Таңбаның өзгеруі

Тілдің үздіксіздігін қамтамасыз етіп тұрған уақыт оған басқа да, бір қарағанда, қарама­қарсы әсерін тигізеді, яғни: тілдік таңбаларды белгілі бір жылдамдықпен өзгертеді, сондықтан да бұл жерде тілдің өзгермеуі туралы да, өзгеруі туралы да айтуға болар еді. Түптеп келгенде, осы екі дерек бірін­бірі анықтап тұрады: таңба өзгеріске түседі, өйткені оның өмірі жалғасуда. Кез келген өзгерісте бұрынғы материал сақталып отырады, өткенге деген тұрақсыздық шартты болады. Өзгеру ұстанымының үздіксіздік ұстанымына арқа сүйеуі де осыған байланысты. Уақыт аралығындағы өзгеріске әртүрлі формалар тән, олардың әрқайсысы лингвистика теориясындағы үлкен тарауға материал болуға жарап тұр. Нақты деректерге тоқталмай­ақ, төмендегілерді атап өту лазым.

Ең әуелі «өзгеру» сөзінің мәнін дұрыс түсінген жөн. Бұл тұста әңгіме таңбалаушының арнайы фонетикалық өзгерістері туралы немесе таңбаланатын ұғымның мағыналық өзгерістері туралы болып отыр деген ойдың туындауы мүмкін. Өзгерістің осындай түсінігі жеткіліксіз болар еді. Өзгеру факторлары қандай болса да, жеке немесе бірге әсер етсе де, олар әрқашан таңбаланушы мен таңбаланушы арасындағы қатынастың өзгеруіне әкеліп соғады. Бірнеше мысал келтірейік. Лат. necāre сөзі (мағынасы «өлтіру») француз тілінде мағынасы «(суға) батыру» noyer сөзіне ауысқан. Акустикалық бейне де, ұғым да өзгерген; бірақ осы деректің екі қырын да анықтаудың еш пайдасы жоқ, ұғым мен таңба байланысының әлсіреуін және олардың қатынасында өзгеріс болғанын in globo тіркеу жетіп жатыр. Егер классикалық латын necāre сөзін француз noyer сөзімен емес, IV және V ғғ., халықтық латын necāre сөзімен (мағынасы «батыру») салыстырғанда, мәселе басқаша болады, бірақ бұл жерде де таңбалаушыда өзгеріс болмағанымен, ұғым мен таңбаның қатынасында өзгеріс байқалады.

Көне неміс сөзі dritteil «үштен бір», қазіргі неміс тілінде Drittel. Бүл жерде ұғым өзгермесе де, ұғым мен таңбалаушының қатынасы екі жақты өзгеріске түскен: таңбалаушының материалдық қыры ғана емес, грамматикалық формасы да өзгерген; оның құрамында Tell «бөлік» элементі жоқ, ол жай сөзге айналып кеткен. Қалай болғанда да, бұл жерде де ұғым мен таңбаның қатынасында өзгеріс бар. Англосаксон тілінде fōt «аяқ» жазуға дейінгі формасы, fōt (қазіргі ағылш. foot) түрінде сақталған, ал көптік формасы * foti «аяқтар» fēt (қазіргі ағылш. feet) түріне ауысқан. Бұл жерде қандай өзгерістер жүрсе де, бір нәрсе айқын болады: қатынаста жылжу болған, дыбыстық материал мен ұғым арасында жаңа сәйкестіктер пайда болған. Таңбалаушы мен таңбаланушы арасындағы қатынасты үнемі өзгертіп отыратын факторларға тіл қарсы тұра алмайды. Бұл таңба кездейсоқтығынан туындайтын салдардың бірі.

Читайте также:  ҚАЗДАУЫСТЫ ҚАЗЫБЕК БИДІҢ ОРЫС ӘКІМШІЛІГІМЕН АРАҚАТЫНАСЫ

Басқа қоғамдық орнаулар — әдет­ғұрыптар, заңдар және т.б. әртүрлі дәрежеде заттардың табиғи қатынастарына негізделеді; оларда қойылған мақсат пен қолданылған құралдар арасында қажетті сәйкестік бар. Біздің киген киімімізді анықтап тұратын сәннің өзі таза кездейсоқтық емес: адам денесінің қасиеттері айқындайтын белгілі бір жағдайдан да ауытқып кете алмаймыз. Тіл болса, керісінше, өз құралдарын таңдағанда ешқандай шектеуді білмейді, өйткені қайсыбір ұғымның қайсыбір дыбыстар тізбегімен ассоциация құруына кедергі болатын нәрсені елестету де мүмкін емес.

Тілдің таза күйінде қоғамдық орнау болатынын айқын көрсеткісі келген Уитни, таңбалардың кездейсоқ сипатын атап өткен еді: сонысымен ол лингвистиканы дұрыс жолға салды. Бірақ ол бұл қағиданы соңына дейін дамытпады және осы кездейсоқ сипатымен тіл басқа қоғамдық орнаулардан мүлдем ерекшеленетінін байқамады. Бұл тілдің дамуынан айқын көрінеді; оның дамуынан күрделі еш нәрсе жоқ: тіл бір мезгілде қоғамда да және уақытта да өмір сүргендіктен, ешкім оны өзгерте алмайды; бірақ оның таңбаларының кездейсоқтығы дыбыстық материал мен ұғымдар арасында кез келген қатынастардың жасалуына теориялық тұрғыда еркіндік береді. Бұдан, таңбада біріккен екі элемент те томаға тұйық өмір сүретіні байқалады және тілдің өзгеруі, дәлірек айтсақ, дамуы, дыбыстарға немесе мағынаға әсер ететін барлық күштердің ықпалында болады. Мұндай эволюция болмай қоймайды: одан шет қалған тіл жоқ. Белгілі бір уақыт өткен соң кез келген тілде елеулі өзгерістерді байқауға болады.

Осы ұстанымның дұрыстығын жасанды тілдердің материалына қолданып тексеруге болады. Кез келген жасанды тіл, жалпы қолданысқа өтпей тұрғанда, автор иелігінде болады, бірақ өз міндетін атқара бастап, көпшілік қолына өткенде оған бақылау жүргізу мүмкін болмай қалады. Мұндай тілдер қатарына эсперанто тілі жатады; егер ол таралып кеткен болса, эволюция заңының әсерінен құтыла ала ма? Өмірінің бірінші кезеңі аяқталғанда, бұл тіл семиологиялық даму жағдайына бағынуы мүмкін: ол ойдан шығарылғанды меңгеретін заңдарға мүлдем ұқсамайтын заңдардың ықпалымен таралатыны анық; әуелгі жағдайға оралу мүмкін болмай қалады. Болашақ ұрпақ үшін, өзгермейтін тілді жасап қалдырғысы келетін адам, үйректің жұмыртқасын басып шығарған тауық сияқты: оның жасаған тілін барлық тілдерді ағызып әкететін ағын шайып кетеді.

Читайте также:  Қытайға көшпелілердің шабуылының басталуы

Таңбаның уақыт аралығында үздіксіз болып, уақыт ішінде өзгеріп отыруы жалпы семиологияның ұстанымы болып табылады: бұған дәлелді жазу жүйесінен де, мылқаулар тілінен де және т.б. табуға болар еді. Алайда өзгеру қажеттілігі неге негізделген? Бізге осы тұстың түсіндірілуі, өзгермеу ұстанымына қарағанда, кем болды деген кінә тағылуы мүмкін. Бұл өзгерудің әртүрлі факторларының анықталмауына байланысты; қажеттілігін анықтау үшін, оларды түгел қарастыру керек еді. Үздіксіздік себептерін a priori бақылауға болады; ал уақыт ішіндегі өзгерістердің себептерін анықтау басқаша болады. Әзірше, оларды нақты анықтаудан бас тартып, қатынастардың өзгеруі туралы жалпы тұжырыммен шектелген дұрыс. Уақыт бәрін де өзгертеді, ал тіл осы жалпы ережеге бағынбайды деуімізге негіз жоқ. Кіріспеде анықталған ұстанымдармен байланыстыра отырып, ой­тұжырым кезеңдерін қорытындылайық.

1. Сөздердің жеміссіз анықтамаларынан бас тарта отырып, біз, ең алдымен, тіл қызметі сияқты жалпы құбылыстың ішінен оның құрамына кіретін екі бөлікті (facteur): тіл мен сөйлеуді анықтадық. Тіл біз үшін, — тіл қызметі минус сөйлеу. Ол жеке адамға басқаларды түсініп, өзін түсіндіре алатын тілдік машықтардың жиынтығы. 2. Бірақ мұндай анықтама әлі тілді әлеуметтік нақтылықтан тыс қалдырып, оны дерексіз етіп көрсетеді, өйткені онда нақтылықтың бір ғана аспектісі, яғни жеке аспект ғана бар: тіл болу үшін, сөйлейтін ұжым қажет. Тіл ешқашан ұжымнан тыс өмір сүрмейді, өйткені тіл — семиологиялық құбылыс. Оның әлеуметтік табиғаты — оның ішкі қасиетерінің бірі; оның толық анықтамасын жасау бізді екі ажырамас құбылысқа алып келеді, ол төменгі сызбада көрсетілген: Алайда, бұл жағдайда тіл тек қана өмір сүруге қабілеті бар, бірақ әлі өмір сүрмейді; біз әлеуметтік нақтылықты ғана еледік, тарихи факты назардан тыс қалды.

3. Таңбаның кездейсоқтығына қарап, тілдің ұйымдасуы сөйлеушілер еркінде және ол тек пайдалылық ұстанымына тәуелді ерікті жүйе деген ой келуі мүмкін. Жеке тұрғанда, бұл пікірге тілдің әлеуметтік сипаты да қайшы келмейді. Әрине, ұжымдық психология таза логикалық материалды пайдаланбайды; бұл тұста, ақылдың өзі де адамдар арасындағы қатынастарда әлсіз болатынын естен шығармаған жөн. Дегенмен де тілді қызығушылық білдірген адамдардың еркіндігі жай ғана шарттылық ретінде қарастыруға әлеуметтік күштердің ықпалымен ұштасатын уақыттың әсері жібермейді; уақыт категориясынан тыс жатқан тілдік нақтылық толық емес және ол туралы ешқандай тұжырым жасауға болмайды.

Читайте также:  МАКРОЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТ: ҚАЗІРГІ ТЕОРИЯЛЫҚ КӨЗҚАРАСТАР

Егер біз уақыт аралығындағы тілді алсақ, бірақ сөйлеуші ұжымды елемесек (ғасырлар бойы жалғыз өмір сүрген адамды елестетейік), онда ешқандай өзгеріс байқалмайды: оған уақыт пәрмені жүрмейді. Керісінше, егер біз уақыттан тыс жатқан сөйлеуші ұжымды алсақ, әлеуметтік күштердің тілге деген өсерін көрмейміз. Демек, нақтылыққа жақындау үшін, жоғарыдағы кестеге уақыттың қозғалысын білдіретін белгіні қосу қажет болады. Енді тіл бостандығынан айырылады, өйткені оған әсер етуші әлеуметтік күштердің ықпалды болуына уақыт жағдай жасайды; сонымен, біз бостандықты жоққа шығаратын үздіксіздік ұстанымына жолығамыз. Дегенмен де үздіксіздік өзгерістің болуын, яғни таңбалаушы мен таңбаланушы қатынасындағы түрлі дәрежедегі өзгерісті жоққа шығармайды.

Оставить комментарий