ТЕЛЕЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ

Опубликовано Июль 16, 2016 by Damir

Рубрика Рефераты

 

Print this page

rate 1 звезда rate 2 звезда rate 3 звезда rate 4 звезда rate 5 звезда
Рейтинг: none, В среднем: 0 (0 голосов)

 

Тележурналистика – бұқаралық ақпарат құралдарының бір саласы, соның ішінде орасан зор мүмкіндіктерді иеленетін жүйе. ХХІ ғасырдың адамзат игілігіне ұсынған ұлы жаңалығы – адам баласының көзқарасына, ой- санасына тікелей әсер ететін идеологиялық құрал. Тележурналистика – рухани нәр мен эстетикалық әсер беретін өнердің өзгеше бір түрі. Қазіргі таңдағы уақыт аясынан «ақпарат ғасыры» деген ұғымды иеленіп отырған кезеңде тележурналистиканың ақпарат кеңістігінен алатын орны айрықша. Тележурналистің көпшілікпен сырласуы, өзімен-өзі кеңесетін шақтары қашанда қоғам, ел мүддесімен, адамзаттың көкейкесті арманымен ұштасып жатады. «Тележүргізуші жүрек түбінде өзін толғантқан сырын өзгеге айтады. Телехабарда автор тақырыбын тереңнен толғап, содан әлі өзгелер көрмеген шынайы көріністі табу жолында ізденіске түседі. Әңгімелеуші өз ойын, айтайын дегенін әңгімелеу кезінде сарықпай тынбауы тиіс. Хабар барысында жүргізушінің тақырып өзегінен шықпай, әңгіме көпшілікке мейлінше ұғынықты, ықшам айтылуы тиіс. Қосалқы сөз, артық тіркес болмауы, әңгімелеушінің айтамын дегенін жеріне жеткізіп, шағын көлемде шебер суреттелуі – парыз. Кадрдан тыс мәтін не жүргізушінің сөйлеуі көпке ұғынықты сөйлемдерге құрылғаны жөн. Бұл көрерменнің көрініс пен мәтінді есінде ұстап қалуына, әрі хабар туралы өзіндік пікір қалыптастыруына. Жүргізушінің аудиториямен жанды байланысында оның тілге жетіктігі мен майда биязы қоңыр үнді көрермендерді теледидар алдына көптеп тартады. Әрі хабарды жүргізу кезіндегі қонақтардың талғам таразысының қандай екендігінен жүргізушінің хабардарлығы да студияда жылы байланысқа негіз қалап отырады» [1]. Көрерменге экранда оқиғаны хабарлау кезінде фактілер мен теориялық тұжырымдар, салыстырулар мен дәлелдердің, көрнекі суреттердің мол болуы аудитория мен студия арасын жақындастыра түседі. Өйткені фактіні іріктеу, оны сөзбен суреттеу кезінде автордың тақырыпқа шын жетіктігі айқындалып, ашыла түседі. Көрермендер жылдар өткен сайын рухани жағынан өсіп- жетіліп, байыпты бола бастады. Журналист адаммен қарым-қатынас жасай жүріп, өмірдің таңғажайып сырларына қанығады, өзінің ой-түйсігін тереңдетеді. «Бұл журналисті байқағыштыққа тәрбиелейді, ойдан ой туғызуға көмектеседі, рухани әлемінді байытады. Маман ретінде басқа жұрттан ерекшелігіңді байқатады. Өзгелер аңғармағанды журналистің аңғаруына мүмкіндік береді» [1]. Қазіргі заманғы тележурналистикада әлеуметке ықпал ететін, көрермендерге бағыт-бағдар сілтейтін мүмкіндіктер жеткілікті. Теледидар бағдарламаларындағы ықшамдылық, өткірлік, айқындылық, маңыздылық – тележурналистикаға қойылар басты шарттар. «Қарапайым хабардың өзі телепублицистикалық үнмен естіледі, оқиғалық ақпарат қоғамдық пікірді қалыптастырады, информациялық заметка да публицистикада басқаша көрініспен танылады» [2], — дейді Е.Прохоров. Минут, сағат сайын сан саладан ағылып жатқан ақпарат тасқынында өткір де маңызды идеялар мен пікірлер жетерлік. Бізде хабар авторы елеулі проблеманы алып, соны экранға шығарғанымен де, оны тиімді, әсерлі жеткізу жолдарын іздестіре бермейді. Шағын сюжет не көлемді хабар болсын, онда тақырып өзекті, тосын, тың, маңызды болып, қоғамның мәнді проблемасын өзек етсе, әрі ол автордың тақырыпты жан-жақты аша білуімен іштей қабысса, көрермен де одан сырт қалмайды. Хабардың тақырыптық ауқымы мол, идеялық деңгейі биік, әлеуметтік философиялық мазмұны терең болуы шарт. Көркем жанрдың үлесі тек сыр шерту емес, сонымен қатар үлкен әлеуметтік, қоғамдық, тіпті бүкіл адамзаттық тақырып бойынша азаматтық үн көтеру, терең ой толғау, заман кеселін қозғау болуы керек-ті. Теледидарда «барлаушыға тән – тапқырлық, ғалымға тән – тереңдік, білгірлік, күрескерге тән – табандылық, істі ақырына дейін апара білетін алғырлық, батылдық болуға тиіс» [2]. Автор мен редактор, жүргізуші мен режиссер-оператор түсірілмек тақырыпты егжей- тегжейлі танымақ керек. Ал қолына микрофон ұстаған тележүргізуші байқау да, байыбына бару да оңай, өтіп жатқан күнделікті өмір ғой деп ойлайды. Қазіргі заман оның кейіпін көріп, біліп қоюда ғана емес, ол ұшқыр қиялға нәр беретін, әр түрлі деректердің көзге көрінуге тиіс ішкі үндестігін тап басып тануда. Бүгінгі күннің тұтас көркем суретін көңілге таңбалау, оны ақыл-ой қазанында қайнатып, экран көзіне лайықтап, шынайы картина дәрежесіне жеткізу үшін өмір тұнығына терең бойлау керек. «Сценарийде бейнелердің типтік мінездерін жасау кезінде автор өмір шындығын бұрмаламай, кездейсоқ емес, шыншыл құбылыстарды көре білуі керек. Шеберлік, ең алдымен, осыдан басталады. Сценарийдегі нақты кейіпкерлер арқылы автор белгілі бір заманның, әлеуметтік ортаның жетекші ерекшеліктерін танытуы тиіс. Кейіпкерді өмірде кездесетін түрлі қиындықты жеңу үстінде көрсетсе, кей сәттерде өмірдің көлеңкелі жағын баса суреттеуге жол беріп жатады. Өмір шындығы жаңа өмірді, жаңа көзқарасты, жаңа қарым-қатынасты орнықтыру тұрғысынан бейнеленеді» [3]. Теледидар бағдарламаларының тақырыбы жағынан өте ұнамды, ал мазмұны жағынан көрермендерге мейлінше ұғынықты болуы – экран шарттылықтарының бірі. Тақырып өмірдің өзіндегі бар құбылыстар мен әрекеттерден туындайды. «Саяси мәні бар, кезең қойып отырған міндеттерге жауап беретін, жұрттың назарын аударатын тақырыпты таңдай білу аса қажетті шарт» [4], — дейді профессор Т.Амандосов. Эфирдегі телехабардың берер тағылымы мол. Ұлттық діл, ұлттық сезім, ұлттық рух, ұлттық тәрбие, ұлттық сана, ұлттық болмыс-бітім бойымызға ананың сүтімен, әженің тілімен, ата-бабамыздың салт-дәстүрімен қалыптасса, соны дүние жүзі халықтарына бар артықшылығымен танытуда телеэкранның атқаратын қызметі ұшан-теңіз. Аға ұрпақтың өкілдері атасы мен әжесінің аңыз-ертегілерін тыңдап, олардың сөз саптау, ой құрау мәнерін көріп, таза қазақы ортада өсті. Ал соңғы кездері ұлттық орта қалалық жерлерде жоқ деуге болады. Осы тұрғыдан, жас ұрпақтың мәңгүрттену бағдарының одан әрі жалғасуын тоқтату, оларды халқымыздың рухани дүниетаным негіздерінен ажырап қалмау ісінде ақпарат құралдарының, соның ішінде теледидардың атқарар рөлі зор. Теледидар кеше де, бүгін де шын мәніндегі «тәрбиешіге» айналып отыр. Тек жастарымыздың ғана емес, ол күллі елдің тәрбиешісі болуда. Ақпарат құралдары арқылы халық санасына кез келген идеяны сіңіруге болатындығы дүниежүзілік тәжірибеде толық дәлелденді. Демек, қазақ халқының ұлттық қайта жаңғыруы, оның бірігуі, ұйысуы, мемлекеттігін нығайтуы сияқты аса күрделі құбылыстар ақпарат құралдары арқылы жете түсіндірілгені орынды. Осы бағытта теледидарға жүктелер мәдени-рухани шаралар ұшан-теңіз. Бүгінгі жас балдырған ертең еліміздің тұтқасын ұстайтын азамат болады. Көгідір экран арқылы аудиторияға хабар таратудың маңыздылығы орасан зор. Жаңа ақпарат ғасыры кезеңінде жоғары дәрежеде дамыған технологияның көмегімен, қоғамдық көңіл-күйде, қарқынды түрде эволюциялық үдеріс жүріп жатыр. Сондықтан теледидар табиғаты, тележүргізушінің қызметі қандай деген мәселенің алдыңғы кезекке шығаруы заңды болып табылады. Жаңа ақпараттық ғасыр кезеңінде электрондық бұқаралық ақпарат құралдары көпшіліктің дүниетанымын, өзіндік көзқарасын қалыптастыруда ерекше белсенділік танытып отыр. Өйткені бүгінде әлем тез өзгеріп, тез жаңаруда. Адамзат өркениетінің әлемдік даму эволюциясы жеке адамның сезіміне ақпараттың барлық түрімен әсер етуде. «Теледидар өз бойына театр мен киноның, баспасөз бен радионың сан қырын тоғыстырған синкретті өнер түрі болғандықтан, оның табиғатының да күрделілігі өз-өзінен айқындала түседі. Ол тележурналистиканың негізгі бейнелеу элементтері жанды көрініс пен дыбыс, мәнерлі сөз арқылы аудиториямен байланыс орнатады» [5]. Теледидарда көркемдік, публицистикалық сарын жалпы журналистиканың заңдылықтарынан туындайды. Телеэкрандағы хабарлардың көркемдік деңгейі, ішкі құрылымының қуаты, кіріспе сөздерден бастап шарықтау шегіне, шешім табуына дейінгі сыңарлар әрбір бағдарламаның өн бойынан көрініп отыруы тиіс. Мысалы, теледидардың әдеби-драмалық хабарларында әдебиетке тән көркемдік тәсілдер барынша еркін сақталып қолданылады. Эфирдегі көрініспен қатар естілетін не сөйленетін сөздің дыбыс мүмкіндіктеріне, дауыс ырғағына қарай құбылып, әсер, ықпалының арта түсетінін ескерсек, қойылымдардағы әдіс, тәсілдер сөздің реңін ашып, ойдың бейнелі түрде көрермендерге эстетикалық ләззат беріп, құлақтан кіріп, санаға сіңіп қалатындай көркем дүниелер ұсынуына мүмкіндік туғызады. Хабарлар тілінің шұрайлылығы, онда троптардың (эпитет, метафора, антитеза, теңеу, аллитерация, гипербола т.б) мол қолданылуы бір мезгілде көрермендердің санасына ғана емес, сезіміне де әсер етеді. Сондай-ақ теледидардың акустика мен бейнеге қатар ие екендігін ескерсек, хабардың көрерменді әсемдік әлемімен бірге тәрбиелік қасиеттерге үндейтіні ақиқат. «Тележурналисте тарих, мәдениет, ғылым туралы жүйелі ой, толымды пікір болмаса, мұның түйіні – теледидардың өз аудиториясын жоғалтуына әкеліп соғады» [6]. Көрермен сезімінде әлдеқайда көркем фильмнің қабылдануы кинотеатрдағыдан өзгеше. Талғамдық жағынан теледидарда көңіл-күйге әсер етушілік кинодағыдан үстем. Ол репродукция, фильмнің ішкі құрылымын өзгерту, көркем полотно, симфония, эстрадалық концертті қабылдау үрдісі кезінде оны «қайта жасауға» тіптен құдіретті. Теледидардың комуникативтік міндеті, оның аудиториямен тікелей қатынас кезеңінде көрерменнің түрге деген қызығушылығын тудыратындығын осыдан байқауға болады. Олардың кейбіреулері мыналар: телеқабылдау кезеңінде көпсериялылықтың бұлдыр сағым түзуі; қабылдаудағы тұрақсыздығы; ұзақтығы; деректілігі; айдар тізбектің телефильмің әсер ету тетігіне сүйенуі. Айырмашылығы, тізбек әлде айдар тақырыбына біріккен кез келген хабарлама сюжеттік жағынан тұйық әрі шексіз мүмкіндікке ие. Тәжірибеде телетізбек не айдардың ұзақтығы тақырыптың мазмұнына да қатысты. «В.Вильчек, А.Вартанов, Ю.Богомолов, Р.Копылова т.б зерттеушілер теледидардың қайталампаздық әмбебаптығын, телехабарламаның өзіндік эстетикалық маңызды алғы шарты деп бағалап, әрі теледидарды өнердің өзінен бұрынғы түрлеріне мәнерлік әсерін сезінетіндігін мойындайды» [7]. Шын мәнінде, уақыт өткен сайын теледидар көпшілікпен бірте-бірте жақындасу сатысын бастан өткеруде. Сонымен бірге экранда көрермен, шығарма және суретшінің шынайы қатынасы іштей түсіністікке ұласып, ол өзара жымдаса түсуде. Осының нәтижесінде теледидардағы айшық әрбіріміздің сырбаздық сезімімізге күн сайын өзгеше бір айқындықпен әсер етуде.

Оставить комментарий

Загрузка...