Таң империясы туралы

Император Сюаньцзуңның билік құрған 713­755 жылдары Таң империясының гүлденген кезеңі саналады. Бұл кезең келер ұрпақтың есінде қытай мәдениетінің шарықтау шегіне жеткен, гүлденген дәуірі ретінде сақталып қалды. VІІ ғ. елдің экономикасы едәуір табыстарға жетті. Үлестік жер иелену тұрғындардың ұсақ ауылшаруашылығы өндірісімен айналысуына мүмкіндік жасады. Өңделетін егістік жерлердің көлемі барған сайын ұлғайып, егілетін мәдени дақылдар мен астықтың түрлері көбейіп отырды. Елдің оңтүстігінде қант қамысын өсіру кеңінен таралды. Жаңадан каналдардың және су шығаратын құрылыстардың салынуы бұрын игеруге келмейтін жерлерді егістікке айналдыруға мүмкіндік берді. Бір егістік танаптарында бір жылда шаруалар әруақытта пісіп жетілетін, екі түрлі дән егуге машықтанатын. VІІ ғасырда елдің тұрғын халқының саны артты. Ауыл тұрғындарының санының өсуімен қатар қалалар мен қала халқының саны да едәуір деңгейге жетті. Қоғамдық еңбек бөлінісінің өсуіне қарай, қолөнердің түрлі салалары өркендеді және елдің жалпы тұрмыс деңгейі көтерілді. Чаньань, Лоян сияқты қалалар байып, өсті. Әдебиет пен өнер жоғары дәрежеде дамыды. Мемлекет шаруалардан алынатын үлестік салықтардан басқа, шай, тұз сатудан, күміс, мыс, темір, қалайы сияқты металдарды саудаға салу арқылы да үлкен табысқа ие болып отырды. Тау­кен ісі, қолөнер, сауда дамуының нәтижесінде байыған қолөнерші шеберлер, бай­ саудагерлер өсіп шықты. Мемлекеттің жерге билігінің орнауы және салықтарды реттеп отыруы қазынаның үздіксіз толығып отыруына қол жеткізді. Міне, осыған қарамастан, VІІ-­VIII ғғ. Таң империясында экономикалық және саяси дағдарыстың туып келе жатқандығы байқалады. Бұл дағдарыстың мәні мемлекеттік үлестік жүйенің өз мәнін жойып, ірі жер иелерінің жекеменшік шаруашылығының өсе түсуі болды. Қытайда сөйтіп, ірі жер иеленушілік күшейді. Бірақ шаруалардан түсетін үлестік салықтар қазынаның негізгі табыс көзі болып қала берді. Бірақ салыққа тартылатын сарайлардың санының азаюына байланысты салық мөлшері де азайды. Үкімет салықтан түсетін шығынды жою жолдарын іздеді. VІІІ ғ. 50­жылдарында өнімнен алынатын кәдімгі салықтардан басқа да, мысалы жер салығын енгізді. Үлестік жүйеге тән сипат, ол табиғи өнім өндіруге негізделген шаруашылықтың үстемдігі, егіншілікпен қолөнердің бірлесуі еді. Бірақ Қытайдағы қоғамдық еңбек бөлінісі әр уақытта алға қарай дамып отырған. Қауым ішінде мүліктік жіктеліс күшейді. Біреулері байып, екіншісі кедейленді. Бұның бәрі үлестік жүйені ыдыратты. Жерге мемлекеттік меншіктің құлдырауы елді орталықтан басқарудың экономикалық негізгі бола отырып, мемлекеттің әлсіреуіне әкелді. VІІІ ғ. аграрлық қатынастардағы жүрген өзгерістермен қатар, әулеттің дағдарысқа ұшырау белгілері де көріне бастады. Ең алдымен қазынаға ауыл шаруашылығынан түсетін салықтар күрт азайып кетті. Империя біртіндеп жаулап алған жерлері мен вассалдық территорияларынан айрыла бастады. 751 жылы Талас бойында Таң әскерлері арабтармен соғыста жеңілді. Қытай Ұлы Жібек жолы бойындағы бұрынғы ықпалынан айрыла бастады. Корея Қытайдан бөлініп, тәуелсіздігін алып кетті. Қытайдың солтүстік­шығысынан кидан тайпалары қауіп төндіре бастады. Оңтүстік­батыста (Юньнаньда) Наньчжао мемлекеті күшей бастады. Тибеттіктер мен ұйғырлардың Қытайға шабуылдары тоқтамады. Таң империясы елдің алыс аймақтарында қорғаныс мақсатындағы соғыстар жүргізуге мәжбүр болды. Бұл соғыстар шаруаларды жерден айырып, мемлекеттік қазынаның сарқылуына әкелді. Император сарайындағы жағдайлар да күн өткен сайын қауіпті бола бастады, түрлі саяси топтар арасындағы бақталастық күрестер өрши бастады. Таң мемлекетінің ең қауіпті жағдайы – елдің бірлігінен айрылу қаупі үдей түсті. Елдің солтүстік шекараларын көшпелілерден қорғау мақсатында және Батыс өлкеге апаратын сауда жолдарын қауіпсіздендіру үшін таң өкіметі 711 жылы цзедуши – генерал­губернаторлық билік ұйымын құрған болатын. Цзедушилер жергілікті билікке бағынбай, тікелей император алдында есеп беретін. Таң императорлары елдің шекаралық аймақтарын сыртқы төніп келе жатқан шабуылдардан қорғау мақсатында көптеген әскери күштерін шекара бойына шоғырландырып, оны басқаратын цзедушилерге берілетін билік өкілеттігі өте жоғары болатын. Цзедушилерге берілген ­ фаньчжень деп аталған жерлерден түсетін салықтар біртіндеп азая бастады. Олар салық төлеуден бас тарта отырып, кейін қуатты күшке айналып, үлестік жүйенің әлсіреуіне себепкер болады. Цзедушилер жергілікті азаматтық әкімшілікке де бақылау жасап, олардың дербестену әрекеттеріне тосқауыл қойып отыруы тиіс болатын. Бірақ біртіндеп әскери және әкімшілік билікті күшейтіп, қаржы мен әскери күшке ие болған олар орталық өкіметке ықпал ететін топқа айналады. Тіпті өздерін еркін ұстап, императорлық билікке қарсы шығып, дербестікке ұмтыла бастайды. VШ ғ. ортасында осындай губернаторлықтың ішінен ерекше белсенділігімен Ань Лушань деген жартылай түркі текті билеуші көзге түсті. Егер бұрын цзедуши қызметіндегілер тек әскери өкілетікке ие болса, ал Ань Лушань болса, шекараны қорғап тұрған ірі әскери күшті басқара отырып, қолына әкімшілік және қаржылық билікті де шоғырландыра білді. Көрші кидан тайпаларының таңдаулы әскерлеріне арқа сүйеген ол, 755 жылы 150­ 200 мыңдық әскермен Чанъаньға жақындап, астанадағы сарайдағы қызметкерлер мен қала әкімдерімен астыртын бүлік ұйымдастырып, таң әулетінің билігіне қарсы көтеріліс шығарады. Көтерілістің қатерінен қорыққан император астанадан қашып кетеді. Чанъаньға енген Ань Лушань өзін император деп жариялайды. Таң императоры астанадан қашып, Сычуаннің орталығы Чэнду қаласына бас сауғалайды. Ань Лушаннің көтерілісін өкімет әскерлері басып тастауға бар күшін салады, ол үшін Ферғана, Хотан билеушілерінен, Бағдат халифатынан, тибеттіктерден, батыс түркілерден және ұйғырлардан көмек алады. Бұл елдерден келген жалдамалы әскерлерге таң билеушілері көтерілісті жеңіспен аяқтаған жағдайда «жер бетіндегі барлық жақсылықты жасауға» уәде берді. 200 мыңдық құрама әскер 757 жылы жорыққа шығып, Чанъаннан көтерілісшілерді қуып шығады. Осы шайқаста Ань Лушань мерт болғанымен, көтеріліс Хэнань, Шаньси, Хэбэй провинцияларында ұзақ уақыт бойы жүріп отырды. Тек 762 жылы ғана Таң әулеті бүлікшіл цзедушилердің көтерілісін басып жаншығанымен, олардың өздері ұйғыр қағандығына тәуелділікке түседі. Ұйғыр әскерлерінің көмегімен Чанъаньға қайтып оралған таң императоры ұйғырларға 10 мың жібек орамын сыйға тартып, жыл сайын оларға тағы да 20 мың жібек орамын сыйлыққа беріп отыруға уәде береді. Бір кездері аса қуатты болған Таң империясының билеушісі – Көк Тәңірінің Ұлына қарсы шығу, оның беделіне нұқсан келтіру өкіметтің бұдан кейінгі билігіне де кері әсерін тигізді. Империяның шеткері вассалдық иеліктері де Қытайдан бөлінуге күш салады. Цзедушилердің император әулетімен соғысқа кірісуі және генерал­ губернаторлар арасындағы бақталастық күрестер елдің солтүстігіндегі жағдайды шиеленістіріп жіберді. VІІІ ғ. ортасынан бастап, Ань­Лушаньның көтерлісінен кейін Тан әулетінің билігі әлсірей бастайды және дағдарыс тереңдей түседі. Таң империясының дағдарысының алдында, салыққа барлық қолында жері бар адамдар, соның ішінде ірі жер иелері де тартылған болатын. Осылайша, ірі бай топтардың жерге меншік ету құқы ресми түрде танылған еді. Үлестік жүйе біртіндеп жұтылып кетіп, жерге жеке меншік күшейе түседі. Сондықтан бұл әрекетке қарсы тұрудың мағынасыз екендігін түсінген таң үкіметі 780 жылы үкіметтің бірінші министрі Ян Яннің атынан жарлық шығарып, үлестік жүйе бойынша орындалатын «үштік міндеткерлікті» жойды. Сөйтіп ресми түрде үлестік жүйе өмір сүруін тоқтатты. Ян Янның реформасы жердің еркін сатылып­сатып алу құқын бекітті. Реформа бойынша, бұрын салықтан босатылған топтар қайтадан мемлекет қазынасына салық төлейтін міндеткерлік жағдайға түсті. Қала тұрғындары – саудагерлер мен қолөнершілер де салық төлеушілер қатарына енгізілді. Салық жылына екі мезгілде ­жаздық және күздік салықтар деп жиналатын. Осылайша қазынаға түсетін табыс ұлғайтылды. Бұл реформалар шаруалардың жерге иелік ету мүмкіндігіне шек қойғанымен, жалпы империяның экономикалық жағдайы бірқалыпты дамиды. Таң әулеті осыдан кейін де жүз жылдай өмір сүрді. Бірақ әлеуметтік­ экономикалық және саяси салаларда басталған дағдарыс мүлдем тиылған жоқ, қазынаға түсетін салық біртіндеп азайды, бытыраңқылық өрши түсті.

Читайте также:  ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ- ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗІ

Оставить комментарий