XVII­-XVIII ҒАСЫРЛАРДАҒЫ МОҢҒОЛ ТІЛДІ ДЕРЕКТЕМЕЛЕРДЕН

Бұл ғасырларда Қазақ хандығы мен Жоңғария арасындағы қарым­қатынастарға байланысты, сондай­ақ манжұр­циндіктерге байланысты хатталған тарихи деректемелер біршама құнды мағлұмат бере алады. Бұл кезең моңғол ұлысы Халқа, Жоңғар деген екі дербес елге бөлінген тарихи күрделі кезең болатын. Ойраттар XV­XVI ғасырларда цорос, торғауыт, хошауыт біріккен бір ойрат, хойт, батырлар (моң: баатарууд), түмет біріккен бір ойрат, барға, бурят біріккен бір ойрат, халқа моңғолдар бір ойрат деп аталып келген. XVI ғасырдың соңында ойраттардың басты төрт тайпасы цорос, хошауыт, торғауыт, дөрбет болды. XVII ғасырдың ортасында торғауыттар Еділ бойына кеткен соң олар «қалмақ» 28 (моң: халимаг) деп аталып кетті. XVI­XVII ғасырларда ойраттар хошуын 29 деген әкімшілік бірліктерге топтасқан еді. Ойраттар (моң: Ойрад 30 ) сол кездері екі қол «Баруун гар» (Оң қол, оң қанат), «Зүүн гар» Жоңғар (Сол қол, сол қанат) болып 40 хошуыннан тұратын. Баруун гар — хошауыт (хошууд) тайпасы 5 хошуын, торғауыт (торгуут) тайпасы 5 хошуын, хошауыт хойт (хошууд хойт) 5 хошуын, жирел (жирэл) тайпасы 5 хошуын, ал Зүүн гар — цорос (дөрбет) тайпасы 10 хошуын, шарас тайпасы 5 хошуын, махас тайпасы 5 хошуын болатын 31 . 1638 жылы цорос тайпасының өкілі Батыр қонтайжы (1635— 1654 жылдары билік жүргізген) өзін ойраттардың ханы деп жариялайды. Одан кейін ойраттарға Батыр қонтайжының ұлы Сэнгэ 1665—1671 жылдары билік жүргізді. Сэнгэнің інісі Галдан Бошигт ойрат аймақтарын біріктіріп Жоңғар хандығын құрады. Галдан Бошигт 1671—1697 жылдары билік құрған кезінде Шығыс Түркістан, Хами, Тұрпан, Қашғар, Яркендті өзіне бағындырып, Жоңғар хандығының саяси­әскери құрылымын едәуір нығайтты. 1636 жылы манжұрлар бүкіл Қытайға қоса Ішкі Моңғолия (1616 ж.) мен Кореяны жаулап алған соң әулет атын «Çіn > Цин 32 (Манжұр­Цин // Алтын)» деп өзгертті. 1644 жылы Цин мемлекеті Пекинді жаулап алды. Манжұрлар бүкіл қытайды өзіне қаратқан соң, қазіргі Моңғолияда өз өктемдігін жүргізе бастады. Халқа моңғолдары өз дербестігі үшін қапша күрескенімен, береке­бірліксіздігінен манжұрлардың қол астында қала берді. Манжұрлардың арғы тегі шүршіт, шивэй және қидандықтар (Ляо). Олар Қытайда 1644—1911 жылдары билік құрған. Манжұр жазуын манжұр мемлекетінің негізін қалаушы Нурхачи (1616—1644 жылдары Солтүстік Алтын мемлекетінің тағына отырған) 1632 жылы Эрдэни, Дахай (Гагайу) деген екі аудармашы­хатшысына жасатқан. Көне моңғол жазуына негізделген ол жазу манжұр тілінің заңдылықтарына икемделген біршама таңбалау ерекшеліктері бар (manjü gisün) манжұр жазуы (manjti bithe) болып кеңінен қолданылды. Манжұрлар 1732 жылы қазіргі Батыс Моңғолияда Улиастай (Жавхлант) деген қаласын салды, осы қала арқылы Халқа моңғолды, Жоңғарияны басқарды және Орталық Азия мемлекеттерімен сауда­саттық жүргізіп тұрды. Сондықтан сол кездерде хатталған манжұр тілді, көне моңғол жазуындағы деректемелер баршылық. Жоңғария хандығы тұсында ойраттық Зая Бандида Намхай Жамцан (1599—1662) көне моңғол жазуына негіздеп жаңа графикалық өзгерістер енгізген, фонологиялық ерекшелігі едәуір жетілген ойрат «тотын» әліпбиін 1648 жылы жасап, қағидаларын қалыптастырды. Ол көне моңғолша (ойратша) «тодорхой номын бичиг» немесе «todorqoi üzük / тодорхой үсэг / / todu tisüg / тод үсэг», яғни «айқын кітаби жазу», «айқын қаріп, анық жазу» деп аталады 33 . Осы жазумен хатталған «Моңғол­Ойраттың ұлы заңы (Mongyul Oyirad­un yeke cayaji)» (1640 ж.) 34 , «Төрт Ойраттың тарихи хикаясы демек­дүр (Dorben Oyirad­un teüke tuyuji kemeku orsibai)» (1751 ж.) 35 , «Раднабхадра. Рабжамба Зая Бандиданың хикаясы айдың жарығы демек­ дүр (Radnabhadr­a. Rabjamba Zay­a bandidayin tuyuji saran­u gerel kemegekü ene metü bolai)» 36 деген (XVII— XVIII ғғ.) және т. б. тарихи шығармаларды атауға болады. Зая Бандида Намхай Жамцан 37 қазақ жеріне бірнеше мәрте саяхаттаған кезінде сол дәуірлердегі қалалар мен елді мекендерді басып өткен 38 . Аталмыш деректемелерде, әсіресе Раднабхадра жазған «Зая Бандиданың хикаясы Айдың жарығы демек­дүр» деген туындысында қазақ­жоңғар қатынастары, Абылай хан (Qasayyin qayan Abulay), Салқам Жәңгір (Yanggir qaan), Қара Бөтен палуан (Qasayun Qar­a Budun bokti) т. б. хан, билік иелері, қазақ, бұрұт (бурут) қырғыз, сартауыл (сарт) этнонимдері, Ертіс, Еділ, Шу, Іле, Тарбағатай, Аягөз, Қаратал, Баркөл, Боротала, Баңанас, Күрті, Сайрам, Талас, Талғар, т. б. жер, су, елді мекендер аттары аталады.

Читайте также:  Әмбебап мемлекеттер

Оставить комментарий