Құқықтық нигилизм және оның қазақстандық сипаты

Бүгінгі қоғамда қарапайым қоғам мүшелері арасында құқыққа деген көзқарастың өзгеруі, жалпы құқыққа байланысты бағаның төмендеуі нигилистік сананың өрістеуіне жетелеуде. Нигилизмді адамдар арасындағы қарым­қатынасты ұтымды реттеу құралы ретіндегі құқықтың мәнін терістеп, жоққа шығару сипатында түсінсек, құқықтық қатынас субъектілерінің құқықты айналып өтуді құқық талаптарын орындаудан қарағанда тиімді санауы елде сыбайлас жемқорлық, рэйдерлік, құқық талаптарын мойындамаушылық, жауапсыздық сияқты негативтік салдарларға әкеліп соғуда. Бұл өз кезегінде мемлекеттегі құқықтық саясатты қайта қарастыру, осыған байланысты қоғамды басқару жүйесінде жүйелі өзгерістер енгізу қажеттігін алға тартады. Жалпы қоғамда тыныштық пен құқықтық тәртіптің орнығуы ең алдымен сол қоғам мүшелерінің құқыққа деген оң көзқарасының нәтижесі болып табылады. Осы себептен де мемлекет қоғамда құқықтың жүзеге асырылуына байланысты оң нәтижелерге қол жеткізуге мүдделі болуы тиіс. Әр мемлекетте қоғамның құқықтық сауатын арттыру, осы бағытта әртүрлі үгіт­ насихат жұмыстарын жүргізу, БАҚ арқылы құқықтық ақпарлар тарату, қоғам мүшелерінің құқық талаптарын орындауға мүдделілігін арттыру бойынша үздіксіз шаралар ұйымдастырылады. Бірақ, олардың тиімділігі сол мемлекеттегі биліктің ұстанымдарының қоғам мүддесімен ұштасуына байланысты, сол себептен кейбір мемлекеттер әлі де болса қоғамға қатысты құқықты орындауға байланысты репрессивті шараларды басым жағдайларда қолданып келеді.

Құқықтың әлеуметтік маңызын жоққа шығару, құқыққа, заңдарға, құқықтық тәртіпке деген құрметтің болмауы бүінгі нигилизмнің басты сипаттары. Сонымен бірге, әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың тарапынан орын алатын құқыққа деген немқұрайлылық, менсінбеушілік, сенімсіздік көрсету сияқты қатынастар да нигилизмнің көрінісі болып табылады. Нигилизм екі нысанда орын алады: біріншісі, құқықты ашық түрде жоққа шығару, оның қағидалары мен нормаларын ескерусіз қалдыру; екіншісі, құқықты нормаларды біле отырып оларды өз мақсатына пайдалану [2, 270 б.]. Қазіргі қоғамда халықтың кей бөлігі құқықты жоққа шығарып, оған мойынұсынғысы келмесе, екінші бөлігі сол құқық нормаларын мұқият зерттеп оларды айналып өту тетіктерін қарастыруда. Құқықтық нигилизм тек қарапайым халық арасында ғана емес, сол құқықтың жүзеге асырылуын қадағалайтын мемлекеттік қызметшілер арасында да өрістеуде.

Бүгінгі еліміздегі нигилизмнің кең өріс алуына нақты жағдайлар өз әсерін тигізді, ол әсіресе еліміздің бір қоғамдық формациядан екіншісіне еш даярлықсыз өтуімен байланысты болды. Әсіресе, бұл белгілі бір идеология, құндылықтар негізінде өмір сүрген қоғам үшін үлкен қиыншылықтар тудырды. Өздері үшін мызғымас саналған қағидалардың жоққа шығарылуы, бұрынғы Одақтың күйреп, орнына мүлдем жаңа мемлекеттің орнығуы, мемлекеттік меншікке негізделген шаруашылықтың жеке меншікке ырықсыз өткізілуі қоғам мүшелері арасында жаңа қалыптасқан құқыққа деген сенімсіздікті, қабылдамау сезімін тудырды. Бұл турасында ресейлік ғалым В.А.Тумановтың пікірі өте ұтымды айтылған, «говорят, что юридическому нигилизму немало способствовали перестройка с сопровождавшими ее «войной законов», национальными конфликтами, падением государственной дисциплины, противостояние исполнительной и представительной властей и т.п. Все эти обстоятельства нельзя игнорировать. Однако более значимым представляется другое объяснение: как только общество отказалось от авторитарных методов не правового государственного управления и попыталось встать на путь правового государства, как только скованные ранее в политическом и экономическом плане люди получили более или менее реальную возможность пользоваться правами и свободами, так тотчас же дал о себе знать низкий уровень правовой культуры общества, десятилетиями царившие в нем пренебрежение к праву, его недооценка. Юридический нигилизм при востребованном праве оказался куда более заметен и опасен, чем при праве невостребованном» [3, 1 б.]. Шындығында да бұрындары тек қатаң режимде өмір сүріп, не істеу қажеттігін мемлекеттің көрсетуімен біліп үйренген тұрғындар үшін еркін түрде өз құқықтарын жүзеге асыруға берілген мүмкіндік олардың сол құқықтарды жүзеге асыруға жаңаша ұстанымдарын қалыптастырды. Бұл ұстанымдар қазір құқықтық қағидалармен ұштаса алмауда, басты себеп, адамдар өз құқықтарын біле отырып міндеттер жайлы ұмыт қалдырады немесе сол құқықтарын жүзеге асыру жолында заңға қайшы тетіктерді пайдаланады.

Еліміздегі құқықтық нигилизмнің бұқаралық сипатқа ие болуына себеп болған негізгі жағдай қабылданған заңдардың сапасының төмендігі болып отыр. Тіпті, парламент мәжілісінің төрағасы болған О.Мұхамеджанов та бұл жайды жасыра алмаған еді, «парламент Мәжілісінің қарауына енгізілетін заң жобаларының сапасы туралы қаншама айтылып жатқанымен, бұл мәселеде көңіл көншітерлік нәтиже жоқ деуге мәжбүр болып отырмыз. Заң жобаларына қатысты енгізілетін материалдар да тиісінше ресімделмейді.

Читайте также:  ҚЫТАЙ ДӘСТҮРЛІ ЖАРҒЫЛАРЫ ЖӘНЕ ҚЫТАЙ ХАЛҚЫНЫҢ ДҮНИЕТАНЫМЫ

Нақ осы себептен өткен сессия ішінде Үкіметтен түскен 130 заң жобасының 72­сі немесе жартысынан астамы алғаш келген кезінде тіркелмей, кері қайтарылды. Соның ішінде 28 жоба қазақ тіліндегі мәтінінің сапасына байланысты қабылданбады. Депутаттар Үкімет ұсынған заң жобаларының заңдық, логикалық, тіпті лингвистикалық және грамматикалық сапасын өткір сынға алып жүргені белгілі»[6, 1 б.]. Қабылданған заңдардың қоғамдық қатынастарды реттеуде қауқарсыз болуы, алдын­ала орын алатын жағдайларға, тұрғылықты халық менталитетіне бейімделмеуі олардың қабылданбастан жатып өзгерістер мен толықтыруларға ұшырауына алып келуде. Сонымен қатар, кейбір заңдар қабылдану арқылы жаңа қатынас түрлерін айналымға енгізгенімен ол қатынас түрлері халыққа бұрын таныс болмағандықтан ақпарат толымсыздығы салдарынанан көптеген тұрғындар жағымсыз жағдайға душар болды, нәтижесінде халықтың наразылығы туындауда (мысал ретінде 23.12.1995 N 2723 Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы заңды келтіруге болады). Мұндағы кемшіліктердің орын алуы парламенттің де, үкіметтің де кәсібилік қағидасына негізделіп жасақталмауында болып отыр. Себебі, үкіметте жасақталатын заң жобалары тек өзге елдер тәжірибесіне негізделмей жергілікті халықтың өзгешеліктеріне бейімделіп, жан­жақты зерттеу жүргізіліп, сол зерттеу нәтижелері талқыланған соң ғана парламентке жіберілуі тиіс, ал парламент келіп түскен заң жобаларының сапасын арттырып, толықтырып, байыту үшін ондағы депутаттардың басым бөлігі заңгерлер болуы керек.

Екіншіден, елдегі заңдардың қоғам мүшелерінің кейбір бөлігіне таралмайтындығы, яғни белгілі бір істер бойынша нақты жазаға тартылуы тиіс адамдардың олардың нақты бір үлкен қызметтегі туысының болуы немесе ақшасының болуы нәтижесінде жазаға тартылмауы. Мұндай жағдайлардың көптеп орын алуы қоғамда құқыққа деген сенбеушілік, жек көру сезімдерін тудыруда. «Заң алдында барлық адам тең» деген қағиданың тәжірибеде керісінше жүзеге асырылуы онсыз да құқыққа деген көзқарасы таяз адамдар үшін теріс мысал болуда. Мұндай көзқарастар әсіресе, жер кодексінің қоғамдық пікірмен санаспай қабылдануынан кейін орын алған жер үлестеріне байланысты даулар негізінде көптеп орын алуда, нақты елді мекендер маңындағы жер телімдерінің сол тұрғылықты халықтың еш қатысынсыз өзге адамдардың басына рәсімделініп, сол аумақты мекендейтін халыққа Конституция бойынша тиесілі 10 соток жердің берілмеуі халықтың наразылығын тудыруда. Соңғы жылдары мемлекеттің шет елдік фермерлерге жерді жалға беретіндігі жайлы ақпараттың таралуы халық арасында билікке деген наразалықты арттыра түсті [8, 1 б.]. Халық арасында ақшасы бар немесе күшті тірегі бар адамдардың заңдарды айналып өтіп кәсіпкерлікпен айналысуы, қылмыс жасай отырып жауапқа тартылмауы, белгілі бір мемлекетпен берілетін жеңілдіктерді асыра пайдалануы (тұрғын үймен қамту бағдарламасы және т.б.) өзге адамдар тарапынан тек айналыстағы заңдарға ғана емес елдегі билік жүйесіне деген наразылық сезімдерін туындатуда, оларды құқықты айналып өту тетіктерін қарастыруға жетелеуде.

Үшіншіден, басқару аппаратының елдегі заңдарды өз мүддесіне қарай икемдеуі, өзін құқықтық мемлекет ретінде орнықтырушы мемлекетте жоғары дәрежелі заң актілерінің билік мүддесіне сай түрлі өзгерістерге ұшырауы халық арасында сол заңдарға деген құрмет сезімінің төмендеуіне алып келеді. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституцияға он бес жыл ішінде (7 қазан 1998 жылы, 21 мамыр 2007жылы, 2 ақпан 2011 жылы) үш рет өзгертулер мен толықтырулар енгізу сол негізгі заңның мәңгілік еместігін, оның да қолданыстағы заңдар сияқты өзгермелі сипатын көрсетті. Мұның өзі Конституцияның мызғымастығына сенімді төмендетті деуге болады.

Төртіншіден, мемлекеттік қызметшілердің өкілеттіктерін өз мүддесіне пайдалануға ұмтылысы, бұл әсіресе, нарықтық қатынастарды орнықтырумен байланысты орын алған жағымсыз көзқарас болды. Кәсіпкерлік саласындағы құқықты қабылдамаушылыққа осыған дейін кәсіпкерліктің мемлекетпен тыйым салынған әрекет түріне жатқызылғандығы себеп болды. Ең алғашында кәсіпкерлікті қоғам жат қылық ретінде қабылдады, уақыт өте келе оған еті үйренді, шет елдік тәжірибе негізінде кәсіпкерлік өз арнасына түсті. Ендігі жерде кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасында жиі түсініспеушіліктер туындай бастады. Оған себеп, әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлердің өз өкілеттіктерін асыра пайдалану арқылы кәсіпкерлерге қысым көрсете отырып, оларды өз мүддесіне сай әрекет жасауға итермелеуі болды. Мұндағы басты мәселе, мемлекеттік қызметкерлердің құқыққа деген көзқарасындағы өзгеріс, яғни, заңдарды өз мүдделеріне сай пайдалануға ұмтылысы болды, мұндай жағдайда кәсіпкерлер де мемлекеттік қызметшілерді өз сыбайластарына айналдырып көлеңкелі бизнесті өрістетуді жөн көруде. Кейбір қылмыстық элементтердің кеден арқылы елімізде тыйым салынған дәрі­дәрмектерді, психотроптық заттарды, сапасы күмән тудыратын азық­түлікті еш тексеріссіз өткізіп саудаға салуы, оларды кеденнен кедергісіз өткізген мемлекеттік қызметшілердің ешқандай жаза тартпауы көлеңкелі бизнестің өрістеуіне жол ашуда. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан көтерілген бастамалардың көпшілігінің аяқсыз қалуы, салынған құрылыстардың сапасыздығы, кейбірінің аз уақытта қирап қалуы, ашылған кәсіпорындардың тек есептілік үшін көзбояушылықпен ашылып, артынша жабылып жатуы, ең сорақысы мемлекетке келтірілген орасан зор зиян үшін ешкімнің жауапқа тартылмауы заңдылық қағидасына деген көзқарастардың өзгеруіне алып келді.

Читайте также:  АРХИТЕКТУРНЫЙ АНСАМБЛЬ СТАРОЙ ПЛОЩАДИ АКМОЛЫ

Мемлекеттік қызметтегі тұлғалардың құқық нормаларын өз мүдделерін қанағаттандыруға пайдалануы қоғамдық өмірдің өзге де салаларында көптеп көрініс таба бастады, қылмыстық істерді жүргізу, сот шешімін шығару, кеден ісі, мемлекеттік қызметке кіру, мемлекеттік тендерлер, мемлекеттік тексерулер, мемлекеттік жәрдемақы, төлемақы тағайындау және т.б. Мемлекеттік қызметтегі, мемлекеттік кәсіпорындардағы жоғары лауазымды қызметтерді атқарған тұлғалардың өз өкілеттіктерін асыра пайдалануы, соның нәтижесінде қылмыстық жауапкершілікке тартылуы, кейбірінің еш жауапкершіліксіз шет елдердегі ең бай адамдар тізімін толықтыруы мемлекеттік қызметшілер арасында да, қарапайым тұрғындар арасында да мемлекеттік қызмет турасындағы көзқарастарды түбегейлі өзгертуге алып келді. Мемлекеттік қызметшілер өз лауазымдарын жеке мақсаттарға жету жолындағы тиімді құрал деп түсінсе, мемлекеттік қызметке қатысы жоқ әр салада заңды айналып өтуді жөн көретін адамдар оны өз мақсаттарына жету жолындағы сыбайлас ретінде қабылдай бастады. Бұл өз кезегінде қарапайым тұрғындар арасында құқыққа деген сенімсіздікті тудырып, оны айналып өту механизмдерін қарастыруға әкелді. Осы тектес жайлар жалпы қоғам үшін мемлекеттің мәнін төмендетуде, сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттік қызметте кең етек алуы тұрғындар санасында оның болуы тиіс кәдімгі жағдай ретінде қабылдануына септігін тигізді. Осылайша, сыбайлас жемқорлық тек мемлекеттік органдарда ғана емес тұрмыста да кеңінен орнықты. Нақты жағдай бойынша құқыққа қайшы әрекеті үшін жауапқа тартылуы тиіс адам ең алдымен білікті заңгердің көмегіне емес, билігі бар, ықпалды туыс немесе танысты іздейтіндігі адамдар арасындағы құқыққа деген сенімсіздіктің көрсеткіші бола алады.

Бесіншіден, жалпы халықтың құқықтық сауатының төмендігі, халқымыздың әлемдегі білімі жағынан ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендігіне қарамастан құқықтық сананың төмен болуы оның жүргізіліп отырған саясатқа қатыссыздығына алып келді. Өткізіліп жатқан сайлауларға қатыспау, кейбір саясаткерлердің өзі жүргізген реформаларының аяқсыз қалғаны үшін жауап беруін талап етпеу, нақты бір жағдайларда бүкілхалықтық ұстанымдарды біріге алға тартуға қауқарсыздық таныту құқықтық сананың төмендігінің көрінісі. Тіпті, қарапайым жағдайларда да қоғам мүшелерінің өз құқықтарын білмеуі олардың әртүрлі жағдайларда зәбір шегуіне алып келуде.

Алтыншыдан, тәуелсіздік алған жиырма жыл ішінде қазақстандық халықтың басын біріктіретін жалпыұлттық идеяның жасалынбауы, жалпыұлттық құндылықтардың айшықталып, халыққа насихатталмауы халықтың отаншылдық сезімінен жұрдай болуына, жаңа ұрпақтың тек пайдакүнемдік сипатқа енуіне септігін тигізді. Жергілікті ұлт өкілдерінің жүзшілдік, рушылдық психологиядан арылмауы, ал өзге ұлт өкілдерінің кейбірінің өздерін қонақ сезінуі, басты мақсат ретінде тезірек байып, ақша жинап өзге елге кетуді қоюы осыған мысал бола алады. Мемлекеттік қызметшілердің халық арасынан шығатынын ескерсек, онда орын алып жатқан жағдайлардың негізі осында екендігін түсінуге болады. Жалпы мемлекеттің өзінің құқықты орындау сипатына қатысты кейбір ерекшеліктер кез­келген азаматты өзге ойға жетелейді, мысал ретінде мемлекеттегі жоғары лауазымдарды иеленген азаматтардың мемлекеттік тілді білмесе де биік лауазымдарды иеленуі азаматтар тарапынан мемлекеттік тілді үйренуге деген селқостық көңіл­күйін туындатып отыр. Яғни, нақты мысалдарға қарап қарапайым азаматтар, әсіресе, студент жастар мемлекеттік тілді меңгермей­ақ үлкен лауазымдарды иеленуге сенімді, соның салдарынан мемлекеттік тілге деген құрмет азая түсуде.

С.Өзбекұлының пікірінше, құқықтық нигилизм – қоғамда қабылданған, мойындалған құқықтық құндылықтарды, қағидалар мен заңнаманың мүмкіндіктерін жоққа шығару, сенімсіздік таныту арқылы биліктің заңсыздығы мен бассыздығына көз жұмып қарау [7, 149 б.]. Біз бұл автордың берген анықтамасымен толық келісе алмаймыз, себебі, құқықтық нигилизм уақыт өте келе асқынып, жаңаша сипатқа ауысады және қоғамда мемлекетке деген қарсылық сезімін тудырады, бұл өз кезегінде мемлекетке қарсы нақты әрекеттердің орын алуына алып келеді. Сөзіміздің дәлелі ретінде өзімізде орын алып жатқан жағдайларға тоқталуды жөн көрдік, біздің мемлекетте орын алып жатқан күнделікті келеңсіз жағдайлар ендігі жерде тек құқықты мойындамаушылық емес сол құқықтық жүйені қалыптастырып отырған мемлекеттегі билікке деген көзқарастың өзгеруіне алып келді. Елдегі жағдайларға қатысты халық арасында наразылықтар біртіндеп бас көтерулерге ұласуда. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, елдегі халық арасында мемлекетке деген наразылық оған жаппай қарсылыққа алып келері сөзсіз. Теориялық тұрғыда мұндай жағдай туралы тағы да В.А.Тумановқа жүгінуді жөн көрдік, «на высоком этаже общественного сознания нигилизм предстает в виде идеологических течений и теоретических доктрин. Например, анархизм, левый радикализм, и связан с именами Прудона, Бакунина, Штирнера и др.» [4, 1 б.]. Жаңаөзен қаласында орын алған баскөтеру осының айғағы іспетті, осы оқиғаға байланысты Алматы қаласында 2012 жылдың 19 наурызында өткен зиялы қауымның ­ халық өкілдерінің форумына қатысушылар өз үндеулерін жариялады, оған сәйкес, билікке нақты талаптар қойылды. Сонымен қатар, жалпы ескерту де жасалынды, «Қазақстан құқық қорғау және күштік құрылымдарының іс­әрекеті мен қызмет ету тәсілдері жеке талқылау мен арнайы қарастыруды талап етеді. Біз бейбіт халыққа қарсы оқ атуға және ішкі қақтығыстарға әскерді қатыстыруға түбегейлі қарсымыз. Әлеуметтік қақтығыс пен қоғамдық наразылық кез келген жағдайда және үнемі бейбіт жолмен әрі келіссөз арқылы шешілуі тиіс. Соттың шешімінсіз ешкім де азаматтарды олардың бұлжымайтын құқығы ­ өмір сүруге деген құқығынан айыра алмайды! Олай ету ­ ең үлкен және қауіпті қылмыс. Ал бұл қылмыс биліктің, азаматтардың осы конституциялық құқығын қорғауға тиіс адамдардың қолымен жасалса, онда бұл екі есе қауіпті. Осы негізгі ұстаным жойылса, онда қалған нәрселердің де еш мәні қалмайды. Егер адам өмірі құнсызданса, барлық жетістік пен табыс екінші немесе үшінші қатарға ысырылып, барлығы көмескіленеді. Міне, сондықтан біз қоғамның бұл оқиғаларды жан­жақты, әділетті және ашық түрде зерттеу жөніндегі талабын табанды түрде қолдаймыз. Тергеу мен сот 2011 жылғы 16­17 желтоқсан күнгі оқиғалардың ғана емес, бұдан бұрынырақтағы оқиғаларға да нақты құқықтық бағасын беруге тиіс. Ал бұл биліктің барлық органдары мен институттарының, мұнай­газ компанияларының, салғырттығы мен салақтығы шектен асқан шенеуніктердің әрекетіне құқықтық және саяси баға берілуі керек деген сөз. Онсыз қоғамдағы сенімді қайта қалпына келтіру жөнінде сөз қозғаудың өзі қиын. Түйіні шешілмеген мәселелер бүкіл қоғамдық­саяси қарым­қатынасқа кері әсер етпек. Мұның салдары қазіргі билік үшін ғана емес, мемлекеттілік пен Қазақстан тәуелсіздігі үшін де ауыр болмақ»[5, 1 б.].

Читайте также:  МАЛДАН АЛЫНАТЫН ӨНІМДЕР НАРЫҒЫН ДАМЫТУ

Құқықтық сананың деформацияға ұшырап, құқықтың құнының төмендеуін болдырмау жолдарын қарастыруда тек мемлекет қана емес азаматтық қоғам институттары да, жалпы елі үшін жаны ашитын азаматтардың да атсалысуы қажет. М.М.Рассоловтың пікірінше, құқыққа деген құрмет сезімінің қалыптасуы бірден болмайды. Ол үшін адамдар бойында құқыққа деген оң көзқарас қалыптастырып, оған дұрыс баға берушілікті және өзінің жүріс­тұрысын құқыққа негіздеушілікті қамтамасыз ететіндей адамдардың өміріне, еркі мен санасына, көңіл­күйі мен көзқарастарына әсер етуді жақсарта алатын тиімді жүйе керек. Бұл үрдіс тек сырттай әсер ету арқылы қамтамасыз етіле алмайды. Себебі, адамның құқыққа деген құрметі оның қоғамда жарияланған саяси, әлеуметтік­құқықтық қағидалардың құндылығын жеке басының мойындауы нәтижесінде пайда болады [1, 368 б.]. Біздің елдегі орын алған жағдайды түзетіп, халықтың құқықтық санасын арттыру үшін келесідей мәселелер өз шешімін табуы тиіс: ­ Ең алдымен мемлекеттік билік құқықтық мемлекет қағидалары бойынша қызмет етуі тиіс, яғни, құқықтың тек қоғамды басқару құралы емес мемлекеттік билік үшін де міндетті ережелер жиынтығы екендігін мойындауы қажет; ­ Екіншіден, мемлекетте кәсібилілік қағидасы басты орынға шығуы тиіс, жоғары лауазымды саяси қызметшілер өз бастамалары мен реформаларының нәтижесіне жауапты болуы тиіс; ­ Үшіншіден, жалпыұлттық идеология жасақталынуы, жалпыхалықтық құндылықтар кеңінен насихатталуы, сонымен қатар, құқықтық сауаттылықты арттыру жұмыстары кең ауқымда жүзеге асырылуы қажет; ­ Төртіншіден, сыбайлас жемқорлықпен күрес тек көрсетпелік сипаттан арылып, жоғары дәрежеде жүзеге асырылуы керек, осы саясатты жүргізушілер тексерісті алдымен өздерінен бастауы тиіс. Осы мәселелер шешімін тапқан жағдайда жалпы қоғамдағы құқықтық нигилизмді жеңіп, азаматтардың құқықтық санасының көтерілуіне қол жеткізуге болады деп тұжырымдауға болады. Бұл өз кезегінде қазіргідей шиеленісті жағдайдың жағымды сипатта шешілуіне кепіл бола алады.

Оставить комментарий