Таң империясы мен Түркі қағанаттары арасындағы қарым­-қатынас

VІ ғ. ортасында Орталық Азияның кең байтақ территориясында, Алтай таулары ауданы мен Жетісу далаларында, Орта Азияның отырықшы мәдениеті жоғары дамыған халықтарымен шекаралас жерде көшпелі тайпалардың жаңа одағы құрылады. Түркі тайпаларынан құрылған бұл мемлекет көне деректерде түркі елі деген атпен белгілі болады. Көшпелі түркі тектес тайпалардың құрған бұл қуатты мемлекеті, бізге Түркі қағанаты деген атпен белгілі. Түркі тайпаларының көсемі Бумын 551 жылы қаған деген билік дәрежесін алады. 552 жылы Бумын қаған өлген соң, Түркі қағандығындағы билікке Қара қаған (552­ 553), Муған қаған (553­572) келеді. Түркілер осы соңғы аталған қағанның тұсында көшпелі жужандарды талқандай отырып, Орталық Азия мен Оңтүстік Сібірге ие болып, одан әрі қидан және моңғол тайпаларын бағындыра отырып, Оңтүстік­батыс Маньчжурияға, одан әрі түркі тілдес қырғыз тайпалары мекен еткен Енисейге, одан әрі Сары теңізге дейінгі аралықта қамтыған кең территорияға ие болды. Аса қуатты Түркі державасының күш қуаты артып тұрған кезде солтүстік­қытайлық Ци және Чжоу мемлекеттерінің билеушілері оған тәуелділік жағдайға түсіп, қағанаттың сюзеренитетін мойындауға дейін барған кездері болған. Бұндай жағдай, әсіресе 572­581 жылдары билік еткен Таспар қағанның тұсында күшейе түскен. Қытай императорлары түркі қағанына жібек маталарды салық ретінде сыйға тартып отырған. VІ ғ. екінші жартысында, сөйтіп, Түркі қағанаты сол замандағы ірі мемлекеттер – Византиямен, сасанидтік Иранмен және Қытаймен саяси және экономикалық байланыстарға түсе отырып, Қиыр Шығысты Жерорта теңізі жағалаулары елдерімен байланыстыратын ірі сауда жолдарына бақылау жасау үшін күреске түседі. Қытай империясының шекаралық аудандары мен Орталық Азия арқылы солтүстік­батыс аудандарға апаратын керуен жолдары және Ұлы Жібек жолы сияқты ежелгі сауда жолдары Түркі қағанатының қол астында қарады. Түркі қағанаты Қытайда Таң империясы орныққанға дейін, Суй әулетімен ұзақ жылдар бойы қақтығысқа келіп, соғысқан болатын. Қазіргі Ганьсу, Ішкі Монғолия территориясын мекендеген, Суй императорларының қатігездік әрекеттерінен әбден күйзелген халықтар, бас сауғалап, Түркі қағанатына келіп қосылды. Түркілермен арадағы күрес Қытай империясынан үлкен көшті талап етіп, ол жүз жылдам астам уақытқа созылды. VІ ғ. екінші жартысынан бастап Қытайға осы қуатты Түркі державасы басты қауіп төндіре бастайды. Түркілердің аса қуатты атты әскері ауық­ауық Қытай қалаларына шабуыл жасап, байлықтарын тонап, егіс алқаптарын таптап, адамдарын тұтқындап әкетіп отырды. Түркілердің жүргізген үздіксіз соғыстары олардың материалдық ресурстарының азаюына алып келді, сондықтан түркілер өздеріне бағынышты тайпаларға қысым көрсетуді күшейтіп,оларға салатын салық мөлшерін көбейтті. Наразы болған бұл тайпалар Түркі қағанатына қарсы бас көтере бастады. Мұндай қолайлы сәтті шебер пайдалана білген Суй императорлары батыстағы арандатушылық әрекетін күшейте түсті. Бұл кезде қуатты біртұтас Түрік қағанаты жиырма жылға созылған ішкі соғыстар нәтижесінде, 588 жылы екіге бөлініп кетеді. Бірі ­ Орта Азия, Жоңғария және Шығыс Түркістанның бір бөлігі кірген Батыс Түркі қағанаты, ал екіншісі ­ Моңғолиядағы Шығыс Түркі қағанаты. Таң империясының негізін салған алғашқы император тұсында Қытай Түркі қағанатына тәуелділік жағдайда болып, қағанға алым да төлеп тұрған. Осы уақыттан бастап ұлы түркілер даласына Таң сарайының жансыздары белгілі мақсатпен келе бастады. Солардың бірі болып, Батыс түрік қағанатына алғаш рет қытай саяхатшысы, буддалық монах Сюань Цзан келеді. Оның жазбаларында Батыс түрік қағанатының құрамындағы қалалар былайша суреттеледі: Мөлдір көлден (Ыстықкөл) солтүстік батысқа қарай 500 ли (250 км) жол жүріп Суй­е (Суяб) қаласына келдік. Қала 6­7 лиге (3,5 км) созылып жатыр. Мұнда әр елден келген саудагерлер мен хулар (соғдылықтар) бірге тұрады. Жерлері жүзім мен қызыл тары өсіруге қолайлы, климаты желді, суық, орман­тоғайлар сирек кездеседі.

Читайте также:  ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ҚЫТАЙ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Суй­еден батысқа қарай тура осындай онға жуық қалалар бар. Оларды қала көсемдері басқарады, әр қала өз алдына дербес болғанымен бұлардың барлығы түркілерге бағынады. Қытай саяхатшысы Талас қаласын да дәл осылайша суреттейді. Таң әулеті өздері билікке келген алғашқы кезеңде, Түркі қағанаттарымен тек қорғаныс, бейбіт бағыттағы саясатты ұстануға мәжбүр болды. Сондықтан таң әулетінің Ли Юань, Ли Шиминь сияқты билеушілері алғашында күшті түркі қағандарымен тіл табысуға тырысып, оламен достық қатынаста болуға тырысқанымен, олар өздерінен бұрынғы әулет билеушілерінің жүргізген сыртқы саясат принциптерін қайта қарап, Түркі қағанатына қатысты жаңаша саяси принциптерді қалыптастыруға кірісті. Император Тайцзунның тұсында Таң империясы күшейіп, түркілерге шабуыл жасауға дайындық басталады. Тайцзун соғысқа әскер дайындауға тікелей өзі қатысып, қолбасшылардан атты әскер мен садақ ату сияқты әскери әдістерге жіті мән беруді талап етті. Шекаралық аудандардың билеушілері әскери күш қолдану, көршілес халықтарды бір­ біріне айдап салу, ішкі қайшылықтарды пайдалану арқылы Түркі қағанатын әлсіретуге тырысып бақты. Таң билеушілері түркілерді әлсірету үшін тікелей әскери соққылар беріп те, көршілерін айдап салу арқылы да, қағанаттың өз ішінде үнемі алауыздық туғызып көрді. Түркілерді өздеріне бағынышты етудің тағы бір жолын іске қосты, яғни түрік қағанына қытайлық қаншайымдар мен ақсүйек адамдардың қыздарын күйеуге беру арқылы, олармен құдандалық қатынас орнатты. Күйеуге ұзатылған бұндай қыздарды түрік қағанының ордасына керемет сән­салтанатымен қоса, көптеген адамдарды бірге аттандырды. Ол адамдар кеңесшілер, әкімдер, саудагерлер, тыңшылар болатын және оларға жүктелген негізгі міндет – түркілер ордасында қытайлық ықпалды күшейту, олардың әлсіз тұстарын біліп отыру еді. Ең сыналған ұтымды тәсілдің бірі – тайпа көсемдерінің арасында өзара бақталастық, бәсекелестік тудырып, оларды араздастыру, сөйтіп олардың арасында соғыс өртін тұтандыру болды. Ли Шиминь Қытайдағы өзінің билігін нығайта салысымен бұрынғы қорғаныс саясатынан енді Шығыс Түркі қағанатына қарсы шабуыл жасау әрекетіне көшті. 630 жылы қытай әскерлері Шығыс түркілердің Эль қағанына ойсырата соққы беріп, оның өзін тұтқынға түсіріп, оңтүстік Моңғолиядағы бірқатар жерлерді өзіне қосып алады. Сөйтіп, Шығыс Түркі қағанаты өзінің өмір сүруін тоқтатады. Осы жеңістен кейін Таң империясы ашық басқыншылық саясатқа көшті. 639 жылы қытай әскерлері батыстағы Қытайдың Ұлы Жібек жолын жауып тұрған Гаочанға шабуыл жасап, оны талқандаған соң, оның территориясы империя құрамына қосылғаннан кейін, қытай әскерлерінің батыс жаққа жорығына жол ашылғандай болды. Қытай ежелгі Ұлы Жібек жолына ие болуға бет алды. Тарим бассейніндегі қалған мемлекеттер Қытайға бас иіп, оған тәуелділіктерін мойындай бастайды. 632 жылы Хотанның билеушісі, 635 жылы Қашғар мен Жаркенттің билеушілері Чанъаньға сый­сияпатпен елші жібереді. 640 жылы батыс түркілердің қағаны Шэгуй Таң империясының астанасына елші жіберіп, бейбітшілік қатынас орнатуды сұрайды. Бірақ Ли Шиминь келісімге бармайтындығын айтып, қағаннан 5 қаланы Қытайға беруді талап етеді. Солтүстік түркілер Аспан асты мемлекетінің шекарасына қауіп төндіруін тоқтатпады. 645­ 646 жылдары императордың Кореяға жорығы кезінде ұйғырлардың атты әскері Шэньсиге басып кіріп, астанаға қауіп төндіреді. Ли Шиминь оларға қарсы үлкен әскери күштерді аттандыруға мәжбүр болады.

Читайте также:  Мәдениет "сипатты" ерекшеліктердің жиынтығы ретінде

Солтүстік түркілер хандығы жойылып, Орхон мен Селенга өзендеріне дейінгі территория әскери губерния ретінде Қытайдың құрамына қосылады. 647 жылы 100 мыңдық таң әскерлері Таримге қарай бет алады, ең маңызды Куча және басқа да 7 қаланы басып алады. Осыдан кейін, Таң империясының шекарасы Тяньшань тауларына дейін созылады. Ферғана өзін Қытайдың вассалымын деп мойындайды. Самарқаннан да таң императорына тәуелділіктің белгісі ретінде сыйлықтар келеді. Қытайдың ықпалының бұндай екпінмен ілгері қарай ұлғаюының сыры ортаазиялық мемлекеттердің түркілер мен тибеттіктерге қарсы тұру үшін Таң империясынан көмек сұрап, оны қалқан тұтуынан еді және бұл кезде Орта Азияға араб жаулаушылығы да таяп келе жатқан болатын. Сондықтан кішігірім мемлекеттер бұндай жаулаушылықтардан сақтану үшін Қытайға арқа сүйеуді жөн көрген сияқты. Тіпті Ирандағы соңғы сасанидтік билеуші Йездигерд Ш Мервке қашып барып, таң императорынан көмек сұраған. Таң империясы Тяньшаннің арғы жағындағы қырғыздармен де байланыс орнатады. 648 жылы Чанъаньға қырғыз елшілері келген және Ли Шиминь оларға атақ, шен беріп, олардың қол астындағы жерлерді империяның бағынышты аймағы деп жариялайды. Батыс түркілермен Таң империясының қақтығыстары ҮІІ ғасырдың аяғында қайта жанданады. Батыс түркілер Ұлы Жібек жолына шабуыл жасап, қытайлықтардың жолын бөгеген еді. Атақты таң әскерінің қолбасшысы Су Динфан басқарған әскер батыс түркілерді батысқа қарай ығыстырып тастайды. Ташкентке дейін шегінген түркілер толық талқандалып, оның Ышбар қаған, немесе қытай деректерінде Ашина хэлу деп аталған көсемі тұтқындалып, қытайлықтар оны Чанъаньға алып кетеді. Сонымен 657 ж. Батыс түрік қағанаты іс жүзінде өмір сүруін аяқтап, оның негізгі территориясы ­ Тяньшаннің солтүстігі, кейін оңтүстігі Қытайдың қол астына өтті. Бірақ Батыс Түрік қағанатының орнында қалған әлсіз бірлестік 702 жылға дейін өмір сүрді. Түркілердің қаупі жойылған соң, Таң империясының өкіметі нығайды. Империяның шекарасы Тибетке дейін жетті. Таң үкіметі өзінің жаулаушылық саясатын алысқа, Азияның батысына дейін жүргізді. 679­687 ж. Шығыс түркілер Қытайға қарсы толастамаған күрес нәтижесінде өз мемлекетін қайтадан құрды. Ашина руынан шыққан Кутлуг­чор 682­687 жылдары Шаньсиде таң императорының әскеріне қарсы соғыста жеңіске жетіп, түркі тайпаларының империясын қайта қалпына келтіріп, өзін Ильтериш қаған деп жариялайды. Күш алған Шығыс Түркілер Батыс қағанат территориясында пайда болған түргештерге шабуыл жасады. Тоғыз оғыз деп аталған тайпалар мекендеген Орталық және Солтүстік Моңғолияны шабуылдап, осы жердегі ұйғыр тайпаларымен қоса өзіне бағындырады. Түркі тектес тайпалар мен тоғыз оғыз тайпалық одақтарын біріктірген Ильтериш қаған басқарған Түркі қағандығы Таң империясының аса қауіпті қарсыласына айналады. Бірақ дәстүрлі қытайлық дипломатияның қуатымен Шығыс түркі қағанаты ұзақ өмір сүрген жоқ. 720­721 жылдардағы Таң империясымен болған соғыс қағандықтың Қытаймен жүргізілген ең соңғы соғысы болды. 744 жылы ішкі және сыртқы дағдарыстардан кейін, Шығыс Түрік қағанаты да ыдырап кетті. Сөйтіп, Таң империясы түркі тайпалары тарапынан болатын қауіптен құтылды.

Читайте также:  Кәсіпорын ресурстарын жоспарлау жүйесін пайдаланудың модельдері мен әдістері

Оставить комментарий