ТЕЛЕЖУРНАЛИСТІҢ СӨЙЛЕУ МӘДЕНИЕТІ

Опубликовано Июль 16, 2016 by Damir

Рубрика Рефераты

 

Print this page

rate 1 звезда rate 2 звезда rate 3 звезда rate 4 звезда rate 5 звезда
Рейтинг: none, В среднем: 0 (0 голосов)

 

Теледидар, газет, радиодан кейін өмірге келсе де, қазіргі кезде солардың әрқайсысымен бір қатарда тұрған және сол бұқаралық ақпарат құралдарына тән ерекшеліктердің бәрін өз бойына жинақтаған синтезделген өнер түрі болып табылады. Әрине, бұл әр күннің не бір жылдың нәтижесі емес, оған теледидар тарихындағы әрбір талант өз үлесін қосты. Қазақ тіл білімінде телехабарлар тілін зерттеуге бетбұрыс еліміз тәуелсіздік алған жылдардан басталады. Телехабарлар тілі туралы ғылыми мақалалар, ара-тұра айтылған ой пікірлер болмаса, қомақты да жүйелі ғылыми зерттеу жұмыстары жоқ деуге болады. БАҚ ішіндегі теледидар хабарларының тілі жөніндегі мақалалардың басым көпшілігі 90 жылдардың екінші жартысынан бері көбейіп келеді. Мұның бірінші себебі – халық өміріне электронды ақпарат құралдарының енуі. Екіншіден, еліміздің егеменді мемлекет болуымен байланысты ұлттық тіліміздің мемлекеттік мәртебе алуы себеп болды [1]. Бүгінгі таңдағы БАҚ тіл мәдениеті дамуының айқын бір құбылысы – тілдің үнемі даму, жаңару, толығу үстінде болуы, ол қоғамда болып жатқан жағдайлар мен тарихи оқиғаларға байланысты. Тіл орашолақтығы баспасөзден гөрі телехабарларда жиі байқалады. Түрлі коммерциялық, тәуелсіз телеарналарда мемлекетіміздің 50-де 50 тіл бағдарламасын әйтеуір орындасақ болды деген желеумен комментатор, диктор, тіпті тележурналист мамандарын ешқандай байқау, сынақсыз қабылдайды. Ал ондай мамандар әдеби тілдік норманы, сөйлеу мәдениетінің табиғатын білмек түгілі, ауызекі, тұрмыстық сөйлеудің өзін (акцентпен) бұзып айтады [2]. Жалпы, тележурналистер тіліндегі кемшіліктер тоқталып кетсек: — орыс тілді мәтіндерден тікелей аударудың нәтижесінде болатын қателіктер; — тележурналистердің тілінің шұрайсыздығы; — сөйлемдерді айтқанда, интонацияның дұрыс қойылмауы; — сөз тіркестерінің дұрыс қолданылмауы; — оқу мақамын дұрыс меңгермеуі; — мәтінді нақышына келтіре білмеуі; — екпіннің дұрыс қойылмауы т.б. Осындай олқылықтар біздің бұқаралық ақпарат көздерінің қай- қайсысында кездесіп жататындығы рас. Сөйлеу арқылы журналист тыңдарманды сендіріп қана қоймай, әсем қоңыр дауысымен еліктіре, тарта да білуі керек. Мәселен, «24 kz-тегі» «Пікірлесу» бағдарламасын жүргізуші Аша Матайдың бағдарлама мазмұнына терең бойламайтыны анық көрініп тұрады. Көбінесе дайын мәтінмен шектеліп, ешқандай импровизация жасай алмайды, эфирде отырып, пікірлесіп отырған адамды бас изеп қана қолдап отыруы ерсі көрінеді, дәлірек айтар болсақ, жүргізішілік шеберлігі жетіспейтіндігін аңғарамыз. Тағы да бір айта кететін жайт – журналистің айтылып отырған тақырыпқа байланысты эмоциясын орынды қолдануы. Дұрыс сөйлеумен қатар, журналист қай жерде күліп, қай жерде салмақтылық көрсету керектігін білуі де қажет. Пікірлесудің бір санында трансплантолог дәрігермен сұқбат жүргізу кезінде бүйрек, бауыр т.б ағзаларды ауыстыру жайлы күле отырып құрақ қоюы оғаш көрінді, тақырыпқа сәйкес болмады. Журналистің бет- бейнесі, эмоциясы тақырыпқа сай болуы керек. «Мүмкін емес» бағдарламасының 3 қаңтарда шыққан санында Дәурен Бабамұратовтың «Ғаламтордағы бауыр, бүйрек жайындағы түрлі жарнамалар көздің жауын алады» деген сөздері тіпті орынсыз болды. Ол кісінің «көз сүрінеді» деп айтқаны дұрыс болар еді. Осындай сөз тіркестерінің дұрыс қолданбауы себебінен олқылықтар кетіп жатады. Сөйлемде басқа тілдің сөздерін араластырып, тілді шұбарламай таза сөйлеу де адам өресінің деңгейін көрсетеді.Сөздің қолдануы мен мағынасынан тыс сөйлеуде интонация, дауыс мәнері де зор рөл атқарады, айтылатын сөз немесе сөйлем интонация арқылы да әр түрге өзгереді. Интонация арқылы сөзді немесе сөйлемді мәнерлі, жұмсақ әрі көркем етіп жеткізуге болады. Мысалы, КТК арнасының тілшісі Нартай Аралбайұлы stend-up-қа шыққан кезде, керісінше интонацияны асыра қолданады, дауысын созылыңқы қылып, сөздердің орнын ауыстырып айтатыны белгілі көрермен қауымға. «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деген Абай аманаты қазіргі сөз тізгінін ұстаушы, әрбір журналист-қаламгердің қаперінде ұстанатын қағидасы болуы шарт. Өйткені дәуіріміздің «көзі», «құлағы» болып отырған бұқаралық ақпарат құралдары – тіл, сөйлеу мәдениетін қалыптастыратын негізгі қоғамдық сала екендігі басы ашық жайт. Қазіргі тележурналистердің ой еркіндігінің қалыптасып келе жатқандығы көптеген жаңа бағдарламаның ашылуынан. Мәселен, «Сырласу», «Айтуға оңай», «Бармысың, бауырым?», «Біз», «Алаң», «Мүмкін емес» сияқты бағдарламалардың халықтың көңілінен шығып, рухани игілігіне айналуы қуантады. «Сырласу» ток-шоуының жүргізушісі Әйгерім Сейфолланың сөз өнерін жетік меңгергендігін, ізденгіштігін, оның қойған сұрақтарының шынайылығынан байқауға болады. Журналистің өзі айтпақшы, «Ыңғайлы студияда ыңғайсыз сұрақтарды» аса шеберлікпен қоя білуі, өткізілетін уақытының кештігіне қарамай, халықтың күтіп көретін, беделді, рейтингі жоғары бағдарламалардың біріне айналған. Журналистердің ішінде «Бармысың, бауырым?» бағдарламасын жүргізушісі Қымбат Досжанның әдемі сөз саптауының, тамаша мәнерінің, тіпті кейбір кезде адамдарға байқатпай, үлгі боларлықтай ақыл айтып, аталы сөз айтатындығы журналистің кемеңгерлігін, ақылын, парасаттылығын, білім өресін көрсетсе керек. Журналистік шеберлігінің арқасында бағдарламаның бағы жағып тұр, Қымбатсыз бұл бағдарламаны елестету мүмкін емес. «Жүрек жарды» бағдарламасының жүргізушісі Жадыра Сейдешті сөз өнерінің шебері деуге болады. Ол кісінің тіл байлығы, үні, дауысы, интонациясы хабардың табиғатына сай келеді, кейіпкердің бар болмысын ашып қана қоймай, сұқбат барысында сол тұлғаның жүрек жарды сырын ақтарып салады. Әсіресе, лириканы орынды қолдана білуі, әдемі сөз тіркестерін пайдалануы жағымды әсер береді. Осы бағдарламалардың тағылымдық, тәрбиелік мәні зор. Сөз өнерін зерттеуші С.Негимов сөйлеу өнері туралы төмендегідей уәждер айтады: «Шебер, шешен сөйлеу өнері үш мақсатты көздейді: 1. Сендіру. 2. Рахаттандыру, ләззатқа бөлеу 3. Сезім күйіне әсер ету, сондай-ақ еске сақтау және айта білу қасиеттері де болған жөн»[2; 37]. Осы айтылған теориялық тұжырымдарға сүйенер болсақ, қазіргі тележурналистерге, ең бастысы, сөз өнерінің ұңғыл-шұңғылын аса жетік меңгергендері әбден дұрыс болар еді. Тағы да сол еңбекке атап көрсетілген: «Шынайы көркем сөз сөйлеушінің рухани дүниесі мен сыртқы келбетінің гармониялық келісімінен туады. Сөз сөйлеушінің ақылы мен жүрегінде болатын белгілі бір ойлар, сезімдер адамның сыртқы тұлғасынан айна-қатесіз аңғарылады (Бет-жүз құбылыстары, қимыл әрекеттері туралы). Шешен сөйлейтін адаманың интеллектуалдық мәдениетін білім-білігін, зерде-зейінін әңгімелегенде, импровизацияға бейімділігін де елеп ескеру қажет», — деген қағидаларды қазіргі тележурналистер әркез қаперінде ұстап, соған талап қылып жүрсе, БАҚ-тағы тіл мәдениетінің де сапасы белгілі дәрежеде арта түсері сөзсіз [2]. Қай қоғамда да халықтың жігерін тасытып, жанын баурап, қуаттандырған да осы – тіл құдіреті. Тіл мәдениеті – сауатты да әсем, мәдениетті де сыпайы сөйлей білу, сөзді әсерлі де орынды етіп қолдана алу шеберлігі деп білеміз. Қазақ – озық ойлы, ақын жанды, шебер тілді, шешен халық. Тілдің тазалығы, құнарлы да таза сөйлеу, тіл дұрыстығы, тіл мәдениеті — келешектің қандай кезеңінде де басты талабы болып қала бермек. Сөзге жауапсыз қарау дағдымызға айналып кетіп жүрмесін. Әсемдік әлемі деп алынып жүрген эстетикалық санатқа айналған ұғымды ендігі жерде әдемілік дүниесіне айналдырып, қарабайырланудың қажеті жоқ. Қағаз бетіне түсер алдында ұғымның немесе сөздің осы уақытқа дейін қалай айтылып, жазылып жүргенін ой елегінен бір өткізіп алған, бұрынғы тәжірибені мансұқ етпеген жөн. «Сөздің журналистикада алар орны ерекше. Мәселен, сөздің ақпараттық сипатын айтар болсақ, — Сөз – ақпарат сақтаушы тілдік бірлік; — Сөз – ақпарат жеткізу және тарату құралы; — Сөз – ақпарат алу құралы; — Сөз – ақпарат алмасу құралы» [3; 74], – деген тұжырымға келуге болады. Ендеше журналист сөзбен жұмыс істегенде аса абай болуы тиіс. Телевизияда журналистің сөйлеу барысында кеткен қателіктерін бейненің әсерлілігі жуып-шайып кетуі мүмкін. Алайда радиода басты құрал дыбыс болғандықтан, жүргізушінің әр сөзі тыңдарманға анық естіліп, кеткен қателіктер саналарында жаңғырып тұрары сөзсіз. Журналистің сөз өнерін меңгерудегі негізге алатын басты қағидаларының бірі – Бөлтірік шешеннің: «Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет» деген нақылы. Журналистер айтар сөзің ақылмен сайлап алып, жүрек қалауымен тіл қатып, «тіліне ұят сіңген» жандардың қатарынан орын алса, нағыз абырой мен беделге қол жеткізеді» [3; 81]. Телевизия саласында жұмыс істейтін журналистерге сауатты да дұрыс сөйлеу аса маңызды критерий болып табылады. Халықтың сүйіп көретін, барлық ақпарат құралының ішіндегі ең пәрмендісі – осы телевизия саласы. Қазақша ойламайтын, ұлттық тіл білімінің қарапайым ережелерінен бейхабар адаманың тіл білімі саласына келмегені дұрыс, егер ол сөз қайталау, ой қайталау, қала берді, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі ережесін білмесе, ол халыққа ақпарат жеткізіп қарық қылмайды, мұндайлар әлдебір ресейлік журналистердің мақамына дейін көшіруге әуестеніп кетеді. Қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің өрескел қателіктері кешірілмеуі тиіс. Тілдің тазалығы – көпке ортақ талап. Телевизия тек қана жаңалық таратушы ғана емес, сонымен қатар тәрбие көзі. Халыққа сауаттылық пен мәдениет таратудың бірден-бір құралы. Эфир – көрермен алдындағы өте жауапты сын. Адамның газет-журналдарда түсініксіз сөз болса, оны бірнеше рет қайталап оқуға мүмкіндігі бар, ал телевизия хабарларының ерекшелігі көрермен өзі көрген көріністеріне қайта орала алмайды. Сондықтан да тележурналистің әрбір сөзі, сөйлемі анық, түсінікті болуы тиіс. Егер журналистің тілі шұбалаңқы, қиын сөз тіркестерінен тұратын болса, көрерменнің оны қас-қағым сәтте қабылдай қоюы, түсінуі қиындайды. Осындай жайттарға ұрынбас үшін, тележурналистер өзіне қойылған талаптарды орындап жүрулері қажет. Тележурналист эфир уақыты заңдылығына сәйкес қалыптасқан сөздік қор, терминология, орфоэпия номалары мен грамматикалық заңдылықтарды сақтап, әдеби тіл нормасында тіл қатуға міндетті.

Оставить комментарий

Загрузка...