Тілдің ішкі және сыртқы элементтері

Біздің тілге берген анықтамамыз «тіл» ұғымына, оның ағзасы мен жүйесіне жат, бір сөзбен айтқанда, өте маңызды пәндермен айналысатын және тіл қызметін зерттегенде негізге алынатын «сыртқы лингвистика» деген атаумен белгілі нәрселерден арылуды көздейді. Бұған, ең алдымен, лингвистиканың этнологиямен түйісетін барлық тұстары, тіл тарихы мен нәсіл немесе өркениет тарихы арасындағы бүкіл байланыстар кіреді. Бұл тарихтар арасындағы өзара күрделі байланыс, біздің тіл ішінде анықтаған сәйкесулерге ұқсастығы бар. Ұлттың әдет ­ ғұрыптары оның тілінде көрініс табады, ал екінші жағынан алғанда, тіл — едәуір дәрежеде ұлтты қалыптастырады.

Сонымен қатар, тіл мен саяси тарихтың қарым­қатынасын ескерген жөн. Ұлы тарихи оқиғалар — римдік жаулап алушылық сияқтылар — тілдің көптеген қырлары үшін, сансыз салдарлар әкелді. Жаулап алудың бір түрі болып табылатын отарлау — тілді басқа ортаға түсіріп, ондағы өзгерістерге себеп болады. Бұған дәлел ретінде көптеген деректерді келтіруге болар еді: мысалы, Норвегия Даниямен саяси одақ құрып (1380— 1814 ж.ж.) дания тілін қабылдайды; бірақ қазіргі кезде норвегиялықтар бұл тілдің әсерінен арылуға әрекет жасауда. Мемлекеттің ішкі саясаты да тілдердің өмірінде маңызды қызмет атқарады: кейбір елдер, мысалы, Швейцария, бірнеше тілдің болуына жол ашады; кейбіреуі, мысалы, Франция сияқты елдер тілдік тұтастыққа ұмтылады. Мәдениеттің жоғары деңгейі кейбір арнайы тілдердің (юриспруденция тілі, ғылыми терминология және т.б.) дамуына жағдай туғызады.

Бұл бізді үшінші пунктке: тіл мен шіркеу, мектеп және т.с.с. құрылымдардың қарым­ қатынаста болуына алып келеді. Кейінгілер өз кезегінде тілдің әдеби дамуымен тығыз байланыста болады, — бұл құбылыстың жалпыға тән сипаты бар, өйткені ол саяси тарихтан ажырамайды. Әдеби тіл барлық бағытта әдебиет туғызған деуге болатын шекаралардан асып кете алады: академияның, сарайдың, салондардың тілге еткен ықпалын еске алсақ та жеткілікті болады. Екінші жағынан алғанда, әдеби тіл және жергілікті диалектілер арасында болатын өткір коллизия әдеттегі жағдайға айналған. Сондай­ақ лингвист кітаби тіл мен күнделікті пайдаланылатын тілдің өзара қарым­ қатынасын қарастыруға міндетті, өйткені кез келген әдеби тілдің дамуы, мәдениет өнімі оның салаларын табиғи салалармен, яғни ауызекі тілдің саласымен жіктелісіне алып келеді.

Читайте также:  ШІЛДЕХАНАДА, ТҰСАУ КЕСЕРДЕ АЙТЫЛАТЫН БАТА

Сайып келгенде, тілдердің географиялық таралуына және олардың диалектілерге бөлінуіне қатысты болатындардың бәрі де сыртқы лингвистикаға жатады. Дәл осы тұста сыртқы және ішкі лингвистиканың ерекшеленуі оғаш көрінуі мүмкін, өйткені географиялық фактор тілдердің өмір сүруімен тығыз байланысты болады; бірақ шын мәнінде георафиялық фактордың тілдің ішкі «ағзасына» ешқандай әсері болмайды.

Осындай мәселелерді, шын мәнінде, тілдің өзінің зерттелуінен бөлек қарастырудың ешбір мүмкіндігі жоқ екені жиі айтылады. Лингвистерден нақтылықты білу табанды түрде талап етіле бастағаннан кейін, осындай көзқарас басым бола бастады. Расында да, тілдің грамматикалық «ағзасы» жаппай және барлығы да тілдік өзгерістердің сыртқы факторларына тәуелді, мысалы мына сияқты құбылыстар: өсімдік ағзасындағы өтіп жататын сыртқы факторлардың — топырақтың, климаттың және т.б. әсерден болатын өзгерістер тәрізді. Тілде молынан кездесетін техникалық терминдер мен кірме сөздерді олардың тегін анықтап алмай тұрып түсіндіру — мүмкін болмайтыны белгілі нәрсе. Қайсыбір тілдің табиғи, органикалық дамуын оның әдеби тіл сияқты жасанды формаларынан, яғни сыртқы, демек неорганикалық факторларға негізделген формаларынан бөлек қарауға бола ма? Жергілікті диалектілермен қатар койнэ тілі де дамып отыратынын біз үнемі көріп жүрген жоқпыз ба?

Біз «сыртқы лингвистикалық», яғни, тілден тыс жатқан құбылыстарды зерттеу жемісті болады деп есептейміз; бірақ оларсыз тілдің ішкі ағзасын тани алмаймыз деген пікір қате болар еді. Мысалға шетел сөздерінің кірігуін алайық. Ең алдымен, оның тіл өмірінде тұрақты элемент бола алмайтынын айту парыз. Кейбір оқшауланған аймақтарда сырттан ешқандай жасанды терминді қабылдамайтын говорлар бар. Бірақ осы говорларды тіл қызметінің әдеттегі жағдайынан тыс, олар сөйлеу қызметі туралы ешқандай түсінік бере алмайды, ешқандай араласуды басынан кешірмегендіктен, «тератологиялық» тұрғыдан зерттеуді қажет етеді деуге бола ма? Бірақ бұл жерде мәселе кірме сөз кірме сөз ретінде танылмауында, өйткені ол белгілі бір тілдік жүйе ішіндегі зерттеу нысаны ретінде осы тілдегі басқа да төл сөз тәрізді, өзімен ассоциацияға түсетін сөздермен қатынасына және қарама­қарсылық дәрежесіне сай өмір сүре бастайды. Жалпы айтқанда, қайсыбір тілдің даму жағдайын білудің ешқандай қажеттілігі жоқ. Кейбір тілдерде, мысалы Авеста мәтінінің тілінде немесе көне славян тілінде, қандай халықтың сөйлегені де белгісіз; бірақ бұл бізге олардың өзін жеке және олардағы өзгерістерді зерттеуге кедергі жасай алмайды. Қалай болғанда да осындай екі түрлі көзқараспен де санасу қажет және оларды қатаң түрде сақтаған дұрыс болады.

Читайте также:  Дәстүрдің берілуі

Олардың әрқайсысының өзіндік ерекше тәсіл жасауы — осының ең жақсы дәлелі. Сыртқы лингвистика жүйе шеңберінің қоршауын сезінбей­ақ, бір деректі бір деректің үстіне үйе алады. Мысалы, әрбір автор тілдің таралуына қатысты деректерді өз қалауынша топтастыра береді; диалектілермен қатар әдеби тілді жасайтын факторларды анықтағанда, оларды жай санамалап шығуға болады; егер де автор деректерді жүйемен орналастырса, онда ол тек баяндау мақсатында ғана жасалады.

Ішкі лингвистикада жағдай мүлде өзгеше болады. Тіл — тек өзіндік тәртіпке ғана бағынатын жүйе. Түсінікті болу үшін, мұны шахмат ойынымен салыстыруға болар еді, өйткені мұнда ішкісі мен сыртқысы жеңіл ажыратылады. Бұл ойынның Еуропаға Персиядан келгені сыртқы дерек болады, ал ойынның жүйесі мен ережелері ішкі дерекке жатады. Егер мен ағаш фигураны піл сүйегінен жасалған фигурамен алмастырсам, оның жүйеге ешқандай әсері болмайды; бірақ егер фигуралардың саны өзгерсе, мұндай өзгеріс ойынның «грамматикасына» елеулі әсерін тигізеді. Осы тектес өзгешеліктерді ескеру үшін, белгілі бір дәрежеде мұқияттылық қажет, сондықтан әрбір жағдайда құбылыстың табиғаты жайында мәселе қойып, оны шешкен кезде, мынадай қағиданы ұстанған жөн: жүйеде қандай да бір дәрежедегі өзгерісті туғызатын нәрсенің бәрі де ішкі болып саналады.

Оставить комментарий