ӨТПЕЛІ ҚОҒАМДЫҚ ҚҰРЫЛЫСТЫҢ ПРИНЦИПТЕРІ

1. Абсолютті теңдік, мүлік ортақтығы және міндетті еңбек құрылысы тек елу асылдан кейін толық және түпкілікті жүзеге асырылады. 2. Осынау елу жыл барысында меншік құқығы сақталады, және еңбек еркін және міндетті емес болып қала береді. 3. Қолда бар мүлікке, ол қандай тең болмаған күнде де, қол сұғылмайтын болады, бірақ бүгіннен бастап кемітіле беретін теңсіздік және ілгерілей беретін теңдік құрылысы ескі құрылыс, шектелмеген теңсіздік пен мүлтіксіз теңдік пен ортақтықтың болашақ құрылысы арасындағы өтпелі белес қызметін атқарады. 4. Қазіргі бар меншік иелерінің барлығы өз меншігін сақтап қала береді. Өзгерістер тек болашақ мұра, тарту ету және ие болу жөнінде жасала алады. 5. Он бес жастан асқан бірде­бір азамат, ортақтық құрылысы орнатылып жатқан кезеңде, жұмыс істеуге міндетті емес. Бірақ он бес жасқа жетпеген, қазір туған және туатын балалар ортақ қарапайым техникалық білім алады, бұл ортақтық құрылысы орнатылғанда олар белгілі бір мамандық бойынша жұмыс істей алуы үшін жасалады. 6. Бүгіннен бастап барлық заңдардың мақсаты басы артық жасты кеміту, кедейлер талайын жақсарту және бірте­бірте барлық нәрседе теңдік орнату болып табылады. 7. Бюджет қысқартылмауы мүмкін, бірақ кіріс пен шығыс жүйелі өзгертіледі. 8. Кедейлер, күнделікті қажет нәрселер және еңбек салық атаулыдан босатылады. 9. Байлық және артық нәрселерге өсіп отыратын салық салынады. 10. Мемлекеттік барлық пайдасыз шығындардың жолы кесіледі. 11. Барлық қоғамдық қызметтердің зейнеті болады немесе ақы төленеді. 12. Олардың барлығына жеткілікті және қанағатты мөлшерде ақы төленді. 13. Жұмысшының жалақысы реттеледі, және күнделікті қажет заттардың бағасы әрбір диқан, әрбір жұмысшы және әрбір меншік иесі еңбектен келетін қарсыға және өз меншігіне тәуір өмір сүре алатындай етіп нормаланады. 14. Жұмысшыларға жұмыс беру және кедейлерге баспана беру үшін жыл сайын кем дегенде бес жүз миллион бөлініп отырады. 15. Осы мақсатта ортақтық жүйесін орнату жөніндегі барлық даярлық жұмыстары дереу басталады. 16. Мүмкіндік туған бойда армия, сый­сияпат көрсетіліп, таратылады. 17. Оған дейін алдағы кезде, ол, арнайы сый­сияпат беріліп, қоғамдық пайдалы еңбекте пайдаланылады. 18. Ұлттық иеліктер мүмкіндігіне қарай дереу ортақтықты енгізу үшін пайдаланылады, қалаларға немесе деревняларға, яки фермаларға айналдырылып, кедейлерге беріледі. 19. Халық санын көбейту және некесіздікті доғарту үшін барлық шаралар қолданылады. 20. Жұмысшылардың некеге тұруы ынталандырылады және жеңілдетіледі. 21. Жаңа ұрпақтардың білім алуы мен тәрбиесі мемлекеттік қамқорлықтың басты тақырыптарының бірі. 22. Олардың мақсаты ортақтық құрылысын орнату үшін еңбек ететін азаматтар мен жұмысшыларды тәрбиелеу. 23. Бұған жыл сайын, егер қажет болса, жүз миллион жұмсалады. Мұғалімдердің қажетті санын даярлауға барлық күш­жігер бағытталады. Республика олар мен олардың үй ішінің әл­ауқатын қамтамасыз етеді және оларды мемлекеттік қызметшілердің ең маңыздылары деп қарастыратын болады. Меншікке және кеми беретін мүлік теңсіздігіне негізделген өтпелі қоғамдық құрылыстың принциптері осындай болды. Осынау өтпелі құрылыс, көріп отырғанымыздай, ие болған құқықтың бәрін қамтымайтын, ал ортақтық қоғамы тек он беске толмаған жас балалар үшін және болашақ ұрпақтар үшін ғана тіршілік етуге тиіс болатын. Динар бұдан кейін өтпелі кезең барысындағы саяси құрылыстың принциптерін баяндап берді. Осы тақырып бойынша ол айтқанның бәрін қайталап жатпаймын, өйткені мен осынау үкіметтік ұйымды, қазіргіден көп өзгешелене қоймайтын ұйымды жеткілікті суреттедім (бірінші бөлімнің V тарауы). Алайда, қылмыстық құқық пен сот жүргізудің баяндалуын қайталаймын. Меншік елу жыл бойы сақталатын болғандықтан, осынау уақыт барысында енді қылмыс жасалмайды деп үміттенуге болмайтын еді, сондықтан жазалау шараларын сақтап қалу қажет болды. Динар бізге ең әуелі революция сәтінде аристократия мен байлар абақтылар мен каторгаларға тоғытқан бейшара сотталғандар туралы айтты. Ол бізге Икар оларды дереу босатып, отбасына қайтарғанын, олардың не республика армиясына не шеберханаларына баруына рұқсат еткенін жеткізді; тіпті жұмыс істегісі келген ұрыларға да кешірім жасалған. Олардың бәрі дерлік кейін мінсіз жұмысымен көзге түскен. Бұдан кейін ол мынадай сөздерден құралған резюмені оқып берді: «Сот ұйымы оңайлатылды. Қазылар сайланатын және уақытша болады. Көлденең билер азаматтық және түзетуші істерде де, қылмыстық істерде де айыптау мәнісі бойынша пікірін білдіреді. Қылмыстық кодекс қайта қаралады; өлім жазасы алып тасталады; ар­намысқа тиетін жазалар жойылады. Қылмыстық сот жүргізу жиыны қайта өңделеді, индивидуалдық бостандыққа өкіметтің барлық қиянаттарынан кепілдік беріледі; тек кісі өлтірді деп айыпталғандар ғана сотқа дейін, жюридің рұқсаты бойынша қамауға алынады. Абақтылар таза және ыңғайлы болады. ­ Өтпелі конституцияның принциптері осындай болды, ­ деп аяқтады Динар, ­ және қамқор пейілмен басып шығарылған әрі жұрттың бәріне жақсы белгілі бұл конституция салтанат пен қуаныш үстінде бірауыздан қабылданды. Дәл сондай жігермен конституция барлық халықтық коммуналдық жиналыстарды өткізу, провинциялық өкілдіктерді сайлау және барлық жаңа мемлекеттік қызметкерлерді мансапқа енгізу жолымен іске асырылды. Осылайша республикалық демократиялық үкімет нығайды. Халық үкіметі Ұлттық экзекутиваның президенті Икармен келісіп, сайып келгенде халықтың ісімен айналыса бастады және өзін түгелімен оның әл­ауқатына арнай алатын болды, өйткені енді оған ешқандай азаматтық алауыздықтар мен сыртқы катер бөгет жасамайтын еді. Өздерінің істерін талқылауға бүкіл халық қатысатын болды, өйткені әрбір коммунаға біріктірілген барлық азаматтардан құралған халықтық коммуналдық жиналыстар коммуналдық істерді талқылайтын болды. Әрбір провинцияның азаматтары сайлаған депутаттардан құралған провинция өкілдіктері провинция істерін талқылады. Жиналыстар да, өкілдіктер де конституция өздеріне сеніп тапсырған істерді талқылады, ал республиканың барлық азаматтары сайлаған Ұлттық өкілдік барлық ұлттық істерді талқылады. Өзі орындауға тиіс болған орасан зор ұйымдастырушылық жұмыстың үдесінен шығу үшін Ұлттық өкілдік әрқайсысы жүз отыз үш мүшеден құралған он бес комитетке (диқаншылық, тамақ, киім­кешек, баспана, өнеркәсіп, сауда, халық ағарту және тәрбие, статистика және т.б.), сондай­ақ әрқайсысы отыз үш мүшеден құралған алпыс кіші комиссияға бөлінді. Ол тіпті әрбір комитет жанынан депутат емес, бірақ арнайы білімі бар Және өз байламын бере алатын азаматтардан комиссиялар ұйымдастырды. Барлық осынау комиссиялар қажетті анкеталар жасап, барлық провинциялық өкілдіктер мен барлық халықтың коммуналдық жиналыстары жанынан ұйымдастырылған өздері секілді комитеттермен хат алысып тұрды, сөйтіп бүкіл халық осынау әрқилы комитеттерге бөлінді. Ал халық барлық мәселелердің жай­жапсарын толық біліп талқылауы үшін әрбір коммуна соның тұрғындары үшін коммуналдық газет шығара бастады; әрбір провинция ­провинция тұрғындары үшін өзінің провинциялық газетін, ал ұлт ­ ұлт пен барлық азаматтар үшін ұлттық, яки халықтық газет шығаратын болды. Мемлекеттік қызметшілер, таңдаулы азаматтар редакциялайтын әрбір газет коммуналардың, провинциялардың және елдің есебінен таратылады (мұның өзі әркім үшін шамалы ғана шығынға түсетін), сөйтіп әрбір әулет басшысы өзінің коммунасының, провинциясының газетін және ұлттық, яки халықтық газетті тегін алатын болды. Бұл шығын халық ағартуға немесе халық егемендігін жүзеге асыруға жұмсалатын шығын ретінде қарастырылды. Дәл сол мақсатпен барлық жерде статистиканы ұйымдастыру немесе коммуналардың, провинциялардың және тұтас алғанда республиканың заттарын есепке алып отыру үшін арнайы әрі тұрақты қызметшілер тағайындалды. Әрбір коммунада үйлердің саны, ахуалы және міндеті; отбасылардың саны, ахуалы және мүлкі; әрбір отбасыны құрайтын адамдардың олардың жынысы, жасы, кәсібі көрсетілген саны, үйленген және бойдақ, немесе жесір әйелдер мен еркектердің саны; бір жылда туған, екі, үш жастағы адамдардың саны; тас қалаушылардың, балташылардың, етікшілердің және т.б. саны жөніндегі статистика болуға тиіс. Коммуналдық статистика сондай­ақ домендер мен фермерлердің саны мен ахуалын; дақылдар мен өнімдер көрсетілген жер арпаны санын; аттар мен бұқалардың санын және т.б. тіркеп отыруға тиіс болды. Провинциялық статистика барлық коммуналардың статистикасын қорытып, одан провинциялық статистика құрастыруға тиіс болды, ал ұлттық статистика барлық провинциялар статистикасының қорытындысын шығаруға тиіс болды. Осынау статистикалық мекемелердің әрқайсысының әрбір коммунаның, әрбір провинцияның басты қаласында және астанада өзінің арнайы ғимараты болды. Олардың әрқайсысы жыл сайын өз еңбектерін басқызып, оны әрбір әулет басшысы өз коммунасының, оз провинциясының және ұлттың статистикалық ақпаратын алатындай етіп бөлуге тиісті болды. Үкімет осылайша, әрбір коммуна, әрбір провинция және бүкіл ел халқының санын, оның мұқтаждары мен еңбек құралдары қандай екенін және жер өнімінің қаншалықты болғанын біліп отыра алар еді; ол кемістіктерді жою, барлық ресурстарды пайдалану, қажет мұқтаждарды қанағаттандыру және әкімшілік аппаратты жақсарту үшін қажет барлық мәліметтерді таба алатын. Реформалар мен жақсартудың барлық жоспарлары осылайша әрбір отбасыдан, әрбір коммунадан, әрбір провинциядан шығып Ұлттық өкілдікті хабардар етуге жетіп жататын; басшылық үшін немесе халықты хабардар ету үшін ақпарат Ұлттық өкілдіктіктен де шығып жататын, ал барынша маңызды жағдайларда бүкіл халық егемен ретінде түпкілікті шешетін­ді. Икар мен Ұлттық өкілдік барлық азаматтардың байыпты назарын аударған алғашқы мәселелердің бірі мынадай еді: өтпелі кезеңге меншікті сақтай отырып, барша жұрт, мүмкіндігінше тезірек жақсы тамақтана, жақсы киіне алуы және жақсы баспанаға ие болуы үшін қайыршылықты қалай жоюға және кедейлердің тағдырын қалай ұдайы жақсарта түсуге болады? Өзіңіз таразылай беріңіз, барлық сауатты адамдардың қарауына тап болған осынау бір сұрақтың өзі ақыл­ой иелерін қалай қызықтырады деңіз! Қандай жаңа дүние деңіз! Әуелі қиянаттарды жою қолға алынды. Олар сыпырғының бір соққысымен­ақ келмеске кеткенін сізге айтып жатудан пайда жоқ. Ал барлығы да түкке жарамайтын және тек қиянатқа жетелейтін болғандықтан, бәрі дерлік: салмақ пен өлшем, уақытты есептеу мен елдің аумақтарға бөлінуі, есімдер, құлық пен салттар өзгертілді; баршаға бірдей әрі радикалды революция, толық жаңарту, нағыз қайта түлеу жасалды.

Читайте также:  ҰЙЫМ ҚЫЗМЕТКЕРІН ЫНТАЛАНДЫРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Оставить комментарий