Таңба, таңбаланушы, таңбалаушы

Көптеген адам тілді номенклатура, яғни, белгілі бір затқа сай келетін атаулардың тізімі деп ойлайды. Мұндай түсінікті жан­жақты сынауға болар еді. Оның пайда болуына сөзден бұрын жасалатын ұғым қажет; ол атаудың дыбыстық немесе психикалық табиғаты туралы ешқандай мәлімет бере алмайды, өйткені arbor сөзін осы екі тұрғыдан келіп талдауға болады; сондай­ақ, ол зат пен атаудың арасындағы байланыс өте қарапайым нәрсе деген ойға жетелейді, ал бұл ақиқатқа жанаспайды. Дегенмен де осындай қарапайым пікір бізді ақиқатқа жақындата алады, өйткені ол тіл бірлігі екі бөліктен тұратын нәрсе екенін айғақтап тұр. Сөйлеу әрекетін қарастырғанда, тілдік таңбаның екі қыры да психикалық екенін және олар біздің миымызда ассоциативтік байланысқа түсетінін анықтаған едік. Біз осы тұсқа ерекше назар аударып отырмыз. Тілдік таңба зат пен атауды емес, ұғым мен акустикалық бейнені байланыстырады. Соңғысы материалды дыбыстау, яғни таза физикалық зат емес, ол дыбыстаудың психикалық таңбасы, біздің сезіну мүшелері арқылы ол туралы алған түсінік болып табылады; акустикалық бейненің табиғаты психикалық және біздің оны «материалды» деуіміздің себебі де осыған байланысты. Сондай­ақ оны ассоциативті жұптың екінші сыңарына — жалпы алғанда абстрактылы болып саналатын ұғымға қарама­қарсы қою үшін, біз оны «материалды» деп атаймыз.

Біздің акустикалық бейнелеріміздің психикалық сипаты өзіміздің сөйлеу тәжірибемізді бақылағанда жақсы айқындалады. Тілді де, ерінді де қимылдатпай біз ішімізден сөйлей аламыз немесе өлеңнің үзіндісін ойша қайталай аламыз. Сондықтан да біз үшін, тіл сөздері акустикалық бейне болғандықтан, олардың құрамына кіретін «фонемалар» туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Фонация әрекетін белгілейтін бұл термин тек қана айтылған сөзге, сөйлеудегі ішкі бейненің көрінісіне қатысы болады. Біз дыбыстар мен буындарды қарастырғанда, олардың акустикалық бейне екенін естен шығармасақ, мұндай түсінбеушілікке ұрынбас едік.

Читайте также:  Мұсылман философиясындағы негізгі мектептер

Осы екі элемент өзара өте тығыз байланыста болады және бірі болмаса екіншісі де болмайды. Латынның arbor сөзінің мағынасын анықтасақ та немесе, керісінше, римдықтардың «ағаш» ұғымын белгілеген сөзін анықтасақ та, олар тек мынадай түрде ғана шындыққа жанасуы мүмкін, сондықтан біз ойымыздағы басқа түсініктерден бас тартамыз.

Осындай анықтаманың болуы маңызды терминологиялық мәселені көтереді. Біз таңба деп ұғым мен акустикалық бейненің қосындысын атаймыз, бірақ әдетте жалпы қолданыста бұл термин тек акустикалық бейнені ғана, мысалы, arbor және т.б. сөздерді белгілейді. Arbor — дың таңба болып аталуы оның құрамында «ағаш» ұғымының болуына байланысты екенін ескерілмейді, сондықтан таңбаның сезімдік қыры таңбаны тұтас болуын қалайды. Егер барлық үш ұғымды өзара қажеттілікті, сонымен қатар, өзара қарама­қарсылықты да ескеретін атаулармен атайын болсақ, екі ұштылық жойылар еді. Біз таңба сөзін тұтастықты белгілеу үшін, сақтауды, ал ұғым және акустикалық бейне терминдерін таңбаланушы және таңбалаушы терминдерімен алмастыруды ұсынамыз; соңғы екі терминнің артықшылығы олардың өздері арасындағы қарама­қарсылықты, сондай­ақ осы тұтастық пен оның бөліктері арасындағы қарама­қарсылықты белгілеуіне байланысты. Ал «таңба» терминіне келетін болсақ, біз оны орнына басқа қолайлы сөзді кәдімгі тілден таппағандықтан қанағат тұтамыз. Біздің анықтауымыздағы тілдік таңбаның ең маңызды екі қасиеті бар. Оларды анықтағанда, біз өзіміз зерттеп отырған білім саласының негізгі ұстанымдарын да айқындаймыз.

Оставить комментарий