Бір халықты басқа халықтан айыратын басты ерекшелігі — тілі болып табылады. Тілдің ұқсастығы мен бір-бірінен алшактығына қарап, бір халық пен екінші халық арасындағы ертедегі тарихи байланысының бар-жоғын, шығу тегінің жақын-алыстығын т.б. байқауға болады. Жер шарындағы халықтар 2000-нан астам тілде сөйлейді. Дүние жүзіндегі осы тілдер өздерінің жақындығына байланысты 10 үлкен тілдік топқа бөлінеді. Сонымен катар 10 тілдік топпен туыстығы жоқ жеке тілдер, тұтас континенталды тілдер де кездеседі. Мысалы, Америка үндістерінің тілдері әлі де толық жүйеленбеген. Олар өз ішінде 7 тіл тобына бөлінеді дейтін пікір бар. Ал Сібірдің аз халықтарын тіл тобына біріктіру қиын, олар бір-біріне жақын орналасқанымен оқшау тілдерде сөйлейді. Сол себепті чукча, коряк, эскимос, алеут тілдері шартты түрде бөлек топ ретінде қарастырылады. Сонымен бірге юкагир, нивхы этностары өз бетімен тілдік кестеге енеді.
Енді ірі тілдік топтарға келейік. Бірінші ең үлкен тіл тобы — үндіеуропалық деп аталады. Өз ішінде ол германдық, романдық, үнділік, ирандык, славяндық, т.б. топтарға бөлінеді. Бұл тіл тобына жеке тілдер албан, грек, армян тілдері де енеді. Бүкіл әлем халқының 45%-ы үндіеуропа тілдерінде сөйлейді, солардың ішінде әсіресе көп тарағаны ағылшын тілі.
Орал тіл тобына — әлем халықтарының 5%-ы ғана, көбінесе Сібірдің, Еділ бойының, Орал тауларының халықтарының тілі кіреді. Орталық Еуропада тұратын мажар (венгр), солтүстікте Балтық бойын мекендеген эстондықтар да осы тіл тобына жатады. Бір қызығы Еуропада тұратын мажарлар мен Сібірді мекендеген ханты, мансы тілдері бір-біріне өте жақын. Әлемдегі ірі тіл топтарының ішіне қытай-тибет тілдері енеді. Олар үндіеуропалықтардан кейін екінші орын алады.
Біздің тіліміз алтай тіл тобына жатады. Қазақ тілі алтай тіл тобы түркі тілдері қыпшақ бұтағының қыпшақ-ноғай тармағына жатады. Қазақ тілі жеке диалектіге бөлінбейтін біртұтас тіл. Бұл тіл тобына енетін халықтар Балқан түбегінен бастап Солтүстік Мұзды мұхитқа дейін мекендейді. Әлем халықтарының 6%-ы алтай тіл тобына кіретін түрік, монғол, тунгус тілдерінде сөйлейді. Алтай тобына жалон, корей тілдері де туыс болып саналады. Афразия немесе семит-хамит тіл тобында сөйлейтіндер алтай тілдеріне қарағанда азырақ, әлемнің 5%-ын ғана құрайды. Бұл тілдерде араб, еврей, бербер т.б. елдер сөйлейді. Бірақ тілдік туыстық қатынастардың достыққа кепіл болмайтынын осы тіл тобына жататын арабтар мен еврейлер арасындағы соғыстардан көреміз. Австронезия тілдері Мадагаскар аралынан бастап Гавайға дейінгі Үнді, Тынық мұхит аралдарының халыктарын қамтиды.
Африканың солтүстік бөлігінде семит-хамит тілдері тарағанын айттық, ал Сахара шөлінен оңтүстікке қарай кара түсті этностар үш тіл тобына бөлінеді: нигер-кардофан, нил-сахара және койсан. Соңғысы Оңтүстік Африканы мекендеген бушмен және готентоттардың тілі. Олар әлі де терімшілік, аңшылықпен өмір сүреді. Австралия тіл тобына осы құрлықта мекендейтін жүздеген ұсақ кауымдар кіреді. Лингвист-ғалымдар тіл топтарының арасында өзара туыстық бар деп есептейді. Мысалы, Америка үндістерінің тілдері Орталық Азияны мекендеген түрік-монғол этностарының тілдеріне ұқсас делінетін ғылыми мақалалар жарияланды. Бір табиғи-географиялық аймақта бірнеше тілдерде сөйлейтін ұлттардың мекендеуі де мүмкін.