Тіл және жазу мәдениеті

Адамзат жазуының пайда болуы — мәдениет тарихындағы шешімін таппаған мәселенің бірі. Алфавиттік жазудың пайда болуы адамзат мәдениетінің дамуындағы ортақ сипаттарды да анықтай алады. Өйткені әр түрлі тілдердің кез келген сөзін хатқа түсіріп оқуға мүмкіндік туғызған алфавиттік жазу, бірте­бірте ғаламдық ақпарат таратушы құралға айналды. Жазудың пайда болуын зерттегенде анықталатын мәселелер: алғашқы жазу үлгілерінің сипаты мен қызметі, тарихи қалыптасу кезеңі мен жазуға (таңбаға) негіз болған факторлар. Жазу тарихын зерттеудің күрделілігі М.Коэнның мына бір сөздерінен аңғарылады: «Даже если бы в нашем распоряжении было значительно больше документов по древнейшей истории письма, следовало бы воздержаться от проникновения во мрак его происхождения». 1 Тіл — «құдыретті сый» ретінде бағаланған орта ғасырлық кезеңде діннің ықпалы өте күшті болған. Інжіл мен Құранда айтылғандай, адамды жаратқан Жаратушы болса, заттарға атау беретін адамның өзі. Библия аңызында Бабыл тұрғындары Аллаға жету үшін зәулім мұнара тұрғызбақ болады. Сол үшін олар құдайдың қаһарына ұшырап, ортақ тілдерінен айырылады. Бірін­бірі түсіне алмайтын хәлге жеткен соң, олар жер­жерге бытырап, өзара жауласа бастайды. Сонымен, «кедей байға, бай құдайға жетсем» деген мұндай астамшылық әділетсіз Бабыл мемлекетінің түбіне жетеді. Басқа бір аңызда Бабыл мемлекетінің күйреуіне терістіктен келген беймәлім жауынгер халық себеп болады. Оларды сипаттағанда: «…оларда сөз (жазу?) бар» делінген. Этимологиялық талдау арқылы әуелгі тілді қалпына келтіру — адамзаттың ежелгі арманы. Философия ғылымында «әуелгі затты не идеяны» анықтау тәрізді, «әуелгі тіл» туралы Демокрит мынадай пікір айтқан екен: «… заттарға есім тағу алғашқы қауым кезінде пайда болды. Атау үшін «символдар» қолданылды, бірақ адам баласы жер бетінде шашырап жүргендіктен, әр түрлі тілдер қалыптасады». Антикалық дәуірде грек әріптері былайша сипатталған: r дыбысы қозғалысты, қимылды бейнелейді, тілдің дірілінен пайда болған әріп, ал l — керісінше, жұмсақ айтылады, судың ағысын т.с.с. бейнелейді. Грек софыларының дыбыс пен әріпке қатысты пікірлері осындай арнада дамып, кейін римдық грамматикалық мектепте жалғасады. Таңба негізіне қоршаған ортадағы заттар алынған. Нақты заттың бейнесін көз алдына елестету, уақыт өте келе оның сүлбесін тегіс жерге таңба түрінде түсіру, кейін оған сакральды қасиет тану. Сол сенімге сәйкес оларды түрлі магиялық, анимистік не тотемдық ритуалдарда қолдану — таңбаның (символдың) пайда болу жолы. Адамзат тарихында соқыр наным мен табынудың нысанына айналған таңбалар аса көп емес екен. Ең көне деген таңбаларда бейнеленетіндер — жарық пен жылу көзі болып табылатын Ай мен Күн, адамға қажет жан жануар әлемінің өкілдері. Ежелгі суреттердің (пиктографиялардың) магиялық қызмет атқаруы, олардың абстрактылық мәніне байланысты деп білеміз. Болмыстың нақты заттары туралы (дене мүшесі, аспан, тау, су, ағаш, Күн, Ай, жер, құс т.б.) нақты немесе ауыспалы ұғымдар таңбаның семантикалық негізіне алынған. Сондай ­ақ, абстрактылық мәнге ие болған таңба адамға қатысты белгілі бір іс­әрекетті не процесті де белгілеген. Мысалы, жүру, бару, келу, туу, өлу, аң аулау, үй салу т.б. Әрине, пиктографиялық немесе идеографиялық жазудың хабар жеткізу мүмкіндігі шектеулі болған. Олар сөздердің фонетикалық болмысы (айтылуы) туралы мәлімет бере алмаған. Адамзат тарихындағы жазулар — идеографиялық, силлабикалық және алфавиттік деп бөлінеді. Идеографиялық жазуда әр таңба жеке сөзді белгілеп тұрады. Кейін сөзді белгілі бір таңба арқылы жеткізетін логограммалар пайда болады. Онда да сөз толық бейнеленбей, силлабикалық (буын) белгілері, негізінен, дауыссыз дыбыстардан құралады. Ең көне жазу үлгілері: египет жазуы — 6 мың, шумер, элам, протоүнді — 5 мың, крит, қытай — 4 мың, майя — 3 мың жыл бұрын пайда болған екен. Олардың ішінде жақсы зерттелгендер: көне египет, шумер және қытай жазулары. Силлабикалық жазудың әр таңбасы дауыссыз дыбысты таңбалайды, дауыстылар белгіленбейді. Алфавиттік жүйеде кез келген таңба нақты дыбысты бейнелеп тұрады. Латын таңбалары негізінде жасалған алфавиттерде бір дыбыс бірнеше әріптермен бейнелене алады. Ол бір кездегі консонантты буындық жүйенің, яғни таңбалардың символдық табиғатының қалдығы болса керек. И.М.Дъяконовтың пікірінше, пиктография — ойды қашықтыққа жеткізуде қолданылған тәсілдің бірі болған. Бірақ, ол ойды жеткізе алғанымен, мұндай жазу тіл туралы ешбір мағлұмат бере алмайды. Сондықтан оны толыққанды жазуға жатқызуға болмайды, өйткені ой мен таңбаның байланысы нақты емес. Логограмма сөздің графикалық белгісі болса, идеограмма — ұғымның белгісі.

Тіл білімінде ұғымнан сөздің пайда болуы, сондай­ақ кейбір ұғымның жазудағы таңбамен тікелей байланысы мойындалады. Бірақ, сөз бен таңбаға келгенде әр түрлі пікірлер айтылады. Тіл — белгілер (таңбалар) жүйесі деп танылған соң, белгі көбіне абстрактылы мәнде ұғынылады. Оның нәтижесінде кез келген сөз, дыбыс, қимыл, сөйлем, нышан, қасиет, көрініс, түр­түс таңбалық табиғаты бар құбылыс ретінде анықталады. Нақтылы көрінісі берілмеген соң, тілдік белгінің полисемантикалық табиғаты туралы тұжырым жасалған. Н.Я.Марр және И.И.Мещаниновтың теориясында жазба тілі ауызекі тілден бұрын не бір тарихи кезеңде пайда болады­мыс. Оның негізіне магиялық қасиетке ие болған «қимыл тілі» алынады. Бұл ілімді Чжан Чжен­мин, Ч Лоукотка т.б. ғалымдар құптаған. Әрине, бұл ілім дәлелсіз айтылған көптеген жорамалдардың бірі. Өйткені ауызекі тілсіз өмір сүрген бірде­бір тайпаны не қауымды адамзат тарихы білмейді. Ежелгі Шумер, Мысыр өркениетінің жазуы негізінде логографиялық жазудың моногенезі туралы болжам жасалған. Пиктографиялық жазу алфавиттік жазуға негіз болған. Сондай­ақ, пиктографиялық жазудан басқа да символдық белгілерге — ежелден келе жатқан математикалық және астрономиялық белгілер, рулар мен тайпалардың тамғасы, иелікті білдіретін ен­таңба, шеберлер мен ұсталардың мөрі, діни­магиялық белгі, ақшаға басылатын таңба т.б. жатқызылған. Біздіңше, бұл аталған таңбалардың табиғаты әр түрлі, мысалы, рулық таңбалар және математикалық символдар. Сондықтан оларды бірге қарастыруға болмайды. Лингвистикада жазба тіл мен ауызекі тіл бірге қарастырылып жүр. Жазба тілге қатысты мәселе орфография, текстология, мәтіннің контекстік мағынасын зерттеу деп ұғынылып, жазудың өзіндік табиғаты мен жүйесі ескерілмейді. Жазу мен тілдің психофизикалық қырларын анықтауға арналған зерттеуді XX ғ. басында Бодуэн де Куртене жүргізген екен. А.Артимович, Г.О.Винокур, В.В.Виноградов, Л.В.Щерба, т.б. ғалымдар жазба тілі мен ауызекі тілді жеке қарастырғаны белгілі. Бірақ, олардың нақты деректерге негізделген зерттеулері жоқ. Шетел лингвистері, мысалы, А. Макинтош, Дж. Маклохлин жазуды ойдың символы ретінде таныған. Ф.В.Хаусхолдердің айтуынша кез келген әдеби тілдің дамуына «протожазудың» әсері болады. Ондай әсер сөздердің оқылу кезінде байқалады. Й.Вахек, Т.М.Михайлова, А.А.Леонтьев жазба тілінің өзіндік табиғаты болады деп есептеген. Бірақ тілдің жазба формасын бөлек зерттеуге қарсы шыққан тілшілер де болған. Мысалы, Л.Завадовский, Р.Якобсон, М.Халле, В.Мотш, АМартине т.б. Жазудың пайда болуы мен оның ойлаумен арақатынасы туралы ғалымдар әр түрлі пікір айтып, ой мен таңба арасындағы байланысты «ой — тіл — жазу» түрінде көрсеткен. Және жазу мен ойдың, таңба мен ұғымның тікелей байланысы тек пиктографиялық және идеографиялық жазуға тән болатыны анықталды. Өйткені пиктографиялық жазуда тілдік форма берілмейді. Ол, алдымен — ойды, бейнені және түсінікті жеткізуге бейімделген жазу үлгісі. Сонымен, ежелгі таңбалар мен жазулардың табиғаты мен шығу тарихы туралы ғылымда бірізді пікір жоқ. Таңбалардың шығу тарихына байланысты анықталатын ең маңызды мәселені тілдің онтологиясымен байланыста шешу қажет. Жазу, яғни таңбалар мен әріптер, ең алдымен, ойдың көрінісі. Бірақ қалыптасқан пікір бойынша, тілдің үздіксіз даму барысында дыбыстық тіл пайда болады. Кейін дыбыстардан ұғымға негізделген күрделі атаулар жасалады. Сөзді хатқа түсіру қажет болғанда, таңбалар жасалады. Дегенмен бұл жалпыға аян стереотиптік схеманы қайта қарау қажет болады. Себебі тілдің табиғаты бұл схемадан әлдеқайда күрделі және оны негіздеп тұрған факторлар толық анықталмаған. Біздің ойымызша, ондай факторларға мыналарды жатқызуға болар еді: а) ұғым; ә) сан жүйесі; б) абстрактылық мәндегі таңба. Сөздің пайда болуына осы үш негізгі фактордың ықпалы болған деп білеміз. Адамзат тілінің дамуын үздіксіз эволюция деп қарастыратын қарапайым түсінікте, дыбыстық тілдің приоритеті сөзсіз мойындалады. Бірақ тілдегі көптеген сөздердің табиғаты мен жазу таңбаларының ықпалы мұндай түсінікті жоққа шығарады. Кез келген халық өз жазуын ойлап таппайды, дайын жазу үлгісін пайдаланады деген пікір бар. Дегенмен, түркі халықтарының көне «руникалық» жазуының табиғаты (генезисі) толық зерттелмегендіктен, ол жағы белгісіз. Сондықтан, түркі тілінің тарихи дамуы, тіларалық қатынастары, ұғымдық концептер мен таңбалардың рольі палеография, тіл палеонтологиясы, семиотика, этнолингвистика, лингвокультурология, тарихи грамматика, тіл философиясы салаларында зерттелуі қажет. О.Сүлейменовтің «Язык письма» деген еңбегі — адамзат тілінің тарихын тым әріден бастаса да тілдің онтологиясы мен табиғатына, фонетикалық құбылыстарға, таңбалардың семантикасына қатысты күрделі мәселелерді қамтитын құнды зерттеу.

Читайте также:  ҚАЗАҚ БИЛЕРІ ТӘЖІРИБЕСІНІҢ ҚАЗІРГІ ЗАМАНДА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУЫ

Тілдердің ажырамай тұрған кезеңіне ой жүгірткен автор, ежелгі таңбалардың абстрактылық мәнін арқау етіп, адамзат тілінің дамуында болған тамырластық пен сабақтастықты көрсете білген. Бұл күнде қазақ тілінің тарихын зерттеушілер орта ғасырлық кезеңдегі тілдік деректерден аса алмай жүрген сияқты. Тіліміздің ең көне деген үлгісі туралы баяндағанда, жазба ескерткіштің деректері, басқа да көне жазу үлгілері, түркі халықтары мен қазақтың ауызекі тіл үлгілері кең қолданыс табады. Түркі­қазақ филологиясында XIV­XVII ғ.ғ. аралығында болған араб­парсы мәдениетінің үлгісінде жазылған әдеби шығармалар тіліне де талдаулар жасалған. Бұлардан басқа Орхон­ Енесай руникалық жазуының лексикасы да біраз зерттеулерге арқау болды. Сол кезеңдегі көне тілдің лексикалық сипаты қазақ тіл білімі үшін тілдің даму сипатын анықтай алған негіз болып табылады. Түркі тілінің тарихын жобаға келтіруде, жазба ескерткіштердің деректері пайдаланып, көптеген қандас халықтардың тарихи грамматикалары жасалған еді. Мысалы, қырғыз, қарақалпақ, тува, өзбек, башқұрт, татар, саха, ұйғыр т.б. туыстас тілдерді салыстыра зерттеген түркологтар олардың тілдік құрылымындағы ортақ сипаттарды анықтады. Қазақ тілінің тарихи грамматикасының негізіне де бауырлас түркі тілдердің өзгешеліктері мен ұқсастықтары алынатыны белгілі. Қазақ тіл білімі XX ғасырда батыс және орыс тіл білімінің ықпалында болып, салыстырмалы, типологиялық, семантикалық зерттеулерді қажетсінбеді. Н.Я.Марр жүргізген зерттеулердің негізінде қалыптасқан «яфетидологиялық ілімге» тойтарыс берілгеннен кейін, қазақ тілшілері мұндай зерттеулерге аяқ баспады. Кеңестер одағы кезінде бір ғана ұлтты дәріптеу саясаты да өз салқынын рухани өміріміздің кез келген саласына тигізгені баршаға мәлім. Сол кезеңде ой еркіндігі мен ұлттық мүдде үшін құрбан болған алаштың біртуар азаматтары — Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, Б.Майлин, Қ.Жұбанов, І.Жансүгіров, A. Байтұрсынов, М.Тынышпаев, С.Асфендияров, Е.Бекмаханов т.б. еді. Өткен кеңестік дәуірде жазықсыздан­жазықсыз жазаға тартылғандардың, қуғын­сүргін көргендердің қасіреті де, қайғылы тағдырлары да ешқашан ұмытылмауы тиіс. Жеке адамға табынуды, заңды аяқ асты етуді үйреншікті іске айналдырған билік пен қоғам, ол социалистік, мейлі «демократиялық» деп аталса да, мұндай қатыгездіктен ешбір жан өз басын арашалауға шамасы келмейді. Әсіресе, қатаң тоталитарлық жүйенің күйреп, балаң демократияға қадам басқан кезеңде мұндай зорлық­зомбылыққа жол беруге болмайды. «Қызыл қудалау» науқаны қазақ жерінде 1920­53 ж.ж. аралығында үздіксіз созылып, 1986­87 жылдары соңғы рет қайталанады. Таптық идеяны жамылған айлакер билік зиялылар арасындағы ала ауыздықты пайдалана білген. Тоталитарлық жүйеден қалған санадағы үрей тілімізді зерттеген ғалымдарды айналып өтпеді, жалтақтыққа тәрбиеледі. Халық атынан билік жүргізген шағын топ кез келген шығарманың астарынан саяси мән іздеп, өз мүдделерін қатаң бақылап отырды. Ғылыми еңбектерді сүзгіден өткізіп, тосын ой мен өзгеше пікірді қырағылықпен тұншықтырды. Әсіресе, ұлттық тіл мен тарихқа келгенде мұндай құбылыс жиі қайталанды. Өйткені, саясат, әсіресе соқыр, надан, жемқор саясат және ғылым, өнер, жалпы руханият — заты бөлек әлемдер. Көне және қазіргі түркі тілдерін зерттеген: В.Радлов, B. Томсен, С.Е.Малов, А.Н.Кононов, П.Мелиоранский, Н.А.Баскаков, Н.Дмитриев, Э.Севортян, С.Аманжолов т.б. ғалымдар түркі тілінің тарихи грамматикасына қатысты біраз мәселені шешіп берді. XX ғ. ортасына дейін қоғамда қалыптасқан саяси­әлеуметтік ахуал орыс тіл білімінің ықпалын күшейтіп, тілшілерге түркі тілінің табиғатын толық танып­білуге мүмкіндік бермеді деуге болады. Соның салдарынан кейінгі кезде ғана тарихи, семантикалық зерттеулер қолға алына бастады. Қазіргі кезде тілдің қызметінен бастап ішкі мағыналық құрылымына дейін зерттелу үстінде. Өкінішке орай, ұғым мен түсініктің күрделі табиғатын, таңбалардың қызметі мен маңызын, олардың тілдегі көрінісін танытатын еңбектер жоқтың қасы. Тілдердің типологиялық байланысы бұрыннан зерттеліп жүрген құбылыс. Ірі тілдік топқа енетін тілдердің морфофонетикалық және семантикалық аналогияларына көңіл бөлінгенімен, белгілі бір себептермен олардың дыбысталуы мен мағыналық ұқсастығы, терең құрылымдық және сөзжасамдық жақындығы талдаудан тыс қалып отыр. Бір қарағанда, әлем тілдерінің жазу мәдениеті анықталып болған сияқты. Ауызекі және жазба тіл арасында қайшылықты болдырмау үшін, грамматикалық нормалар да қалыптасқан. Оның бастауын ежелгі қытай, үнді, трек, латын грамматикаларынан көреміз. Бірақ, тіл білімі тілдің табиғаты туралы мәселені ешқашан айналып өте алмайды, өйткені толыққанды ғылым ретінде тілдің тарихи сипаты болуы тиіс. Кез келген тілдің дамуы өзге тілдердің тарихымен байланысты. Ірі тілдік топты құрайтын туысқан тілдердің табиғаты мен дамуының ортақ болуы заңды құбылыс.

Қазақ тілінің тарихын зерттегенде, ең алдымен, орал­алтай, манжұр­тұнғыс, моңғол, басқа түркі тілдер арасындағы байланыстарға назар бөлінуі, әрине, заңды құбылыс. Көне тіліміздің тарихында — ғұн, қаңлы, қыпшақ, түркі, қарахан дәуірлері жеке қарастырылады. Әрине, бұл аталған ұлыстардың тілі, олардың шығу тегі жақын екені белгілі. Бірақ түркі тілдерінің басқа тілдік ұядағы тілдермен жақындығы толық зерттелмеген. Сөздердің фонетикалық ерекшеліктеріне де аса үлкен мән беру де кедергі жасаған сияқты. Сондықтан мағынаға сүйену қажет болады. Түбірлердің бірдей мағынаны иеленуі де кездейсоқ құбылыс емес. Сондай­ақ жұрнақтардың дербес тұрақты мағынаны иеленуі, лексикалық қордың және грамматикалық құрылымның жақындығы — тілдердің бірдей табиғатына, яғни ортақ даму заңдылықтарға бағына отырып дамуына куә. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы орта ғасыр ескерткіштері мен қазіргі түркі тілдерінің деректерін салыстыра зерттеуден басталады. Батыс тіл біліміндегі «абстрактылық» зерттеулер марксистік методологияға қайшы келгендіктен, оларға тиым салынған еді. Сондықтан кеңестік тіл біліміндегі тарихи­салыстырмалы зерттеулер ескерткіштерде сақталған деректерге сүйенуге мәжбүр болған. Бір тілдік ұядағы тілдер төңірегінде жүргізілген зерттеулер жемісті болғанымен, тарихи­салыстырмалы әдістің мүмкіндігін толық пайдаланбады. Бұл өз кезегінде тіліміздің шынайы болмысы мен сипатының анықталуын мүмкін етпеді. Көне түркі тілінің табиғаты мен сипаты, яки қазіргі тіліміздің де жағдайы жан­ жақты типологиялық, семантикалық зерттеулерден тыс қалды. Түркі тілін көне үнді (санскрит), латын, славян жалпы үндіевропа тілдерімен салыстыра зерттегенде, өте қызық нәтижелерге қол жеткізуге болады. Бұл тұрғыдан алғанда, түркі тілінің тарихы мен лексикалық қоры, грамматикалық құрылысы мен типологиясы басқаша бағалануы да ғажап емес. Айталық, қазақтың «бауыр» — туыс, ағайын, жақын адам деген ұғымды білдіретін сөздің семантикасына үңілсек, ең алдымен, бауыр (печень) — адам ағзасындағы ең маңызды дене мүшесі екені анықталады. Екіншіден, бірімен­бірі «мың жылдық» жақындықты орнату кезіндегі құдалардың құйрық­бауыр жесісу дәстүрі болған. Ал, осы нағыз қазақи ұғымды беретін ұғымды санскрит тілінде кездестіруге болады: yakan — печень (бауыр). 2 Мұндай мағыналық сәйкестіктер, славян тілімен қатар, көне санскрит, латын, араб тілдерінде өте көп кездеседі. Бұл, әрине, кездейсоқ құбылыс болмаса керек. Аталған мысалға санскрит пен қазақ тіліндегі «қара» сөзін де жатқызуға болады. Қазақ тілінде «қара танымау, қараңғы», яғни — оқымаған, оқу мен жазуды білмейтін адам мағынасында жұмсалатын сөз бар. Санскрит тілінде «қара» сөзі — әріп, дыбыс, сөз деген мағынада жұмсалады екен. 3 Түр­түсті белгілейтін сын есімдердің табиғатын талдасақ, «ақ — қара» жұбында «ақ» түсті білдіретін сөзде «а» таңбасы терістеу мағына үстеп, маңызды қызмет атқарады. «А» таңбасы «қара» сөзіне жалғанып: Ақара — ақар — ақ түрінде қалыптасқан. Лексикадан мысал іздесек, олар «қар» сөзінің қалыптасу жолын, яғни «ақ» сөзінің пайда болуын дәлелдейді: Қар (снег) = а (терістеу) — қара (түс) Інжілде Агарь деген әйел есімі — светлая, белая деген мағына береді. Шумер тілінде «кір» — жер. Қазақ тілінде «қара» сөзі «қасиетті» деген мағына берген. Моңғол, санскрит тілдерінде де һаrа сөзі осындай мағынада жұмсалған. Сонда «қара» сөзінің әуелгі мағынасы «қасиетті» болуы мүмкін. Орыс тілінде қара түс (черный) протоевразиялық түбірден өрбісе керек: черный < йер (түркі.) < earth (ағылш.) < terra (лат.) < *һr. Украин тілінде де, бұл атау қызыл түсті белгілейді (червоный).

Читайте также:  АРЗАН ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ

Қазақ тіліндегі «жер» сөзінің қызыл деген мағынасы «зер» сөзінде сақталып, «алтыннан жасалған қызыл түсті» зат, бұйым дегенді білдірген. Сондай­ақ «кер» сөзі де қызғылт қара түсті белгілеу үшін қолданылған: қарагер, құлагер. Орыс тілінде зерно — бидайдың қызғылт­сары түсіне негізделсе, «зернь» сөзі зергерлік термин ретінде жұмсалады. Ағылшын тілінде here — осы жер, орын, there — бағыт, орын мағынасы бар сөздер де «жер» мағынасына негізделген. Қар, кер, қыр, қыз, зер, жер, йер, дер, тер, чер т.б сөздер әр түрлі тілдерде — қасиетті жер, орын, қара, қызыл. Қысқасы, бүл сөз — *кр деген түпкі түбірден тараған. Кір, кіру етістігі де осы негізден тарайды. Бұл сөздер кеңістік пен түстен басқа, уақыт категориясына да қатысы бар, мысалы: қазақ тілінде «кез, қай» сөздері орын мен мезгілді білдірсе, ағылшын тілінде «here» орын мен шақ мағынасын береді. Еуразия тілдерінде «бағалы зат, байлық» мағынасында жұмсалатын сөздердің өсімдіктермен байланысы, яғни бау­бақшаға қатысы орыс, ағылшын, араб, қазақ сөздерінен байқаймыз. Мысалы, қазақ тілінде ағаш, жеміс­жидек атаулары (бағ, бау, мәуе) алып­сату семасымен байланысы бар: баға, сат, қат, парқы. Орыс тілінде де: сад, парк; араб тілінде: сауда; ағылшын тілінде: garden (бау­бақша); латында: care, cams (қымбат, бағалы). Бұл сөздердің барлығы ортақ ұғымға негізделген, ол — құнды зат, тауар семасы. Жеміс­ жидектердің жалпы атауларының негізгі сипаты — құнды, пайдалы. Олар өсетін жердің, орынның, яғни сад, парк, бау­бақша атауларымен бірдей келеді. Адамның қолымен өсірілген бақ — бау халық танымында: құнды, бағалы зат, тауар ұғымы негізінде қалыптасса керек. Сад, бау т.б. атаулар екіншілік номинацияның жасалуына мысал бола алады. Ал аталған сөздерді негіздеп тұрған түбірлік ұғым — нақты жеміс­жидек. Өсімдіктер әлеміндегі: қарақат, багульник, боярышник, малина атауларының мағынасы жоғарыдағы «баға» ұғымы арқылы тарамдалып, көне еуразиялық тілдердің лексикалық қорына енген. Бәріне ортақ ұғым­концепт — белгілі бір нысанның бағасы, құны, парқы. Жануарлар әлеміне қатысты атаулардың қалыптасуында да тап осындай мағыналық түбірлер бар екен. Мысалы, бар ↔ мар ұғымын: марал, пәйке, марқа (қозы), бағлан (қозы), сайғақ (сатқақ), сәйгүлік, жейран т.б. сөздері беріп тұр. Адами қасиеттерді бағалауға қатысты лексикада: мерей, марқаю, марғасқа, есімдер: Мардан, Марғұлан, Марлен т.с.с. төркінінде — *мар тұлғалы мағына — баға, құнды, марқа сөздерімен тамырлас, тектес. * Сад­сат (алтын, бағалы) сөздерінің негізінде: сәттілік, сәт т.б. жасалса, көне евразия тілдерінде с ↔ к сәйкестігі негізінде жасалған сөздер көп. Биік, жоғары деген ұғымды беретін сөздер де осы түбірлерден тараса керек. Мысалы: саты, сатылау, барқ, барқан (бархан), қарғу т.б. «Садақа беру, садағаң кетейін» тіркесіндегі садақа сөзі араб тілінен сөз деуге негіз жоқ.

Садақа беруді араб тілінен енген десек, далалықтарда қайыр, садақа деген ұғым болмады ма? Араб жазу мәдениеті ислам дінімен бірге VII ғасырдан бастап енген. Олардан бұрын далалықтарда Тәңірге құлшылық ету сияқты діни ұғымдар болған. Біздің пайымдауымызша, бұл сөздің негізіне ежелгі үнді, араб, латын, түркі халықтарына тән *сад түбірі алынса керек. Оның мағынасы жоғарыдағы — қымбат, бағалы зат. «Қадақ» түбірінде «сат — қат» түбірі — саудадағы асыл тастың өлшемі, шамамен 200 грамдай салмақ мөлшері. Ал *бағ — баға түбірінен бақалшы, бағалаушы, орыста бакалейшик, бакалея сөздері өрбиді. Сондай­ақ *қар — cap түбірлерінің: қара (түс), қарға (асыл, көне, бала) мағыналары болған. Басқа лексикалық қабаттағы сөздерді талдасақ — түркі тілінде: тағ — тау (ғу); орыста: гора; қазақта зор (г — з). «Көруге» байланысты орыс тілінде: зрение, зримый, обзор; қазақта: көру, көз, көрім, қарау, қара т.б. Бұлар к — с — з сәйкесуі негізінде жасалған түбірлес сөздер болып табылады. «Тіл қату» қазақ тілінде сөйлеу мағынасын береді. Осы «қат» түбірінің сөйлеу мағынасы көне санскрит тілінде де бар: kath: 1) беседовать с кем­л; 2) рассказывать, говорить 3) доносить, передавать, констатировать. 4 «Қатты» сөзінің эквиваленті kathin — 1) твердый, крепкий; 2) жесткий; 3) черствый; 4) трудный; 5) упрямый, упорный. Көне тілдер арасында болған ежелгі тамырластықты көне қазақ тілі мен славян тілдерінен де байқауға болады. Мысалы, орыс тілінде — Восток, Север, Запад, Юг деген географиялық бағытты білдіретін атаулар, түркілердің дүниенің төрт бұрышын белгілейтін атауларына сай келеді. Көне түркі тілінде Күннің ежелгі атауы — *қоз, қоз тұғар. Қ — У — В таңбалық сәйкестігінің орындалуынан: костуг — восток; күн — сон деген варианттар, ал *Кем йер — Кем жері. К — с, м — в, р — с сәйкестіктері негізінде: Кемер — Сібір — Север, «ЬІқ» — Юг, «Бат йер — Батыс — Запад сөздері жасалған. Қазақ тіліндегі кейбір сөздердің тұлғасы мен табиғаты таңбалық ұғымдарға негізделуін «ақ сүйек» сөзінен байқаймыз. Зерттеушілер сөзді тек этнофразеологиялық сипатта зерттей келе, қазақ танымында — билеуші тапты — ақ сүйек, ал төменгі әлеуметтік тапты қара сүйек деп аталуын алға тартары сөзсіз. Үстем, билеуші тап өкілі орыс тілінде — голубая кровь. Қан мен сүйектің түсі адамдардың бәрінде бірдей болады. Сондықтан бұл жерде метафоралық, теріс бағалауыштық сипаттан гөрі, атаудың пайда болуындағы номинативтік (таңбалық) мағынаның әсері бар. Санскрит тілі, бүкіл үндіевропалық тілдердің сөздерін қамтиды десек, артық айтылған болмас еді, өйткені түркі, араб, славян, роман т.б. көптеген евразиялық тілдердің лексикалық қорындағы сөздерді осы көне тілден кездестіреміз. Ақ сүйекке қатысты түбір санскрит тілінде: aksi — глаз, aksa — кость, деньги, суд деген мағына береді. 5 Сонда aksi — глаз, көз дегеннен пайда болған ­ «ақси ек» сөзі «шеңбер» таңбасының атауынан шығуы мүмкін. Бұл тұрғыда қазақ тіліндегі — ақша, ақсақал сөздеріндегі түбірге назар аударсақ, ақш+а (монета), ақша+қал/қыл (төрелік ету) болып шығар еді. Түбірдің (акси) нақты таңбамен байланысты болуы да ғажап емес. Мысалы, X (Т) таңбасы ­ «КС» болып оқылып, символдық мағынасы «адам» дегенді білдіреді. Сонымен, сөздердің номинативті мағынасының шынайы этимологиясы таңбалар мағынасынан табылуы мүмкін деген тұжырым жасауға болады. Көне түркі жазуының евразиялық елдер арасында маңызды қызмет атқаруын бағалай отырып, оның әлемдік жазу мәдениетімен сабақтастығына ерекше назар аударған дұрыс. Бұл жазу орта ғасырлық түркі әлемінің тілдік және жазу мәдениеті туралы (VII­VIII ғ.ғ.) құнды деректерге бай. Көне түркі сына жазуын басқа ежелгі жазулармен салыстырғанда, оның өзіндік ерекшеліктері бірден көзге түседі. Көне түркі жазуының құрамындағы таңбалардың күрделі табиғатына зерттеушілердің назары ертеден ауған. Таңбалардың тігінен тік тізілуі, тасқа, ағашқа т.б. беті қатты материалға жазуға ыңғайлы болуы аңғарылған. Бізге белгілі финикия, шумер, грек, латын, кирил жазуларына ұқсас таңбалар да кездеседі. Бірақ түркі жазуына ғана тән таңбалардың болуы, оны белгілі бір алфавиттік жүйенің көшірмесі болмағанын дәлелдеп тұр. Өйткені олардың дыбысталуында, мағынасы мен таңбалануында ерекше сәйкестік бар. Екіншіден бұл алфавитте түркі тілдеріне тән үндестік (сингармонизм) құбылысы ескерілген.

Читайте также:  Батыс әлемінің ерекшелігі

Үшіншіден, таңбалардың белгілі бір лексикалық, семантикалық және сандық мағынасы бар. Көне түркі таңбаларының түркі сөздерімен, түркі қауымдастығына енген елдердің атауларымен, олардың рулық таңбаларымен тығыз байланысы бар. Түптеп келгенде, көне түркі жазуындағы таңбалардың пайда болуы жұмбақ күйінде қалып келеді. Көне жазудағы таңбалар, негізінен, нақты дауыссыз не дауысты дыбысты таңбалайды, сонымен бірге көненің көзіндей екі­үш дыбысты қатар бейнелейтін таңбалар бар. Бұл таңбалар жазудың бір кездегі консонантты­буындық табиғатын көрсетсе керек. Демек, әуелде жазудың дамуында пиктографиялық, логографиялық, идеографиялық, иероглифтік сатылар болғаны, кейін, шамамен грек жазуы тарала бастағанға дейін, ол таза алфавиттік жүйеге көше бастаған. Мұның өзі көне түркі жазуының табиғаты мен сипатының күрделілігін аңғартса керек. Жоғарыда айтылғандай, бір ғана дыбысты белгілейтін таңбаларға не болмаса екі не үш консонантты буыннан тұратын таңбаларға қарап, жалпы түркі жазуының табиғаты туралы: оның негізі, бізге мәлім, грек, латын, кирил алфавиттерінен әлдеқайда көне тарихи кезеңде жасалған деген тұжырым айтуға болады. Алфавиттік жүйедегі таңбалар көне тілде болған ұғымдық таңбалардың мағынасын сақтап тұр. Мысалы таңбасы — шумер жазуында КОН болып оқылса, көне түркіде НТ болып оқылады. Көне түркі жазуында сақталған консонантты­буындық жүйенің қалдықтары ретінде нт, нч, лт сияқты таңбалар және бір дыбысты белгілейтін таңбалар да сөздердің табиғатын басқаша тануға мүмкіндік береді. Көне латын тілі — роман тілдерінің арғы тегі. Батыс мәдениеті грек­латын мәдени ортадан басталса да, ғаламдық тұрғыдан дүниежүзілік мәдени кеңістікте тіл мен жазу адамзатқа ортақ. Он сегіз мың ғаламның ортақтығын негіздеп тұрған жер бетіндегі тіршілікке тән заңдылықтар тәрізді, тілдің де ортақ сипаттарды иеленуі заңды. Дегенмен де тіршіліктегі әмбебап сипаттар айқын көрініс алып, міндетті түрде орындалуы тиіс. Қазіргі тіл жасанды, белгілі бір дәстүрге негізделген. Осы жағдайды ескере отырып жазу мәдениетінің Евразия кеңістігінде таралуына зер салып көрейік. Тарихта алфавиттік жүйеге түскен жазу туралы алғашқы мәліметті «гиксос» деген көшпелі халықтың атымен байланысты кездестіруге болады екен. Жазуға қатысы бар бұл дерек бұдан 4000 жыл бұрын болған оқиғаға байланысты айтылады. Азиядан шыққан көшпелі гиксостар б.д.д. 1700 жылы Мысырды жаулап алып, оның терістігінде Аварис деген астанасын тұрғызады. Грек аңызында Абарис Гиперборей елінің өкілі, Аполлонның көріпкелі. Аполлон сыйға берген сиқырлы жебемен ұшып жүреді 6 . Сексен жылдық билік құрған осы көшпелілердің төл жазуы болған екен. Оның бірінші әрпі әлеф (мағынасы — өгіз) деп аталған. Кейін бұл жазуды теңізші — финикиялықтар Грецияға дейін апарады. 7 Бұл тарихи деректің шындыққа жанасуын ежелгі грек алфавитіндегі әріптердің (альфа, бета, гамма…) аталуын гректердің өзі де түсіндіре алмауынан байқаймыз.

Оставить комментарий