ТАРИХИ ПРОЗАДАҒЫ МАХАМБЕТ БЕЙНЕСІНІҢ СОМДАЛУЫ

Махамбет бабамыздың 200 жылдық тойында, одан бұрын да, кейін де батырға арналған мақалалар, арнаулар баспасөз беттерінде көптеп кездеседі. Тек қана баспасөз беттері ғана емес, арнайы кітаптар да жарық көрген. Оның ішінде әңгімелер, повестер мен романдар да бар. Ғылыми зерттеулердің өзі де біраз кітапқа жүк боларлық, ал поэзияда оған өлең арнамаған ақындар кемде-кем, қаламы енді ұшталып келе жатқан жас буындар қаншама десеңізші. Мысалға, «…Ы.Шөрековтің «Исатай-Махамбет» дастаны, Б.Аманшиннің «Дала суреттері» поэмасы, ақындар Х.Ерғалиев, О.Сүлейменов, Қ.Мырзалиев, М.Мақатаев, Ф.Оңғарсынова, М.Шаханов, Ж.Әбдіраш, Т.Медетбек, Р.Ниязбек және т.б. қаламгерлердің әр жылдары жарық көрген туындылары Махамбет тұлғасын сан қырынан сомдауға арналды. Бұлардың арасында жаңа жанрлық форма — өлең-роман да ұшырасады. Айталық, жақында «Арыс» баспасынан жарыққа шыққан ақын Р.Ниязбектің «Махамбет майданы» атты туындысын осы қатарға жатқызуға болады. Екі жүз өлеңнен тұтастырылған поэзиялық шығарма Махамбет тағдырының барлық кезеңдерін қамтып қана қоймай, сол тарихи тұстағы қоғамдық-әлеуметтік сахнаға шыққан қазаққа белгілі тұлғалардың барлығының халық санасындағы орнын да айшықтайды. Өлең-романның басты құндылығы – бүгінгі заман рухымен терең сабақтасып жатқандығы. Бұл қатарға сонымен бірге І.Жансүгіровтің «Исатай-Махамбет», Б.Аманшиннің «Жақия», Ғ.Слановтың «Махамбет», М.Ақынжановтың «Исатай-Махамбет» және т.б. қаламгерлердің драмалық шығармаларын қосуға болады» [1, 6]. 360 361 Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы № 1 (80) 2011 Проза жанрынан келсек, Т.Әлімқұловтың «Қараой» әңгімесі, Ә.Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі» романы, Н.Әбуталиевтің «Қайран Нарын», Б.Аманшиннің «Махамбеттің тағдыры» романы, М.Мәжитовтің «Барлыбай түбіндегі ән» шығармаларын атап айтуға болады. Дәлірек айтқанда, жоғарыдағы санамалаудан А.Байтұрсыновтың «1.Әуезе. 2.Толғау. 3.Айтыс» — деп тапқа бөлген түрлерін [2,132], З.Қабдоловтың әдебиеттің тектері (эпос, лирика, драма) бар да, түрлері (роман, поэма, трагедия т.б.) бар, – деп жіктеуін көре аламыз [3, 296]. Сондықтан, біз осы көптеген жанрлардың ішінен Н.Әбуталиевтің «Қайран Нарын», «Өттің дүние» атты екі шығармасының басын қосып жаңа тараулармен толықтырып, тұтас бір туынды «Наркескен» тарихи романындағы Махамбет бейнесінің сомдалуын сөз етпекпіз. Жазушы романда батырды өлген Барлыбаймен сырластырады. Ол батырға: «… – Есітемісің, Махамбет, сен ұлы ақынсың, бірақ өмірің қысқа болады. Еш қызық көре алмайсың. Көп мезгіл өтпес біздің санатқа кеп қосыласың. Малайсары суының маңынан мәңгі орын тебесің. Басың кең дүниені аралап кетер, ал денең сол туған жер топырағында жатары хақ. Түсінесің бе, Махамбет, солай, солай [4, 41] – деген сөзінен батырдың ерекше қасиетін көреміз. Жазушының қиялы болса да нанымды шыққан. С.Негимовтің «Шешендік өнер» кітабындағы «Терең ой, түзу тәжірибесі бар адам ғайыптан хабар береді. Әулие деген сол болса керек» деген Ш.Құдайбердіұлының лебізі Махамбетке арналып айтылғандай [5,27]. Оның жаратылысы оттан өрілгендей бөлек болса, сөзі де қиыпсал өткір еді [3,87]. Шынайы шешен – жарқын тұлға. Оның ойлау, сөйлеу мәнері, кескін келбеті, рухы, тәжірибесі, ішкі мәдениеті, білім өресі, дүниетанымы, талант табиғаты, жан мен тән қуаты, мінбедегі тәртібі, ым-ишараттары, дауыс ырғағы қызықтырмай қоймайды [5,23]. Кеудеден үнді саз шығарып, халық алдында хиссаларды көп айтып дағдыланған, сарбаздарына алыстан арқар үн салғанда даусы бір төбе емес, бес төбеге естілетін Махамбеттің үні шынында да зор еді. Ол сөйледі дегенде сөзінің жүйелі ұтымдылығы ма, әлде дәмді саздылығы ма, жан баласын тыңдатпай қоймайтын, өзіне тартып әкететін. Ол әуелгіде ашық қоңыр дауыспен баяу бастады. Жүзінде жеңіл толқу бар-ды. Дауға келгенде, дауды шешкенде өткен-кеткенді, арғы- бергіні айтып шешенсіп кететіні де бар еді. Сүйегіне біткен тапқырлығы мен ұшқыр ақылдылығы осындайда қылаң беретін [3,139-140] – деген үзіндіден батырдың шынайы шешен тұлғасына сай қасиеттерді байқауға болады. Жасқұста Ордаға төрт құбыладан келетін төрт жол бар еді. Олар Таңбалы жол, Сарықасқа жол, Машақай жолы, Қараңғы жол деп аталады. Бұлардың бәрімен де түн ұйқысын төрт бөліп жорықта талай-талай жорытқан. Сол қараңғы жолмен Бекетайдан Жасқұсқа бара жатқандағы бір оқиға есіне түсе кетті. Ел әлдеқашан жатқан, тауық шақырмайтын бейуақта жападан-жалғыз өзі осы жолмен келе жатты. Жолдың екі жағы жағалай биік боп өскен қарағай, оның жапырағы жолды екі жағынан жауып көлеңкелеп көрсетпей тұрады. Осы жолда «хан қорығын» күзетіп, маңайына ешкімді жолатпайтын «қараноғай» деп аталатын қорықшы бар-ды. «Өзі өгіздей денелі, тірі жан баласына күш бермейді» деп ел зар қақсайтын. Сол «қара дәу» жеті түнде келе жатқан кісіні сезіп қап, үн шығармастан жолдың жиегінде аңдып тұрып, мұны қапияда бастан шоқпармен қойып кеп қалды. Соққысына жан баласы шыдамай, бір ұрғанда кім болса да ұшып түсіп құрдым кетеді екен. Бұл жолы да солай болады деп дәмеленген, бірақ түн жамылған әлгі бейсауат жолаушы мұның соққысынан құламады. Қимылы ширақ Махамбет соққы тиді деп мұқалмай әлгіге қайыра ұмтылып, өзегіне қорғасын құйған он алты өрме дойырымен «қараноғайды» қайқайта тартып жіберді. Әлде қапы тиді ме, сәл атының жалына еңкейгені болмаса ол да құламай тіктеніп қалды. Махамбет сол бойда жалма-жан жарғақ көпшігінің астындағы бұғалық арқанды суырып алады да, өзіне тағы тап беріп ұмтылып келе жатқан дәу қараның басына бұғалықты тастап жіберіп, мойнына дәл түсіреді де, аттан жұлып алды. Арқанмен сүйретіп әкеп жол бойындағы терекке тас қып байлап кетті. Сол бір жылы Хан қорығындағы «қараноғайдан» жүргінші елді осылайша құтқарып еді… [3,132-133]. Біз оқиғаны толық алып отырғанымыз, Махамбет бейнесін аша түсу үшін батырдың әрбір қимыл-қозғалысын беруді жөн деп білдік. Батырдың алысқан жауы да осал адам емес және Махамбеттің де ширақ қимылын көрсете кеткіміз келді. Халқы батырын үнемі қорғаны көреді. Бұл да соның бір бөлшегі іспетті. Осылайша біртіндеп-біртіндеп бөлшектерден батырдың бейнесі сомдалып көз алдыңызда тұлғалана түседі. Табиғат Махамбетке өжеттік, батырлықпен бірге тапқырлық, ұшқыр сезім сыйлаған еді. «Бір басында бес еркектің буы бар» — дейтін ел оны. Қолының күші үш жылғы қу тобылғының бұрағанында сығып майын тамызатын. Саржа оқты садақпен атқанда ұшып бара жатқан торғайды құлатса, сайысқа түскенде он кісіні жалғыз шабақтап кете беретін еді [4,49] – деген жолдардан ерен күштің иесін, құралайды көзге атқан мерген екендігін көреміз. Монологтың мәні, оның әсіресе қаһарманның ішкі әлемін, дүниетанымын, терең көңіл түпкіріндегі аңсары мен арманын, өкініші мен қасіретін еркін көсіліп, қысылмай қымтырылмай айтуда, өмір өсиеті секілді түбірлі тілектерін білдіру де өзгеше орны түсінікті. Кейде монолог дара «таза» күйінде берілсе, енді бір жағдайда ол авторлық сөздермен ұштасып, ұласып кетеді. «Шіркін, осыншама түйеден бір нарқоспақ бұйырмады-ау менің шаңырағыма», деп күрсінді ішінен. Күрсіне тұра тағдырдың әділетсіздігіне өкінді. Үй жанында шыбықты ат қып мініп жүрген нағашыларының қолындағы жалғыз баласы келді көз алдына. «Оның ертеңгі күні не болады» деп ойлады [2,35]. Жүдеу тіршілік, ертеңіміз не болады деп торыққан ойды көреміз. Бір сәт ауа райы құбылып, аспанда ап-аласа, алба-жұлба бұлттар қаптап бүкіл көк жүзін жауып алды да, төңіректі қара көлеңке етіп жіберді. Махамбеттің басында да осындай ап-ауыр ой бірте-бірте мол туындаған болатын. Ол қанша азап шексе де қажымайтын, өмірінде «уһ» деп бір айтпайтын. Ауыр ойлар тізбегі Айғаншаға кеп тірелгенде көңілін өкініш пен қайғы билегені сонша, өзегі өртеніп, қасірет селі басып-жаншып бара жатты. Көз алдына дәл кешегідей керемет көріктеніп қызыл арай реңді кескін-келбетімен келген Айғанша біртін-біртін кішірейіп, әрі- берідесін өзінен алыстап қара ноқаттай болып бара жатты. Күдерін үздіргендей пәруана боп жоғалып кетті. Көкірегі шаншып, көңілі әлем-жәлем болды [4,100] — деген эпизодтан батырдың да ет пен сүйектен жаралғанын, жар сүйіп, бала құшқанын тілге тиек етеді. Тағы бір байқағанымыз, жарға деген адалдық, Айғанша екеуінің бір-біріне деген адал махаббатын байқаймыз. Мұның бәрі өмір заңы, ендеше батыр да адам. Оның ерекшелігі еліне деген сүйіспеншіліктен туындаған терең ой мен қайтпас қайсарлығы. Қазақ халқы түс көріп, оны жорығанда кім көрінгенге айтпай, ет жақынына, тілеулес адамына айтқан. Ал түсі туралы жаман ойласа, «түс – түлкінің тезегі», — деп көңіл бөлмеуге тырысқан. Түсті үнемі жақсылыққа жоритын болған. «Батырдың бір жолдасы — түс» деген, рас. Дегенмен түстің де түсі бар. Осы жолы түсінен шошып оянды. Дәл кеудесіне садақ оғы қадалыпты, қан сорғалап барады. Ол жалма-жан сарыжаны суырып тастап жүгіре жөнелгенде жан-жағынан қаумалап жау қоршай кетеді. Қарманғанда қайқы болат семсері ұңғысынан сынып кетті, сілтерге қаруы жоқ. Қап бәлем, талайын жайратар еді, қапыда қалды. «Баймағамбет сұлтанның жансыздары екен, бостандық бердім, бас еркін бердім, доспын деген қастар-ай» деп қалады ішінен. «Ел сенің оқ тескен кеудеңді көрсе де жауға жалынған жүзіңді көрмесін» деуші еді, Исатай басшым, жалынбадым, жасқанбадым әйтеуір. Сонысына сәт [4,186] – деген үзіндіден батырдың түс көру арқылы алдын-ала болжау жасап отырғанын байқауға болады. Батырдың күйшілік өнері жайлы жазушы былайша қалам сілтейді: Махамбет дыбыс іздеп, үн таңдап, перне саздарын жүйелеп соны бір ізге келтіре алмай қиналып отыр. Көп күндерден бері жанын жегідей жеп, ішін бір арыстан тырнап жатқандай еді. Енді бір сәтте ол домбыра шегін бірде қақпайлап, бірде шертіп, бірде қиялай қағып неше түрлі дыбыс шығарып «тра-тра-та, тра-тра-та-та» дегізіп отырды да, лезде-ақ, «аһа-а-аһа-ай, аһа-а-аһа — айлаған» әуен шығарып құбылта, құйқылжыта жөнелді. Жан-жүйеңді шымырлатқан, сезім тұңғиығын қозғайтын бұл келісті әуез, сазды үн бірде үзіліп, бірде созылып, дүбірлеп желге беттеген жылқыдай жөңкіп кетіп еді [4,186]. Осы үзіндіден Махамбеттің күйші болғанын көруге болады. Тек күйші деп қарап қоймай, астарына үңілер болсақ, батыр бейнесін сомлауға аса қажет құрал да екен. Батырдың сегіз қырлы, бір сырлы екенін, батыр тұлғасының биіктей түсетінін байқаймыз. Ал Махамбет өмір өткелдерін ой таразысынан өткізіп, өмірдің ыстық-суығын қайта басынан өткізгендей болады. Сол арқылы оқиғаның мән-жайына қанығуға болады. Шежіре Айса қария батырға ғибратты сөздер айтады. Әрине, көненің көзі кім көрінгенге ғибрат айта бермейді. Осыдан-ақ Махамбеттің бір қыры ашыла береді. «Махамбет, мына сөзді жадыңа сақта, жорықта көп жүресің, қажет болар дегені және есінде. «Су ішкен құдығыңа түкірме,» — деген ол, — жолдасыңды сатпа, сонан соң жолаушылап келе жатқанда далаға емес, алдыңнан кездескен бейітке түне» [2,37], — деп, тағы да үш сөз:ұят, парыз, обал туралы айтады. Қария сөздің иесін тауып айтып отыр. «Қайқы болат қанжары ұңғысынан сынып кеткен екен дейді. Сілтерге қаруы жоқ, Махамбет: «Ау, Сегіз қайдасың» деп Ақауыз атының жалын құшып барады. – «Мақа, мен мұндамын, серт берген серігіңмін», деп дауыстағанша болған жоқ оянып кетті. Махамбетке баяғыда өзі сыйлаған 362 363 Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы № 1 (80) 2011 күлдірмамай мылтығы иығында екен, ол да бір жағына қисайып кеткен…», — Махамбеттің бір қатерге ұшырарын Сегіз осы түсі арқылы сезген еді. Қазақта мұндай сәуегейлік бұрыннан да бар. Түсінде Махамбетке жетіп үлгермегені, өмірде де дәл келіп, Сегіз Махамбеттің қазасының үстінен шығады. Таза табиғаттың бауырында емін-еркін өмір сүріп жүрген көшпенділердің табиғатқа етене жақындығының арқасында туындаған ақындық көрегендіктің негізі деп, біз өзімізше баға берер едік. Қалай болғанда да, бұл этнографиялық ерекшелігіміз, рухани құндылығымыз. Біздің бұдан түйеріміз, жазушының суреттеп отырған дәуірінің басты шындығы сол дәуірде өмір сүрген адамдардың тарихи ақиқат наным-сенімдерімен, әдет-ғұрыптарымен тығыз байланыста ашылады. Соған орай бұл этнографиялық деректер романдағы тарихи өткен дәуірге, сол дәуірде өмір сүрген адамдардың мінез-құлқына тарихи нақты сипат береді. Батырдың бейнесі қазақы, табиғи сомдалып, тарихи тұлғалармен бірге ірілене түседі.

Читайте также:  Мұнара өлеңі Абай Құнанбайұлына

Оставить комментарий