Таңбаның өзгермеуі

Егер өзі білдіріп тұрған ұғымға қатысты таңбалаушы еркін түрде таңдалып алынған болып көрінсе, онда оны қолданатын тілдік ұжымға қатысты ол, керісінше, еркін емес, сырттан телінген болып саналады. Мұндай ұжымнан келісім сұрамайды және тілдің ұсынған таңбалаушысын басқамен ауыстыруға болмайды. Осы қарама­қайшы болып көрінген фактіні, тұрпайы тілде «мәжбүрленген әрекет» деп атауға болар еді. Тілге: «Таңдап ал!», бірақ сол мезетте­ақ: «…басқаны емес, мына таңбаны!» делінетін сияқты. Тілдің жасаған таңдауын өзгертуді қалаған жалғыз адамның оған ешқандай шамасы келмейді, сондай­ақ, бүкіл тілдік ұжым болып бір сөзді де өзгерте алмайды; қоғам тілді тұрған бойында қабылдайды (telle qu’elle).

Сонымен, тілді жай ғана келісімге ұқсатуға болмайды; тап осы тұста тілдік таңба зерттеу үшін, ерекше қызығушылық тудырады, өйткені егер біз ұжымда қызмет атқаратын заңның еркін таңдалмай, бағынуды талап ететін нәрсе екенін дәлелдегіміз келсе, онда тіл соның таптырмайтын үлгісі болар еді. Тілдік таңбаның біздің еркімізге неге бағынбайтынын және одан туындайтын салдарларды қарастырайық. Кез келген дәуірде, қай тарихи терең кезеңді алмайық, тіл алдыңғы дәуірдің мұрагері ретінде сипатталады. Ерте кездегі белгілі бір заманда затқа атау тағу әрекетін, яғни белгілі бір ұғымды белгілі бір акустикалық бейнеге телу туралы жасалған келісімді елестету қиын емес, бірақ мұндай акт еш жерде және ешқашан тіркелген де емес. Осылай болуы мүмкін­ау деген ойға біз таңбаның кездейсоқтығы туғызған әсерден соң келеміз.

Шын мәнінде, кез келген қоғам тілді алдыңғы буыннан дайын күйінде қабылданатын мұра ретіндегі өнім деп біледі. Міне, осыдан болар, тілдің шығу тегі туралы мәселе, бәрі ойлағандай, маңызды болып есептелмейді. Мұндай сауалды қою да артық; лингвистиканың жалғыз нақтылы нысаны — қалыптасып үлгерген тілдің қалыпты әрі тұрақты өмірі. Тілдің кез келген қалпы, тілдің өзгермеуін, яғни кездейсоқ өзгеріске бой алдырмауын түсіндіре алатын тарихи факторлардың өнімі болып саналады. Алайда, тілді өткен заман мұрасы деп тануымыз, егер осымен шектелер болсақ, еш нәрсені түсіндірмейді. Өткеннен қалған, қазірде бар заңдарды кез келген сәтте неге өзгертуге болмайды?

Читайте также:  XVIII ғасырдағы қазақ тарихы туралы

Осылайша күмән келтірген соң, біз тілдің әлеуметтік табиғатын ескере отырып, мәселені басқа да қоғамдық орнауларға қатысты қойғандай қоюға мәжбүр боламыз. Соңғылары қандай жолмен беріледі? Міне, тілдің өзгермеуін де қамтитын жалпы мәселе осындай. Ең әуелі, басқа қоғамдық орнаулардың еркіндік дәрежесін анықтап алу қажет; олардың әрқайсысында қоғамға телінетін дәстүр мен дәстүрден ада қоғамдық қызметтің балансы әртүрлі екенін көреміз. Сондай­ақ, аталған қоғамдық орнау үшін, бірінші текті факторлардың қызметі екінші текті факторлардан неге артық, ия кем болатынын анықтау қажет. Сөйтіп, тілге қайта оралып, біз өзімізге мұрагерлік тарихи фактордың неліктен толығымен үстемдік құрып, басқадай белгілі бір жалпы және күрт өзгеріске жол бермеуі туралы сауал қоюымыз қажет болады.

Осы сауалға жауап ретінде көптеген уәждерді келтіруге болады. Мысалы тілдік өзгерістердің буындардың алмасуына қатысы болмайтынын және олар бірінің үстіне бірі шкаф жәшіктері тәрізді келмей, өзара араласатынын, оған әртүрлі жастағы адамдар кіретінін алға тартуға болар еді. Сондай ­ ақ, ана тілді игерген кезде оның өзгермеуіне көз жеткізу үшін, көп күш жұмсалатынын да айтуға болар еді. Белгілі бір тілді қолданғанда рефлексияның қатысы болмайды: сөйлеушілердің өздері едәуір дәрежеде тілдің заңдарын елемейді, елемегендіктен олар оны қалай өзгерте алады? Мысалы, сөйлеушілердің тілге деген саналы көзқарасы бар делік; онда сөйлеушілердің тарапынан тілге сын айтылмайды да, өйткені әр халық өз тілін жалпы қанағат тұтады.

Мұндай ойлар негізсіз де емес, бірақ мәселе онда емес: біз болсақ төменде олардан маңыздырақ, нақты тұжырымдарды келтіруді қалаймыз. 1. Таңбаның кездейсоқтығы. Жоғарыда біз тілдің теориялық деңгейде өзгеруі мүмкін деген тұжырымды қабылдадық. Осы мәселені зерделегенде, шын мәнінде таңбаның кездейсоқтығы тілді саналы түрде жасалатын өзгерістерден сақтап тұрғанын көреміз. Қанша саналы болғанымен, сөйлеушілер тілдік мәселелерді талдауға шамасы келмейді. Өйткені, қандай да бір затты сынау үшін, ол ақылға қонымды, нормаға сай болуы керек. Мысалы, моногамия немесе полигамия неке түрлерінің қайсысы пайдалы деп айтысып, оған түрлі дәлел келтіруге болар еді. Сондай­ақ символ жүйесін де талдауға болады, өйткені символ затпен тікелей байланысты болады; тілге, яғни кездейсоқ таңбалар жүйесіне келер болсақ, ондай тірек жоқ. Міне, сондықтан да, талдау үшін, ешқандай тірек табылмайды: өйткені «әпке» ұғымы үшін, soer деген таңбалаушыны sister деген таңбалаушыдан артық деуге ешқандай негіз жоқ, сол сияқты «бұқа» ұғымын білдіретін ochs деген таңбалаушы bœuf деген таңбалаушыдан артық деуге де негіз жоқ

Читайте также:  Мысырдағы саяси дағдарыстың салдары мен негізгі мәселелері

2. Әр тілге қажет болатын таңбалардың көптігі. Бұл өте маңызды жағдай. 20­40 әріптен тұратын жазу жүйесінің орнына, қажет болған жағдайда, басқа жүйені алуға болады. Taп осыны, егер оның құрамындағы элементтердің саны шектеулі болса, тілге де жасауға болар еді. Бірақ тілдің таңбалар саны шексіз. 3. Жүйенің тым күрделі сипаты. Тіл жүйе болып табылады, дегенмен де осы бір жайт оны тұтасымен кездейсоқ болудан сақтап тұрады, сондықтан онда белгілі бір жүйелілік үстем болады. Алайда, осы тұста сөйлеушілердің тілді өзгертуге қабілетсіздігі де байқалады. Өйткені, бұл жүйе өте күрделі механизмге жатады және оны тану үшін, арнайы ойлау тәсілі қажет. Оны күнде қолданып жүргендердің өздерінің де жүйе туралы еш хабары болмайды. Тілді өзгерту тек мамандардың, грамматистердің, логиктардың және т.б. қолынан келуі мүмкін деген ой келеді, бірақ осы күнге дейінгі тәжірибе ондай талпыныстардың сәтсіз аяқталғанын көрсетіп берді.

4. Кез келген тілдік жаңартуға ұжымдық кертартпалықтың қарсы шығуы. Жоғарыда аталған ой­тұжырымдардың дәлелділігі мына төменгі пікірден кем болады: әр сәтте тіл әркімнің де және барлығының да ісі болып саналады; белгілі бір ұжымда тарап, сол ұжымға қызмет еткендіктен тіл — әрбір адам әр сағат, әр минут сайын пайдаланатын нәрсе болып шығады. Осы тұрғыдан алғанда, оны басқа қоғамдық орнаулармен салыстыруға болмайды. Заң талаптары, діни әдет­ғұрыптар, теңіз белгілері және т.б. бір мезгілде адамдардың шектеулі санына шектеулі мерзім ішінде ғана қатысы болады; керісінше, әркім тілді минут сайын қолданады, сондықтан тілге барлығы да үнемі әсер етіп тұрады. Бұл фундаментальды фактор және жалғыз өзі­ақ тілде революцияның мүмкін еместігін дәлелдей алады. Барлық қоғамдық орнаулардың ішінде тілге ғана жеке бастамалар жүрмейді. Ол қоғам өмірінің ажырамас бөлігі және табиғатынан баяу өзгеретіндіктен, ең әуелі, кері тартпа фактор ретінде көрініс табады.

Читайте также:  Этика мен ұлтшылдықтың маңыздылығы

Дегенмен де тілдің еркін еместігін ұғыну үшін, оны әлеуметтік өнім ретінде тану жеткіліксіз; тіл әрқашанда алдыңғы дәуірдің мұрагері болатынын естен шығармай, біз, тілге әсері бар әлеуметтік күштердің заман талабына сай қызмет ететінін айта кетуіміз керек. Тілдің тұрақтылығы оның ұжыммен байланыста болуына ғана емес, сондай­ақ уақыт аралығында өмір сүруіне де байланысты. Осы екі деректі бірінен бірін ажыратуға болмайды. Өткенмен байланыс минут сайын таңдау еркіне қарсылық білдіріп тұрады. Біз адам және ит дейміз, өйткені бізден бұрын да адам және ит деп айтқан. Жалпы алғанда, тұтас құбылыста екі қарама­қайшы факторлар — таңбалаушы таңдауын ерікті болуын қамтамасыз етуші кездейсоқ келісім және осы таңдаудың нақты болуын қамтамасыз етуші уақыттың арасындағы байланыс үзілмейді. Таңбаның кездейсоқ болуына байланысты, ол дәстүрдің заңынан басқа заңды білмейді және керісінше, дәстүрге арқа сүйегендіктен ғана кездейсоқ болады.

Оставить комментарий