Тарихи тақырыптағы ұлттық драматургия

Қазақ ұлттық драматургиясы – бүгінгі күні жан-жақты даму үстіндегі жанр. Арнайы зерттеу нысанасына алынып және жекелеген белгілі қаламгерлеріміздің шығармашылықтарын қарастыруда да бірнеше құнды еңбектер жазылған. Қазақ драматургиясы өзінің даму жолын, сатысын – әлем, батыс драматургиясының озық шығармаларынан үлгі алып, сабақтастырады. «Драматургия – қазақ әдебиетінде ХХ ғасырдың басында әлеуметтік-қоғамдық факторлардың ықпалымен, ұлттық өнердің тарихи дамуының заңды жемісі ретінде туған таза жаңа жанрлық түр. Қазақ драматургиясының тез өсіп, жедел жетілуіне әсер еткен негізгі факторлардың бірі – халықтың ғасырлар бойы жинақталған, сұрыпталған, екшеленген бай фольклоры болды» [1, 8]. Ә. Сығай қазақ драматургиясының қалыптасуы мен дамуының негізін ашып көрсетіп, драма – театр – әдебиет байланысын былайша суреттейді «Қазақ драматургиясын қалыптастырып, оны сара сүрлеуге түсіру үшін эпос сюжетіне, ел арасына кең тараған аңыз-хикаялар төркінінен үңіліп, бүгінгі тәуелсіздік кезеңіндегі шығармаларымыз қай бағытта өрбіп, ол қандай мәселелер көтеру керек деген орынды сауалға кезігеріміз табиғи заңдылық. Драма жоқ жерде театр өнерінің ғұмыры ұзаққа бармасы – аксиома. Драматургия театр өміріндегі ең басты және шешуші құрал. Яғни, театр негізі – әдебиет. Драматургия – әдебиет жанры» [2, 137]. Уақыт озып, әдебиет жанрлары уақыттың, қоғамның талабына сай жаңарып, жаңғыруына байланысты әдебиеттегі драма жанры да осы жалпы даму процесін басынан өткізген. Еліміз еркіндікке қол жеткізіп, әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа белесіне көтерілгені мәдениеттің, оның ішінде театр өнерінің өсіп, жетілуінің ерекше бір бұрын-соңды болмаған кезеңіне қол жеткізіп отырмыз. Егеменді ел болғалы ұлттық өнеріміз бұрынғы идеологиялық құрсаудан құтылып, шығармашылық жұмыспен еркін араласу бостандығы, яғни қой үстіне бозторғай жұмыртқалағандай заман туды. Бұл халқымыздың тарихи даму белестеріндегі ерекше мәдени құбылыс. «Бүгін ешбір театрға, оның қайраткеріне, режиссер мен актерге, пьеса жазатын драматургке не қоямын, сахнада не айтамын, қалай айтамын деген мәселелерге ешбір тосқауыл, шектеу жоқ. Бәрі де өз еркіңде, бұрынғыдай сескенбей, жоғарыға жалтақтамай өз білгеніңше, өз шамаңның жеткенінше сахналық шығарма жасау құқығына қол жеткізді» [3, 399]. Осы еркіндіктің арқасында біздің бүгінгі ұлттық театр сахнасында өзгерістер, жаңа бағыттар, өзіндік ізденістер көрініп келеді. Драматургия жанрларының ішінде өмірге айрықша жақын түрі – трагедия. Академик Р.Нұрғали трагедия жанрының табиғатын түсінуде «Трагедиялық тартыстар мен адасулар табиғатын, эстетикалық-эмоциялық әсер ерекшелігін, сюжеттік материал мен көркемдік-композициялық құралдар жүйесін, тақырыптық идеялық нысананы ескере отырып, қазақ трагедиясын мынадай салаларға бөлуге болады: а) эпикалық трагедия; ә) тарихи трагедия; б) адамгершілік-тұрмыстық трагедия» [1, 10-11], – деп жіктейді. «Тарих пен әдебиет – ежелден-ақ қатар тұрған егіз ұғым. Көне замандардан бері әдебиет өзінің материалын тарихтан алып, оны көркем суретке айналдырып, өсіп, жетіліп келеді. Әдебиет өзінің негізгі зерттейтін обьектісі – адамды белгілі дәуірде, тарихи ортада алып суреттеу арқылы сол кезеңнің шындығын да, бейнесін де ашады. Адам тағдыры арқылы тарихи ой-сананың қалыптасуын көрсетіп, оқырманға өмір танытады, оны тәрбиелейді, адамгершілікке баулиды, тарихтың біз үшін қажет эстетикалық сабағы да осында» [4, 21]. В. Белинскийдің пікірімен осы ойды былайша тұжырымдауға болады: «Век наш — по преимуществу исторический век. Историческое созерцание могущественно и неотразимо проникло собою все сферы современного сознания. История сделалась теперь как бы общим основанием и единственным условием всякого живого знания: без нее стало невозможно постижение ни искусства, ни философии» [5, 90]. Жаңа ғасыр күшіне мініп, еркіндік туымыз желбіреген сәттің өзінде де талай қайшылықтар мен жетістіктерді бастан кешіріп келеміз. Өмір талқысы мен тұрмыс тауқыметі ешкімді де айналып өткен жоқ. Соған қарамай, қазақ әдебиетінде тарих беттеріндегі азаттықты аңсау көріністері намысты қайрап, рухты оятып, жігерді жанитын шығармалардың дүниеге келуіне себепші болды. Атап айтқанда, өткен ғасырдың сүбелі туындысы М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», І.Жансүгіровтің «Исатай – Махамбет», Т.Ахтановтың «Ант», Қ.Бекхожиннің «Ұлан асу» драмаларымен қатар тәуелсіздік кезеңінің шығармалары М.Байсеркеновтің «Абылай ханның ақырғы күндері», С.Жүнісовтің «Абылай хан» киносценарийі, Ш. Құсайыновтың «Томирисі», Ә.Кекілбаевтың «Абылай ханы», Р.Отарбаевтың «Сырым батыр» секілді тарихи шығармалар ұрпақтар мұрасынан қомақты орын алады. Томирис патшайым туралы айтылып, жазылғандардың түп төркіні біздің заманынмызға дейінгі V ғасырда «Тарих» атты ұлы еңбегін жазып қалдырған гректің энциклопедист ғұламасы Геродотқа барып тіреледі. Онда «205. Күйеуі өлген соң, массагеттерге патша болды. Есімі Томирис. Кир оған сөз салып, құдалар жіберді. Томирис Кирдің құдалығының арғы астарында жесір қалған мұны жар ету емес, патшалығына қызығу екенін айтпай ұғып, ұсынысты қабыл алмады. Арам ойы жүзеге аспаған Кир ашықтан-ашық массагеттерге жорыққа аттанды. Әскерін өткізу үшін өзеннен аспалы көпір салып, қалытқы кемелерге массагеттердің әлемдік тарихына мұнаралар орнатуға әмір етті» делінген [6, 76-79]. Бұл тарихи деректі Ш.Құсайынов көркем туынды ретінде суреттеп, өз деңгейінде көрсете білді. «Томирис» пьесасында ежелден келе жатқан бақталастық, билікке, таққа таласушы, осының кесірінен тайпа-тайпаға бөлінген Ұлы Тұран даласының сол кездегі әлеуметтік жағдайы жақсы көрініс тапқан. Спектакльдің астарында терең философиялық түйін. Бөлінгенді бөрі алады, біріккенді бақыт құшады деген ой жатыр. Ал драматург-жазушылар С.Жүнісовтің «Абылай хан» киносценарийі, Ә.Кекілбаевтің «Абылай хан», М.Байсеркеновтің «Абылай ханның ақырғы күндері», Р. Отарбаевтың «Сырым батыр» атты тарихи драмаларда Абылай хан, Сырым батыр заманы – қасіреті мол, қазақ халқы үшін жаугершілік зобалаңы көп кезең болып суреттеледі. Атақты елбасы, қолбасы, дипломант, терең ойдың иесі Абылай тарыдай шашыла қоныстанған қазақ халқының басын біріктіріп, тұтастықта ұстау үшін жарғақ құлағы жастыққа тимеген әрекеті шығармалардың негізгі оқиғасына айналып, азаттық үшін алысқан халық қаһарманы ретінде, азап шеккен, оң жол іздеген, үмітке сенім артқан адамның ірі тұлғасы ретінде баяндалған. Драмалардағы көңіл аударарлық жай – Абылайды жөн-жосықсыз шашпауын көтере аспандата дәрiптейтiн мiнезден аулақтық. Ал Сырым батырдың бейнесі тарихта өзіндік сөйлеу мектебін қалыптастырған Шешен, бір ауыз төрелігімен дүйім елді бітістірген Би, алыс-жақын шет елдермен келісім жасасқан тұңғыш Дипломат, он төрт жыл бойы орыс патшасының езгісіне қарсы күрескен алғашқы батыр, ардақты тұлға ретінде білеміз. «Қош, қадірлі ел, киелі топырақ. Нар жайылар көңілдің жайлауында өңшең тоқал ешкі ойнақтады-ау. Қайтейін… Оралармын, сорың емес, бағың боп. Өзім жетпесем, даңқым жетер, дабылдатып» деген батыр сөздерімен еліне, жеріне деген шынайы махаббаты мен оны жауға қимаған өкініші беріледі [7, 34]. Тарихи деректер мен ауыз әдебиеті мұраларын ұштастырып, екі дәуірдің тарихын қамтыған драмалар сол замандағы Абылай мен Сырымның батырлық болмысын, саясаткерлік, қолбасшылық, қайраткерлік тұлғасын толыққанды сомдауымен құнды. Жазушы-драматургтердің негізгі айтайын деген ойы, көтерген идеясы, тақырыбы – қазақтың қасиетті қара жер мәселесі, ұрпақ қамы, ар мен ұждан алдындағы пенденің адалдығы. Кейіпкерлері атынан айтқызатын жамандық пен жақсылықты жасанды түрде емес, өз биігі мен өз өресінен танытады. 486 Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы Қорыта келе айтарымыз, жоғарыда қарастырылған тарихи шығармалардан халқымыздың қилы да қиын замандарының тынысын сезінеміз. Қайраткер тұлғалардың сөзі мен іс-әрекетінен егемендік, тәуелсіздік үшін күресінің қымбат құны, қадір-қасиеті айқындалады.

Читайте также:  Будда дінінің бейнесі

Оставить комментарий