне сұлтан Атхан Құдаймендин тағайындалады [9, 31-п, 1-п.]. Аталмыш уездер секілді Қапал уезіне қарайтын рулардан жаңа ереженің негізінде болыстықтар мен әкімшілік ауылдарды жасақтау үшін ресми Оңтүстік және Солтүстік Қапал қайта құру комиссиялары құрылып, іске кіріседі.

Сөйтіп, 1868 жылдың қаңтар-сәуір айлары 27 ҒЫЛЫМИ-САРАПТАМАЛЫҚ ЖУРНАЛ №3 (47) 2015 Қазақ хандығының 550 жылдығы аралығында Солтүстік Қапал қайта құру комиссиясы Найман руынан: Басқан-Сарқан, Балқаш-Лепсі, Биен-Қоянды, Төменгі-Ақсу және Арасан болыстықтарын жасақтаса, ал Оңтүстік Қапал қайта құру комиссиясы Жалайыр руынан жаңа атаумен: жоғарғы Қаратал, төменгі Қаратал, Тау-Жалайыр, Күшік, Оңтүстік Балқаш, Балғалы- Қайшылы және бүтін Суан руынан: Бороходзор, сондай-ақ қаңлы, қарақалпақ, түркмен және Абылайхан ұрпақтары – Тезек аталатын рулық қауымдары кірген Алтынемел (бұл болыстық таза сұлтан- төлеңгіттерден тұрды) болыстықтарын құрады [10, 8-14 п.]. Жалпы осы кезеңде Қапал уезінде барлығы 13 болыстық саналған еді. Жаңа ереже бойынша Жалайыр елінде патша өкіметінің әкімшілік-басқару тәртібі орнағаннан кейін, Қапал өңірін жайла- ған Абылайханның баласы Сығай сұлтаннан тарайтын Ханқожа төре мен оның баласы Тәжі сұлтанның отбасылары 1868 жылы құрылған «Тау-Жалайыр» болыстығының № 1 әкімшілік ауылының құрамына кіреді. Сонымен қатар бұл болыстықтың № 3 ауылын- да сұлтан Байзалды, оның баласы сұлтан Мұхаммед Байзалды- ұлы және № 7 ауылда 1871 жылы жоғарғы Қаратал болыстығы- нан көшіп келген сұлтан Абам Борамов отбасымен тұрды [11, 741-п.].

Бірақ бұл сұлтандардың әулеті Тәжі төренің әулеті- мен қандай туыстық байланысы болғандығы бізге белгісіз болып отыр. Дегенмен олар бір болыстықта тұрғандықтан, бір-біріне деген туыстық жақындығы болуы әбден мүмкін. Сондай-ақ осы болыстықтың № 7 ауылында сұлтан Қамбар Аланұлының отбасы мен оның Сыбанқұл, Найманхан және Найманқұл есімді балалары өз отбасыларымен өмір сүрген. Ал Сығай сұлтанның үлкен баласы, Ханқожа төренің туған ағасы Ақан Сығайұлы мен оның үш ұлы – Нұрмағанбет, Шоқы және Бопы өз отбасыларымен «Төменгі-Қаратал» болыстығына өтті. Сонымен қатар Абылайханның Тағай және Сүйік есімді кіші ұлдарының ұрпақтары, 1861–1867 жж. аралығында Жалайыр елінің аға сұлтаны қызметін атқарған Сұлтанғазы Жанғазыұлы өз отбасы- мен және Сүйік сұлтанның ұлдары Мұхамедше мен Жадай төрелердің отбасы «жоғарғы Қаратал» аталатын болыстықтың № 1 ауылына енді [11, 755-п.]. Олар Жалайыр руының әр болыстығын- да өмір сүргенімен, ертеден жалғасқан әулеттік байланыстарын үзбей, өзара туысқандық қарым-қатынас жасап отырған. Ал олардың қайсыбіріне қажеттілік туған жағдайда бір-бірлеріне 28 №3 (47) 2015 ҒЫЛЫМИ-САРАПТАМАЛЫҚ ЖУРНАЛ Қазақ хандығының 550 жылдығы қол ұшын беріп, көмектесуге де дайын болған. Мұны, әсіресе олардың бірі жергілікті әкімшілік билікке сайлауға түскенде, салық төлеуде, қауым арасында туындаған даулы жағдайда және тағы басқа ортақ әлеуметтік шаруашылық мәселелері кезінде айқын байқауға болады. 1868 жылы Тау-Жалайыр болыстығының құрылуына белсене атсалысқан Тәжі төре сондағы алғашқы өткен билер сайлауына қатысып, би қызметіне сайлануы да әбден ықтимал. Өйткені Тәжі төре 1868 жылға дейінгі уақытта Қарашапан руының биі болып келген. Сонымен қатар мұрағат құжатынан Тәжі сұлтанның патша әкімшілігімен әртүрлі қызметтері үшін марапатталған Қамбар Аланұлы, Найманхан Қамбарұлы, прапорщик Жадай Сүйікұлы, прапорщик Мұхамедше Сүйікұлы, Жайнақ Темірбеков, Сұлтанбай Жәдігеров, Назар Қарымбаев, поручик Бөлен Тасыбаев, прапор- щик Тіленші Балпықов, поручик Сұлтанғазы Жанғазин, полков- ник Тезек Нұралыұлы, капитан Адамсат Ибақов секілді Жалайыр және Албан руларының ықпалды сұлтан-билерімен бірге 1871 жылғы 26 желтоқсанда жасалған атаулы тізімге де ілінгендігін көреміз [12, 1-34-п.]. Әр үш жыл сайын Жетісу жеріндегі барлық болыстық әкімшіліктің басшылығына болыс, би және олардың кандидатта- рын сайлау науқаны болып тұрды. Сондай науқан кезінде Тәжі төре әкесі Ханқожа сұлтанның қолдауымен 1873 жылы 10 қазанда Тау-Жалайыр болыстығында өткен билер сайлауына қатысып, ал- дағы үш жыл мерзімге (1874–1876 жж.) қарсыласы Бабалы Мұрынбаевтан он екі ақ шарды артық жинап, басым дауыспен жеңіске жетіп, № 1 әкімшілік ауылдың биі болып сайланады [13, 166-п.]. Бірақ Тау-Жалайыр елінің № 1 ауылында өткен билер сайлауын сол кездегі уезд бастығы заңсыз деп тауып, Тәжі төре би қызметіне бекітілмей қояды. Мұның себебін Қапал уезінің бастығы Жетісу облысының әскери губернаторына былай деп түсіндіреді: «Тәжі Ханқожаұлы Тау-Жалайыр болыстығындағы № 1 ауылдың биі қызметіне дауысқа түсуге қателікпен жіберілген болатын.

Өйткені ол тергеуде болып, соттың үкімімен үш ай қамау- да отырған. Сондықтан да би қызметіне Бабалы Мұрынбаевты бекітуді ұсынамын» [14, 152-п.]. Сөйтіп, Тәжі төренің орнына сайлауда ең аз дауыс жинаған Бабалы Мұрынбаев би болып бекіті- ліп кетеді. Осы сайлау өткен жылы жүргізілген есепте № 1 ауылда 29 ҒЫЛЫМИ-САРАПТАМАЛЫҚ ЖУРНАЛ №3 (47) 2015 Қазақ хандығының 550 жылдығы 228 шаңырақ саны анықталған еді. Ал жалпы ресми санақ бойын- ша 1873 жылы Тау-Жалайыр болыстығында он нөмірленген әкімшілік ауыл және онда барлығы 1893 шаңырақ шоғырланып- ты [14, 440-п.]. Сонымен бірге осы кезеңде Тәжі төренің үстінен түрлі жалған айып тағып, қауым арасындағы беделін түсіруге талпынғандар да табылып жатты. Сондай жалған айыптың бірі 1885 жылы 24 қыр- күйек күні Қапал уезіне қарасты Тау-Жалайыр болыстығының қазағы Бұқабай Бармақұлынан түсті. Ол құнын 50 рубль сомаға бағалаған өзінің қолындағы он шақты қойын сұлтан Тәжі Ханқо- жаұлы ұрлады деп айыптап, Қапал уезінің бастығына оның үсті- нен арыз-шағым түсіреді. Онда шағымданушы бұл істі шешуді уезд сотына беруді сұрайды. Бірақ Қапал уезі бастығының 29 қыркүйегіндегі қарарында бұл істі өздерінің араларындағы қауымдық билер сотында шешуді тапсырады және шағымдану- шыға осыны хабарлауды үкім етеді [15, 1-2-п.]. Сол мұрағат құжатында бұл істің билер сотында немен аяқталып, кімнің пайдасына шешілгендігі жөнінде түсінік беретін басқа бірде-бір мәлімет жазылмаған. Өйткені бұл істің өзі мұрағат қорында бар болғаны екі-ақ беттен тұрады. Осы келеңсіз жағдайдан үш жыл өткеннен кейін, 1888 жылы 12 тамызда Тау-Жалайыр болыстығының «Дүнген» деген мекенінде кезекті болыс және би қызметтеріне жаңа үміткерлерді алдағы (1889–1891 жж.) үш жыл мерзімге сайлау өткізіледі.

Сайлау өтетін жерге Тау-Жалайыр елінің әр елу түтінінен үкіметпен іріктеліп бекітілген елу үш елубасы толық жиналып, барлығы он алты әкімшілік ауылдың әрқайсына бір-бір биді таңдау үшін арнайы қорапқа шар тастау арқылы лайықты үміткерлерге дауыс береді. Бұл жолғы сайлауда әр ауылға көбінесе екі үміткерден келсе, ал кейбір азғантай ауылға бақталассыз бір үміткерден дауысқа түсті. Мәселен, Тау-Жалайыр елінің № 1 әкімшілік ауылына би қызметіне сайлану үшін екі үміткер – Тәжі Ханқожаұлы мен Шымтай Шоқпарұлы дауысқа түседі. Сөйтіп, сайлаудың нәтижесі бойынша Тәжі төре ел ішіндегі ықпалымен және дауыс беруші елубасылар- дың алдындағы зор беделімен қарсыласы Шымтай Шоқпарұлынан екі шар артық жинап, жалпы 31 дауыспен жеңіп, би қызметіне сайланады. Осы 1888 жылы 12 тамызда толтырылған дауысқа түсу қағазында Тәжі бидің жасы 55-те екені, ал оның қарсыласы 30 №3 (47) 2015 ҒЫЛЫМИ-САРАПТАМАЛЫҚ ЖУРНАЛ Қазақ хандығының 550 жылдығы Шымтайдың жасы 48-де екені айтылады [16, 3-п.]. Сондай-ақ Дүнген деген жерде өткен сайлау кезінде Тәжі төремен бірге бір болыстықта тұратын 55 жастағы Найманқұл Қамбарұлы да № 7 әкімшілік ауылдың би қызметіне өз үміткерлігін ұсынады, бірақ ол сайлауда- ғы екі қарсыласы Кембай Дүлеев пен Қарабай Бұрбаевтардан әлдеқайда аз шар жинап, қызметке өтпей қалады [16, 3-п.]. Сөйтіп, 1888 жылы 12 қыркүйекте Жетісу облысы әскери губернаторының № 154 бұйрығымен Тәжі Ханқожаұлы өзімен қатар сайланған Егізек Байтұғұлов, Байтұрбай Бектұров, Келбай Әжібаев, Манылбек Қасабаев, Өскенбай Есергепов, Кембай Дүлеев, Шыны Битықов, Құрман Қарымбаев, Бисембай Жандаралов, Таласбай Тасшүреков, Шойбек Шекібаев, Егізек Бабаев, Найзабек Жаманкин, Мамекбай Жанабаев, Садақберді Көбетаев есімді он бес адаммен бірге би қызметіне заң жүзінде бекітіліп [16, 6-п.], үкіметпен олардың әрқайсысына арнайы атаулы қызметтік мөр- мен қатар билік айту кезінде мойнына іліп жүретін (би екенін білдіретін) қола белгі де табыс етілетін болған.

Осы ауылдың құрметті әрі беделді биі ретінде Тәжі төре Жетісу өлкесіндегі қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасынан табылып отырған. Мәселен, ол өзінің би қызметінің мерзімі аяқталғанша, жылына бір мәрте өткізіліп тұрған уезаралық төтенше билер съезінде және Қапал аумағында мезгілсіз өтіп тұрған болыстық билер съезінде өлкенің азулы билерімен бірге даулы мәселелерге билік айтып, шешім шығаруға да қатысып тұрды. Тәжі төре Ханқожаұлының отбасы жөнінде. 1871 жылғы 20 қаңтарда жасалған Тау-Жалайыр елінің түтін қожайындары- ның атаулы тізіміндегі № 1 ауылда сұлтан Ханқожа Сығайұлының отбасы бір түтіннен тұрғаны, онда екі ер адам мен алты әйел адам бар деп жазылса, ал оның үлкен ұлы сұлтан Тәжі Ханқожаұлы- ның отбасы бір түтіннен, онда екі ер адам және үш әйел адамның болғаны көрсетілді [11, 740-741-пп.]. Ал екі жылдан кейінгі, яғни 1873 жылы 9 қазанда санаққа алған Тау-Жалайыр болыстығының түтін қожайындарының тізіміндегі № 1 ауылда сұлтан Ханқожа Сығайұлы отбасы бір түтіннен, онда екі ер адаммен қатар бес әйел адамның және жеке қожалығында 5 түйе, 40 жылқы, 1 сиыр, 110 қойы болғаны жазылған. Ал баласы сұлтан Тәжі Ханқожаұлының отбасы бір түтіннен, онда екі ер адаммен бірге үш әйел адамның болғаны және шаруашылығында 31 ҒЫЛЫМИ-САРАПТАМАЛЫҚ ЖУРНАЛ №3 (47) 2015 Қазақ хандығының 550 жылдығы 3 түйе, 30 жылқы, 1 сиыр, 110 қойы болды деп жазылған [14, 358-п.]. Бірақ Ханқожа мен Тәжі төрелердің жеке мал-мүлкісі тізімде көрсетілген саннан әлдеқайда көп болған еді. Өйткені сол кездері әрбір түтін қожайыны салықты аз мөлшерде төлеу мақсатымен салық жинаушылардың тізіміне өздерінің қолындағы төрт түлік малын барынан әлдеқайда жасырып, аз санмен жаздыратын болған. Сондықтан да 1871 және 1873 жылдардағы тізімде олардың барлық малдары тым аз етіп көрсетілген. 1897 жылы Тау-Жалайыр болыстығынан Жалайыр руының Сыпатай тармағы бөлініп шығып, жеке дара Сыпатай болыстығы құрылады. Тәжі би мен оның қызметтес серіктері Сыпатай болыстығының құрылуына белсене атсалысады. Басқа төре- сұлтандармен бірге Тәжі төренің ауылы Сыпатай елінің № 1 әкім- шілік ауылы болып белгіленеді. Сондықтан да 1910 жылғы Сыпатай болыстығында тұратын ауылдың құрметті ақсақалдарын қыстау орындарымен көрсеткен тізімде Тәжі төренің үлкен баласы Оспанқұл Тәжіұлы мен оның туған інісі Әжі Ханқожаұлы көрсетілген.

Олардың сол кездегі қыстаулары деректе «Қызылбастау деген жерде» деп жазылған болатын. Сонымен қатар сол тізімде Оспанқұл Тәжіұлының старшындығында – екі шаруашылығы, онда 6 ер адам мен 7 әйел адам; ал оның ағасы Әжі Ханқожаұлының старшындығында үш шаруашылығы, онда 16 ер адам мен 11 әйел адам болғандығы да айтылған [17, 80-б.]. 1910 жылғы Сыпатай болыстығының ақсақалдар тізіміне ілінбегеніне қарағанда, Тәжі төре әлдеқашан бұрын қайтыс болған көрінеді. Тәжі төренің нақты қай жылы қайтыс болғаны бізге белгісіз болып отыр. Өйткені ол кезде әрбір қайтыс болған адамның мезгіл уақытын белгілеп отыратын арнайы кітапшалар жүргізілмегендіктен, біз тек мұра- ғат құжатында соңғы кездескен дерекпен салыстырмалы талдау жүргізу арқылы ғана шамалап айта аламыз. Олай болса, Тәжі төре ХХ ғасырдың бас кезінде, яғни шамамен 1910 жылдары өмірден өткен болуы мүмкін деген болжам келтіреміз. Ұрпақтарының айтуынша, Тәжі төренің зираты қазіргі Алматы облысы, Көксу ауданына қарасты Жамбыл ауылынан он екі шақы- рым жердегі Мұқыры өзенінің жанындағы Лабасы тауының күн- гей жақ бетіндегі «Тәжісайы» аталатын жерге жақын биік төбешік- те орналасқан үлкен бір әулеттік қорымның ішінде болуы мүмкін. Өйткені Лабасы тауының күнгей жақ бетіндегі бастапқы сайлар- 32 №3 (47) 2015 ҒЫЛЫМИ-САРАПТАМАЛЫҚ ЖУРНАЛ Қазақ хандығының 550 жылдығы дың бірі Иманқұлдың қыстауы басталады, онда төрт-бес бұлақ- тың көзі бар екен, солардың бәрі бір жерде түйісіп, «Иманқұл- бастауы» деп аталады. Иманқұл қыстауынан бір қыр асқан сайда Найманханның қыстауы орналасқан. Сол жерден тағы бір шат- қал өткеннен кейін «Тәжібастауы» аталатын жер бар. Осы бастау- дан бір сай өткен жерде Тәжінің әкесі Ханқожа сұлтанның қыс- тауы көрінеді.

Ал одан ары бірнеше шақырымдық қашықтықта Тәжі төренің атасы Сығай сұлтан Абылайханұлының қонысы басталады екен. 1917 жылы патша билігі құлап, елде Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, 1928 жылы ел арасындағы қазақтың бас көтерер тұлға- ларын қудалау науқаны басталады. Бұл саяси науқанға іліккен тұлғалардың басым бөлігі ел басқарған, ел-жұрт арасында бедел- ықпалы зор, яғни би, болыс, ауыл старшыны секілді қызметтерді атқарған, сондай-ақ беделді билер мен ірі байлардың ұрпағы бол- ған. Осындай тұлғалар өкімет қудалауына ілігіп, жеке мал-мүлік- тері тәркіленіп, қамауға алынды, тіпті оларды алыс жерлерге жер аударуға дейін барды. Кеңес өкіметінің осындай солақай саясатының құрығына Сыпатай болыстығының ағайынды ағалы-інілі Оспанқұл мен Мейірқұл Тәжіұлдары бірдей іліккен еді. Олардың сұлтан-төре- лердің ұрпағы екеніне және әкелері би әрі бай-дәулетті болғаны- на, ел ішіндегі зор беделіне ерекше назар аударылды. 1932 жылы Оспанқұл мен Мейірқұл елдегі қиын-қыстау кезеңде Жалайыр руының көптеген адамдарын алыс тау-шатқалдарында өкіметтен жасырып ұстаған азын-аулақ малдарымен баққан деп және контрреволюциялық қызмет жүргізді деген желеумен ОГПУ қызметкерлері Қапалда тұтқынға алып, Алматыдағы абақтылардың біріне жөнелтеді. Сол жылдың 2 тамыз күні ОГПУ-дің сондағы өкілетті Латынов деген қызметкері Мейірқұл Тәжіұлын тергеуге алады. Алған тергеудің хаттамасында: «Мейірқұл Тәжіұлы 50 жаста, шыққан тегі – төре тұқымынан, бай отбасынан, ұлты қазақ, КСРО азаматы, Талдықорған ауданы Көксу ауылдық кеңесі, Беріктас ауылында тұрады. Көксу кеңшарында қатардағы шаруа болып жұмыс жасайды» деп жазылды. 1933 жылы 19 ақпанда Қазақстандағы ОГПУ тұсындағы Тройка жиналысында шығарылған үкіммен Мейірқұл Тәжіұлының мал-мүлкі тәркіле- ніп, 5 жыл мерзіммен концлагерьге жіберу туралы жаза тағайындал- 33 ҒЫЛЫМИ-САРАПТАМАЛЫҚ ЖУРНАЛ №3 (47) 2015 Қазақ хандығының 550 жылдығы ды. ОГПУ үкімі орындалып, Мейірқұл Тәжіұлы сол кездегі КАРЛАГ- қа жөнелтіледі, бірақ оның осыдан кейінгі тағдыры белгісіз күйін- де қалған. Ал оның ағасы Оспанқұл 1932 жылы тұтқындалып, сол жылдың көктемінде түрмеде белгісіз жағдайда қайтыс болған. Төрелер шежіресі бойынша Тәжіұлы Оспанқұл төренің Панақұл және Сейітқазы есімді екі ұлы болды. Сол ұлдарының ішіндегі Сейітқазыдан – Болат, Бақытжан және Серік деген ұлдары тарайды. Болаттан – Бауыржан, одан Шыңғыс, ал Бақытжаннан Санжар атты ұл баласы бар. Ал енді Мейірқұл Тәжіұлының ұрпақтарына тоқталып өтейік. 1932 жылғы мәлімет бойынша Мейірқұл төренің отбасында әйелі Майшықар (47 жаста), ұлдары: Сейітбаттал (20 жаста), Сейіттал (8 жаста), Сейдақұл (5 жаста); қыздары: Бисалим (12 жаста) мен Багоргүл (2 жаста) болған. Бүгінде Тәжі төреден өрбіген ұрпақтары жауапты қызмет- тер атқарып, еліміздің дамып көркеюіне азды-көпті өз азаматтық үлестерін қосуда. Өткен 2014 жылы Тәжі төренің тікелей ұрпақтары жиналып, өздерінің бабаларының есімін қайта жаңғырту мақсатымен өзара «Тәжібастауы» аталатын Мұқыры өзенінің бойындағы Лабасы тауының етегіндегі ат-баба қонысында арнайы «Абылай хан Сығай сұлтан. (Абылайханның Жетісу елін басқаруға жіберген ұлдары- ның бірі). Ханқожа сұлтан. Әжі сұлтан. Тәжі сұлтан. Оспанқұл төре Тәжіұлы (1867–1932 жж.). Мейірқұл төре Тәжіұлы (1882–1833 жж.). Бұл жер ата-баба қонысы «Тәжібастауы» аталады» деген жазуы бар үлкен тас белгіні қойған болатын.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar