Құқық туралы ілім

Мемлекет (civitas) – құқықтық заңдарға бағынған көптеген адамдардың бірлестігі. Осынау заңдар априори заңдар, яғни жалпы сыртқы құқық ұғымынан өзінен-­өзі туындайтын заңдар секілді (статуттық заңдар секілді емес) қажет болатындықтан, мемлекет пошымы да жалпы мемлекет пошымы, яғни идеядағы, таза құқық принциптеріне сәйкес болуға тиіс мемлекет, және де бұл идея ортақтыққа (демек, ішкі) кез­келген шынайы бірігудің темірқазығы желісі (norma) қызметін атқарады. Әрбір мемлекетте үш билік, яғни жалпыға ортақ етіп үш тұлғаның (trias politica) бойында біріктірілген ырық болады, олар: заң шығарушының қолындағы жоғарғы билік (егемендік), әміршінің (заңға сәйкес билейтін) қолындағы атқарушы билік және қазының (potestas legislatoria, rectoria et iudiciaria) қолындағы қазылық билігі (әркімге тиесілісін заңға сәйкес беретін), бұл практикалық силлогизмдегі үш пікір тәрізді: жалпы ортақ етіп біріктірілген ырықтың заңын қамтитын көбірек шарт; заңға сәйкес істеу әмірі, яғни осы ырыққа жетелеу принципін қамтитын азырақ шарт және осы жағдайда құқыққа не сәйкес келетіні жөніндегі com шешімін (үкімін) қамтитын қорытынды.

Заң шығарушы билік тек халықтың біріктірілген ырқына ғана тиесілі болады. Шынында да, кез­келген құқық содан туындауға тиіс болғандықтан, ол міндетті түрде әлдекім жөнінде құқыққа сай істемеу ахуалында болуға тиіс. Бірақ әлдекім басқа адам жөнінде шешім қабылдаған кезде, оған құқыққа сай істемеу мүмкіндігі болады; алайда мұндай мүмкіндік өзі жөніндегі шешімдерде ешқашан болмайды (өйткені volenti non fit iniuria). Демек, әркім барша жөнінде және барша әркім жөнінде бірдей шешімдер қабылдайды деген мағынада баршаның келісілген және біріктірілген ырқы, демек жалпыға бірдей етіп біріктірілген халық ырқы ғана заң шығарушы бола алады.

Осындай қоғамның (societas civilis), яғни мемлекеттің заң шығару үшін біріккен мүшелері азаматтар (cives) деп ата¬лады, ал олардың мәнісіне етене құқықтық атрибуттар: әркімнің өз келісімін берген заңнан өзге заңға бағынбауына негізделген бостандығы; өзінен жоғары деп халықтың құрамындағы өзі оған жүктеген құқықтық міндеттерді бұған да жүктей алуға моральдық хақысы бар адамдарды ғана мойындауға негізделген азаматтық теңдік; үшіншіден, өзінің тіршілігі мен күн көруі үшін халықтың құрамындағы басқа біреудің жүгенсіздігіне емес, ортақтық мүшесі ретіндегі өзінің тол құқықтары мен күшіне қарыздар болуға негізделген азаматтық дербестік атрибуты, демек, құқықтық істерде әркімнің өзінен басқа ешкім азаматтық тұлға ретінде оны алмастыра алмайды.

Читайте также:  ИРАН-ИРАК СОҒЫСЫ: СЕБЕПТЕРІ МЕН САЛДАРЫ

Азаматтың біліктілігін дауыс беру қабілеті ғана құрайды; ал бұл қабілет халықтың құрамындағы ортақтықтың жай ғана бөлшегі емес, оның мүшесі, яғни басқалармен бірге өз қалауы бойынша қарекет ететін бөлшегі болғысы келетін адамның дербестігін көздейді. Бірақ осы соңғы қасиет белсенді және енжар азаматтарды (енжар азамат деген ұғым азамат деген ұғымның түпкі мәніне қайшы келетін секілді көрінсе де) айыра білуді қажет етеді. Төмендегі мысалдар осы қиындықты жоюға көмектеседі: көпестің піркәншігі немесе қолөнершінің шәкірті, малай, кәмелетке жетпеген (naturaliter vel civiliter), әрбір әйел және жалпы алғанда өзінің күнкөрісін (тамақтануы мен қорғалуын) өз жұмысымен емес, басқалардың бұйрығы бойынша (мемлекет тарапынан берілетін бұйрықтан басқа) сақтауға мәжбүр болатындар ­ осынау адамдардың барлығының азаматтық бейнесі жоқ, және олардың тіршілігі – әйтеуір бір күн көру секілді. Жасаған бұйымдарын ашық сатуға шығара алатын еуропалық ағаш ісмерімен немесе темір ұстасымен салыстырғанда мен ауламда жұмыс істеу үшін жалдаған отын кесуші, темірмен жұмыс істеу үшін балғасымен, төсімен және көрігімен үй аралап жүретін Үндістандағы ұста; мектеп оқытушысымен салыстырғанда үй мұғалімі, жалға алушымен салыстырғанда оброк төлеуші шаруа және т.с.с. – бәрі де ортақтықтың қолбалалары ғана, себебі оларды басқа индивидтер билеп­төстеуге және қорғауға тиіс, демек, оларда ешқандай азаматтық дербестік жоқ.

Алайда басқалардың ырқына осынау тәуелділік пен теңсіздік тұтаса келе халықты құрайтын адамдар ретіндегі олардың бостандығы мен теңдігіне тіпті де кереғар емес; дәлірек айтсақ, бостандық пен теңдік шарттарына сәйкес қана осы халық мемлекет болып, азаматтық құрылыс ахуалына аяқ баса алады. Бірақ осынау құрылыста дауыс беру құқығына ие болу, яғни жай ғана мемлекетке табын болуға емес, азамат болуға тең құқық иелерінің барлығы бірдей лайық емес. Шынында да, жаратылыстық бостандық пен теңдік заңдарына сәйкес басқалардың бәрі оларға мемлекеттің енжар бөлшектері ретінде қарауды талап ете алуынан мемлекеттің өзіне оның белсенді мүшелері ретінде қарау, оны ұйымдастыру немесе қандай да бір заңдардың енгізілуіне жәрдемдесу құқығы туындамайды; одан туындайтыны – олар өз келісімін беретін дұрыс заңдардың тегі қандай болса да, олар бостандықтың жаратылыстық заңдарына және халықтың құрамындағы баршаның сол бостандыққа сәйкес теңдігіне қайшы келмеуі керек екендігі ғана; атап айтқанда олар осы енжар ахуалдан белсенді ахуалға өту мүмкіндігіне қарсыласпауы керек.

Читайте также:  ҚАЗАҚСТАНДА ҰЛТТЫҚ ДИЗАЙННЫҢ ДАМУЫ

Мемлекеттегі аталған үш биліктің әрқайсысы белгілі бір мәртебе, және, олардың әрқайсысы жалпы алғанда мемлекет идеясынан сөзсіз туындайтын әрі оны (конституцияны) құру үшін қажет мемлекеттік мәртебе. Осы биліктің барлығында ортақ басшының (бостандық заңдары тұрғысынан біріккен халықтан басқа ешкім бола алмайтын) халықтың бытыраңқы бұқарасына бодан ретіндегі қатынасы, яғни билеушінің (imperans) бағынушыға (subditus) қатынасы бар. – Халықтың өзі мемлекетке айналатын акт, шындап келгенде, мемлекет идеясы ғана, соның арқасында оны заңды деп санауға болатын бірден­бір нәрсе – бастапқы шарт, оған сәйкес халықтың құрамындағы барша (omnes et singuli) өзінің сыртқы бостандығынан бас тартады да, ортақтықтың, яғни мемлекет (universi) ретінде қарастырылатын халықтың мүшелері ретінде сол бостандықты дереу қайтадан қабылдайды; және мемлекет немесе мемлекеттегі адам қандай да бір мақсат үшін өзінің тумысынан біткен сыртқы бостандығының бір бөлігін құрбан етті деп түюге болмайды; ол жабайы, заңға негізделмеген бостандығын мүлдем тастап шыққанда, мұны өзінің жалпы бостандығын заңға негізделген тәуелділікте, яғни құқықтық ахуалда дереу толық күйінде қайтарып алу үшін істеді, өйткені сол тәуелділік соның өзінің заң шығарушы ырқынан туындайды. […]

Оставить комментарий