Теориялық және терминологиялық симбиоз

ХХ ғасыр Еуропада саяси антисемитизмнің кең таралуымен басталды. Мұнда буржуазиялық тәртіптің орнығу процесінен зардап шеккен «кішкене адамдар» үшін түрлі қоғамдық мерездерді таратушы капитализмнің символы, яғни жинақы көрінісі аузында үлкен сигары бар цилиндрлі жуан мырза емес, құс мұрынды өсімқор еврей кейпіндегі адам саналды. Өйткені экономикада, әсіресе, банкі ісінде ең үлкен жетістіктерге жеткен осы жұрттың өкілдері еді. Бұл жағдай өз ретінде оңшыл патриоттар мен антисемиттердің өзара ымыраға келуіне негіз болды 13 . Ресей империясында жағдай өзгеше қалыптасты. Бір жағында әлжуаз орыс буржуазиясы мен орыс оңшыл патриоттары, ал екінші жағында еврей өсімқорлары арасындағы бақталастық мұнда да, оның Түркістан сияқты аймағында да әлсіз түрде болса да байқалды 14 . Бірақ бұл қайшылық Ресейде Еуропадағыдай дәрежеге көтеріле қойған жоқ еді. Оның есесіне солшыл радикалдық көзқарастағы еврей зиялыларының белсенділігі мұнда революциялық қозғалыста анық байқалды және ол бірде­бір еуропалық мемлекетте Ресейдегідей деңгейде және ауқымда көріне алған жоқ. Оған негіз болған халықтардың экономикалық айырмашылығы, саяси және әлеуметтік теңсіздігі еді. Міне, орыс және еврей солшыл­радикал социалистерінің біріккен одағының теориялық және практикалық қызметі нәтижесінде «пролетарлық интернационализм» және «әлемдік революция» жөніндегі теорияның ресейлік варианты өмірге келді. Бұл теорияны жасаушылар қазақ сияқты халықтың белгілі бір тарихи және табиғи­географиялық жағдайында қалыптасқан ерекше күрделі өмір салтынан мүлдем хабарсыз, А.Байтұрсынұлы айтқандай, «қазақтың ісіне қатыспақ түгіл, қарасын көрмеген, атын есітпеген» өзге мәдениет пен ортаның адамдары еді. Соған қарамастан революциялық «төңкеріс болса істің бәрі өзінен өзі өзгеріп» (А.Байтұрсынұлы) кетеді деп ойлаған олар қазақ сияқты жұртты өркениет жолына салу, «бақытты ету», «қызыл­гвардиялық» шабуылмен іске асырылуға тиіс бірнеше мемлекеттік шараның үлесі ғана деп түсінді. 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық­демократиялық революциясы қазақ ұлтының қалыптасу процесінің аяқталуына жол ашатын тарихи кезеңді бастап берген оқиға­тын. Осы жылдың соңында құрылған Алашорда үкіметі бұл процестің өз логикалық соңына жетуі үшін қажет түзілген негізгі алғышарты болатын. Қазақстан пәрменді буржуазиялық дамудың қарсаңында тұрды. Ол үшін ұлттық тәуелсіздікті сақтаудың, нәтижелі экономикалық, саяси және мәдени дамудың басқа тиімді жолы да жоқ­тын. Ұлттық мүддені түйсіну, ұлт көлемінде оған қажет қоғамдық институттардың қалыптасып жетілуі, әрине, буржуазиялық, рыноктық қатынастар негізінде ғана нәтижелі жүруі мүмкін еді. Кеңестік кезеңдегі тарихшы мамандар осы шындықты түсінсе де, мойындай алмады. Бірақ большевиктерге, оның жоғарыда аталған басқарушы ядросына ұлттық мүдде де, оны қорғай алатын ұлттық мемлекет те мүлдем қажетсіз еді. Өйткені ұлттық мүдде және оны қорғауға ынталы мемлекет болған жерде большевиктік социализмге орын қалмайтыны айқын еді. Мәселе мынада. Алаш автономиясын жарияламақшы болған Алаш партиясының басшылары қазақ жерін, оның асты­ үсті байлығын ең алдымен бүкіл қазақ жұртының (империяның емес!) меншігі жариялады, қазақ жеріне ішкі ресейлік губерниялардан ағылған қоныс аударушылар толқынын тежеуге асықты, қазақ жеріндегі басқа ұлттық топтарды да қазақ елінің табиғи мүддесі мен талабын түсінуге, сөйтіп оның төңірегіне топтасуға, өзара ымыраға келуге шақырды. Ал мұндай мақсат үстемдік алған күнде, әрине, Қазақстандағы билік ең алдымен оның саяси көш бастаушысы ­ ұлттың зиялы элитасына өтуге тиіс­тін. Ал патриоттық позициядағы зиялылар мен ұлттық буржуазияның билікке келуі, әрине, капиталистік дамуға жол ашатындығы сөзсіз. Өз ретінде капиталистік жол ұлттық дамуға кедергі деп әлемдік тәжірибеден хабардар адам айта алмаса керек. Сонымен бірге Алаш бағдарламасымен таныс кісі оның байлар меншігі мен мүмкіндігін шектеуге ынталы болғандығын мойындауға тиіс, яғни Алаштың әлеуметтік мәселелерді де шешуге ұмтылғандығы анық және бұл жағдай оның демократиялық мазмұндағы күш болғандығының көрінісі. Қорыта айтқанда, кеңестік билік Қазақстандағы басшылыққа қалыптасып қалған ұлттық элитаны саналы түрде жібермеді. Сондай­ақ бұл шешімге келе отырып, ол тек еңбекші бұқараның таптық мүддесін ғана негізге алды деп айту қарабайырлыққа ұрындырар еді. Мәскеулік орталық Қазақстан сияқты кең де бай өлкедегі саяси билікті тәуелсіз пікірімен көрініп үлгірген, халық арасында беделді, яғни оны соңына ерте алатын ұлттық саяси элитамен бөлісуден қаймықты. Яғни өзінің негізгі мақсаты халық бұқарасының өмірін түбегейлі өзгерту екендігін кең, ресми түрде мәлім еткен большевиктер бұл мақсатына сол халықтың бел ортасынан шыққан, оның мұң­мұқтажынан жақсы хабардар ұлт зиялыларынсыз­ақ жете алатындықтарына сенімді еді. Басқаша айтқанда, большевиктік билік, Байтұрсынұлы дәл көрсетіп жазғанындай, қазақ бұқарасымен арадағы көпір қызметін атқара алатын ұлт зиялыларын көп ойланбастан ысырып тастады да, кең ауқымды реформаларға кірісіп кетті. Ал осы реформалық шараларды жергілікті коммунистер Қазақстанға партияның орталық комитеті жіберген Голощекиннің басшылығымен іске асыруға тиісті болды. Тура осындай басшылық жасау үшін Өзбекстанға Зеленский, Түркменстанға Аронштам сияқты «әмбебап» большевиктер жіберілді. Кеңестік биліктің Қазақстанда шаруашылық, әлеуметтік және мәдениет салаларындағы реформалық шаралардың өзара тығыз байланыста, логикалық тұрғыдан жүйелі, есеппен жүргізілгендігін, сондай­ақ олардың жергілікті халықтың табиғи түпкілікті мүдделері мен құндылықтарын ешқандай да есепке алмағандығын ескерсек, бұл реформалық шараларды тоталитарлық жүйенің табиғатынан міндетті түрде туындауға тиіс құбылыстарға жатқыза салу ағаттық болар еді. Ал барлық өмір салаларын қамтыған реформалардың дерлік бір мезгілде ұлттың басқарушы элитасын жаппай репрессиялауға ұласуы, яғни әлеуметтік және мәдени реформалар мен саяси репрессия саясатының өзара ұштасуы, бұл кең ауқымды мемлекеттік шаралардың қатар жүруі, бірін­бірі толықтыруы, әрине, қоғамдық өмірді тез арада қайта құруға ынтыққан большевиктік «қызыл­гвардияшыл» энтузиазмның «күнәсіз» салдары ғана емес­ тін. Біздің пікірімізше, мәселені тек тар таптық мүддемен ғана шектеу жетімсіз, мұндай көзқарас оның басқа да себептерін көруге кедергі жасамақ. Коллективтендіру және отырықшыландыру деген жамылғымен ұлттың дәстүрлі шаруашылығын күйрету, езуші таптар мен буржуазиялық ұлтшылдармен күрес науқаны арқылы халықтың тәуелсіз рухын сындыру, сөйтіп жұрттың жартысына жуығын қолдан жасалған аштық арқылы қырып, біразын босқынға айналдырып, ал тірі өз атамекенінде қалған бөлігінің ішкі сенімі мен жігерін құм етіп, оның орнына тобырлық психология орнықтыру — міне, осының бәрін алдымен «жеке тұлғаның», сонан соң «жеке партияның», ең ақыры «тоталитарлық жүйенің» қателігіне немесе асыра сілтеу саясатына жатқыза салу тым қарабайырлау, «ақ көңіл, аңқау» елді іс біткен соң енді «күнәсіз» теориялық тұжырымдармен адастыру, алдарқату емес пе? Осы арада «советтік билік», «коммунистік партия» сияқты терминдерді ауыстырған «тоталитарлық жүйе» деген ұғым жөнінде ойлануға тура келеді. Бұл термин бұдан бұрын кең қолданыста жүрген «жеке тұлғаға табыну», «коммунистік партияның диктатурасы» сияқты терминдердің орнын басқан модадағы сөз тіркесі. Маған осы араларына уақыт салып бірін­бірі ауыстырып отырған жаңылтпаш сияқты сөз тіркестерінің арғы жағында әлі де айтылмай, өз кезегін күтіп, жария етуге тиіс жаңа тұжырымдар жатқандай көрінеді де тұрады. Ымырасыз ғылыми ізденіс нәтижесінде емес, белгілі бір конъюнктуралық идеологиялық мақсаттарды көздеу нәтижесінде өмірге келген бұл терминдер Кеңестер Одағы, соның ішінде Қазақстан тарихында орын алған жалпыхалықтық трагедияға кінәлі жеке адамдар мен саяси топтарды нақты жіктеп көрсетуге қызмет ете алмайды, қайта оларды бүркемелеп жауып тұрғандай сыңай танытады. Яғни бүгінгі таңда зерттеуші ғалымдардың алдында тұрған іргелі міндеттердің бірі 20­30­жылдардағы Қазақстан трагедиясын жобалаушы және оны іске асырушыларды мүмкін болғанша нақты жіктеп, аттарын атап көрсету болса керек. Сол арқылы ғылым «тоталитарлық» аталатын жүйенің нақты қандай топтар мен құндылықтарға қызмет жасағандығын түсіндіріп бере алады.

Читайте также:  Патшалық Ресейдің Іле сұлтандығын басып алуы

Оставить комментарий