XІX ғасырдағы театр өнері

Ұлттық театр өнерінің тууына орыстың демократиялық мәдениеті ықпал жасады. XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап Қазақстанның біраз жерлерінде орыс труппасының жұмыстары жанданып, кәсіби театрлар ұйымдастырыла бастады. Қазақстанда Орынбордың қалалық орыс драма театры 1769 жылы 14 қаңтарда тұңғыш рет сахнасын ашты. Мұның сахнасында орыстың атақты актрисасы П.А.Стрепетова ойнаған. Сонымен бірге В.Ф.Комиссаржевская, Г.Н.Федотова, В.А.Андреев­Бурлак, А.Л.Вишневский сияқты әйгілі өнер шеберлері осында гастрольдерін өткізген. Ал, Орынбор болса білім алуға ұмтылған қазақ жастарының басын қосқан қалалардың бірі еді. Мұнда әртүрлі оқу орындарында, қысқа мұғалімдік курстарда оқыған жастар ауылдық жерлерде ойын­сауықтар ұйымдастырып, Орынбордағы орыс театрынан көрген­білгендерін, алған әсерлерін өздерінше көрсетіп жүрді. Осы уақыттарда Қазақстанда жылжымалы татар труппаларының гастрольдері басталады. Олар Қызылжар, Семей, Орал қалаларында ұзағырақ аялдап, жаңа ойындар дайындайды. Бұл жағдай өнерге ұмтылған қазақ жастарына «сахналық тәрбие» сияқты көрінеді. Міне, осы театрлардың ойындарын көрген қазақтың зиялы жастары ұлттық сахна өнерін құруға талпынады. Сахнаға қоятын пьеса болмағандықтан олар алғашқы қадамдарын қазақтың әдет­ ғұрыптарын, ұлттық ойындарын сахналаудан бастайды.

Өз жұмысын осындай жаңа ізденіс арнамен жүргізген, ойын­сауық үйірмелеріне қатысып, азды­көпті тәжірибе алған дарынды өнершіл жастар біздің бүгінгі кәсіби театрларымыздың негізін қалауға себепкер болды. Халық шығармасының бай мұрасынан сусындап, сахналық өнер жолына түскен дарынды актерлеріміздің көпшілігі осындай үйірмелерден әлденіп шығып мемлекеттік театрларымызды құрысқаны баршаға мәлім. Көркем үйірмелердің екінші бір маңызы әдебиетіміздегі драматургия жанрының тууына дәнекер болды. Бұған кәсіби театрымыз құрылмай тұрған кездегі С.Сейфуллин, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Ж.Шанин және басқалардың драмалық шығармалары толық дәлел. Сөз жоқ, олардың драматургиялық қадамына көркем үйірмелердің ықпалы зор болды. Осындай ірі жазушылардың әдеби сапарларының бастауында драматургия жанрының батыл енуі кездейсоқ оқиға емес. «Омбыда оқып жүрген Ақмоланың мұқтаж балалары мен «Жас қазақ» пайдасына кешке қазақша ең бірінші рет Ақмолада үлкен сауық жасалады. Сауыққа оның алдын­ала жазылып біткен «Бақыт жолында» деген менің пьесам қойылады. Менің ең алғашқы ірі шығармам осы еді. Осымен жазушы болып едім», ­ дейді С.Сейфуллин.

Читайте также:  Мемлекеттің пошымдары туралы

1914-­1915 жылдары Омбы қаласындағы орыс театрының көрнекті артистері қазақ шәкірттерін ұйымдастырып, бағдарламаларына қазақтың ән­күйлерін енгізеді. Сахнаға киіз үй тігіліп, ән­күймен бірге «Кім жазықты?» деген шағын пьеса қойылған. Бұл ­орыс өнерпаздарының қазақтың көркем өнерін өсіруге, қанаттандыруға көрсеткен көмегі, жәрдемі еді. Төңкерістен бұрын көркем үйірмелердің етек алып, халық арасына көбірек тараған жері Семей болды. XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап осында ашылған «Халық үйінде» түрлі ойындармен бірге шағын спектакльдер де қойылып жүрді. Әрине, қазақ жастарының алғашқы ұйымдастырған сауық­кештерінен ұлт театры басталды деуден аулақпыз. Дегенмен, бұрын той­томалақтың, шілдехананың төңірегінен, ауыл арасынан әрі аса алмай жүрген қазақ өнерінің тап осылай кең сахна алаңына, жаңа дәстүрге көшуі ­ келешектегі үлкен өнердің көшбасы сияқты болды. Алғашқы ойын репертуарының негізі Абай мен Ыбырайдың шығармаларынан құрастырылуы оның көркемдік жағынан жоғары екенін, мазмұнының тереңдігін, зор ағартушылық маңызын аңғартады. Хат танымайтын жұртқа демократ­ағартушылардың озық идеясын театр сахнасы арқылы жеткізу сөз жоқ, батыл да үлкен жұмыс. Сауықшыл жастардың осы алғашқы қадамы, ойын қоюға талпыныстары Семейде театр өнерінің тууына ұйтқы болды. Рас, сахнада өлең айту, күй тарту, кейбір халық ойындарын көрсету бұрын да Семейде болып тұрған.

Оставить комментарий