Тілдің негізгі қасиеттері

1. Тіл — тілдік қызмет деректерінің әр текті жиынтығындағы нақты нәрсе. Біз қарастырып отырған тілдік әрекеттің белгілі бір кескінінде оның орны болады, нақты айтқанда ол есту бейнесінің ұғыммен ассоциация жасайтын тұсында орналасады. Ол — жеке адам өздігінен жасай да, өзгерте де алмайтын, одан тыс жататын тіл қызметінің әлеуметтік аспектісі. Ұжымдағы мүшелердің келісіп жасаған белгілі бір келісімі арқылы ғана тіл өмір сүреді. Сонымен қатар, оның қызметін тану үшін, адам үйренуі қажет; сәби оны бірте­бірте игереді. Тілдің ерекше болатыны соншалықты, сөйлеу қабілетін жоғалтқан адам өз тілін сақтап қалады, өйткені ол естіп тұрған тілдік таңбаларды түсінеді.

2. Сөйлеуден ерекше қарастырылатын тіл дербес зерттеуге келетін пән. Біз өлі тілдерде сөйлей алмаймыз, бірақ олардың механизмін толық игеруге мүмкіндігіміз бар. Ал тіл қызметінің басқа элементтеріне келетін болсақ, тіл ғылымы оларды қажетсінбейді; тіпті, оңдай элементтер оның нысанына қатысы болмаған жағдайда ғана ол өмір сүре алады.

3. Тұтас алғанда тіл қызметінің әр текті сипаты болады, ал тіл, біз анықтағандай, өз табиғатына сай келетін бір текті құбылыс болып табылады, ол — мағына мен акустикалық бейне қосылғанда ғана мәнді болатын таңбалар жүйесі болып табылады, бұл жерде таңбаның екі бөлігі де бірдей психикалық сипатқа ие.

4. Сөйлеу сияқты тіл де табиғатынан нақты және осы қасиет оның зерттелуін едәуір жеңілдетеді. Тілдік таңбалар өздерінің мәніне сай психикалық болады, бірақ сонымен қатар олар — абстракцияға жатпайды; ұжымдық келісім арқылы бекітілетін және олардың жиынтығы тілді құрайтын ассоциациялар мида орналасатын нақтылықтар болып табылады. Сондай­ақ, тіл таңбалары сезіледі деп айтуға болады: жазуда олар шартты белгілер арқылы таңбалануы мүмкін, ал сөйлеу әрекеттерін егжей­тегжейлі белгілеу мүмкін емес; ең қысқа деген сөзді айту үшін, көптеген бұлшық еттердің жиырылуы қажет, сондықтан оларды зерттеп бейнелеу қиындық туғызады. Ал тілде керісінше, белгілі бір көру бейнесі арқылы жететін акустикалық бейнеден басқа онда ештеңе де жоқ. Шынымен де, егер акустикалық бейнені сөйлеу кезінде жүзеге асыру үшін, қолданылатын көптеген жеке қимылдарға мән бермеген болсақ, онда кез келген акустикалық бейне сан жағынан шектеулі элементтердің немесе фонемалардың қосындысы болып шығады және өз кезегінде, оларды белгілі бір таңбаларды қолданып хатқа түсіруге мүмкін болады. Дәл осы тілдік құбылыстарды хатқа түсіру мүмкіндігі сөздік пен грамматиканы тілдің сенімді бейнесі ретінде тануға мүмкіндік береді: өйткені тіл ­ акустикалық бейнелердің қазынасы, ал жазу оларға сезілетін форманы дайындап береді.

Читайте также:  ИКАРИЯНЫҢ САЯСИ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ ПРИНЦИПТЕРІ

Оставить комментарий