Тіл қызметі құбылыстарындағы тілдің алатын орны

Тіл қызметіндегі құбылыстардың барлық жиынтығындағы тілге лайықты саланы анықтау үшін, сөйлеу қарым­қатынасының жеке әрекетін зерттеу қажет. Толық қарым­ қатынас жағдайы болу үшін, мұндай әрекетке кем дегенде екі адамның қатысуы керек.

Сөйлеу қарым­қатынасы әрекетінің бастапқы нүктесі сөйлеушінің біреуінің, мысалы А­ның миында орналасады, мұнда біз оларды «ұғым» деп атайтын сана құбылыстары, ұғымдарды жеткізіп тұратын тілдік таңбалардың түсініктерімен немесе акустикалық бейнелерімен ассоциация құрайды. Мысалы: белгілі бір ұғым мида өзіне сай акустикалық бейне туғызады — бұл таза психикалық құбылыс, одан соң физиологиялық процесс басталады: ми сөйлеу мүшелеріне бейнеге сәйкес келетін импульс жібереді, кейін дыбыс толқындары А­ның аузынан В­ның құлағына жетеді — бұл таза физикалық процесс. Әрі қарай қарым­қатынас процесі В­да жалғасады, бірақ ол кері бағытта жүреді: құлақтан миға қарай — акустикалық бейненің физиологиялық берілуі; мида — осы бейненің өзіне сай ұғыммен психикалық ассоциация жасалады. Өз кезегінде В сөйлеген кезде, осы сөйлеудің жаңа әрекетінде жоғарыда айтылған жол дәлме­дәл қайталанады, ­ В­ның миынан А­ның миына қарай сөйлеу аталған фазалардан өтеді.

Бұл талдау толық талдау болуға таласпайды. Бұған қоса таза акустикалық сезінуді, мұндай сезінудің жасырын акустикалық бейнеге барабарлығын, фонация мен сөйлеуден және т.б. ерекше қимыл бейнесін де көрсетуге болар еді. Алайда біз тек маңызды деп есептелген элементтерге назар аудардық; біздің сызбамыз физикалық элементтерді (дыбыс толқындары), физиологиялық (сөйлеу, фонация және тыңдау) және психикалық (сөз бейнесі мен ұғымдар) элементтерден бірден айыруға мүмкіндік береді. Бұл жерде сөз бейнесінің айтылыммен сай келмейтінін және ол ассоциацияға түсетін ұғым сияқты психикалық болатынын атап өту керек.

Жоғарыда көрсетілген сөйлеу әрекетін мынадай бөліктерге бөлшектеуге болады: а) сыртқы бөлік (ауыздан құлаққа баратын дыбыстардың тербелісі) және басқалардың бәрін қамтитын ішкі бөлік; ә) психикалық бөлік және психикалық емес бөлік, бұлардың екіншісі сөйлеу мүшелерінде өтіп жатқан физиологиялық құбылыстарды және адамнан тыс болатын физикалық құбылыстарды қамтиды; б) актив бөлік және пассив бөлік: сөйлеушінің ассоциация туғызатын орталығынан тыңдаушының құлағына жететіннің барлығы — актив, ал тыңдаушының құлағынан оның ассоциация туғызушы орталығына баратындардың барлығы пассив болады. Сонымен, мидағы психикалық бөлікте орналасатын барлық актив нәрсені (Ұ → Б) экзекутивті, ал пассив нәрсені (Б → Ұ) рецептивті деп атауға болады. Бұларға өзара байланыс жағдайында болатын таңбаларды зерттеу кезінде байқалатын ассоциация және координация жасау қабілетін де қосу керек; тілдің жүйе ретінде ұйымдасуында нақ осы қабілеттің қызметі ерекше зор болады. Бірақ осы қызметті дұрыс пайымдау үшін, тіл қызметінің өзегі ғана болып табылатын сөйлеу әрекетіне жеке құбылыс ретінде қарамай, әлеуметтік құбылыс ретіндегі тілге көшу қажет болады. Жоғарыда көрсетілген сөйлеу тәсілі арқылы қарым­қатынас жасайтындардың барлығында да болмай қоймайтын белгілі бір біркелкілік жүзеге асады: олардың бәрі де бірдей түрде болмаса да, шамамен бірдей таңбаларды бірдей ұғымдармен байланыстырып қайталайды.

Читайте также:  Тарихи ойлаудың салыстырмалылығы

Мұндай әлеуметтік «кристалданудың» себебі қандай? Сөйлеу әрекетінің қандай бөлігі оған жауапты болуы мүмкін? Оған олардың барлығы да бірдей қатыспауы мүмкін ғой. Физикалық бөлікті бірден сызып тастауға болады. Өйткені біз бейтаныс тілде айтылған әңгімені тыңдағанда дыбыстарды естиміз, бірақ айтылғанды түсінбеген соң, ол біз үшін, әлеуметтік факт бола алмайды. экзекутивті қырының тіпті де қатысы жоқ, өйткені ұжым сөйлеудің жүзеге асуына ешқашан да қатыспайды; ол әрқашан жеке болады және бұл жерде бәрін тек жеке адам ғана шешеді; біз мұны сөйлеу деп атаймыз.

Сөйлеушілерде шамамен ұқсас психикалық бейнелердің қалыптасуын рецептивті және координативті қабілеттердің қызметі негіздеп тұрады. Тілдің басқадан ерекшеленуі үшін, мұндай әлеуметтік өнімді қалай елестетуге болады? Егер біз барша адамдарда жиналған сөздік бейнелер жиынтығын қамти алатындай болсақ, онда біз тілді жасап тұрған әлеуметтік байланысқа да жолығушы едік. Тіл — сөйлеу тәжірибесі арқылы бір қоғамдық ұжымға кіретін барлық адамдарда болатын қазына, ол — әркімнің миында виртуальды түрде болатын грамматикалық жүйе, нақты айтсақ, жеке адамдар жиынтығының миындағы грамматикалық жүйе, өйткені тұтас тіл бір адамның бойында өмір сүрмейді, ол тұтас күйінде тек ұжымда ғана өмір сүре алады. Тіл мен сөйлеуді ажыратқанда біз: 1) әлеуметтікті — жекеден; 2) маңыздыны — қосымша мен кездейсоқ нәрседен ажыратамыз. Тіл — сөйлеушінің қызметі (fonction) емес. Тіл — сөйлеуші пассив түрде тіркеуге алатын дайын өнім; ол ешқашан әдейілікті көздемейді және онда саналы түрде жіктелім қызметі ғана жүзеге асады; ол туралы төменде әлі айтылады. Керісінше, сөйлеу — ақыл мен еріктің жеке әрекеті болады; бұл әрекетте мыналарды ажырата білу қажет: 1) сөйлеуші өз ойын білдіру мақсатында қолданатын тілдік кодтың (kode) комбинацияларын; 2) осы комбинацияларды көрсетуге мүмкіндік беретін психофизиологиялық механизмді.

Читайте также:  Объект және оның тағдыры

Біз сөздерді емес, заттарды анықтаумен айналысатынымызды айта кету қажет; сондықтан біздің анықтаған өзгешеліктеріміз әртүрлі тілде өзара толық сай келмейтін кейбір екі ұдайы терминдерден ешқандай зардап шекпейді. Мысалы, немістің Sprache француздың Langue «тіл» және langage «тіл қызметі» дегендерге сай келеді; нем. Rede франц. parole «сөйлеу» дегеніне біршама жақын; бірақ нем. Rede­сінде қосымша мағына бар: «шешендік сөз» (= франц. discours); лат. sermo — langage «тіл қызметі» және parole «сөйлеу» дегенді білдірсе керек, ал lingua — langue «тіл» және т.б. білдіреді. Жоғарыда анықталған ұғымдардың ешқайсысына да дәлме­дәл сай келетін сөзді көрсету мүмкін емес, сондықтан сөздерді анықтаудың ешқандай пайдасы да жоқ; заттарды анықтағанда сөздерді негізге алған жарамайды.

Оставить комментарий