Тіл лингвистикасы және сөйлеу лингвистикасы

Тіл туралы ғылымның тіл қызметін зерттеумен айналысатын білім саласындағы тиесілі орнын анықтаған кезде, біз жалпы, лингвистиканың да орнын анықтаймыз. Сөйлеуге қатысы бар басқа элементтердің барлығы, әрине, осы ғылымға бағынады және сол бағынудың арқасында лингвистиканың барша бөліктері өзіне лайық орынды иеленеді. Мысал ретінде сөйлеу үшін қажет болатын дыбыстардың жасалуын қарастырайық. Морзенің әліпбиіне рәміздерді жеткізіп тұратын электр аппараттарының қатысы болмайтыны тәрізді, тілге де барлық сөйлеу мүшелерінің қатысы жоқ. Фонацияның, яғни акустикалық бейнелердің жүзеге асуы, олардың жүйесіне ешқандай әсер етпейді. Бұл тұрғыда тілді нақтылығы орындау әдісіне тәуелсіз болатын симфониямен салыстыруға болады; оны орындаған кезде музыканттардың қателесуі мұндай нақтылыққа еш қанадай зиян келтіре алмайды.

Фонация мен тілдің осылайша жіктелуіне қарсы шығып, тілдің тағдырына әсері бар фонетикалық трансформацияны, яғни дыбыстардың өзгеріске ұшырауын алға тартуға болар еді. Шынында да, тіл осы құбылыстарға тәуелді болмай өмір сүре алады деуге хұқымыз бар ма? Әлбетте, өйткені, мұндай құбылыстар сөздердің материалды субстанциясына ғана әсер ете алады. Егер таңбалар жүйесі болып табылатын тілге олардың әсері тиер болса, ондай әсер жаңама түрде, яғни өзгерген таңбаларды түсіндіру арқылы ғана жүзеге асады, ал мұндай құбылысқа ешқандай фонетикалық сипат тән болмайды. Мұндай өзгерістердің себептерін іздеу қызығушылық туғызуы мүмкін, оған дыбысты зерттеу септігін тигізеді, бірақ мәселе басқада: тіл туралы ғылым үшін, дыбыстық өзгерістерді тіркеп, олардың салдарын анықтау да жеткілікті болады.

Біздің фонация туралы пікіріміздің сөйлеудің басқа да құрамдас бөліктеріне қатысы бар. Тілге қатысы болған соң, лингвистикада өз орны бар бүкіл пәндер жиынтығы, сөйлеушінің әрекетін зерттеуі тиіс. Сонымен, тіл қызметінің зерттелуін екіге бөліп қарауға болады; оның бірінің, негізгісінің, пәні — тіл, яғни, жеке адамға тәуелсіз және мәні әлеуметтік нәрсе; бұл таза психикалық ғылым; екіншісі онша маңызды емес, оның пәні — тіл қызметінің жеке адамға қатысты қыры, яғни фонациясы бар сөйлеу; ол психофизикалық болып саналады.

Читайте также:  ОРТА АЗИЯ МЕН ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНА ИСЛАМ ДІНІ ТАРАЛУЫ

Әрине, бұл екі пән өзара тығыз байланысты және бірге өмір сүреді: тіл — сөйлеу түсінікті әрі тиімді болу үшін қажет; ал сөйлеу тілдің қалыптасуы үшін керек; тарихи тұрғыда сөйлеу фактісі әрқашан тілден бұрын болады. Ұғым мен сөз бейнесінің байланысы бұрын сөйлеуде болмаса, ол қалай пайда болуы мүмкін? Екіншіден, басқаның сөзін тыңдай жүріп қана, біз ана тілімізді игере аламыз; тек сансыз тәжірибенің нәтижесінде ғана біздің көкейімізге тіл қонады. Ең бастысы, тілдің дамуы сөйлеу құбылыстарына негізделуі: біздің тіл машығымыз басқаларды тыңдаудан алған әсерден өзгеріп отырады. Сонымен, тіл мен сөйлеудің арасындағы өзара тәуелділік анықталады: тіл бірмезетте сөйлеудің құралы және өнімі. Бірақ бұл жағдай тіл мен сөйлеуге екі мүлдем бөлек нәрсе болуға кедергі жасамайды.

Тіл ұжымда әркімнің миында із қалдыратын таңбалар түрінде, көптеген адамдардың қолындағы даналары бірдей басылған сөздік тәрізденіп өмір сүреді. Яғни, бүл әркімде бар, сондай­ақ бәріне ортақ және иелерінің еркінен тыс болатын нәрсе. Тілдің осылай өмір сүру модусын мынадай формула арқылы көрсетуге болады: 1+1+1 + 1…. = 1 (ұжымдық үлгі) Алайда, бұл ұжымдағы сөйлеудің көрінісі қандай болмақ? Сөйлеу — адам айтатын сөздердің жиынтығы; оған кіретіндер: а) сөйлеушінің еркіне тәуелді жеке комбинациялар; ә) сөйлеушінің еркіне тәуелді және осы комбинацияларды жүзеге асыру үшін қажетті фонация әрекеттері. Демек, сөйлеуде ешқандай ұжымдық сипат болмайды: оның көріністері жеке әрі әп­ сәтте, яғни, шұғыл болады; мұнда формулада көрсетілген жеке жағдайлардың қосындысынан басқа ештеңе де жоқ: (1 + 1′ + 1» + 1′» +…). Осындай пайымдардың барлығын екшей келе, тіл мен сөйлеуді бірге қарастыру қисынсыз болар еді. Тіл қызметі тұтас алғанда тануға келмейді, өйткені ол біртекті емес; ал біздің ұсынатын анықтаулар мен бағыныштылық (subordination), бәрін де түсіндіре алады. Тіл қызметінің теориясын жасауға кіріскен сәттегі жолығатын бірінші дихотомиямыз осындай. Екі жолдың бірін ғана таңдап алып, екіншісіне қарамастан жүре беру керек; бір мезгілде екі жолмен жүре алмаймыз. Тіпті болмаса, осы екі пәнде де лингвистика деген атауды сақтап, сөйлеу лингвистикасы деуге болар еді. Бірақ оны жалғыз нысаны тіл болып табылатын шын мәніндегі лингвистикамен шатастыруға болмайды. Біз болсақ, осының тек соңғысымен ғана айналысамыз және кей­кейде баяндау барысында сөйлеуді зерттейтін саладан түсініктемелер алуға мәжбүр болсақ та, ешбір жағдайда екі саланы бөліп тұрған межені өшірмеуге талпынамыз.

Читайте также:  КӨШПЕЛІЛЕРДІҢ ШЕКАРАЛЫҚ СТРАТЕГИЯСЫ

Оставить комментарий