Тілдің қазіргі мәдени парадигмасы

Зерттеудің «Тілдің қазіргі мәдени парадигмасы» деп аталуы «парадигма» терминінің (гр. paradeigma) болашақ зерттеулерге арқау болатын теория, грамматикалық категорияға сай сөз формалары жүйесінің өзгеруі, қандай да бір белгі негізінде топтастырылатын тіл бірліктерінің тобы деген анықтамасына негізделіп алынып отыр. Тілдік құбылыстар мен мәдениет құбылыстарының арасында тікелей байланысты анықтау мүмкін бола бермейді, өйткені олардың болмысы, тарихы және даму ерекшеліктері біріне­бірі сәйкес келе бермейді. Дегенмен де әлеуметтік құбылыс ретіндегі тілдің дамуы мен сипаты қоғамның жалпы мәдени жағдайына тәуелді болатыны дауысыз. Тіл мен мәдениеттің арақатынасын екі тұрғыда қарастыруға болады. Оның бірі тілді халықтық жалпы мәдени жағдайымен байланыстырып, мәселені тіл мен ойлаудың шеңберінде анықтауға талпынады, ал екіншісі — жеке тілдердің құрылымдық ерекшеліктерінің халықтың нақты мәдени формаларына тәуелділігін зерттейді. Жеке тілдер мен тұтас тілдік ұялардың тарихында грамматикалық элементтер бірдей дамуын ойлаудың нақтыдан абстракцияға қарай дамуын белгілі­бір дәрежеде негіздейтін қоғамдағы мәдени өзгерістермен түсіндіруге болады. Тіл мен мәдениеттің арасындағы байланысты тілдің морфологиялық өзгерісі тұрғысынан да қарастырған жөн емес, өйткені тілдің құрылысын мәдени құбылыстар анықтаған болса, онда оны идеологияның өнімі деп тануымыз қажет болады. Сондықтан мәдениет пен тілдің арасындағы өзара тікелей тәуелділікті нақты құбылыстар арқылы анықтау қате болса да, мәдени өзгерістердің тілде жанама көрініс табуы әбден мүмкін. Мәдениет пен тілдің арақатынасын анықтамас бұрын тілдердің дамуындағы мәдени фактор туралы ұғымды айқындап алу қажет. Әртүрлі елдердің мәдени дамуының өзіндік ерекшеліктері болатыны және олардың мәдениеті әлемде әртүрлі қабылданатыны жасырын емес. Ұлттық сана­сезімнің қалыптасуында тілдің ықпалы өте зор, сондықтан тіл мен мәдениеттің арақатынасы жөніндегі мәселеге қатысты құбылыстардың маңызы саяси­ экономикалық, әскери, идеологиялық және т.б. құбылыстармен бір қатарда қарастырылуы қажет. Тілдің маңыздылығын саралаған кезде ең әуелі оның ойлаумен, сана­сезіммен байланысы, құрал ретіндегі қызметі ескерілуі заңды нәрсе. Дегенмен де ерекше құбылыс ретінде тілдің рухани маңызы алдымен ескерілуі тиіс. Тілдің мәдениетті сақтап қалуы, оны жетілдіретін қызметі дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома, дегенмен де тіл тағдыры қоғамның мәдени болмысына, мәдени дамуына және мәдени құндылықтарды таңдауына тәуелді екені ескеріле бермейді. Адамның Рухын тәрбиелейтін мәдениеті адасып жүрген халық аз ана тілінен де, тіл мәдениетінен де қол үзіп қалатынын тарих көрсетіп отыр. Мәдениет пен тілдің байланысы күрделі әрі тығыз. Бұл байланыстың қыры мен сырын тану, таныту оңай емес. Ең алдымен әр алуан сипаттағы мәдени процестердің тілге әсері қандай? Егер әсер етер болса, ол қай дәрежеде болады? Тілдің мәдениетке деген ықпалының дәрежесі қандай? Мәдениет адам қолымен жасалатын құндылық болғандықтан, ол таза табиғи процесс ретінде таныла алмайды. Тіл — адам баласының әлеуметтік тарихында жасалған дүниетанымын негіздейді, бейнелейді. Сондай­ақ, тіл — адамның биологиялық табиғатымен байланысты да қарастырыла алады. Тіл дыбыстау органдарының, оны басқаратын орталық нерв жүйесінің қызметінің нәтижесі. Адам ағзасындағы дыбыс шығаруға қатысатын мүшелерге: өкпе, көмей, тіл, кіші тіл, таңдай, тіс, ерін т.б. жатады. Осы мүшелердің тікелей қатысуымен тіл дыбыстары пайда болып, мағыналы сөздер дыбысталады. Тіл — адамның іс­әрекет ету процесінде танымдық және коммуникативтік қызмет атқаратын, табиғаттың кез келген құбылысын бейнелей алатын таңбалар жүйесі. Семиотикалық тұрғыдан алсақ, тілді — табиғи және жасанды таңбалардың жүйесі ретінде екіге бөліп те қарастыруға болады. Табиғи тіл дегеніміз — күнделікті өмірде қолданылатын, адамдар арасындағы қарым­қатынас құралы болып, санадағы ұғым мен ойды бейнелейтін кешенді дыбыстық жүйе. Ал жасанды тіл адамдардың өзара келісімі бойынша жасалады (мысалы, математикалық символдар тілі, компьютерлік бағдарлама тілі, физикалық теорияларды сипаттайтын тіл, эсперанто сияқты жасанды тіл т.б.). Тіл — әлеуметтік құбылыс. Ол қоғамның дамуымен бірге үнемі өзгеру, жетілу үстінде болады.

Читайте также:  Тарих мәні. Прогресс туралы ілім

Тілдің эволюциясын кейбір тілші­ғалымдар жоққа шығарып, дамуды үнемі «нашарлау» деп түсінеді. Алайда, тарихи даму тұрғысынан алғанда, тілдің өзгеріске ұшырауы, әрине, дау тудырмайтын құбылыс. Қоғамның дамуы қойған талаптарға сай болу үшін, адамдардың қарым­қатынасын ыңғайлы ету үшін табиғи тілдер нормалану мен унификация құбылыстарын бастан кешіреді. Әдеби тілдің қалыптасуы нормалану, жүйелену, саралану, нақтылану процестері негізінде орындалады. Тілді адам санасындағы ойдың күрделі иірімдері мен әртүрлі психофизиологиялық құбылыстар арқылы қабылданатын ақпараттардың күрделі таңбалық көрінісі ретінде де тануға негіз бар. Қазақ ғалымы Ахмет Байтұрсынұлы: «тіл — адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі»,— деп жазады. Тілдің табиғаты, тіл мен жазудың пайда болуы — адамзат тарихында сыры ашылмай келе жатқан құпия. Ерте тарихта болған халықтар тілі мен ежелден жеткен жазудың жасырынып жатқан сырлары, оның ішінде қазақ даласында ғажайып өркениет үлгілерін қалдырған бабаларымыздың да көне тілі мен қолданған жазуы ­ адамзат мәдениетінің ерекше құбылысы. Тіл хабарды сақтаушы, әрі таратушы жүйе. Оның екі түрлі қасиеті бар: • Тіл — сөздердің семантикалық және грамматикалық жүйесі арқылы ақпарат сақтауға қабілетті; • Тілдің көмегімен ауызша және жазбаша айтылған пікір, ақпарат сақталып, тарайды. Тіл мен жазу кез келген халықтың рухани мәдениетін айқындайтын құбылыс. Өркениет пен мәдениеттің негізі болған тілдің адамзат тарихындағы маңызы өлшеусіз. Жер бетінде тілсіз жазылған тарих немесе тарихы жоқ тіл мен ұлт жоқ шығар. Сондықтан да қазақтың ұлттық рухани мәдениетінің байлығын, өзіндік ерекшелігін тану үшін, мыңдаған ғасырлардан жеткен қазақ тілінің тарихына тереңдеп үңілудің маңызы зор. Филология ғылымы философиядан бастау алып, сан салаға жіктеле дамып, адамзат мәдениетін зерттеуге үлес қосуда. Қазақ тілі білімі де, бір кезде үнді, қытай, араб, грек грамматикаларынан басталатын, кейін батыстық үлгіде қалыптасқан дәстүрлі грамматика ізімен жүріп келеді. Айтарлықтай жетістіктері бар, шешілмеген мәселелері де біраз. Олардың көпшілігі жалпы лингвистикалық мәселелерден туындаса, біразы қазақ халқының саяси тарихы мен тілдің өзіндік ерекшеліктеріне байланысты. Тұтас тілді әр салаға жіктеп, бөлшектеп зерттеудің, құрылысы өзгеше тілдердің қасиеттерін өз тілімізге тану т.с.с. пайдасынан зияндылығы басым. Ғасырлар бойы құдыретті сый ретінде танылып келген тілдің адам санасының туындысы екенін қазір тіл ғылымы анықтап отыр. Тілдердің ортақ табиғаты мен негізгі әмбебап сипаты грамматикалық ерекшеліктерден жоғары бағалануы тиіс. Тіл — адамның салыстыру, ұқсату, абстрактылы ой түю қабілеті негізінде қалыптасатын күрделі құбылыс болғандықтан, тіл бірліктерінің семантикасын зерттеуде дәстүрлі лингвистикалық тәсілдермен қатар, логикалық және семантикалық тәсілдер қолданылады. Түркологияда түркі тілдерінің деректерін семантикалық, семиотикалық, типологиялық (тіларалық) деңгейде талдау дәстүрі әлі қалыптаса қоймаған. Тарихи тіл білімі болса, белгілі бір тарихи кезең шеңберімен шектеліп, жақын тілдерді зерттеумен келеді. Тіл табиғатын тануда фонетикалық өзгерістерді зерттеу әбден шыңдалған тәсілдің бірі болып саналады, бірақ оның да мүмкіншілігі шектеулі екен. Тіл — дыбыстар хаосынан пайда болып, аморфты кезеңнен жүйелілікке өздігінен (спонтанды) өтеді деген көзқарас бар. Шын мәнінде, ол — адам санасынан туындаған жүйелі құбылыс. Оның абстрактылық және символдық табиғаты тіл мен сананың арақатынасына ғана тәуелді болады. Қазіргі тіл білімінде фонологиялық өзгерістердің қызметі бірінші орынға қойылады. Сондықтан сөз бен ұғымның, ұғым мен таңбаның мағыналық қырларына аса үлкен мән берілмейді. Мұндай көзқарастың кері ықпалы тіл табиғатын семантикалық, типологиялық және семиотикалық тәсілдерді қолданғанда айқын сезіледі. Бір кезде көне санскрит және европалық тілдердің арасындағы ұқсастыққа қарап, әлем тілдерінің генеалогиялық жүйесіне азиялық тілдер де енген. Ол кезде тілдердің табиғаты мен жақындығын таразылауда грамматикалық ерекшеліктер негізге алынғаны белгілі. Ал жазу мәдениеті мен таңбаның символдық табиғаты, сондай­ақ дыбыстың, ұғымның және таңбаның арақатынасы мүлдем ескерілмеді.

Читайте также:  ВОКАЛЬНО-ХОРОВАЯ ДЕЯТЕЛЬНОСТЬ УЧИТЕЛЯ МУЗЫКИ

Әлем тілдерінің ортақ сипаттары семантика­семиотикалық зерттеуде ғана анық байқалады. Мұндай зерттеулер тілдердің жақындығын ежелгі тілдердің дамуын белгілі бір лингвомәдени кеңістіктің ықпалымен ғана түсіндіруге болмайтынын көрсетеді. Тілдің лингвомәдени сырын тануда белгілі бір шарттарды ұстану қажет. Ең бастысы, қазіргі әбден дамып­жетілген сөздердің сыртқы бейнесі мен мағынасын ежелгі сөздердің көмескіленген көлеңкесі ретінде қабылдау қажет. Жеке тілдің деректері арқылы, тілдің шынайы табиғаты мен дамуы туралы қисынды тұжырым жасау қиын. Қазіргі тіл білімі, сөздердің құбылмалы сыртқы тұлғасы (ол, негізінен, дыбыс) мен біршама тұрақты мағынасына қарап, адамзат тілінің болмысын саралайды. Біз болсақ, тілдегі көне элементтердің мән­ мағынасын адамзат бір кезде ойлап тапқан есеп пен жазу жүйесінен, яғни сан мен таңбадан іздеуді дұрыс көрдік. Тіл онтологиясын зерттеу принциптері мен тәсілдері қалыптаспаған жағдайда релятивистік көзқарастар басым болады. Сондықтан тілдің болмысын теориялық тұрғыдан қайшылықсыз талдау үшін тарихи­салыстырмалы және семантика­семиотикалық тәсілдердің мүмкіндігін барынша толық пайдалану қажет болады. Түркі тілінің әлем тілдерімен тығыз байланыста дамып келгенін, тарихының ежелден басталуын тілдік деректер айқындай алады. Зерттеу парадигмасы лингвистикалық, тарихи, мәдени, философиялық, семантикалық, семиотикалық, грамматологиялық негізде анықталған жағдайда ғана әлем тілдерінің сыры мен қыры жан­жақты танылмақ. Осыған орай зерттеуде тілдік жүйеге бір кезде үлкен әсері болған абстрактылық­символдық концептер мен таңбалардың мәнісі және қызметі талданып, таңбалық, сандық, символдық табиғаты бар ұғымдардың тілдік жүйені қалыптастыруы мүмкін деген болжам айтылады.

Оставить комментарий