ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТАҒЫ СЕБЕПТІ БАЙЛАНЫС

Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде нығайтылуының алғышарттарының шынайы жүзеге асырылуының қарқынды үрдістері аясында адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын алдыңғы қатарға қойып, оларды мемлекет тарапынан мықты механизмдер арқылы қорғауға алу 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Конституциямызда 1-бабындағы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялык, зайырлы, құқықтық және әлуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» нормаларынан бастау алады [1, 46]. Бірақ «бостандық пен тәуелсіздікті жеңіп алу жеткіліксіз, оны табанды түрде қорғап, нығайтып, ұрпақтарға калдыру қажет» [2, 356]. Тәуелсіздікті қорғау және нығайту ең алдымен мемлекеттің ішкі демінен, оның тыныс алуынан басталады. Ал қазіргі ахуал, оның ішінде қылмыстылықтың өрістеу деңгейі, адам құқығы мен бостандығының көп жағдайда тиісті түрде қорғала бермейтіндігі қатты алаңдатады. «Барлық жерде қылмыстық дәстүрлер мен дағдылар жаңғырып, қылмыстық әлемнің кәсіпқойлануы мен мамандануы жүріп жатыр. Көптеген азаматтардың негізгі табыс көзі қылмыстық бизнес болып отыр» — деп, Елбасы бекерге айтпаған [3, 16]. Қазақстан Республикасындағы қылмыс көрсеткіші күрделі жағдайда қалып отыр. Бұл көрсеткіштер қылмыспен күрес жүргізу шараларын одан әрі жетілдіру қажеттілігін көрсетеді. Қылмысты алдын ала тергеу кезінде дұрыс ашу және кінәліні әшкерелеп, әділеттілікті қалпына келтіру қылмысқа қарсы күрес жүргізудің тиімділігін арттыратыны сөзсіз. Ал қылмысты заңға сәйкес дұрыс ашу, жасалған Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы 248 қоғамға қауіпті іс-әрекет пен одан туындаған зардаптың арасындағы себепті байланысты анықтауды талап етеді. Өйткені себепті байланыс дұрыс анықталмаса нақты қылмыс құрамы орын алмайды. Кінәліге қылмыстық жауаптылықты белгілеуге, я болмаса оған жаза тағайындауга болмайды. Себепті байланысты құқық қолдану тәжірибесінде анықтамау немесе оны анықтау кезінде қателіктер жіберу соттардың қате үкімдер шығаруына және құқық қорғау қызметіндегі олқылықтардың пайда болуына негіз болады. Сондықтан да себепті байланысты дұрыс анықтаудың өте маңызды теориялық, тәжірибелік мәні бар. Осыған қарамастан, қылмыстық құқық теориясында себепті байланысты аныктауға қатысты белгілер жеткілікті деңгейде өз шешімін таппаған. Себепті байланыс туралы әртүрлі даулы ғылыми теориялар мен көзқарастар, анықтамалар бір арнаға келтірілмеген. Осылайша себепті байланыстың теоретикалық қырларын оңтайлы зерттеу өажеттіліктері туындайды. Қылмыстық құқықтағы іс — әрекет пен одан туындаған зардаптың арасын объективті түрде байланыстыратын — себепті байланыс. Себепті байланыс философиялық санат болып табылады. Ол «себеп» және «байланыс» деген екі ұғымның бірлігін құрайды. Себепті байланыс — себеп және әрекеттің байланысы, себептен әрекетке ауысу болып табылады [4, 365]. Себеп болмаса салдар да болмайды. Себеп латын тілінің «саиза» деген сөзінен шыққан. Алғашқы сатысында себеп бір нәрсе жасайтын немесе тудыратын зат есебінде түсіндіріледі. Себеп ұғымын осылай түсіну, күш деген ұғымның пайда болуына түрткі болады. Күш дегеніміз — өз әрекетінің нәтижесінде өзгеріс жасайтын заттың кабілеті. Әрекет етуші себеп, өзгеріс аркылы салдар туғызады. Себеп және салдар арасындағы өзара байланыс себепті байланыс деп аталады. Байланыс дегеніміз, кеңістік пен (немесе) уақытқа бөлініп құбылыстардың өзара келісіммен өмір сүруі [5, 317]. Байланыс ғылыми ұғымдардың ішіндегі маңызды ұғымдардың бірі. Тұрақты да, қажетті байланыстарды табу арқылы адамның танымы басталады, ал ғылым негізінде, себеп және салдардың байланысын талдау жатыр. Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығы себепті байланыс ұғымын қолдана отырып, бұл ұғымның анықтамасын қылмыстық заңда бекітпеген. Себепті байланыс ұғымын философия ғылымы өз заңдылығына сүйене отырып қалай түсіндірсе, Қазақстан Республикасының қылмыстық кұқығы және сот тәжірибесі бұл ұғымды солай пайдаланады, яғни біздің ойымызша, қылмыстық құқықта себепті байланысты философиялық тұрғыдан бөлек түсіндіретін ұғым жок. Бірақ себепті байланыстың философиялық ұғымы қылмыстық құқық үшін жарамсыз болғандықтан, қылмыстық құқық өз шеңберінде себепті байланыстың ұғымын қалыптастыру керек деген көзқарастар да жоқ емес. Қылмыстық құқық басқа ғылымдармен байланыспай, жеке алғанда барлық ғылымдарға ортақ философияның негізгі қағидаларын ескермей, түп-тамыры философиядан шығатын санаттардың, қылмыстық құқықта ғылыми тұжырымдарын жасай алмайды. Сондықтан да, қылмыстық кұкык өз аясында философия ғылымынан бөлек себепті байланыс ұғымын қалыптастыру ойға сыймайтын нәрсе. «Құқық, философиялық түсініктен бөлек өзінің ерекше себепті байланыс ұғымын қалыптастыру қажет» деген шетел заңгерлерінің көзқарасына Т.В. Церетели, А.Н.Трайнин, А.А.Пионтковский, Б.С.Антимонов, М.Д. Шаргородский, Ф. Полячек және басқа да ғалымдар қарсы шығады. Осы орайда Т.В.Церетели былай деп көрсетеді: «Қылмыстық құқық ғылымы басқа ғылымдардан бөлініп, ұғымдар туралы өзінің жеке түсінігін қалыптастырса, ол қылмыстық құқықтың азып — тозуына әкеп соғады; ғылыми негізделіп және теориялық тексерілген ұғымдар, негізсіз және абстрактылы заң ұғымдарына айналады» [6, 172]. Расында да қылмыстық құқық, себепті байланыс және басқа ұғымдарды философия ғылымының заңдылығына сүйенбей өзгеше түсіндіретін болса, онда қылмыстық құқық ғылыми дәлелденбеген және негізсіз ұғымдардың аясына айналып кетуші еді. Философиялық тұрғыдан алғанда, себепті байланыс дегеніміз, бір құбылыс (себеп), екіншісіне (салдар) алғышарт болып, оны қажеттіліктен тудыратын екі құбылыстың арасындағы байланыс. Қазақстан Республикасының қылмыстық құқындағы себепті байланыс ұғымы философия ғылымының заңдылығымен түсіндіріледі және оның түп нұсқасы, аталған ғылымының негізінде жатыр. Қылмыстық құқық теориясындағы себепті байланыс аса күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Орын алған коғамға қауіпті іс — әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік) пен одан туындаған зардаптың арасында себепті байланыс болмаса, қылмыстық жауаптылықтың объективтік негізі де жоққа шығады. Сондықтан да қылмыстық жауаптылыққа тартудың негізгі шарты қылмыстық іс — әрекет пен одан пайда болатын қоғамға кауіпті салдардың арасында себепті байланысты анықтау болып табылады. Көп жағдайларда іс-әрекет пен одан туындаған зардап өзара тығыз байланыста болғандықтан, № 1 (86) 2012 249 олардың арасында себепті байланысты анықтау қиынға соқпайды. Сот тәжірибесінде, себепті байланысты анықтау өте маңызды. Себепті байланыс дұрыс анықталмайынша, әлде біреуді қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды. Мәселен, трамвайдың жүргізушісі М. деген азамат жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан Ж. деген азаматшаны абайсызда басып өлтіргені үшін ҚРҚК-ң 296-бабының 2- бөлігімен сотталған. Бірақ, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты орын алған оқиға аталған баппен теріс сараланған деп тапты. Өйткені азамат М., жол қозағалысының барлық ережелерін сақтағаны, ал жәбірленуші Ж. болса, психикалык ауруы салдарынан, өзін-өзі өлтіру мақсатында трамвайдың астына түскені анықталды. Бұл жерде қоғамға кауіпті іс-әрекет жоқ, сондықтан да қылмыстық жауаптылық туралы сөздің болуы да мүмкін емес. Жеке тұлғаның жасаған қоғамға қауіпті іс-әрекеті мен зиянды зардаптың арасындағы себепті байланысты анықтау үшін, іс-әрекет әр уақытты зардаптың алдын алып, оған тікелей себепкер болуы қажет. Жүргізіліп болған тергеуден кейін немесе тергеумен бір уақытта болған оқиғаны себепке жатқызуға болмайды. Қылмыстық құқық теориясында іс-әрекет пен қылмыстық нәтиженің арасындағы себепті байланыс қылмыстың объективтік жағының негізгі белгісіне жатады. Қылмыстық құқықта себепті байланысты дұрыс анықтау тиісті белгілерге сәйкес жүргізілуі қажет. Бірінші белгісі бойынша себепті байланысты дұрыс анықтау үшін міндетті түрде уақыт кезектілігі қажет. Қоғамға қауіпті іс-әрекет пен одан туындаған зардап белгілі бір мезгілдік жүйелікте болуы керек. Себепті байланыс орын алатын бастапқы кезең яғни іс-әрекет мезгілі жөнінен қылмыстық нәтиженің алдын алуы тиіс. Егер де уақыт кезектілігі орын алмайтын болса, онда себепті байланысты нықтаудың қажеттілігі болмайды. Өйткені себепті байланыс тиісті мезгілдік жүйелікте болатын екі кезеңнің арасында ғана анықталуға жатады. Себепті байланыстың келесі белгісінде істелген іс-әрекет нәтижесінде міндетті түрде зардап пайда болуы қажет. Кінәлі зардапты туғызуға нақты мүмкіндік жасаған жағдайда ғана, оның әрекеті зардаптың себебі болып табылады. Мәселен, жеңіл жол көлігін қазіргі талап етілетін белдіксіз айдау немесе көлікті нөмірін алып тастап айдау, жолаушының денсаулығына ауыр зардап келтіреді, яки өлімінің себебі деп қарастыруға болмайды, өйткені жүргізушінің құқық бұзушылығы, көрсетілген зардаптардың пайда болуының нақтылы мүмкіндігін туғызып отырған жоқ. Себепті байланыстың үшінші белгісі ол — шарасыздық, яғни зардап басқа іс-әрекеттен емес, нақтылы қылмыскермен істелінген іс-әрекет нәтижесінде орын алуы қажет. Аталған белгі екінші белгімен тығыз байланысты. Сондықтан да, құқық қорғау кызметкерлері қылмыстық іс-әрекет нәтижесінде қоғамға қауіпті зардаптың пайда болуына нақтылы мүмкіндік туатынын біліп, сосын барып жасалған іс-әрекеттен зардап шарасыздықтан орын алатынын аныктауға болады. Мысалы, ерлі-зайыпты Ж. мен К.-ң арасындағы пайда болған жанжал төбелеске айналып кетті. Төбелес нәтижесінде, кеңсірікке тиген ауыр соққыдан әйелі К. көру қабілетінен айырылып, денсаулығына ауыр зиян келтірілген. Бұл оқиғаны талдап қарайтын болсақ, зайыбы Ж.-ң іс-әрекеті әйеліне келтірілген ауыр зиянмен қажетті себепті байланыста болып отыр, яғни пайда болған зардап, шарасыздықтан екінші адамның әрекетінен туындап отыр. Енді болған оқиғаның екінші жағын алып көрелік, әйелі денсаулығына келтірілген ауыр зардаптан соң, дәрігер көмегін алмайды, көзін лас шүберекпен байлап, өз бетімен әр түрлі дәрілерді пайдаланып, нәтижесінде қанына жұқпалы кесел араласып, ол асқынып үш аптадан соң қайтыс болады. Бұл жерде зайыбы Ж.- ң әрекеті мен жұбайы К.-ң өлімі арасында кездейсоқ себепті байланыс орын алады. Сол үшін қылмыстық құқық теориясында төртінші белгі — қажетті және кездейсоқ себепті байланыстарды ажырата білу керек. Келесі мысалды алып көрейік. Алматы облыстық сотының үкімімен кінәлі С. ҚРҚК-ң 96-бап, 2-бөлігінің «д» және «з» тармақтарымен сотталған. Кассациялық тәртіппен түскен шағымның негізінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы аталған үкімді бұзып, С.-ң әрекетін ҚРҚК-ң 103-бабының 1-бөлігімен қайта саралады. Өйткені жәбірленушінің өлімі, денсаулығына келтірген ауыр зияннан ауруханада емделіп жатқанда, демалатын өңеші, организмнен шыққан сұйықтықпен және қанның құйылып бітіп қалуынан болғаны сот-дәрігерлік сараптамасымен анықталды [7, 25]. Бұл мысалда С.-ң әрекеті мен жәбірленуші өлімінің арасында қажетті себепті байланыс жоқ. Өйткені шын мәнінде С. жәбірленушіні өлтірген жоқ және оның адам өлтіретін касақана ниеті болған жоқ. Жәбірленуші өлімінің себебі жоғарда көрсетілген басқа жағдайлар. Кінәлі С. адам өлтіргені үшін емес, өзінің жәбірленушіге істеген нақты әрекеттері үшін, яғни денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін жауап береді. Қажеттілік және кездейсоқтық деп аталатын екі ұғым философиялық санаттар болып табылады. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы 250 Мүмкіндік пен ақиқаттылықтың өзара философиялық байланысы арқылы қажеттілік пен кездейсоқтықтың мәнін ашуға болады. Өйткені, дамудың өзі алдымен ақиқаттың сыртқы, «жалаң болмыс» жағы болатын кездейсоқтықтан басталады. Одан соң біз қажеттіліктің мүмкіндік пен ақиқаттың бірлігі екенін білеміз. Қажеттілік — мүмкіндіктің ақиқатқа өтуінің әрі заңды, әрі объективті негізі. Олай болса, қажеттілік даму тенденциясының мәнін ашып көрсетсе, ал кездейсоқтық осы үрдістің белгілі бір сәті болып табылады. Қажеттілік пен кездейсоқтық бірде шындықтың ішкі және сыртқы жағы болып көрінеді, екінші бір жағдайда олар қайшылыққа тап болады. Қажеттілік пен кездейсоқтық философия тарихында ерекше рөл атқарады. Өткен заман философиясында бұл санаттар бір-бірінен бөлініп, көп жағдайда жеке-жеке қаралып, тіпті кейде бір- біріне қарсы қойылды. Қоғамның даму үрдісін зерттеу кезеңінде кейбір ойшылдар қажеттілікті заңды объект деп қарап, кездейсоқтықтың дамуға ешқандай қатысы жоқ, тек сырттан таңылған құбылыс деп көрсетуге тырысты. Сондықтан да бұлардың арасындағы байланыс үзіліп, олардың мәндері ашылмай қалды. Айталық, сонау көне грек дәуіріндегі философиядан бастап XIX ғасырға дейінгі материализм тарихында кездейсоқтықты жоққа шығарған фатализм ағымы айрықша орын алды. Ешқандай кездейсоқтық жоқ, болуы да мүмкін емес деген ұғым ғылымға да, теорияға да, тәжірибелік өмірге де тым жақын сияқты болып көрінді. Ол ұзақ жылдар бойы орын алып, адамдардың тәжірибелік өмірінің тар өрістілігінен туған ойлауды көрсетті. Амал қанша, осыдан жиырма-отыз жылдар бұрынғы уақытта да біздің елімізде жаратылыстану саласының өкілдері тудырған, биология мен медицина ғылымдары негізделген метафизикалық, механистік «ғылым — кездейсоқтықтың жауы» деген тұжырымның үстем болғанын, оның ғылым мен тәжірибенің дамуына қаншалықты зиян келтіргенін білеміз. Қажеттілік әрбір заттың, құбылыстың, процестің өзіне тән мәнінің мазмұны. Қажеттіліктің тағы бір ерекшелігі ол жалпылыққа жатады. Заттың, процестің жалпылығын анықтау, оны жеке, дарадан бөліп алып қарау -қажеттілікті танудың бірден бір жолы. Мұндай жалпылық заттар мен құбылыстарға тән жекелік пен ерекшеліктерді біріктіреді, біртұтас жүйе жасайды. Сол арқылы осы даму процесі мазмұнының өте бай екенін көрсетеді. Мұның өзі қажеттіліктің жалаң ойдан ғана келіп шықпай, керісінше, объективті шындықтың негізінен пайда болатынын толық дәлелдейді. Ал кездейсоқтық алғашқы кезде үнемі сыртқы, қажеттілікке байланысы жоқ үрдіс болып көрінеді. Сан ғасырлар бойы орын алып келген пайымдаушы ойлаудың кездейсоқтықты даму процесінен бөліп алып қарап, оның мәнін түсінбей, бұрмалауы тарихи тұрғыдан өз дәлелін табатын сияқты. Ал расында философия тарихына көз жүгіртсек табиғаттың, қоғамның және адамның мәнін ашу, оларды ғылыми негізде түсіндіріп беру өте қиынға соқты. Сондықтан да түсініксіз байланыстар, қайшылық тудыратын ұғымдар кездейсоқ ойдың ғана тар өрістілігінің жемісі деп бағаланып келді. Шынында да пайымдаушы ойлау кезеңінде заттың дамуы не кездейсоқ, не қажетті болып табылады. Ал оның дамуының бір мезгілде осының екеуі бірдей болып табылады деу қарапайым ой түйініне қайшы келетін сияқты еді. Оның үстіне табиғатты, қоғам өмірі мен адамдардың арасындағы қарым -катынастарды зерттеуде әлі де біздің ұғымымызбен анықталмайтын түсініксіз жайлар өте көп. Ендеше, оларды кездейсоқтықтың саласына жатқызу пайымдаушы ойлау үрдісі үшін өте қолайлы. Қарап отырсақ, кездейсоқтықтың да өзіне тән ерекшелігі бар. Ол ең алдымен қажеттіліктің өмір сүру болмысының тәсілі. Бұл жерде біз мазмұн нысансыз өмір сүре алмайды десек, қажеттілік пен кездейсоқтықтың да аракатынасы туралы солай демекпіз. Сондықтан да кейбір оқулықтардағы кездейсоқтықтың «болуы да мүмкін, болмауы да мүмкін» немесе «болуы мүмкін нәрсенің болмауы да мүмкін» деген ұғымдардың ешбір қисынға келмейтінін айта кетуіміз керек. Дамудағы үрдістің бірде кездейсоқ, ал бірде қажеттілік болуы белгілі бір жағдайда, адамдардың әлеуметтік, қоғамдық қызметіне байланысты. Өйткені, кездейсоқтық міндетті түрде болады, әрі қажетті процесс. Кездейсоқтық, қажеттіліктің жолында әрдайым кездесетін объективті байланыстар мен кейбір сәттер болып табылады. Сондықтан да ол әрбір пайда болатын жаңаның алғашқы, бастапқы сатысы болып есептеледі. Ендеше, ол тану процесінің белгілі бір кезеңі болғандықтан, оны басқа да байланыстардан айыра білу ғылым мен тәжірибе үшін өте маңызды. Олай болса қажеттілік пен кездейсоқтықтың арасындағы философиялық байланысты ашу адамдардың материалдық тәжірибелік қызметінің мәнін түсінуге де кеңінен жол ашады. Даму үрдісі өзінің сатыларында, тенденциясында қажеттілікті қалай тудырса, кездейсоқтықтың да солай пайда болуына мүмкіндік жасайды. Бұл үрдісте қажеттілік іске асқан кездейсоқтық болып шығады. Ал кездейсоқтық болса, жүзеге аспаған, мүмкіндігі болмаған қажеттілік. Оның да келешектегі бір белгілі № 1 (86) 2012 251 жағдайда қажеттілікке айналуы толығынан мүмкін. Мұның өзі кез келген кездейсоқтық пен қажеттілік болашақта қалай да іске аса береді деген метафизикалық тар өрісті ойға әкелуге тиіс емес. Керісінше, бұл екеуінің де бір-біріне өтуінде, алмасуында сан алуан түрлі, қисапсыз көп мүмкіндіктер бар деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда кейбір оқулықтардағы «қандай да болсын заттың немесе құбылыстың дамуындағы қажеттілік оның өзінің негізінен, оның өзінің табиғатынан туады, ал кездейсоқтық — заттардың дамуындағы сол қажеттілік, белгілі бір заттың басқа да заттармен байланысынан туады» деген жаңсақ пікірмен косыла алмаймыз. Олай болса, бұлардың ішкі және сыртқы тығыз байланыстылығын даму процесі арқылы ашып көрсету адамдардың дүниетанымы және тәжірибелік өмірі үшін өте маңызды. Заңгерлерлің арасында қоғамға қауіпті іс-әрекетті жасаған кінәлі, қандай қылмыстық салдар үшін жауап беру керек деген сұрақ бір жақты шешілмеген. Заңгерлердің бір тобы, себепті байланысты тар мағынада, яғни тек қана қажетті байланыс деп түсіндіре келіп, қылмыстық салдар кінәлінің істеген іс-әрекетімен қажетті байланыста болғанда ғана қылмыстық жауаптылық туралы айтуға болатынын көрсетеді. Мысалы, А.А.Пионтковскийдің айтуынша: «Қылмыстық зардап үшін жауаптылық мәселесін, тиісті зардап адаммен жасалған әрекеттің қажетті зардабы болғанда ғана қоюға және оны дұрыс шешуге болады». [8, 184]. Көріп отырғанымыздай «қажетті зиян тигізу» теориясының жақтаушылары іс-әрекет пен зардаптың арасындағы объективті байланыстардың арасынан тек қана қажетті себепті байланысты табу белгілерін көрсетуге тырысқан. Кейбір ғалымдардың ойынша (В.Н.Кудрявцев, А.Н.Трайнин, Т.В.Церетели) қоғамға қауіпті іс- әрекет пен пайда болған зардаптың арасында объективті қажетті себепті байланыспен қатар, объективті кездейсоқ себепті байланыста болады. Көрсетілген ғалымдардың тобы себепті байланыстардың тең еместігін ескеріп, барлық себепті байланыстардың (қажетті және кездейсоқ) ішінен пайда болған қылмыстық зардапқа неғұрлым жақын себепті байланысты табуға әрекет жасайды және қылмыс зардабына ең жақын тұрған себепті байланыс қылмыстық жауаптылық мәселесін шешеді деп көрсетеді. В.Н.Кудрявцевтің көзқарасы бойынша: «Себепті байланыстарды ажыратудың дұрыс белгісін табу қажет. Қылмыстық жауаптылық үшін қажетті, жеткілікті байланыстарды және маңызы жоқ алыс байланыстарды ажыратып, соңғысын қылмыстық жауаптылық үшін жеткіліксіз деп тану керек». [9, 198]. Біздің ойымызша, бұл жердегі аралық бағытты В.С.Прохоров ұстанган. Ғалымның айтуынша: «Қажетті зиян тигізу теориясының қателігі, нақтылы жағдайда қажеттілікті кездейсоқтыққа қарама- қарсы қоюда емес, одан шығарылған тұжырымда. Абсолютті кездейсоқтық я болмаса, абсолютті қажеттілік деген болмайды, нақтылы жағдайда қажетті және кездейсоқ құбылыстар болады». [10, 345]. Қылмыстық құқықтағы себепті байланысты зерттеу барысында, кейбір авторлардың себепті байланыстың бірнеше нысандарын ажыратып және сол нысандарды әр түрлі негіздер бойынша саралағанын көруге болады. Мәселен, М.Д.Лысовтың ойынша, қажетті зиян тигізу теориясы жеткілікті деңгейде сот тәжірибесінің сүранысын канагаттандыра алмайды, әсіресе ол жанама зиянды салдарды тигізген уақытта айқын көрініс табады. Автор себепті байланыстардың келесі түрлерін бөліп көрсетеді: 1) тікелей және жанама себепті байланыстар; 2) тура және тармақталған себепті байланыстар; 3) жақын және алыс себепті байланыстар; 4) жай және күрделі себепті байланыстар. [11, 124-125]. М.Д.Лысов тікелей себепті байланыстың анықтамасын бере отырып, алыс және жақын себепті байланыс ұғымдарын қолданады. Ал жанама себепті байланысты анықтау, қылмыстық зардап нақтылы адамның әрекеттерінен емес, басқа адамдардың әрекеттерінен туындағанда мүмкін екенін көрсетеді. Байқап қарасақ, М.Д.Лысов себепті байланыстардың жеке түрлерін емес, өз жиынтығында қажетті себепті байланысты анықтайтын белгілерді ғана көрсетіп отыр. Біздің ойымызша, автордың ұсынған себепті байланыстарының ішінен тікелей және жанама себепті байланыстарды бөліп көрсетуге болады. Олар, мәселен, экономикалық қылмыстарда бір адамның әрекеті өзінің қызмет бабына салақ қараудың нәтижесінде басқа адамдардың алаяқтық жасауы үшін нақтылы мүмкіндігін туғызғанда неғұрлым типтік бола алады. Бұл қылмыстар, айталық, банк қызметінде кездесуі мүмкін. Бір адамның өз кызметіне салақ қарауы, басқа адамдардың қылмыс жасап, мысалы, мемлекетке ірі мүліктік залал келтіруге себепші болады. Бұл жердегі тікелей себепті байланыс, салақтық пен алаяқтықтың арасында орын алса, ал келтірілген ірі мүліктік залалға катысты себепті байланыс жанама болып табылады. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы 252 Автордың тармақталған себепті байланысқа қатысты анықтамасын талдайтын болсақ: «…дамып келе жаткан себептілік қатарының шекарасынан тыс шығып, істелінген әрекеттің өзінен емес, оған қатысы жоқ жеке әрекеттен шығып, онымен параллелді себепті-салдар байланысының қатарын құрайды [11, 128]. М.Д. Лысовтың жоғарыда көрсетілген тармақталған себепті байланыс анықтамасы, А.А. Пионтковскийдің берген кездейсоқ себепті байланыс анықтамасынан айырмашылығы жоқ. Себепті байланысты анықтау үшін себепті байланыс пайда болатын бастапқы және соңғы шекті білу қажет. Бұл мәселені шешу үшін Т.В.Церетели, В.Н.Кудрявцев сияқты заңгерлер қылмыстық құқық аясында жасанды оқшаулау қағидасын қолдануды ұсынады. Себеп және салдарды жасанды оқшаулау қағидасы қылмыстық құқық алдында мынандай сұрақ қояды: қандай шарттар болғанда адамның іс-әрекеті пайда болған оқиғаның себебі бола алады? [12, 164-165]. Көптеген мән-жайлардың ішінен заңгерге, адамның ерікті жүріс-тұрысы керек, ал көптеген салдардың ішінен қоғамға қауіпті салдар қажет. Себеп және салдарды оқшаулау қағидасы құбылыстарды мүлде оқшаулап қарастырмайды. Құбылыс міндетті түрде басқа құбылыстармен байланыста болады. Сондықтан да құбылыстың байланысын зерттемей, себепті байланысты анықтау мүмкін емес. Егер де адамның іс-әрекеті пайда болған зардаптың қажетті шарты болса, яғни басқа мән-жайлармен бірге қоғамға қауіпті зардап туғызса, онда ол іс-әрекет себептілік тізбегіне қосылып және іс-әрекет пен қылмыс зардабының арасында себепті байланыстың барын негіздеуге жеткілікті болып табылады. Адамның әрекеті зардаптың пайда болуына қандай рөл атқаратыны өз алдына басқа мәселе. Адам зардаптың пайда болуына негізгі я болмаса, қосымша яғни мәні аз қызмет етуі мүмкін. «Бір құбылыстың пайда болуына көптеген себептердің ара-қатынасының орын алуы, әрбір себеп әрекетінің сипатын зерттеуге және олардың байланысы мен бір-біріне әсер етуін анықтауға қажеттілік туғызады» [13, 117]. Адамның әрекеті зардаптың пайда болуының қажетті шарты болмаса, онда әрекет зардаппен себепті байланыста тұрмайтынын көптеген ғалымдар мойындайды. Т.В.Церетелидің ойынша: «Сыртқы ортаға нақтылы өзгеріс әкелген аданың әрекеті қажетті шарт деп саналуы қажет, өйткені ол әрекет болмаса, сыртқы ортаға да өзгеріс енбес еді» [6, 179]. Оны анықтау үшін жоғарыда атап өткен ойша шектеу әдісін қолданып талдау жасап көрейік. Жалпы себептілік тізбегінен өзімізге керекті әрекетті ойша шегеріп тастағаннан кейін, зардап дәл сол алғашқы күйінде өзгерісіз орын алса, онда адамның әрекеті қажетті шарт болып табылмайды, ал егер керісінше, шегеріп тастау салдарынан зардап пайда болмаса немесе мүлде басқа тәртіппен орын алса, онда адамның әрекеті зардаптың пайда болуының қажетті шарттарының бірі болып табылады. «Соттағы қаралатын істердің көптігіне байланысты себепті байланысты анықтау үшін сарапшының қорытындысына немесе тергеу сараптамасына жүгінудің қажеті жоқ. Болған оқиғаның мән-жайы түгелімен түсінікті болғанда, сот себепті байланысты анықтау үшін, ойша ажырату әдісі арқылы себеп және салдар тізбегінен тексерілетін мән-жайды бөліп қарастыра алады» деген В.Н.Кудрявцевтің пікірімен толықтай келісуге болмайды [14, 37]. Өйткені сот-тергеу тәжірибесіндегі істердің көптігіне қарамастан әрбір іске өз алдына жеке қарап, қажет деген жағдайлардың бәрінде сараптама қорытындысына негізге ала отырып, іс бойынша барлық мән-жайлар белгілі болғанда ғана ойша шектеу әдісін қолдануға болады. Қылмыстық істердің көптігіне жүгініп, қай кезде болмасын ойша шектеу әдісін қолануға болмайды. Сот-тергеу тәжірибесінде ойша шектеу әдісін тек қана іс бойынша барлық мән-жайлар түгелімен белгілі болғанда ғана қосымша әдіс ретінде қолдануға болады. Айтылғанды сайып келгенде, адам әрекеті пайда болған зардаптың қажетті шарты болуы қажет, кінәлінің әрекеті зардаптың пайда болуына қажетті шарт болып табылмаса, себепті байланыста мойындалмайды. Мысалы, Ақтөбе облыстық сотының үкімімен К. ҚРҚК 96-бабы 2-бөлігінің «з» және «к» тармақтарымен қылмыстық жауаптылыққа тартылған. К.-ң қарақшылық шабуылы нәтижесінде жәбірленуші ауыр дене жарақатын алған. Бірақ жәбірленушінің өлімі, операциядан кейін тігістің сөгіліп кетуінен болғаны анықталған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы жәбірленушінің өлімі К.- ң әрекетімен себепті байланыста тұрған жоқ деп тауып Ақтөбе облыстық сотының үкімін өзгертті [15, 26]. К.-ның әрекеті адам өлімінің қажетті шарты болып табылмағандықтан бұл жерде себепті байланыста орын алмайды. Қылмыстық құқықтағы себепті байланыс мәселесін зерттегенде еске сақтайтын бір жайт, адамның әрекеті мен одан туындайтын қоғамға қауіпті зардаптың арасындағы себепті байланысты ғана анықтау, қылмыстық жауаптылық мәселесін шешпейді. Қылмыстық жауаптылық үшін іс-әрекеттің объективті қоғамға қауіптілігін және адамның кінәлігін анықтау қажет. Себепті байланыс жауаптылықтың № 1 (86) 2012 253 объективті шегін ғана анықтайды. Адамның әрекеті зардаптың пайда болуына жағдай жасамаса, іс- әрекеттің қоғамға қауіптілігі және адамның кінәлігі туралы айтуға болмайды. Теория мен тәжірибенің үздіксіз байланысы болашақта себепті байланыс мәселесін заңдастыруға мүмкіндік бере алады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне толықтыру ретінде келесі норманың жобасын ұсынуға болады: «Қылмыс жасау, яғни осы Кодексте көзделген қылмыс құрамының барлық белгілері бар қоғамға қауіпті зардаппен қажетті себепті байланыста түратын іс- әрекет қылмыстық жауаптылықтың бірден-бір негізі болып табылады». Қорыта келгенде келесідей тұжырымдар жасауға болады: • Уақыт кезектілігі; қоғамға қауіпті іс-әрекет пен одан туындаған соңғы кезең белгілі бір мезгілдік жүйелікте болуы тиіс. Іс-әрекет мезгілі жағынан соңғы кезеңнің (қылмыс нәтижесінің) алдын алуы қажет. • Нақты мүмкіндік; істелген іс-әрекеттің нәтижесінде міндетті түрде қылмыстық қол сұғушылық болуы қажет. Кінәлі осындай қол сүғушылыққа нақты мүмкіндік жасаған жағдайда ғана, оның іс- әрекеті пайда болған қылмыстық нәтиженің (қылмыстық зардап немесе зардаптың пайда болу мүмкіндігі) себебі болып табылады. • Шарасыздық; қылмыстық нәтиже істелген іс-әрекеттің қажетті, сөзсіз нәтижесі болуы қажет. • Қажетті және кездейсоқ себепті байланыстарды ажырата білу қажет. Адамның іс-әрекеті қажетті шарт болғанда ғана себепті байланыс орын алады. • Іс-әрекетті ойша шегеру; сот-тергеу тәжірибесінде қылмыстық іс бойынша барлық мән-жайлар түгелімен белгілі болғанда қосымша әдіс ретінде қолдануға болады. Сонымен қатар, бұл әдісті қолдануда адамның жеке тәжірибесі, білімі т.б. жағдайлар маңызды қызмет атқарады. Қоғамға қауіпті іс-әрекет мезгілі жағынан зардапқа себепші болып, оның пайда болуына нақтылы мүмкіндік жасаса, ал зардап істелген іс-әрекеттің қажетті нәтижесі негізінде пайда болғанда себепті байланыс орын алады.

Читайте также:  СОҒЫС АХУАЛЫ ТУРАЛЫ

Оставить комментарий