ЫДЫРЫС МҰСТАМБАЙҰЛЫ ТУРАЛЫ

Әдетте ғылыми әдебиетте жаппай репрессия саясаты 1937­1938 жылдары іске асырылды деген пікір қалыптасқан. «Үлкен террор» атанған бұл жалпымемлекеттік шараның осы мезгілде жүргізілгені тарихи шындық. Дегенмен осы жасалынған тұжырымға мынадай мазмұндағы анықтаулар енгізу тарихи әділеттік болар еді. Біріншіден, пролетариат диктатурасы атанған сталиндік режимнің өз халқына қарсы жүргізген «үлкен терроры», әрине, кездейсоқ, жаңылыс құбылыс емес­тін. Ол бүкіл империя көлемінде орнаған саяси билік жүйесінің табиғи болмысынан туындап жатты. Екіншіден, Кеңес үкіметі орнаған алғашқы күнінен бастап­ақ үзіліссіз (перманентті) жүргізіп отырған бұл шараның қанды шеңберіне қоғамның саяси өміріне белсенді түрде араласқан адамдардың барлығы да іліккен еді. Сондай­ақ қоғамның белсенді, саналы бөлігін репрессияға алудың да өз ішкі логикасы, реті болды. Бұл айтылған тұжырымның негізсіз емес екендігін 20­30­жылдардағы Қазақстан тарихынан айқын аңғару қиынға түспейді. Мәселен, репрессия шаралары алдымен және бірнеше дүркін (1918­1921, 1927­1932, 1937­1938) Алаш зиялыларын қамтыды. Өйткені большевиктік билік қазақ қоғамындағы потенциалды оппозициялық күш зорлықпен басылып тасталынған ұлт азаттық қозғалыс басшылары мен белсенділері екендігін, әрине, жақсы түсінді. Саяси репрессияның келесі құрбандары кеңестік биліктің түрлі негізсіз шараларын ашық теориялық тұрғыдан сынаған зиялылар мен қолына қару алып, оған қарсы қайрат көрсетуге шыққан қарапайым халық болатын. Қазақстанда осы жылдары жүргізілген жаппай репрессиялау саясаттың ауқымын мынадай фактілерден байқауға болады. Мәселен, 1930 және 1932 жылдары Алаш қозғалысының басшыларын жазалау шаралары барысында 80­ нен астам адам жауапқа тартылып, олардың басым бөлігі ұзақ мерзімдерге сотталып, төртеуі атылды 89 . 1929­1933 жылдары күшпен ұжымдастыруға қарсы шыққаны үшін, республикада 3 386 шаруа ату жазасына кесілді, 13 151 адам 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге сотталды 90 . Ал тарихшы Д.Орынбаеваның есебі бойынша, 1937­1938 жылдардағы «үлкен террор» тұсында республикадағы тек жеті облыс (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Маңқыстау) бойынша ғана 16 520 адамға саяси айып тағылып, репрессияға ұшыраған 91 . Тек Алматы облысы бойынша түрлі саяси айыптаулармен атылғандардың саны 1680 адамға жеткен 92 . Бұл келтірілген сандық фактілердің ар жағында мыңдаған­ миллиондаған адамдардың қайғылы тағдыры, бірнеше буын ұрпақтардың, бүтін халықтардың өзгеріске (деформацияға) ұшыраған рухани болмысы, мінезі жатқандығын айтып жеткізу, әрине, оңай шаруа емес. Енді осы ХХ ғасырдың 20­30­жылдары үзіліссіз жүргізілген репрессиялық саясаттың себептері жөнінде. Орталық басшылық, оның Қазақстандағы өкілі есебінде болған большевиктер партиясының Өлкелік Комитеті осы аталған тарихи мезгілде тікелей өздерінің нұсқаулары бойынша жүргізілген экономикалық, саяси және басқа реформалық шаралардың сәтсіздікке ұшырау себептерін саяси оппозицияға, тіптен жоғарғы республикалық басшылықта жүріп­ақ қате бағытқа жігерлі де табанды қарсылық көрсеткен қызметкерлерге аударды. Сондай­ақ кеңестік реформаларға қатысты өзара қайшы бұл екі бағыттың арасындағы егес 20­жылдардың алғашқы жартысында­ақ басталып кеткен еді. Бірер мысал келтірейік. 1923 жылы наурызда Орынбор қаласында өткен Өлкелік партия ұйымының ІІІ конферециясында белгілі партия қайраткері Е.М.Ярославский мен сол тұстағы Қазақстан үкіметі басшыларының бірі А.И.Вайнштейннің байлардың меншігіне «қызыл гвардиялық шабуылға көшіп», «кедейлердің әлі оянбаған таптық инстинктін шайқау, көтеру, сөйтіп «кедейді байларға қарсы қою» (Вайнштейн) сияқты ұрандарын сынға алған Смағұл Сәдуақасұлы мынадай астарлы пікір білдіреді: «Қазіргі уақытта қазақ кедейлері біреудің қанауынан емес, жұмыссыздықтан қиналып отыр. Сондықтан да қырғыз кедейлеріне бірінші кезекте тура осы тұрғыдан қарау қажет. Қазақтарға ат, шөп, носилка беріңіз, сол арқылы оның қожалығын нығайтыңыз, ал бұл шара барды ортаға салып, қарадүрсін бөлісуден жүз есе тиімді болмақ… Бүгін сіз кедейге бір сиыр бердіңіз делік, ертең ол сиырды сойып алады, одан кейінгі күні басқасын сұрауы ықтимал, ал ол сұрағаны жоқ болса ше? Сондықтан да мәселенің басқа да жақтарын ұмытуға болмайды. Осында отырықшылыққа өту туралы да айтылды. Оған өту құмар адамдардың қалауы бойынша бола алмайды. Бұл арада филантропия емес, жалпы мемлекеттік шаралар қажет». Одан ары С.Сәдуақасұлы «қазіргі кезеңде ел сілкіністерге емес, бейбіт өмірге мұқтаж. Елді жаңа экспроприациялар емес, еңбек пен ғылым құтқармақ. Экспроприация идеясы билікке қарсы көтеріліс немесе соған жақын нәрсе. Бізге патша үкіметі тұсында мұндай қоздыру туғызу қызық болғанымен, қазіргі біздің жағдайымызда қазақ даласында ондай жасанды қоздырулар туғызудың қызығы шамалы. Мемлекеттік адамдар мемлекет мүддесі тұрғысынан ойлауы қажет» 93 , ­деген тұжырым жасайды. С.Сәдуақасұлы бұл айтқан пікірі большевиктер билінің сол тұстағы ұстанымын ашық сынға алудың өзі­тін. Міне, бұл айтылған пікірден соң­ақ осы партиялық конференцияда «Қазақ ұлтшылдығы» деген «саяси» ұғымның айналымға қосылуы ұлттық саяси элита арасында ешқандай да таңданыс тудырған жоқ. Жиырмадан сәл ғана асып, белсенді қызметке енді ғана араласа бастаған Смағұл Сәдуақасұлы отызға жетпей­ақ аласталынды, саяси қуғын­ сүргінге ұшырады. С.Сәдуақасұлы сияқты ресми биліктің негізсіз реформалық шараларын ымырасыз сынға алған қайраткерлер ұлттық саяси элита арасында аз болған жоқ. Міне, сондай табанды қайраткерлердің бірі ­Ыдырыс Мұстамбайұлы. Бұл қайраткердің өмір жолына қатысты деректік материалдар кеңестік билік жүргізген саяси­репрессия шараларының қаншалықты негізсіз және әділетсіз болғандығын айғақтайды. Қайраткер жөнінде қысқаша мәлімет: Ыдырыс 1898 жылы Семей қаласының іргесіндеғі «Заречная Слободка» қалашығында Алексеевтердің жүн жуатын зауытында отыз жыл бойы еңбек еткен Жауғашұлы Мұстамбайдың отбасында өмірге келген. Анасының аты ­ Қолан. Семейдегі 7 кластық гимназияны аяқтаған. 1920 жылы партия қатарына еніп, 1933 жылы ОГПУ тарапынан тұтқынға алынғанға дейін партияның Қазақстандағы ұлт саясатымен келіспегені үшін екі мәрте партия қатарынан шығарылған. Орал және Ақмола губерниялық прокуроры, Сырдария губерниялық кеңесі атқару комитетінің төрағасы және басқа кеңес және партия қызметінде болған. Ыдырыс Мұстамбайұлы Қазақстан тарихында 20­жылдардың алғашқы және орта тұсында орныға бастаған сталиндік тоталитарлық жүйеге қарсы табанды күреске шыққан қазақ зиялыларының көрнекті өкілі ретінде терең із қалдырды. Қайраткердің бұл бағыттағы жұмысы 1923 жылы желтоқсанда Орал губерниялық прокуроры қызметінде жүргенде Қаратілеуов және Стародубцовпен бірге губерниядағы кадр саясатында ұлыдержавалық, шовинистік бағыттың үстем алып отырғанын айтып, сол тұстағы Одақтық Революциялық Әскери Кеңесінің (Реввоенсовет) төрағасы Л.Троцкийге ресми хатпен қайырылудан басталып еді. Бұл негізді хаттан ештеме де шықпай, оның есесіне Қаратілеуов партиядан шығарылып, ал Стародубцов пен Мұстамбайұлы өзі басқа губернияларға қызметке ауыстырылды. Ы.Мұстамбайұлына Орал қаласында тұратын белгілі заңгер Бақытжан Қаратаевпен байланыста болды деген айып та тағылады. Міне, осы кезден бастап Ы.Мұстамбайұлының Смағұл Сәдуақасұлы, Жағыпар Сұлтанбекұлы және басқа қызметтес достарымен бірге сталиндік режимнің Қазақстандағы лаңына қарсы табанды күресі басталды. Бұл күресте, әрине, Ыдырыс Мұстамбайұлы мен оның достары жеңіске жете алған жоқ, бірақ олар зорлықшыл жүйемен жүрген ауыр арпалыста қазақ зиялыларының теориялық деңгейі мен азаматтық бейнесінің биік екендігін жауларына көрсете білді. Осы пікірдің дәлелді екендігіне енді біз архивтік құжаттар арқылы тоқталып өтейік.

Читайте также:  Ұжымдық зият ретіндегі мәдениет және жасанды зерде мәселелері

Оставить комментарий