Тыл батырлары

Кеңес елінің басшылары Ұлы Отан соғысының алғашқы сәтінен бастап­ақ тас­түйін әзірлігі бар, мұздай қаруланған жаумен айқасқа түсіп отырғанын терең түсінді. Мұндай жауды жеңіп шығу үшін орасан зор әскери күш қана емес, мықты тыл да қажет деп санады. Сондықтан тылдағы алуан қырлы жұмыстарды соғыс жағдайына бейімдеп қайта құру ісіне айрықша маңыз бөлді. Қолдағы мал, азық­түлік қоры, жылы киім т.б. көптеген қосымша күштердің барлығы есепке алынды. Осы мақсатпен ВКП(б) Орталық Комитеті тыл жұмыстарын ұйымдастырудың орталық комиссиясын құрды. Орталық комиссияны ВКП(б) Орталық Комитетінің хатшысы А.Андреев, Халық Комиссарлары Кеңесінің мүшелері А.Н.Косыгин, А.И.Микоян және басқа да белгілі қайраткерлері басқарды. Қазақстандағы мұндай комиссияға Н.Оңдасынов, Ж.Шаяхметов Н.Скворцов жетекшілік етті. Мал шаруашылығы өнімдеріне, әсіресе азық­түлікке деген сұраныс барған сайын арта түсті. Бұл өнімдердің негізгі базасы саналатын елдің батыс аймақтары жау қолында қалды. Осыған орай орталық үкімет Қазақстан мен Орта Азия республикаларына мал басын, оның өнімдерін үздіксіз арттыруға, егістік алаңдарды ұлғайтуға нұсқау берді. Дәл соғыс басталар қарсаңда Қазақстан Халық Комиссарларының Кеңесі мал басын өсіру жөнінде жергілікті басқару органдарына тікелей нұсқаулар берген болатын. Мұның өзі мықты тылды қамтамасыз етудің негізгі шараларының бірі болғаны сөзсіз. Мал шаруашылығының ірі базасы саналатын Маңғыстау өңірінде, бұл мемлекеттік шараларды жүзеге асыруға айрықша назар аударылды. Аудан басшылары мал басын өсірудің, мал өнімдерін алудың барысы жөнінде орталық үкіметке тікелей ақпараттар беріп отырды. Осындай шұғыл шаралар нәтижесінде Маңғыстаудағы мал басы, 1941 жылдың аяғында алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,5 еседей өсті. Мұншалықты малды бағып­күтуге де айрықша күш­қуат болатынын түсінікті нәрсе. Ел ішіндегі бас көтерген ер­азаматтар майданға кетіп жатыр. Бар салмақ қауқары қайтқан қарттар мен әйел ­ қыздарға, бозөкпе балаларға түсті. Соғыс жүріп жатқан ауыр күндерде төрт түлік малдың қадір­қасиетті әсіресе айқын сезілді. Соғыс зардаптары тұралатып тастаған ел экономикасын көтеруге, жалпы жұртшылықтың жадағай жай­күйін жақсартуға да малдың пайдасы өлшеусіз еді. Осы жағдайларды ескере отырып үкімет елдегі мал басын өсіру, мал өнімдерін арттыру жөнінде арнайы қаулы қабылдады. Бұл қаулыда Қазақстандағы мал басын 1945 жылдың аяғына дейін 19 миллионға жеткізу міндеті алға тартылды. Мұндай ауқымды шаралардың орындалуына Маңғыстау малшылары да еселенген үлестерін қосты. Мал өсіріп, оның өнімділігін арттыру жұмыстарының қат­қабат тауқыметтерін негізінен әйелдер көтерді. Олар жау шебінде, от ортасында жүрген сарбаздарды азық­түлікпен, киім­ кешекпен қамтамасыз етуге, сөйтіп, демеушілік жасауға қолдан келген көмектерін аянған жоқ. Тылдағы күрес майданнан кем болған жоқ. Ер­азаматтарының орнын басқан әйелдер мен қыз ­ келіншектер, бозөкпе балалар күндіз­түні бірдей еңбек етті. Осындай патриоттық өрлеудің нәтижесінде 1943 жылы Қазақстанда, оның ішінде Маңғыстауда да мал басы едәуір өсті. Маңғыстау жерінде соғыс жылдарында он әйел колхоздар мен ауылдық кеңестердің төрайымдары болды. 29 әйел фермаларға, 59 қыз­келіншек артельдер мен бригадирлерге жетекшілік етті. Соғыстың ауыр зардаптарын қабырғасымен қайыса көтерген тыл ерлері, өздерінің тынымсыз еңбектері Жеңіске қосылатын орасан зор демеу ­ күш екенін жақсы білді. Тұрмыстың таусылмайтын тауқыметтеріне қарамастан Маңғыстау малшылары соғыс жылдарында да мал басын еселеп өсіре білгенін архив құжаттары да айғақтайды. 1940 жылдың басында Маңғыстау ауданында 22147 уақ мал, 3350 жылқы, 1025 сиыр, 1717 түйе болған болса, 1944 жылдың ортасында 146821 уақ мал, 11252 жылқы, 6144 сиыр, 3790 түйе болды. (МОМА, 17­ қор, 36 бет). Колхозшылардың жеке меншігінде 11525 қой­ешкі, 2950 түйе, 147 жылқы болған (сонда,36­бет). Мемлекет соғыс жылдарындағы тылдың маңызын жоғары бағалап отырды. Шын мәнінде де Жеңісті жақындату тылдағы тынымсыз тірлік, қарапайым адамдардың қаһармандық еңбегі өзінің өлшеусіз үлестерін қосты. «Барлығы да майдан үшін!» деген ұранды тылдағы әрбір еңбек адамы бойтұмардай қастерлеп, қандай жұмыста жүрсе де оны өздерінің мойындарындағы адамгершілік парыздары деп санады. Олар маң даланы жайылған әрбір мал, шахталардағы әрбір тонна көмір, жау оғының өтінде жатқан жауынгерлерге қалқан болатынын жүрек түбінде сақтап, терең ұғынды. Архив құжаттарында соғыс жылдарындағы Маңғыстау өңірі еңбеккерлерінің ерлікке теңдесерлік іс ­ әрекеттері айқын көрініс тапқан. Орталықтың мал басын өсіру туралы нұсқауларын маңғыстаулықтар аса маңызды мемлекеттік шаруа деп түсінді. Ата кәсіптеріне айрықша назар аударылып, алдарындағы ақтылы қой мен ауыздығын шайнаған Адай арғымақтарының Жеңіс күнін жақындатуға қосатын үлесін мықтап ұғынған Маңғыстау малшылары, сол сұрапыл жылдары ерлікке парапар еңбек майданының үнемі алғы шебінде жүрді. Маңғыстау малшылары соғыстың ауыр жылдарында өздеріне жүктеліп отырған осындай орасан зор жауапкершіліктің салмағын жан­дүниесімен жақсы сезініп, мал басын өсірудің қандай қиыншылықтары болса да мойымай көтеріп, табандылық пен ерлік еңбектің небір тамаша үлгілерін көрсете білді. Орталық үкімет Маңғыстау малшыларының соғыс жылдарындағы ерен еңбектерін жоғары бағалап отырды. Көптеген тыл ерлері жоғары өкімет наградаларына ие болды, Шевченко ауданы 1943 жылдың қорытындылары бойынша республикалық Құрмет тақтасына жазылды, бірнеше шаруашылықтар мен фермалар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Соғыс жылдарындағы және одан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңіндегі Маңғыстау малшыларының табыстары жоғары бағаланып, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1948 жылғы 23 шілдедегі Жарлығымен Шевченко және Маңғыстау аудандарының 9 малшысына Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Жеңіс… Бұл күнді жер жүзінің миллиондаған ақ ниетті адамзатымен бірге Маңғыстау түбегінің тұрғындары да аңсай күтті. Бұл күнді жақындату жолына жанқиярлық еңбектің үлгісін көрсетіп, алуан қырлы адамшылық қасиеттерін айдай әлемге таныта білді. Түбек халқының соғыс жылдарындағы ерлікке парапар еңбектері әлі де талай ұрпаққа үлгі­өнеге болып қала беретіні сөзсіз.

Читайте также:  Сұхбат жүргізудің технологиясы мен әдістері

Оставить комментарий