Топырақ ылғалдылығына байланысты экологиялық-мелиоративтiк шараларды қолдану

Топырақтың түрi мен оның сулы — физикалық қасиеттерiне және жер асты суларының орналасу тереңдiктерiне, сонымен қатар өсiмдiктер тамырының жайылу жағдайына байланысты ондағы тектiк қалдықтардың түзiлуi әр алуан болып келедi. Ең алдымен, топырақ түзiлуiндегi түрiне тiкелей байланысты. Өйткенi, қара, сұрғылт, қара қызыл, қоңыр, боз, сор және сортаңды топырақтар өзiнiң тектiк, шiрiндi, ылғалды сiңiру қабiлеттiлiгi сулы-физикалық қасиеттерiмен (ылғалдылығы, ылғал сыйымдылықтары, кеуектiлiктiгi, тығыздығы, қатты фазаның тығыздығы т.б.) ерекшеленедi. Топырақ түзiлiсiнiң өзгеруi жер асты және ыза суларының орналасу тереңдiктерiне сәйкес өзгерiстерге ұшырайды. Кiрiспе. Топырақ құрылымы жер асты ыза суы тереңдiгi 2-3 м болса, гидроморфты, 3- 4 м аралықта жартылай гидроморфты, ал 4-5 м аралықта автоморфты болып келедi. Көп жылдық ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижиесi бойынша, егiстiк алқапты өңдеу, жырту, тұқым себу кезiнде, ыза суының орналасу тереңдiгi 1,8-2 м ден кем болмауы шарт. Егер бұл тереңдiктен жоғары 1,5 м аралықта болса, онда жердi өңдеу жұмыстарына кедергi болады. Ал, жоғарыда аталған-гидроморфты, жартылай гидроморфты және автоморфты жағдайлар егiс алқаптарындағы топырақ құрылымының түзiлiсi мен онда жүргiзiлетiн экологиялық- мелиоративтiк шаралардың тиiмдiлiгiне үлкен әсер етедi. § 1. Экологиялық-мелиоративтiк шараларды қолдану қажеттiлiгi Геожүйедегi дақылдардың тамырларының жайылу тереңдiгi әр түрлi. Мәселен, жоңышқа 2,8-3 м (кейде 3,5-4 м), қызылша 2,5-2,8 м, картоп, бидай 1,8-2 м; жемiстер: қызан, қияр, сәбiз 0,8-1,2 м аралығындағы тереңдiкке жайылады [1]. Олай болса, дақылдар мен жемiстер суды қабылдап, сiңiру қабiлеттiлiгi де түрлiше. Ендеше, жоңышқа мен қызылша ең кем дегенде 6000- 8000 (текше м/га) аралығында суды пайдаланады. Ал, бидай, картоп бұларға қарағанда аздау 3500-4000 (текше м/га) суды қажет етедi. Сонымен қатар, бұл өсiмдiктердi суғару тәсiлдерiне де байланысты судың көлемi өзгерiп отырады. Олай дейтiнiмiз, техникалық дақылдар: қызылша, картоп, жүгерi, қызан, қиярларды жүйектеп, ал, бидай, арпа, жоңышқаны тақталап суғарады. Мұндай жағдайда, суғару кезiндегi судың есептеу қабатындағы (0,6-1,0 м) ылғалдылықтың сiңiрiлуiндегi дымқылдану элюры түрлiше болып келедi. Осыған сәйкес, дымқылдану кезiндегi ылғалдылық көлемi жазықтық және тiкелей қанығу барысында өзгерiп отырады. Әрине, аталған тәсiлдердi қолдану, танаптағы топырақтың механикалық құрамы мен кеуектiлiктерiне тiкелей байланысты жобаланады. Жоғарыдағы аталған егiншiлiк танабындағы заңдылықтардың дұрыс, әрi тиiмдi пайдалнылуы- өнiм алу кезiндегi экологиялық-мелиоративтiк және агротехникалық шараларды дер кезiнде қолдануға мүмкiндiк бередi. Экологиялық тұрғыдан бағалау — суды ысырапсыз, ластануға жеткiзбей, ылғал сыйымдылығына сәйкестендiрiп беру. Ал, жердi жақсартып, құнарландыру әрi тозудан, жарамсызданудан сақтау үшiн, қажеттi дақылдар егiп, булану процесiн болдырмаудың қолайлы тәсiлiн бiлу керек. Ал, әрбiр танап үшiн қажеттi қорегiмен судың нақты мөлшерiн дақылдардың түрiне сәйкестендiру, көбiнесе агротехникалық технологияны дұрыс пайдалана бiлу шеберлiгiне де байланысты. Осы аталған қарапайым, әрi дәлдiктi қажет ететiн технологиялар мен техниканы дұрыс, әрi тиiмдi пайдалану негiзiнде ғана, егiс танаптарынан тұрақты өнiм алуға болады. Топырақтың құрылысы түзiлуi үшiн бұршақты өсiмдiктер-жоңышқа, беде, эспарцет және табиғи әсерлердiң маңызды орын алатындығы бұл өсiмдiктердiң тамырлары топырақтың төменгi қабатына терең жайылады, кальцийдi көп сiңiретiндiгi белгiлi. Сонымен қатар, қоректiк заттар неғұрлым көп болса, өсiмдiк суды соғұрлым аз буландырады. Олай болса,дұрыс, әрi жеткiлiктi тыңайтылған егiстiкте өсiмдiк суды үнемдi жұмсайды. Ылғал мен судың топырақта қандай күйде болатындығын көптеген ғалымдар тәжiрибелер арқылы дәлелдеген. Мәселен, топырақ ауасы салқындағанда бу тәрiздес ылғал сұйық тамшыға айналады, судың тамшысы топырақтың iшкi жағын құрайды. Ал, келген суды өсiмдiк тамырлары сiңiредi. Аталған бу тәрiздес су жазда жоғарғы қабаттан төмен қарай, қыста төменгi қабаттан жоғары қарай жылжиды. Топырақ ылғалының пiшiнiн зерттеген [2, 4-5], ғалым (А.Ф. Лебедов) топырақтың гигроскопиялық (дымқыл тартқыш) ылғалдылық күйi деп атады. Топырақта лай түйiршiктерi мен қара шiрiк неғұрлым көп болса, онда гигроскопиялық ылғал соғұрлым мол болатындығы ғылымда белгiлi. Өсiмдiк тамырлары гигроскопиялық ылғалды пайдаланбайды. Оларды анықтау, тек зертханалық жағдайда (105-110 ◦ С) кептiргiш пештерде топырақты құрғату арқылы ғана айыруға болады. Дегенмен, гигроскопиялық ылғалдылықты анықтау-өсiмдiктердiң даму құбылысын бақылау үшiн қажет. Тәжiрибеден бiлетiнiмiз, топырақтың ылғалдылық дәрежесi гигроскопиялық дымқылдылықтың бiр жарымдай мөлшерiндей болса, сола бастайтыны белгiлi. Топырақта бұдан басқа жиынды су немесе капиллярлық ылғалдылық болады. Капиллярлық ылғалдылық терең топырақ түйiршiктерiнен тайыз топырақ түйiршiктерiне жылжып көтерiлiп барады. Тағы бiр ерекшелiгi белгiлi қабаттағы жиылған суды өзiне қосады. Сонымен, топырақ түйiршiктерiнiң сiңiруiнен тыс қалған су (ылғал) капилляр ылғалын құрайды. Капилляр ылғалы да салқындаған бу тәрiздi, ылғалдылықтар сияқты, топырақ түйiршiктерiнiң саңлауымен (шамамен 0,1 мм) ағады [2-4]. Су (ылғал) осындай жүйемен ылғалы мол орыннан өте құрғақ қабатқа қарай ағатындығы физикалық заңдылықтар бойынша белгiлi. Топырақ үстiңгi қабатының ылғалы неғұрлым көбiрек буға айналса, топырақтың төменгi ылғалды қабатының суы капилляр бойымен соғұрлым жоғары жылжиды, демек, топырақтың ең төменгi қабаты тезiрек құрғайтындығы мәлiм. Топырақ құрамындағы ылғалдылықтың түрлерiн анықтау, дақылдардан өнiм алудың негiзгi кепiлi, сонымен қатар, топырақ құнарлылығын арттырып, баптау, қайта қалпына келтiру, агротехникалық, экологиялық-мелиоративтiк шараларды қолдануда өте маңызды орын алады. Әсiресе, топырақтың тектiк қабатындағы ластану, жарамсыздану, тозу құбылыстарын болдырмау шараларын терең зерттеуге мүмкiндiк бередi. Ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтежиелерiнен белгiлi, әсiресе шөлейт аймақтарда, тұзданған, сор және сортаңды жерлердi игерiп, өнiм алуда топырақ құрамындағы ылғалдылықты анықтау өзектi мәселенiң бiрi болып отыр. Олай болса, топырақ түйiршiктерi арасындағы капиллярлық қылтүтiкпен қатар, кең аралық түтiктер болады. Осы аралықтағы түтiк суы гравитациялық су немесе ауырлық күшiмен қозғалатын ылғал деп аталады. Капиллярлық және гравитациялық ылғалдылықтар өсiмдiктер үшiн негiзгi қажеттi ылғал көзi болып есептелiнедi, сондай-ақ, өсiмдiк тамырлары мен майда ағзалар осы суды ғана пайдалана алады. Бұл деген-өсiмдiктердiң дамуы мен майдаағзалардың тiршiлiк ету жағдайларына қолайлы әсер етушi негiзгi ықпал екендiгiне көзiмiз жетедi.

Читайте также:  Победители II математической олимпиады в ЮКО проведут месяц в физико-математической школе в Новосибирске

Оставить комментарий