УСУНЬДЕР ТУРАЛЫ

Ежелгі усуньдердің отандық тарихнамадағы орны ғалымдар тарапынан көптен бері көтеріліп келе жатыр. Әйтсе де усунь тарихының сан алуан қырлары туралы пікір-сайыстар әлі күнге дейін толастай қойған жоқ. Мұны проблемаларға қатысты тарихнамалық бағыттағы ізденістердің жоқтығымен, жекелеген жайттардың деректанулық тұрғыдан кемшін тартып жатуымен, кейбір мәселелердің толымды түрде зерттелмеуімен байланыстыруға болады. Әлбетте, соңғы жылдары усуньтану біршама дами түсті. Оған бірінші кезекте жаңа леп берген, тың пайымдаулармен усунь тарихнамасын байыта түскен археологтар мен шығыстанушы-мамандар еді. Дегенмен усуньтанудың жекелеген проблемаларында мамандардың пікір алшақтығы жиі кездесіп қалып отырады. Сол себепті де усуньдерге қатысты ғылыми ізденістерді жүйелеп, оның негізгі сауалдарын айқындап өту қажеттілігі де байқалып қалады. Усуньдер тарихнамасы соңғы жылдары бірқатар жас зерттеушілер тарапынан қарастырылғанымен, мәселенің тек хронологиялық тұрғыдан қойылуы, проблеманы қарабайырландырып, оны толымды әрі жан-жақты түрде зерделеуге мүмкіндік бере қоймады /1/. Әйтсе де усунь тарихнамасына арналған бірқатар ғылыми ізденістер өзінің терең мазмұнымен әрі ауқымдылығымен де көзге түседі. Мәселен, С.Сұңғатай өзінің «Ежелгі усунь (үйсін) тарихы мен археологиясының қазіргі қытай тарихнамасындағы зерттелуі» атты мақаласында аталмыш проблемаға қатысты тарихнаманың бір парасын қарастырып, салихалы қорытынды жасай білді /2/. Ол ең алдымен ханзу дереккөздерін сипаттай келіп, усунь проблемасымен айналысқан Қытайдағы ғалымдардың (Мэн Фанжэн, Чен Чжунмян, Су Бэйхай, Н.Мыңжани, Н.Мұхаметханұлы, Ж.Мырзахан, Юй Тайша, т.б.) еңбектерін саралап, археолог- ғалымдардың (Хуан Вэнби, Ван Минчжи, Ван Бо, Чэн Чженго, Тұрсын Ғайса, Чжан Юйчжун) далалық ізденістерін қорытындылап берді. Бұдан соң автор әрбір ғалымның айтқан пікірлерін жүйеледі де, олардың усуньтану ғылыми бағытына қосқан сүбелі үлестерін таразылып шықты. Жалпы алғанда, усуньдерге қатысты дереккөздері екіге бөлінеді. Біріншісі, жазба деректемелері болса, екіншілері – археологиялық қазба дереккөздері. Бұл екі топ деректемелері бірін-бірі толықтырып тұрғанда ғана усунь тарихының беттерін біршама толымды түрде қарастыруға болатындығы белгілі жайт. Бірінші топтағы бізге жеткен дереккөздері (Шицзи, т.б.) көптеген мамандардың еңбектерінде көтерілген. Оның негізін салған Н.Я.Бичурин /3/ болып табылады. Кейіннен бұл қор толыға түсті, көне қытай мәтіндерінің жекелеген жолдары, бөліктері, т.б. нақтыланды /4/. Сонымен қатар Н.В.Кюнер /5/, В.С.Таскин /6/, Л.А.Боровкова /7/ сынды ғалымдардың құрастырған жинақтары мен ізденістері де деректемелік қорды одан сайын ұлғайта түсіп, кейбір сауалдар бойынша таным- түсініктер аясын кеңейтті. Соңғы жылдары усуньдерге қатысты деректемелік қор бізге біршама толық күйінде қазақ тілінде жетті /8/. Сонымен қатар Қытай жеріндегі усунь археологиялық дереккөздері де Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қазақ оқырмандарымен қауышып отыр /9/. Ал екінші топтағы усуньдерге қатысты археологиялық деректемелерге келетін болсақ, ол да қомақты қорды құрайды. Қазақстан, Қырғызстан, Қытай мемлекеттері аумағынан ондаған жылдар бойы усунь ескерткіштері көптеп зерттелініп келеді. Әсіресе кеңестік дәуірде Қазақстан мен Қырғызстан жеріндегі усунь ескерткіштерін зерттеумен Тереножкин, М.В.Воеводский, М.П.Грязнов, А.Н.Бернштам, Л.П.Зяблин, А.КАбетеков, т.б. мамандар азды-кемді айналысқан болатын. Дегенмен Қазақстан археологтары (К.А.Ақышев, Г.Кушаев, Е.И.Агеева, А.Г.Максимова, т.б.) усунь ескерткіштерін басқа елдердегі әріптестеріне қарағанда біршама ауқымды түрде зерттеді. Мұны көрші мемлекеттерде усунь ескерткіштері аз деп ұқпау керек, оны археологиялық нысандардың жүйелі қарастырылмай жатумен түсіндірген жөн сияқты. Айталық, ҚХР-да 1989 жылы жүргізілген тарихи-мәдени ескерткіштер есепке алу барысында Іленің жоғарғы салаларынан ғана сақ-усунь заманының он мыңнан астам обалары анықталған /2; 9, 14/. Жетісу өңіріндегі усунь археологиялық ескерткіштерін А.Досымбаева өзінің «Культурный комплекс тюркских кочевников Жетысу. ІІ в. до н.э. – Ү в. н.э.» атты монографиясында ғылыми саралаудан өткізіп, нысандардан алынған материалдарды, жерлеу кешендерінің хронологиясын, кезеңдестірілуін, этномәдени ерекшеліктерін, т.б. жайттарын бағамдап берген /10/. Автор әрбір ескерткіштің құрылымы, мүрденің орналасуы, алынған заттар сипаты, т.б. мәселелерді қамтыған таблица (42 дана) кешенін құрастырып шыққан. Біз үшін әсіресе №42 таблица өте қызықты. Онда І ғасырдан бастап ҮІІІ ғасырға дейінгі аралықты қамтитын жапсырмалы сопақша келген қыш ыдыстың эволюциясы көрсетілген /10, 198/. Бұл артефакт жиынтығы усунь «мәдениетінің» Жетісудағы үздіксіз дамуын нақты аңғартады. Қыш ыдыс азды-кемді өзгерістерге ұшырағанымен, оның негізгі тұрпаты (бәлкім, семантикасы да) толығымен сақталған. Сірә, аталмыш археологиялық материалдар біраз усуньдердің ешқайда кетпей, осында өмір сүргендігін, кейіннен қазақ халқының ұйытқысы болғандығын дәлме-дәл түрде дәлелдесе керек. Деректер кешеніне қысқаша тарихнамалық шолу жүргізгеннен кейін, ендігі кезекте усунь «проблемаларына» қатысты кейбір жайттарға әр қырынан тоқталып кеткен жөн сияқты. Бір айта кететін жайт, ұзақ жылдар бойы усуньдерде мемлекеттіліктің болғандығына қатысты да пікір-таластар орын алып келді. Кеңестік тарихнамада біршама уақыт усуньдердің қоғамдық құрылысы алғашқы қауымдық, ал олардың бірлестігі тайпалық одақ ретінде сипатталынды. Алайда археологиялық мағлұматтар мен материалдық дамуды ескеріп, В.Ф.Шахматов алғашқылардың бірі болып усунь бірлестігі бастапқыда тайпалық одақ, кейіннен біздің заманымыздың алғашқы ғасырларынан бастап тағылық (варварлық), феодалдыққа дейінгі мемлекет болды деп тұжырым жасады /11, 69/. В.Ф.Шахматов феодалдыққа дейінгі, тағылық деңгейдегі мемлекетке – құл иеленушілікке де, феодалдық типтегі мемлекеттерге жатпайтын өзіндік әлеуметтік мәні бар, феодалдыққа өтейін деп тұрған мемлекет ретінде анықтама берді. Біздің ойымызша, ғалымның бұлай қорытынды жасауына, біріншіден, мәселені формациялық даму шеңберінде қоюы, екіншіден дереккөздерінің жетіспей жатуы әсер етті. Шындығына келгенде, усунь, кангюй құрылымдарының мемлекеттік мәселесі қытай мәтіндеріндегі аудармаға байланысты өрбіген еді. Кезінде Н.Я.Бичурин (Иакинф) «xing guo – көшпелі мемлекет» деген сөзді «көшпелі» иелік» деп аударған болатын. Осыған байланысты ғалымдардың барлығы усунь қоғамын зерттеуде қателіктерге бой алдырған еді. «Го» сөзінің тасада қалып, «мемлекет» деп аударылмауы, шығыстанушы Н.Мұхаметханұлының айтуынша, Қазақстан тарихын зерттеу ісінің дамуына бір жарым ғасырдай кедергісін келтірді /12, 60/. Расын айтқанда, усуньдерде мемлекеттіліктің болғандығы осы термин бір жөнге келтірілген соң барып қана толық толастай бастады. Оған дейін «көшпелілерде мемлекет болмаған» деген сыңайдағы көзқарастар тарихнамада толық үстемдік құрып тұрды. Енді осы мемлекеттің аумағы жайлы ғалымдардың ой-пікірлеріне тоқталып кетелік. Тарихи әдебиеттерде усуньдердің астанасы Ши-гу немесе Чигу-чэн, ол қытайшадан аударғанда Қызыл аңғар (Қызыл алқап, Қызылқорған) деген (чэн – қыт. қала) мағына береді, бұл қала Ыстықкөл маңында болған деп айтылған ұстаным кеңінен таралған. Әйтсе де Чигу қаласының орнын мамандар толық анықтай қойған жоқ /13/. Бұл да усунь тарихнамасындағы күрделі мәселелердің бірі. Сірә, аталған қала орнын белгілі бір нысанмен салғастыру үшін ең алдымен жазылған деректер хронологиясына, онда орын алған уақыт мерзіміне, саяси жағдайларға назар аударған абзал. Бәлкім, Чигу қаласы белгілі бір мерзімде ғана астана болған шығар. Кейіннен астана саяси жағдайларға байланысты көшірілген де болар. Усунь саяси тарихында біршама уақыт Іле өзенінің аңғары маңызды орын алғандығы белгілі. Усунь астанасын осы төңіректен де іздестірген орынды сияқты. Дегенмен бұған бағдар алу үшін алдымен мемлекеттің аумағын анықтап алған жөн. Ал бұл мәселе әлемдік тарихнамада әлденеше рет көтерілген (Дегинь, Рихтхофен, Аристов, т.б.) болатын. Айталық, қытай зерттеушісі Су Бихай былай деп жазады: «Үйсіндер алдыңғы және кейінгі Хан патшалығы дәуірінде Батыс өңірде жан саны ең көп ұлт болатын. Олар сол кезде Манас өзені мен Балқаш көліне дейін құлаш ұрған Іле, Шу, Ыстықкөл алқабын мекендейтін» /14, 144/. Белгілі шығыстанушы Ю.А.Зуев болса, ежелгі усуньдердің б.з.б. ІІ ғасырдан бастап батыста Қырғызстандағы Талас алабынан шығыста Алтай өңіріне дейінгі ұлан-байтақ аралықты мекендегендігін айтады /15, 5/. Бірқатар ғалымдардың осы мәселеге қатысты айтқан ойларын қорытындылай келіп, Н.Мұхаметханұлы /16, 281/. Үйсін мемлекетінің негізгі аумағы Іле, Жетісу және Ыстықкөл өңірлері болғандығы даусыз мәселе деп қайырады. Археологиялық мағлұматтарға сүйенген кейбір зерттеушілер (С.Сұңғатай, Б.Еженханұлы) сақ-усунь ескерткіштері көптеп анықталған жерлерге Іле аңғарын, Еренқабырғаны, Орталық және Шығыс Тянь-Шань тауларының қойнауларын, Жоңғар Алатауының бөктерлерін, т.б. жатқызған /9, 13/. Этнолог әрі археолог Ә.Т.Төлеубаев /17, 27/ ежелгі усуньдер Тарбағатайдың теріскейін де мекен еткен деп жазады. Ол ойын 1989-1990 жылдардағы, 1998 жылғы ҚазМУ-ң ерте көшпенділерді зерттейтін археологиялық экспедициясы анықтаған 70-тен астам обалардың материалдары бойынша (Құлбабас обалар тобы, т.б.) дәйектейді. Соңғы жылдары көне замандардағы әскери-саяси тарихты зерттеп жүрген алантанушылардың бірі Н.Н.Лысенко усуньдердің жас билеушісі Мөдеден әскер алып Іле алабындағы юечжилерге шабуылды тек Тарбағатай өңірінен бастауы мүмкін екендігін азды-кемді дәлелдеп шыққан /18, 131/. Ол сонымен бірге усуньдер белгілі бір уақытта Тұрфан жазирасын (оазисін), Таулы Алтайды, Жетісуды мекен еткен деген ой айтады /18, 172/. Алайда бұл зерттеуші усуньдерді аландар деп қана таниды, нәтижесінде ІХ ғасырдағы мағлұматтарға сүйеніп, аландар Тұрфанның арғы шетінде (қытай авторлары Тұрфанның бергі жағын меңзеп тұр – авт.) тұрған деп қателіктерге бой алдырады. Сөйтіп, усуньдердің мемлекеттік аумағына қатысты жоғарыда келтірілген бірқатар мамандар көзқарастары Ю.А.Зуевтің тұжырымдамасын қолдайды және де қазақстандық шығыстанушының осы сауалға байланысты ой-пікірлері біршама дұрыс екендігін байқатады. Усунь жері туралы кейіннен ерте ортағасырлық қытай авторлары да айтып кеткен. С.Сұңғатайдың айтуынша «Ежелгі Үйсін жері» деген тіркес (көне қытай тілінде «У- Сунь-Гу-Ди», немесе «У-Сунь-Жю-Ди») Қытайдың тарихи жылнамаларында жиі қайталанады. Ол географиялық жағынан Жетісу өлкесі мен Ыстықкөл маңы және Шығыс Түркістанның солтүстігі мен батысын меңзейді» /19, 20/. Расында да, көне түрік қағандары усунь мирасқорлары болғандығын қытай дереккөздері де айтып кеткен еді. Мұны археологиялық деректемелер де қуаттайды. Оған төменде тоқталып кетеміз. Сонымен қатар, ғалымдар арасында әуел бастан усунь терминіне қатысты пікір- сайыстар орын алғандығы белгілі. Белгілі шығыстанушы Ю.А.Зуев «усунь» этнонимінің этимологиясына кеңінен тоқталып кеткен. Оның айтуынша, Цинь кезеңінің тарихшысы Сун Юн «усунь» сөзін моңғолдың «су» деген сөзінен шығарған /15, 14/. Зерттеушінің өзі бұл терминді усуньдердің шығу тегіне қатысты мифологияны негізге ала отырып, «қарғалардың ұрпағы (тұқымы)» дегенді білдіреді, кейіннен ол түріктердің билеуші әулеті «ашина» болып (ушун – ашина) болып өңі айналған деп есептеді /15, 14/. Алайда біршама уақыттан кейін С.Кляшторный /20, 111-112/ «ашина» мен «усунь» терминдерін мағыналастыру негізсіз деп тапты. Оның пікірінше, «ашина» өз бастауын хотан-сақ тіліндегі asana, яғни абыройлы, беделді, лайықты, асыл сынды мағынадан алады. Ю.А.Зуев бұдан соң усунь этнонимінің түбірі иран тіліндегі асман сөзінен шықты деген ой айтты және мұны соңғы жылдардағы еңбектерінде де «аспан» деп, яғни аспан астындағы ұрпақ деп баса көрсетті. Ол б.з.б. 107 жылғы Хань императоры усунь билеушісіне әйелдікке берген ханшайымның «мені Аспан еліне күйеуге берді» деген сыңайдағы сөздерін дәлел ретінде келтіреді. Әйтсе де Ю.А.Зуев /21, 23/ у-сунь таңбасының иероглифтік этимологиясы «қарға ұрпағы» мәнін беретіндігінен бас тарта қойған жоқ. Мұны П.Даффин, т.б. мамандар да қолдайды. Кім біледі, қазақтың «Қарға тамырлы қазақ» сөзі содан бастау алатын да шығар. Қазақстандық археолог А.М.Досымбаева да усунь сөзі а-сман деп біледі /10, 78/. Бірқатар мамандар усунь терминін түркі тіліне жақындастыра түседі. Белгілі ғалым Ғ.Мұсабаев /22, 71/ өз кезегінде «Үйсін деген атау үй және сін (шең) деген екі сөз» дей келе, бір нәрсенің топталған жері, үйілген нәрсе түрікмен тілінде үйшен деп аталады, яғни үйсін сөзі ру, тайпалардың жиналған жері, мемлекеті деп ұғуға болады деп пайымдау жасайды. Бұған ұқсас тұжырымды А.Әбдірахманов /23, 52-53/ да жасаған, ол үйсін этнонимінің этимологиясы екі құрауыштан (компоненттен) тұрады, оның түбірі үй, бұл өг (ана, ру) сөзінің бір нұсқасы, сун-//- сін формалары жаңа сөз жасайтын жұрнақ деп есептейді. Антикалық дереккөздерінде кездесетін «исседон» этнонимін де көпшілік авторлар осы усуньмен байланыстырады. Мұны алғашқылардың бірі болып А.Н.Бернштам дәйектеген болатын. Бұдан кейін мұны бірқатар отандық зерттеушілер (Пацевич, Агеева, т.б.) да қолдады. Алайда «исседондар» Қазақстандың батыс және орталық өңірлерін мекендеуі мүмкін екендігін айтқан зерттеушілер (Қадырбаев, т.б.) де көп. Соңғы жылдары бұл пікір қайта түрленіп, жаңаша тұжырымдарға негізделіне бастады. Бұрынғы ғылыми дәтүрді жалғастырған Т.О.Омарбеков «исседон» этнонимін өздерінің тілдеріне икемдеп «үсін» деп атап кетті дейді /24, 9/. Сонымен қатар, терминді қайтадан талдауға ұмтылған зерттеушілер де бар. Айталық, И.В.Васильев /25, 78-79/ исседон этнонимі, өз кезегінде: «исси» – қырғыз, қазақ тілдеріндегі «ыссы», «ыстық»; ал «дон» иран, осетин тілдеріндегі «өзен» деген мағына береді деген ой айтады. Біздің ойымызша, екі бөлек тілдерден бір сөздің құралуы көне замандарда кездесе қоймайтын дүние, олардың түбірі бір тілде болуы ықтимал, сонда ғана этноним қалыптасуы мүмкін, сол себепті әзірге бұл пікір көңілге қонымсыз. Бұл ғалымның пікірінше, усунь түбірі сумен байланыстырылады, ежелгі қытайлықтар бұлай деп тек «жетісулықтарды» ғана атаған. Алайда автор усуньдердің этникалық аумағының жай-жапсарынан, оның ғасырлар бойы азды-кемді өзгерістерге ұшырағанынан, Шығыс Түркістанда Үйсін тауы секілді топонимиканың кездесетіндігінен, яғни усунь тарихының көне беттерінен бейхабар. И.В.Васильев қытай күнтізбесіндегі «Юй шуй – жаңбыр суы», корей күнтізбесіндегі «Усу – жаңбыр суы», сондай-ақ жылқы жылымен сәйкес келетін №7 жылды қытайлықтардың «у» деп атауы секілді жайттарды өз сөзіне дәлел ретінде пайдаланады. Бұлардың арасынан жылқы мағынасын береді деп айтып тұрған «у» ғана сәл-пәл көңілге қонымды. Болашақта осы бағытта да ғылыми ізденістер жүргізу қажет секілді. Өйткені усуньдерде мыңғыраған малдың, соның ішінде жылқының көп екендігі қытай деректерінде де айтылады. Дегенмен усунь этнонимі Хань дәуірінен бұрынғы жазбаларда кездеседі, оның семантикалық реңкі кейіннен барып қана өзгерген дейтін ғалымдар да ұшырасады. Мәселен, Қытай, Жапония, Еуропа дереккөздері мен ғалымдарының көзқарастарын саралай келе Юй Тайшан усуньдер қытай жазбаларында аталатын юн-синдердің ұрпағы, юнсиндер б.з.б. ҮІІ ғасыр соңында қазіргі Гансу мен Шығыс Тянь-Шань өңірінен Іле, Шу өзені аңғарына қоныс аударған, батыс деректерінде олар исседон, ассии деп аталады деген жорамал жасаған /2, 379/. Қазақстандық шығыстанушы Н.Мұқаметханұлы болса, усунь тарихын одан де ерте замандарға апарады. Бұл ғалым біздің заманымыздан бұрынғы бірінші мыңжылдықта хатталған «Зо жуан» қатарлы жазбаларында «Күн иі», «Күн роң» деген этноспен усуньдерді байланыстыра қарастыруды ұсынады. Оның ойынша, «Күн» деген иероглиф сол сөзді қолданушыларды нақты аңғартады және біздің заманымыздан бұрынғы бірінші мыңжылдықтағы деректерде «Күн иі елі қазіргі Қытайдың батыс өңірінде көшіп-қонып жүрді» делінген. Осыған қарағанда, осы ел б.з.б. ІҮ-ғасырға дейін өздерін «Күн әулетіміз» немесе «Күн ұрпағымыз» деп атаса керек дейді. Сондай-ақ ғалым жоғарыда айтылған «асман» сөзін усунь деп оқу дұрыс емес, қоғамның дамуы мен биліктің орталықтануына байланысты олар ең жоғарғы билеушісін кейіннен Күнге теңеген (күнби) деп топшылайды. Сол себепті де көшпелі өмір сүрген бұл этносты қытай авторлары олардың өз атауы бойынша ғана хаттаған. Оның пайымынша, қытайшадағы У сүн не У суньды әсілгі дыбысталуына қайта транскрипциялайтын болсақ, ол үйсін болып шығады /16, 276-277/. Ғалымның пікірлері, усуньге қатысты тұжырымдары мен келелі пайымдаулары оның көптеген еңбектерінде өрілген. Оларға төменде тек қана тоқталып кетеміз. Ал тағы бір тоқтала кететін жайт, усунь археологиялық ескерткіштері олардың орналасуын, заттық мәдениетін нақты көрсетеді. Қазіргі таңда усуньдердің жүздеген ескерткіштері (қорымдары, қоныстары) зерттелген. Жетісудағы материалдардың басым бөлігі ерте темір дәуірінің бас кезінен (сақ заманынан) ерте орта ғасырларға дейін мұнда мәдени даму үзіліссіз жалғасқандығын, оның біршама түрленіп кейінгі уақыттарда да жасап тұрғандығын дәлелдейді. Дегенмен кейбір авторлар (С.Кляшторный, т.б.) усуньдер сақтарды, юечжилерді ығыстырып, қуып жіберді, олардың орнына өз мемлекетін құрды деп екі арадағы мәдени-тарихи байланысты үзіп тастайды. Мұның барлығы деректерге жете мән бермеуден туындап отыр. Негізінен алғанда, Боровкова келтірген «Хань шу» дерегінде усунь мемлекетінің мирасқоры Мөдеден өз халқы мен әкесінің өлімі үшін кек алуға көмек сұрайды. Бұдан соң ол әскер алып Іле аңғарына басып кіреді де, юечжилерді талқандайды. Деректе былай делінген: «/Он/ попросил у шаньюя разрешение отомстить за отца, на западе напал на больших юечжей и разгромил их. Большие юечжи снова двинулись на запад и переселислись в земли Дася. Куньмо же захватил /часть/ их людей и остался жить /на их землях/» /7, 108; 18, 130/. Ал зерттеушілер мұны ескере бермей, көбіне қазақ халқының кірігуін, қалыптасуын миграциялық бағытта болған деп кері тартады. Осы дерек мәтінінен бірнеше мәселені аңғаруға болады. Ең алдымен, күнби юечжилерді жаулап алды, олардың бір бөлігін бағындырды, біразын Грек- Бактрияға қарай ығыстырып тастады. Аңыз бойынша усуньдердің билеушісін жас кезінде шаньюй асырап алған. Ол кейіннен болашақ күнбиге әскер беріп оның елін, жерін қайтарып берген. Демек, әуел бастағы юечжилер шапқыншылығынан кейін усуньдердің бір бөлігі олардың билігін мойындауға мәжбүр болған. Әйтпесе күнби қалайша бос жерде өз мемлекетінің негізін қалайды? Хунну әскері кері қайтқанның өзінде, олардың да біразы осында қалуы да мүмкін. Себебі олар күнбидің тірегі болған еді. Олар шаньюй тапсырмасымен күнби іс-әрекеттерін қадағалған да шығар. Осыған сай орталық билікке көңілі толмаған юечжилердің бір бөлігі осында қалған деуге болады. Мұнда сақтардың да бір бөлігі дәл осылай қалса керек. Бұл жерде археологиялық деректемелер де оған дәлел бола алады. Академик К.М.Байпақов жерлеу ескерткіштерінің өзіндік ерекшеліктеріне қарап, б.з.б. ІІ ғасыр орта тұсындағы көшпелі юечжи мен усунь тайпаларының Орталық Азиядан келді де, усуньдер жергілікті сақ тайпаларын және юечжилердің бір бөлігін бағындырды; усунь одағына жергілікті сақ тайпалары мен юечжилер қосылғаннан кейін бірлестіктегі адамдар саны 630 мыңға жетті; дегенмен Жетісу мен Тянь-Шань тұрғындарының басым бөлігін бұрынғыдай жергілікті сақ тайпалары құрауы әбден мүмкін; жергілікті тұрғындардың басым болуы археологиялық ескерткіштер құрамынан да көрінуі керек; жазба дереккөздеріне қарағанда Жетісу мен Тянь-Шань тұрғындары этникалық жағынан әркелкі болды; мұнда сақ, юечжи және усунь халықтары мекен етті; бұған бір уақытқа жататын сан алуан археологиялық материалдар да қайшы келе қоймайды – деп жазады.

Читайте также:  Мұғалімдерген арналған республикалық ғылыми жинақ жарық көреді

Оставить комментарий