Тілдің анықтамасы

Лингвистиканың тұтас әрі нақты нысаны қандай? Бұл өте күрделі мәселе, неге олай болатынына біз кейін көз жеткіземіз. Әзірше осы қиындықтарды көрсетумен шектелеміз. Басқа ғылымдар әртүрлі көзқарасты туғызатын, алдын­ала белгілі нысандарды зерттеумен айналысады; лингвистикада жағдай мүлдем өзгеше. Қаймана біреу француздың nu (жалаңаш) сөзін айтып қалды: сырт көз бақылаушыға ол нақты лингвистикалық нысан болып көрінуі мүмкін; бірақ үңіле қараған адам осы сөзді қабылдауына орай үш немесе төрт мүлдем ерекше нәрсені: тек айтылуды, белгілі бір ұғымның көрінісін, латынша nudum (тыр жалаңаш) сөзінің баламасын және т.б. аңғарады. Лингвистикада нысан көзқарасты анықтамайды; керісінше, бұл жерде көзқарас нысанды анықтап тұрады деуге болады; сонымен қатар осы деректі қарастыратын екі тәсілдің ілкілігі немесе басқалармен салыстырғандағы жетілгендігі туралы да ештеңе айта алмаймыз.

Сондай­ақ, тіл қызметінің қандай да бір құбылысын зерттеу үшін біз қай тәсілді таңдасақ та, әрқашан оның ішінде бір­бірімен байланыста болатын және өзара тәуелді екі жақты сипатқа жолығамыз.

Бірнеше мысал келтірсек: 1. Айтылымға түсетін буындар — есту қабілеті арқылы қабылданатын акустикалық құбылыстар, бірақ егер есту мүшелері болмаса, дыбыстар да болмаушы еді: мысалы, n дыбысы осы екі қырдың (акустикалық және артикуляциялық) байланысы негізінде өмір сүреді. Сонымен, тілге айту деп қарауға да, айтуды сөйлеу мүшелерінен бөлек қарауға да болмайды екен; екінші қырынан алғанда, сөйлеу мүшелерінің қимылын акустикалық фактордан бөлек анықтауға да болмайды. 2. Алайда, дыбыс қарапайым нәрсе болуы да мүмкін ғой: бірақ мұнымен біз тілдік қызмет деп атайтын нәрсе толық анықтала ма? Ешқандай да, өйткені ол ойдың құралы ғана және дербес өмір сүре де алмайды. Осылайша көріністің бәрін күрделендіріп жіберетін жаңа корреляция пайда болады: дыбыс, күрделі акустикалық ­ артикуляциялық бірлік ретінде ұғыммен бірге жаңа күрделі физиологиялық ­ ой тұтастығын құрайды. Бірақ мұнымен де іс бітпейді. 3. Тіл қызметінің екі қыры бар: жеке және әлеуметтік, сонымен қатар бұлардың бірі болмаса, екіншісін түсіну мүмкін болмайды. 4. Тілдік қызмет әр сәтте жүзеге асуы үшін, қалыптасқан жүйе мен эволюцияның болуы шарт; тілдік қызмет кез келген сәтінде өткеннің өнімі және жүзеге асып тұрған әрекет (institution actuelle) болады. Бір қарағанда, жүйе мен тарихтың, бар мен өткеннің ара­жігін ажырату оңай сияқты, бірақ іс жүзінде олар өзара тығыз байланыста болады, сондықтан оларды бірінен­бірін ажырату өте қиын. Егер тіл қызметін пайда болу кезінен, мысалы, сәби тілінен бастап зерттесек, мәселенің шешілуі жеңілдей ме? Жоқ, өйткені тіл қызметінің пайда болуы туралы мәселені үнемі негізделу мәселесінен өзгеше болады деген ой бізді орасан адасушылыққа тірейді. Мұның нәтижесінде біз баяғы ақаулы шеңберде қала береміз.

Читайте также:  ЕЖЕЛГІ ҚЫТАЙДАҒЫ КОНФУЦИЙШІЛДІК ІЛІМІ

Сонымен, мәселенің қай қырынан келсек те, еш жерде нысанның толық сипатын көре алмаймыз; барлық жерде бір ғана дилеммаға тірелеміз: біз әрбір мәселенің бір ғана қырына үңілгенде, оған тән қос қырлылықты түсінбей қалуымыз мүмкін немесе егер біз тіл қызметінің құбылыстарын әртүрлі көзқарас тұрғысынан зерттесек, лингвистиканың нысаны бізге әртүрлі, өзара ешқандай байланысы жоқ құбылыстардың үйіндісі болып көрінеді. Осылайша біз, өзіміз лингвистикаға қоспайтын, бірақ олар әдістемелік қателіктің нәтижесінде тіл қызметін өз нысаны ретінде қарауы мүмкін бірқатар ғылымдарға: психологияға, антропологияға, нормативті грамматикаға, филологияға т.б. есікті айқара ашып береміз.

Біздіңше, мұндай қиындықтардан түп­түгел құтылудың бір ғана жолы бар: ол — әуелден бастап бәріне де тіл тұрғысынан қарап, тіл қызметінің барлық көріністері үшін, тілді негіз (norme) деп білу. Шынында да, көптеген қос қырлы құбылыстардың ішінде тек тіл ғана тәуелсіз (autonome) анықтамаға жол беріп, ой үшін сенімді тұғыр бола алтын шығар. Сонымен тіл дегеніміз не? Біздіңше, тілдің түсінігі тіл қызметі түсінігіне мүлдем сай келмейді; тіл — тіл қызметінің ең маңызды болса да — белгілі бір бөлігі ғана. Ол — әрбір сөйлеушіде болатын тіл қызметін атқару қабілетін жүзеге асыратын ұжымда қабылданған қажетті шарттылықтардың жиынтығы, әлеуметтік өнім. Тұтас алынғанда, тілдік қызмет әр текті және әртүрлі болады; бірнеше салада өтетіндіктен, бір мезгілде физикалық, физиологиялық және психикалық болғандықтан, ол жеке және әлеуметтік салаға жатады; оны адам өміріндегі құбылыстардың нақты бір категориясына жатқызуға болмайды, өйткені олардың бәрін қалай біріктіруге болатыны белгісіз.

Бұған қарама­қарсы, тіл өздігінен дербес тұтастық ретінде жіктеудің (ргіnсіре) бастапқы нүктесі бола алады. Тілдік қызмет құбылыстары арасында тілді бірінші орынға қойғанда, біз, басқаша ешқандай жіктеуге келмейтін осы жиынтыққа табиғи тәртіп орнатамыз. Біз ұсынған жіктеудің бастапқы нүктесі туралы тұжырымымызға қарсы, тіл қызметінің жүзеге асуы бізге табиғи тән қабілетке негізделген, ал тіл болса үйренетін және шартты нәрсе, демек тіл табиғи түйсікпен салыстырғанда, бағынышты орында тұруы керек деген уәж айтуға болатын сияқты.

Читайте также:  Тіл лингвистикасы және сөйлеу лингвистикасы

Бұған мынадай жауап қайтаруға болады. Ең алдымен, біз сөйлеген кезде көрініс табатын формасында тілдің кызметі табиғи нәрсе екені, басқаша айтқанда, біздің аяғымыз жүру үшін қажет болатын сияқты, біздің сөйлеу мүшелеріміз сөйлеу үшін қажет екені әлі дәлелденбеген. Бұл туралы лингвистердің пікірі әртүрлі. Мысалы, Уитни тілді барлық ерекшеліктерімен қоса қоғамдық орнауға балайды да, біздің сөйлеу мүшелерін сөйлеу құралы ретінде пайдалануымызды ыңғайлы болуымен түсіндіріп, таза кездейсоқтық деп біледі; оның пікірінше, адамдардың есту бейнесі орнына көру бейнесін қолданып, тап осылай ымды да пайдалануына болар еді. Әрине, мұндай тезис әсіре абсолютті: тіл басқалардай қоғамдық орнау емес және біз сөйлеу мүшелерін кездейсоқ таңдадық дегенде де, Уитни тым артық кетеді: өйткені, бұл таңдауды белгілі бір дәрежеде табиғаттың өзі ұсынған. Бірақ негізгі мәселеге келгенде, американдық лингвистің пікірінің жаны бар сияқты: тіл — шарттылық, ал шартты түрде таңдалған таңбаның табиғаты ешкімді де қызықтырмайды. Демек, сөйлеу мүшелері туралы мәселе — тіл қызметі проблемасындағы екінші кезектегі мәселеге.

Бұл пікірді мүшеге бөлінетін сөйлеуді (language articule) анықтау арқылы да дәлелдеуге болады. Латын тілінде articulus «құрамды бөлік», «мүше(лену)» дегенді білдіреді; тіл қызметіне қатысты мүшеге бөліну дыбыс тізбегінің буынға жіктелуін немесе мағыналар тізбегінің мағыналы бірліктерге жіктелуін білдіреді; дәл осы мағынада немісше gegliederte Sprache деп айтады. Екінші анықтаманы негізге ала отырып, адам үшін тіл қызметі ретіндегі сөйлеу (language parle) табиғи тән болмайды, керісінше, тілді жасау, яғни жіктелген ұғымдарға сай келетін жіктелген таңбалардың жүйесін жасау қабілеті адамға табиғи тән нәрсе деуге болады.

Брока сөйлеу қабілетінің үлкен мидың сол жарты шарындағы маңдай сызығында орналасқанын анықтады; және осы жаңалыққа сүйеніп, тіл қызметіне ғылыми ­ табиғи сипат бергісі келгендер де табылды. Бірақ белгілі болғандай, мидағы бұл орын тіл қызметіне қатысы барлардың барлығына да ортақ (жазуды қосқанда) болып шықты; мұның бәрін ескере отырып және осы орталықтың зақымдану нәтижесінде пайда болған әртүрлі афазия түрлерін бақылау арқылы мынадай қорытынды жасауға болатын сияқты: 1) ауызекі сөйлеуде кездесетін әртүрлі ақаулар жазба тілінің бұзылуымен тығыз байланысты; және 2) афазия мен аграфияның барлық жағдайында белгілі бір дыбысты айту немесе белгілі бір таңбаны жазу қабілеті ғана бұзылмайды, сондай­ақ олар санада реттелген тіл қызметінің таңбаларын кез келген жолмен қайта жасау қабілетінің бұзылуына да байланысты. Осының бәрін қорыта келе әртүрлі мүшелердің қызметін меңгеріп тұратын жалпы қабілет, яғни негізінен тілдік қабілет бар деген болжам айтуға болады. Біз осы жолмен де бұрын жасаған қорытындыға келеміз.

Читайте также:  Мұқағали Мақатаев "Қырман басында" өлеңі

Сонымен, тіл қызметін зерттеуді тілден бастау қажеттігінің дәлелі ретінде сөздерді жіктеу қабілеті (ол табиғи ма жоқ па бәрібір) ұжым жасаған және ұжымда бар құрал арқылы жүзеге асады деген дәлел келтіруге болады. Сондықтан тіл қызметіндегі тұтастық тілге тәуелді болады деген тұжырымда ақылға сыймайтын ешнәрсе де жоқ.

Оставить комментарий