Таңбаның кездейсоқ болуы

Таңбалаушы мен таңбаланушыны жалғастырып тұрған байланыс — кездейсоқ; қандай да бір таңбалаушының қандай да бір таңбаланушымен ассоциация жасау нәтижесінде пайда болатын тұтастықты біз таңба деп білгендіктен, осы ойды біз қарапайым түрде былайша жеткізе аламыз: тілдік таңба — кездейсоқ болады.

Айталық, «әпке» ұғымының француз тілінде оны таңбалаушы қызметін атқаратын s­ œ:­r дыбыстар тізбегімен ешқандай ішкі байланысы жоқ; ол кез келген басқа дыбыстар тізбегі арқылы белгілене алушы еді; оны тілдер арасындағы айырмашылықтар және әртүрлі тілдердің болуы дәлелдей алады: «бұқа» деген таңбаланушы үшін, таңбалаушы ретінде, шекараның бергі жағында b­ö­f (французша bœuf), арғы жағында — o­k­s (немісше Ochs) көрініс табады». Таңбаның кездейсоқтығы туралы ұстанымға ешкім де дау айтып жүрген жоқ; бірақ кейде ақиқатты табудан, оның орнын айқындау қиынға түседі. Бұл ұстаным барлық тіл лингвистикасын өзіне бағындырып тұр; одан туындайтын салдарда шек жоқ. Десек те олар бірден көзге түспеуі мүмкін; оларды ашу үшін, біраз тер төгу қажет, алайда осы салдарлардың ашылуының арқасында ғана аталған ұстанымның асқан маңыздылығы айқын болады.

Айта кететін бір нәрсе: семиология ғылым ретінде қалыптасқан кезде, ол мына мәселені анықтауы тиіс: ол толығымен «табиғи» таңбаларға негізделген көріністерді, мысалы пантомиманы зерттей ала ма? Бірақ семиология ондайларды өз нысандар қатарына жатқызса да, бәрбір де оның негізгі зерттеу пәні болып таңба кездейсоқтығына негізделген жүйелер жиынтығы қала бермек. Шын мәнінде, қоғамда қабылданған адамдардың белгілеу тәсілі негізінен ұжымдық дағдыға немесе келісімге негізделген. Мысалы, көбінесе «табиғи» мәнерлі көрінетін сыпайылық белгілері (қытайлықтардың өз императорын тоғыз рет етпетінен түсіп қарсы алуын алайық) ережемен реттеледі, нақ осы ереже, ішкі маңыздылық емес, бізге таңбаларды қолдануды міндеттеп тұрады. Демек, басқамен салыстырғанда, семиологиялық көзқарастың идеалын тұтасымен кездейсоқ таңбалар жақсы жүзеге асырады деуге болады; міне, сондықтан да тіл — белгілеу жүйелері арасындағы ең күрделісі әрі ең кең таралғаны болып саналады; осы тұрғыда тіл — көптеген семиологиялық жүйелердің бірі ғана болса да, лингвистика семиология үшін үлгі (patron general) бола алады.

Читайте также:  ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОҒАМНЫҢ САЯСИ ТЕОРИЯСЫ

Тілдік таңбаны немесе дәлірек айтсақ, таңбалаушыны белгілеу үшін, кейде символ сөзін қолданады. Бірақ оны қолдану біздің бірінші ұстанымымызға сәйкес қолайсыздау көрінеді. Символ әрқашан таза кездейсоқ болмайды; ол бос та болмайды, онда таңбаланушы мен таңбалаушының табиғи байланысының жұрнағы бар. Әділдіктің символы саналатын таразы орнына, кез келген нәрсені, мысалы, арбаны алуға болмайды. Кездейсоқ (произвольный) сөзі де түсіндіруді қажет етеді. Сөйлеуші таңбалаушыны еркін түрде таңдайды (адам белгілі бір тілдік ұжым қабылдаған таңбаға ешқандай өзгеріс енгізе алмайтынын біз төменде әлі көреміз) деп түсінбеу керек; біз тек қана таңбалаушы уәжсіз дегенді айтқымыз келеді, яғни ешқандай табиғи байланысы жоқ белгілі бір таңбаланушыға қатысты ғана ол кездейсоқ болады. Қорытындылай келе, осы бірінші ұстанымға қарсы айтылуы мүмкін екі уәжге тоқталайық: 1. Таңбалаушының таңдалуы әрқашан да кездейсоқ болмайды дегеннің дәлелі ретінде дыбысқа еліктеуді келтіруге болады. Бірақ дыбысқа еліктеу тіл жүйесіндегі табиғи элемент болып табылмайды. Олардың саны да айтарлықтай көп емес. Fouet «бишік», glas «қоңырау үні» сияқты француз сөздерінің дыбысталуы түйсікте тұспал тудырғанымен, олардың латындық этимондары (fouet — fagus «шамшат ағашы», glas — classicum «керней үні») әуел баста ондай сипатта болмағанын көрсетеді: олардың қазіргі дыбысталу сапасы, немесе, дәлірек айтсақ, оларға қазір телініп жүрген қасиет — фонетикалық дамудың кездейсоқ нәтижесі болып шығады. Ал буль­буль, тик­так сияқты шынайы еліктеуіш дыбыстардың саны аз болумен қатар, белгілі бір дәрежеде кездейсоқ саналады, өйткені олар белгілі дыбыстардың (салыс. франц. ouaoua, неміс. wauwau «гав! гав!») шамамен жақын әрі жартылай шартты көшірмесі болып табылады. Сондай­ақ, тілге енген соң, олар басқа сөздер тәрізді белгілі бір дәрежедегі фонетикалық, морфологиялық және басқа да дамудың ықпалына түседі (салыс. франц. pigeon «көгершін» халықтық латын тіліндегі дыбысқа еліктеуден пайда болған ріріо­дан тарайды), бұл жайт — дыбысқа еліктеудің бастапқы сипатынан айырылатынын және уәжделмейтін тілдік таңбаға тән жалпы қасиеттерге ие болуынын айқын дәлелі.

Читайте также:  ЕРТЕГІЛЕРДІҢ БАЛАНЫҢ МІНЕЗ БІТІСТЕРІН ТӘРБИЕЛЕУ МҮМКІНДІКТЕРІ

2. Еліктеуіш сөздерге жақын тұрған одағайларға келер болсақ, оларға да жоғарыда айтылғандардың бәрі тән болады. Олар да біздің тілдік таңбаның кездейсоқтығы туралы тезисті жоққа шығара алмайды. Одағайларды нақтылықтың тікелей бейнесі, табиғаттың өзі ұсынған көрінісі ретінде қарастыру мүмкіндігі еліктіруі ықтимал, алайда көптеген сөздерде таңбаланушы мен таңбаланушы арасындағы қажетті байланыстың болмайтынын дәлелдеуге болады. Ол үшін, әртүрлі тілдердегі одағайларды мысалға алып, олардың айырмашылығын салыстырсақ жеткілікті (мысалы, франц. diable! «сайтан алғыр!» немістің au! «ой!» дегеніне сәйкес келеді). Сондай­ақ, көптеген одағайлардың дербес атау сөздерден тарайтыны белгілі (салыс. франц. diable! «сайтан алғыр!» — diable! «сайтан», mordieu! «сайтан алғыр!» — mort Dieu «құдай өлімі» және т.б.). Сонымен, еліктеуіш сөздер де, одағайлар да тілде қосымша орында тұрады, ал олардың символдық болмысы даулы мәселеге жатады.

Оставить комментарий