«Уақытша ереженің» кесірі туралы

1868 жылдың 21 қазанында Ресей патшасы бекіткен Уақытша ереже келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап, тәжірибе ретінде екі жыл ішінде жүзеге асуға тиіс болды. «Енді Қазақ жерін территориялық принцип бойынша белгілі бір шекаралары белгіленген әкімшілік бөліністерге — облыстарға, уездерге, болыстарға, ауылдарға бөлді. Облыстар мен уездерді басқаруға тек қана патша чиновниктері — дворяндар мен қазақтардан шыққан офицерлер тағайындалды. Олардың қарамағында әскер, полиция, түрме болды. Кіші жүз Торғай және Орал облысы болып екіге бөлінді, Кіші жүздің батыс бөлігі Орал облысына қарады. Облысты әскери губернатор басқарды. Әр облыс төрт уезге бөлінді. Жергілікті басқарудың ең төменгі буыны — ауылдарға 100­200 түтін қарады. (рулық туыстыққа қарамастан). Оларды патша отарлаушыларына «жағымды» жергілікті феодалдар басқарды. Кең далада емін­еркін тұрмыс кешуге дағдыланған қазақтарды патша өкіметінің бұлайша әкімшілік территориялық бөліністерге түсіруі ірі рулардың бөлшектенуіне, қонысты пайдаланудағы қалыптасқан тәртіптің бұзылуына әкеліп соқтырды. Өйткені, қазақтар енді бұрынғыша бір жерден екінші жерге емін­еркін көшіп­қона алмайтын болды. Бір ауылдан екінші ауылға ауысу «полициялық өкіметтің» .рұқсатымен жүзеге асты. Оның үстіне басқа әкімшілік бөлініске ауысушы алдын ала үш жылға салық төлеуге тиіс болды. Ал, Ресейден келген қоныстанушыларға жерді, орманды, суды тегін пайдалануға, егін егумен, саудамен, кәсіпшілікпен шұғылдануға ерік берілді. Жергілікті халыққа салынатын салық түрлері жыл сайын көбейе түсті. Түтін салығы бұрынғы 1 сом 50 тиынның орнына 3 сом болды. Зор ауыртпалық, әсіресе, жарлы­ жақыбайлардың мойнына түсті. Сөйтіп, 1868 жылғы барлық жағдай патша өкіметінің жергілікті қазақтарды отарға айналдыруына, жан­жақты илеп­жаншуына арналды. Бұған шыдай алмаған халық патша өкіметіне қарсы бас көтере бастады. 1869 жылдың наурыз айында бүкіл Орал облысында, Торғай облысының оңтүстік, батыс бөлігінде халық көтерілісі етек алды. Алаша Сейіл Түркебаев, байбақты Беркін Оспанов бастаған халық көтерілісі патша отарлаушыларына қарсы ұзақ та батыл қарсылық көрсетті… Көтерілісті басып, .жаншуға патша өкіметі де бар мүмкіндіктерін аянған жоқ. Олар көтерілісшілерді қырғынға ұшыратуымен қоймай, көптеген ауылдарды қиратты, жер үйлерді, пішендерді өртеді, қазақтардың мал­мүліктерін тонады. 71 мың түтін орналасқан территорияға Уақытша жағдай енгізілді. Айып ретінде түтін басына бір сомнан ақша өндірді. Оның үстіне саудагерлер мен қазақ басшыларының талабын қанағаттандыру үшін 143305 сом тағы жинап алды. Көтерілісшілерден тартып алынған мал қазынаға өткізілді. Көтерілістің басшылары және оған белсене қатысушылар аяусыз жазаланды. Ауыр азапқа шыдай алмаған Сейіл Түркебаев Орал қаласының түрмесінде сотқа дейін қайтыс болды. Сөйтіп, 1869 жылғы Кіші жүз қазақтарының отарлаушыларға қарсы күресі аяусыз жаншылған еді. Патша өкіметінің Маңғыстау қазақтарына Уақытша ережені енгізу жөніндегі алдын ала белгілеп қойған жоспарларының жүзеге асуына Кіші жүз қазақтарының 1869 жылғы көтерілісі кедергі келтірді. Патша отарлаушылары адайлардың да Уақытша ережені тып­ тыныш қабыл ала қоймайтынын сезді. Сондықтан да олар Уақытша ережені Маңғыстауға енгізуді «ерекше жағдайда», «қолайлы сәтте» қолға алуды көздеді. 1869 жылдың күзінде Торғай, Орал облыстарында көтеріліс тынышталған соң ғана Орынбор генерал­губернаторы Н. А. Крижановский мен Орал әскери губернаторы Н. А. Веревкин Уақытша ережені Маңғыстауға енгізуге дайындық жұмыстарын дендеп қолға ала бастады. Олар енді Уақытша ережені Кіші жүзге енгізу кезіндегідей алдын ала ұйымдастыру комиссиясын жіберуді қажет деп таппады. Уақытша ережені Маңғыстауға басынан бастап күштеп. зорлықпен енгізуді ойластырды. Уақытша ережені енгізген кезде адайлардың қарсылық білдіріп, атқа мінетіндерін де алдын ала болжағандай еді. Ол дистанция бастықтарына ел арасында беделі бар бас көтерер бірнеше адамды Орал облысы қазақтарының малын барымталады деген желеумен қамауға алуды тапсырады, Олардың ішінде кейін көтерілістің басшылары болған Досан Тәжіұлы мен Алғи Шәлімбетұлы да бар еді. Бірақ оларды қамауға алудың сәті түспеген. Әйтсе де Баймәмбет Маяұлы Досан мең Алғидан он жылқы «айып» өндіріп алған. Ал Орынбор көпестерін «тонады» деген жала жабылған басқа адайлардың көптеген малын айдатып алған. Патша өкіметінің Маңғыстауға деген саясатын жүзеге асыруына Каспийдің шығыс жағалауында орналасқан ­ Кавказ және Орынбор әскери округтері маңызды роль атқарды. Орынбор генерал­губернаторы адайлардың жазғы жайылымы — Ойыл, Сағыз, Ембі өзендерінің маңын әскери күшейтуді қолға алды. 1869 жылдың қараша айында Ойыл, Ембі, Орал бекіністерінен қазақтардың төрт жүздігі және басқа жерлерден екі айрықша команда (әрқайсысында 170 адамнан) 3 взвод, 2 атқыштар ротасы (әрқайсысында 14 зеңбірекші­ атқышпен 2 ракеталық станок) алдырылды. Н. А. Крыжановскийдің төрағалық етуімен Айырықша комиссия құрылды. Әлі Уақытша ережені қабылдамаған, жазғы жайылымға көшіп келген адайлардың тәртібін қадағалау, әскерді әскери дайындықта ұстау осы комиссияның міндеті болды. Көп ұзамай адайлардың жазғы жайлауларына әскери бекініс салынды. Ембі өзенінің жоғарғы, төменгі бойында орналасқан бекіністерде 8 рота жаяу әскер, 8 атқа жегілген зеңбірекпен жабдықталған 8 қазақ жүздігі орналасты. Айырықша комитеттің бұйрығымен 1869 жылдың 8 қарашасында Кавказ әскери құрамасының 1570 солдаты Красноводск шығанағын басып алды. Енді Хиуа хандығының өзі оңтүстігінен басқа жағынан қоршауға түсті. Ал Маңғыстау қазақтары ешқайда қашып кетер жері жоқ тұйық шеңбердің ішінде қалды. Маңғыстауға Уақытша ережені енгізу үшін дайындалған әскери отрядтар адайлар жазғы жайлауға көшер кезде наурыз айының соңында іске кірісуге тиіс.болды. Отрядтардың қалай бөлініп, қалайша әрекет ететіндігі жөнінде Н. А. Крыжановский Кавказдағы бастықтарына былайша мәлімдеме жасаған екен: «Жабайы адайларды Уақытша ережеге бағындыру үшін әскерлерді былайша әрекет етуді белгіледім. Подполковник Бойков басқаратын отряд (екі рота, екі жүздік, екі атты зеңбірек) Сам, Матай құмдарымен; қоса бүкіл Үстірт аймағы бойынша қозғалады. Генерал­майор­Бизянов басқаратын отрядқа Ембі постасынан бастап Кендірлі, Шелтау, Маңсуалмас шығанағына дейінгі аралықты «сүзіп». шығу тапсырылды. Подполковник Саранчев басқарған үш рота мен екі жүздік, екі атты зеңбірек Есенберді — Тойтаршақ жерлерінің аралығын қадағалауға. тиіс болды. Сонымен қатар, Өліқолтыққа қарай көшуге бағыт алған адайларға шабуыл жасауға да әзір тұрады. Подполковник Новицкийдің отряды (бір жүздік, екі зеңбіректі екі рота) қажет жағдайда ғана қозғалуға әзірленді»­ деп жазады. Mінe, патшаның «Уақытша ережесі» Маңғыстауға осындай зор әскери күшті де, басқыншылық сесті де топтастырды.

Читайте также:  Кәсіптік одақтар, мойынсеріктер және саяси демократия

Оставить комментарий