Толық танылмаған мемлекеттер: тарихы және қазіргі заман

Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесінде жаңа мемлекеттердің әлем картасында пайда болу процесі жалғасуда. Бұл өз кезегінде жүйенің әлі де толыққанды тұрақтанбауын көрсетеді. Бұл процесстер әр дәуірде ерекше көрініс тапқан болатын. Осыған орай халықаралық құқықта жақтардың құқығын айқындайтын құқықтық нормалар қалыптасып отырды. Және әр дәуірде әрқашан күшті жақтың мүддесін қорғайтын құқықтық принциптер алдыңғы қатарға шығарылып отырды. Бастапқыда «ұлттың өз тағдырын өзі шешу идеясы» Ағартушылық дәуірінде пайда болған еді. Идея Руссо, Локк, де Ваттель, Гроций деген ғұлама аттармен байланыстырылады. Руссоның ойлауынша, мемлекет қоғамдық келісім бойынша құрылады. Және де сол келісімге сәйкес мемлекеттегі жоғарғы билік халықтың қолында. Яғни, тек халықтың ғана өз тағдырын өзі шешу құқығы бар [1, 21]. Сонда оның философиялық көзқарасын нәтижелеп алғанда мемлекет халық үшін құрылады, және сол халықтың мақсатын орындау үшін өмір сүреді. 1794 жылы 3 қыркүйекте қабылданған бірінші француз Конституциясында «әр адам туғаннан еркін және тең құқылы болып келеді, осыған орай осы табиғи құқықты қамтамасыз ету мемлекеттің мақсаты» деп көрсетілген [2, 250]. Жоғарыда көрсетілген көзқарасты Англиядан солтүстік американ колонияларының тәуелсіздігі үшін күрескендер ұстанған болатын. Ұлттардың өзін-өзі билеу идеясы АҚШ Тәуелсіз декларациясында бекітілді [2, 167]. ХVIII ғасырдың 90 жылдары халық егемендігі идеясы белгілі-бір территорияда орналасқан тұрғындардың кез-келген мемлекет қарамағында өмір сүру құқығына ие деп түсіндірілді. Бұл құқық Францияның Авиньон, Бельгия және Рейн облыстарын аннексиялауы үшін қолданылған еді [3, 7]. «Халық бостандығы» идеясы ХІХ ғасырда Еуропада кең ауқымда тарай бастады. Ол идея ұлттық және революциялық қозғалыстар барысында негізге алынып отырды. Польшаның, Грецияның, Америка құрлығындағы испан колонияларының бостандығы үшін және Германияның бірігуі үшін күрескендер осы идеяға жүктенген болатын. Соның ішінде Германияда идея ирредентизм формасында көрінген. Бір тілде сөйлейтін халықтарды біріктіру, яғни, лингвистикалық ерекшелігіне сай мемлекеттік шекараны өткізу идеясы «ұлттық принцип» деген атауға ие болды. Пруссия мен Герман Конфедерациясы ол доктринаны Шлезвиг мәселесін шешуші фактор 566 Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы ретінде көрді. Доктрина Тоскана, Сицилия, Неаполь, Умбрия, Венеция және Римнің бірігуінің негізі ретінде алынды. Нәтижесінде Итальян Корольдігі құрылды. Итальян патриоттары «ұлттық принципті» халық егемендігі идеясымен және халықтардың өзін-өзі билеу құқығымен бірге қолданған болатын. ХІХ ғасырдың ортасында «халықтың өз ерігін білдіру» идеясы пайда болды. Ол плебисцит формасында жүзеге асырылып отырған еді. Плебисцит шешімдерімен1860 жылы Ницца мен Савойи Францияға кірді, 1862 жылы Грецияға Ионика аралдары біріктірілді. Бірақ плебисцит жетілген формада болмады, себебі оған шектеулі азаматтар ғана қатысуға мұрша алды. Яғни, күшті жақтың мүддесін қолдайтын азаматтар ғана сайлауға кіргізілді. Бірақ халықтың өз жерінің мәртебесін анықтау құқығы ертеден келе жатқан күш принципін баса алмады. Яғни құқық күштінің жағында болды. Күш принципіне сай 1867 жылы Пруссия Шлезвигті аннексиялады, 1871 жылы Эльзас пен Лотарингияны өзіне қосып алды. Жалпы «ұлттың өз тағдырын өзі шешу» термині бірінші рет 1878 жылы Берлин конгресінде қолданылды, салыстырмалы түрде сол уақыттары «ұлттың өз тағдырын өзі шешу құқығы» деген түсінігі де қолданысқа кіре бастады. Бұл идея либералдық және социалистік қозғалыстардың бағдарламаларына енді. Ал 1896 жылы «ұлттың өз тағдырын өзі шешу құқығы» Лондон Конгресінің ІІ Интернационалымен мақұлданды. ХХ ғасыр ұлттардың өз тағдырын өзі шешу кезеңі ретінде қарастырылады. Сол ғасырда ірі көпұлтты мемлекеттер ыдырады: Австро-Венгрия, Осман империясы, КСРО, Югославия. 1900 жылы Латын Америкасы, Азия мен Африкада болған отарлық иелікті 530 млн. адам тұрған, жер көлемі 73 млн. км2 құрады, ал XX ғасыр соңына қарай әлем картасында отарлық жүйе мүлдем жойылды [3, 8]. Бірінші дүниежүзілік соғыс уақытында соғысқа қатысушы елдер жаудың территориясында «әр халық өз тағдырын өзі шешеді» деген ұрандар жариялады. Әсіресе көп көтерілген Польша мәселесі болды. 1914 жылы Австро-Венгрияның ресми өкілдері Польшаға егемендік Австро- Венгр жерінде берілу қажет деген ұсыныстарын айтты, Ресей де осындай ұсыныстарды қолдап, бірақ ол Ресей жерінде жүзеге асу қажет делінген болатын. «Ұлттың өз тағдырын өзі шешу» идеясы соғыстан кейін бірінші рет жүйені қалпына келтіруде құрылымдық норма ретінде АҚШ және Антанта елдерімен ұсынылды. Англия премьер-министрі Ллойд Джорджтың тапсырмасымен Foreign Office эксперттері «ұлттардың өзін-өзі билеу» құқығын негізге ала отырып, соғыстан кейінгі жүйені реттеу ұсыныстарын дайындады, бірақ ол құқық нормасы тек герман колонияларына қатысты болды. Сонымен қатар 1918 жылдан бастап одақтастар Австро-Венгрияны бөлуге бет бұрды. Яғни, Англия, Франция, АҚШ және басқа да коалиция одақтастарының қарамағында болатын Австро-Венгр жерінде жаңа мемлекеттер құру мақсатын алға қойды. Сонда әр дәуірде құқық принциптері тек күштінің жағында болған. Белгілі-бір мемлекет тәуелсіздігі державаның мүддесінің төңірегінде ғана болса, оған бостандық беріліп отырды. Бірақ бостандық тек уақытша берілетін, яғни әр дәуірдегі держава өз жеріне аннексиялап алып отырды. 1918 жылы АҚШ президенті Вудро Вильсон соғыстан кейінгі жүйені реттейтін «14 пунктісін» ұсынды. Ол бойынша халық – билік субьектісі ретінде қарастырылды және халық өзін-өзі билеу құқығына ие. Кейін бұл жайт белгілі-бір халықтардың тағдырын шешуге тірелгенде Вильсон халықтың өз тағдырын өзі шешу құқығын сақ қолдана бастады және «сецессия» құқығын тек Төрттік одаққа қолдану қажет деген ұсыныс айтты. Бұрын жаңа мемлекеттер өзінің даму этапына жетіп, белгілі ретпен құрылған болатын. Және олар салыстырмалы түрде заңды жолмен пайда болып отырды. Еуропа мен Шығыс Азия жерлерінде мемлекеттер революция мен соғыстан кейін жерді қайта бөлу процесінің нәтижесінде құрылса, ал АҚШ ұлт-азаттық күрес нәтижесінде құрылған болатын. Африкадағы жаңа мемлекеттер 1960 жылы КСРО мен социалистік лагерьдің инициативасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының XV сессиясында қабылданған №1514 резолюциясы бойынша отарлық жүйені жою процесіне орай құрылды. КСРО құрамындағы он бес одақтас республикалар ішінде референдум оның ыдырауында шешуші рөл ойнамаса да, халық ойын тыңдауға жол берілген болатын. Және КСРО өмірі құқықты түрде Беловеж келісімімен тоқтатылды. Беловеж келісімінің преамбуласында 1922 жылы Одақ келісіміне қол қойған Беларусь Республикасы, РСФСР және Украина, яғни, Совет Одағын құрушы мемлекеттер, КСРО халықаралық құқық субъектісі ретінде геосаяси өмірін тоқтатады деп бекітті [4]. Оған қоса Одақ конституциясында он бес республика КСРО құрамынан өз еркімен шығуға құқылы деп бекітілген еді [5, 72-бап]. Осы оқиғалардан кейін тәуелсіздікке жете алмаған халықтар 567 № 3 (76) 2010 арасында «кез-келген халыққа бостандық беріледі» деген ойлар қалыптаса бастады. Соған орай қазіргі таңда көпұлтты мемлекет ішінде сепаратистік қозғалыстардың өршуі кең орын алады. Ол өз кезегінде этносаралық қақтығыстарға, мемлекет ішінде тұрақсыз жағдайдың қалыптасуына әкеліп отыр. Мұндай сепаратистік қозғалыстар басқа мемлекеттермен қаржыландырылып немесе оларға әскери көмек көрсетілуде. Бұл БҰҰ Жарғысы бойынша мемлекеттің ішкі саясатына араласу деп аталады [6, 2-бап]. Яғни, мемлекет ішіндегі жағдай тек бір мемлекеттің ғана емес сонымен қатар бірнеше мемлекеттер мүдделерінің төңірегінде болуда. Бұл процесстер енді қалыптасып келе жатқан халықаралық жүйе қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр. Бір жақты тәуелсіздік жария еткен мемлекеттер өз кезегінде «халықтардың өзін-өзі билеу құқығына» сүйенсе, сол сепаратистік аймақ орналасқан мемлекет «мемлекет территорриясының тұтастығы» принципіне жүктеніп отыр. Осы екі жайтты қабылдау процесінде мемлекеттер осындай коллизияға жол берген бе, әлде олар бір-біріне қарама-қайшы келмей ме деген сұрақтар туындайды. Бұл жайттарды пайдалануда құқық бұзушы елдер өз қимылдарын құқықты түрде дәлелдеу үшін басқа мемлекеттерді адасқандық жолына салып отыр. Әр мемлекеттің өзінің қалыптасу жолы болады. Бір мемлекеттерде титульді ұлттан басқа өзге ұлт өкілдерінің жерлері күшпен қосылып алынуы мүмкін, ал басқа мемлекеттерде тарихи оқиғаға байланысты басқа ұлттар қоныс аударылуы мүмкін. Халықтың өз тағдырын өзі шешу құқығының жүзеге асуы бірнеше деңгейден өтіледі. Мысалға алдымен көбінесе көпұлтты мемлекет территориясында кішігірім ұлттар ұлттық азшылық құра отырып, әр адамға берілген құқықты пайдалана отырып, билік қатарынан (парламенттен) орын сұрайды [7, 2-бап]. Мемлекеттің заң шығарушы органына кіргеннен кейін өз халқына автономия сұрап, кейін алынған автономиямен шектелмей тәуелсіздік үшін күрес ұйымдастырылады. Мемлекет өзінің территориялық тұтастығын сақтау үшін шаралар қолдануын әлем қоғамдастығы геноцид деп тануы мүмкін. Келтірілген мысалдарды нәтижелеп алғанда күш көрсету арқылы аннексияланған жерлерде тұратын халықтарға бостандық беріліп, басқа жағдайларда мемлекеттің шекарасының мызғымастығы сақталыну қажет. Мәселе алдымен тарихи щолу жасай отырып, сараптама жасағаннан кейін ғана шешілу қажет. Басқа ел азаматтары көрші елге қоныстанып алып, сол жақта бостандық сұрауына жол беріле берсе, онсыз да тұрақсыз халықаралық жүйе мүлдем тұрақтану жолына түсуге мүмкіндік тумайды. Қазіргі таңда жаңа құрылған мемлекет халықаралық қатынастар жүйесіне ұйымдарға мүше болу арқылы қатысады. Ұлттар Лигасы құрылғаннан кейін кім бұл ұйымға мүше бола алады және конференцияларға кімді шақыру қажет деген сұрақтар туындаған еді. Соған орай 1933 жылы Монтевидео конференциясында қабылданған Қорытынды конвенцияда мемлекет ұғымына төрт критерии берілді: тұрақты тұрғындары болу қажет; белгілі-бір территорияның болуы; үкіметтің болуы; мемлекеттің басқа мемлекеттермен қатынас орната алуы. Осы критерилермен қазіргі бір жақты тәуелсіздігін жария еткен мемлекеттерді қарастырып көрсек, Грузиядан бөлініп шыққан Абхазия мен Оңтүстік Осетия, Сербиядан бөлінген Косово – бәрі де осы критерилерге жауап беріп отыр. Сонда қазіргі таңда Монтевидео Конвенциясында берілген критерилерге жауап беру аз. Оған қоса басқа мемлекеттер, әсіресе әлемдік әмбебап ұйымы БҰҰ мүше – мемлекеттер олардың тәуелсіздігін тану қажет, яғни БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшелерінің ұсынысы керек [6, 4-бап]. Сонда ғана олар толыққанды халықаралық құқықпен пайда болған мемлекет деп саналынады. Жоғарыда көрсетілген мемлекеттердің жағдайы жақын арада шешілу мүмкіндігі туындамай отыр. Косовоны АҚШ пен көптеген Еуропа мемлекеттері таныса, Ресей Косово Республикасын тануға қарсы болды. Абхазия мен Оңтүстік Осетияны тек Ресей, Никарагуа, Венесуэла және Науру таныды. Соңғы үш мемлекет тек антиамериканизм бағыт ұстанғандықтан АҚШ стратегиялық серіктесі Грузия жеріндегі сепаратистік қозғалысты жақтап отыр. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшелерінің екеуі – АҚШ пен РФ мүдделері бір-біріне қарама-қайшы келіп отыр. Көптеген саясаткерлер мен мемлекеттер бұл жайтқа екілік стандарт терминін қолдануда. Халықтың өз тағдырын өзі шешу құқығы қазіргі таңда БҰҰ Жарғысында, Адам құқығы туралы халықаралық Пактілерде, БҰҰ Бас Ассамблеясының көптеген декларацияларында және үкіметаралық, үкіметтік емес ұйымдардың құжаттарында көрсетілген. Мемлекеттің территориялық тұтастығын сақтау принципі 1975 жылы қабылданған Хельсинки қорытынды актісінде және БҰҰ Жарғысында бекітілген. Бұл құқық көздері жай қағаз түрінде көрсетіліп отыруы мүмкін. Егер Ресей Грузияның Абхазия мен Оңтүстік Осетияға агрессия көрсетілгені үшін оларға бостандық берсе, ал АҚШ Сербия жақтан Косовоға геноцид қолданылғанын себепке алса, сонда неге Еуропа мемлекеттері төңірегіндегі басктерге, ирландықтарға, корсикалықтарға тағы да басқа халықтарға бостандық 568 Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы бермей отыр? Мүмкін ол кішігірім территориялар державалардың мүдделері төңірегінде емес. Әр мемлекет әрқашан әр жағдайда тек өз мүддесін ойлайды, АҚШ косоволықтарды, ал Ресей Федерациясы абхаздар мен осетиндерді ойлаған жоқ. Мүмкін Ресей Грузияның американдық бағыт таңдағаны үшін өшін алды, ал АҚШ Еуропада Ресей үстемдігіне жол бергісі келмеді. Қазіргі таңда жаһандану үрдісі қарқын дамып келе жатыр. Осыған орай мемлекеттер ұлттық принциптен айрылу мүмкін. Жаһандану үрдісін көптеген ғалымдар мен саясатта пікір айтушылар американизм немесе вестернизация терминдерімен бірге қолданып отыр. Сонда бәріміз батыс елдерінің мәдениетін, олардың өмір сүру қалпін өзімізге сіңіретін болармыз. Осыған орай сұрақ туындайды: егер бәріміз бір халық болсақ, несіне жеке өмір сүруге талпынамыз? Ертелі-кеш бірігеміз ғой. Екінші жақтан басқа мәселе туындайды. Жаһандану үрдісі тек аймақтық деңгейде ғана болады деген ойлар айтылуда. Сонда Косово Еуропалық Одаққа мүше болу арқылы жаһандану үрдісіне қатысады, ал Абхазия мен Оңтүстік Осетия аймақтары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына кіреді. Бірақ олардың мүшелігі көп уақыт қарастырылу мүмкін. Себебі қандайда бір аймақтық ұйымға мүше болу үшін сол аймақ мүше-мемлекеттерінің келісімі қажет. Косованы тануға ЕО ішінен Греция мен Испания қарсы болып отырса, Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін ТМД мүше елдерінен Ресей Федерациясынан басқа ешкім қабылдамай отыр. Болашақта осы жартылай танылған мемлекеттер жаһандану үрдісінен шетте қалып қалу қаупі бар. Олай болса олар әлем экономикасынан шетте қалып қояды. Нәтижесінде толық қалыптаспаған мемлекеттер ішінде әлеуметтік және экономикалық проблемалар туындайды, дамуда артта қалушылықтар байқала бастайды. Ел ішіндегі мәселелерді шешуде Косово батыс елдерінен, абхаздар мен осетиндер Ресейден жәрдем сұрайды. Екі ірі мемлекеттер өмір бойы көмек беріп отырмайды. Олар керісінше сол толық қалыптаспаған мемлекеттердің қазба байлықтарын төмен бағамен алуы және қарыз беру арқылы өздеріне тәуелді етіп қоюы мүмкін. Жоғарыда келтірілген мәселелерді қорытындылай отырып, кез келген мәселені шешуде БҰҰ Жарғысын, халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып ымыраластыққа, төзімділікке және ашықтыққа жол берілу керек.

Читайте также:  «Мәңгілік Ел» идеясын ақпараттық кеңістікте жылжыту

Оставить комментарий