Қытайға көшпелілердің шабуылының басталуы

Ежелгі заманда Ұлы Қытай қабырғасынан, шығыста Корея шекарасынан Алтай тауларына және қазіргі Қазақстанның далаларына дейін, Забайкалья мен Оңтүстік Сібірден Тибет тауларына дейінгі аралықта тектері әртүрлі көшпелі және жартылай көшпелі тайпалар мекен еткен. Олар ­ төрт тіл тобына жататын, түрік, моңғол, тұңғыс­маньчжур және тибет­таңғұт лингвистік топтары. Ұлы Қытай қабырғасы міне, осы көшпелілердің б.з.д. Ш­І ғғ. Қытай жеріне басталған шабуылына қарсы салынған болатын. Ш­ІV ғғ. Қытайдың солтүстік және батыс шекарасында барынша күшті тайпалар – оңтүстік ғұндар(нань сюнну), тибет­таңғұттар, сяньбийлер, ди, цян, цзе деп аталған тайпалар мекен етті. Көшпелі тайпалар Ішкі Азияның далаларының қожасы болды. Дала көшпелілері, яғни номадтар бір­бірінен этникалық жағынан айырмашылығы болғандықтан әртүрлі тіл топтарына жатқанына қарамастан, оларды далалық өмір салты, Ұлы дала біріктірді. Даланың сырын, табиғаттың құпиясын жақсы меңгерген көшпелілер өте ұйымшыл, қиындыққа төзімді, алыс сапарларды көп қиналмай игере беретін халықтар еді. Олардың осы қасиеттері отырықшыларға қарсы шабуыл жасаған кездерінде анық байқалды, отырықшы халық бұндай күшке қарсы тұруға дәрменсіздік танытты. Табиғаттың сұрапыл сәттерінде дала олардың өздеріне де малдарына да пана бола алмай қалған кездерде, көшпелілер қоныстарын тастап, басқа жерге жылжуға бейім болды. Қытайдың сыртында, солтүстік жағында мекен еткен осы тайпалар бірін­бірі ауыстырып, бір тайпалық одақтың орнына екіншісі келіп, солтүстік жақ үнемі өзгерістерге ұшырап жатты. Солтүстікте ежелгі ғұн одағы ыдырай бастаған кезде, оңтүстік ғұн тайпалары енді ежелгі қытай этносының бесігі саналған ортақытай жазығына қарай ене бастады. I ғ. олар Ұлы Қытай қабырғасынан өтіп, империяның шегіне жақын келіп, ішкі Моңғолия мен қазіргі Шаньси провинцияларына орныға бастады. Олардың негізгі тіршілік көзі мал шаруашылығы болатын. Ғүндар қытайлықтармен қатар көршілес өмір сүргендіктен олардан көптеген мәдени жетістіктерді қабылдады. Тайпа көсемі – шаньюй Қытайдың басшы көсемдерімен туысқандық байланыс орнатып, бір­бірімен қыз алысып, құда­жекжат қатынастарын орнатқан, шаньюйдің ересек ұлдары қытай императорының сарайына кепілдікке жіберіліп, жастайынан сонда тәрбиеленген. Сондықтан шаньюйлер біртіндеп өздерінің тіпті рулық аттарын да қытай тілінде атай бастаған. ІV ғ. басында алауыздық жайлаған Цзинь мемлекетін көшпелілер оп­оңай олжаға айналдырады. Қытайдың басына ұлттық көлемдегі алапат қасірет орнады десе де болады. Ғұндар Солтүстік Қытайды, яғни Хуаңхэ өзені аңғарындағы Орталық Қытай жазығының орасан зор территориясын басып алып, ол жерде өз мемлекеттерін құрған болатын. Ғұндар 311 жылы Лоянды, 316 жылы Қытай мемлекетінің астанасы Чанъанды өзіне қаратты. Цзинь әулетінің соңғы императоры тұтқынға түсіп, ғұндар оны қорлықпен азаптап өлтірді. Цзинь әулетінің аман қалған басқа өкілдері елдің ішкері жағына қашып кетті. Цзинь әулетінің сарай билеушілерінің оңтүстікке бас сауғалап, аман барғандары Цзянье (Нанкин) қаласын астана етіп, Сыма әулетінің бір ұрпағын Шығыс Цзинь деп аталған мемлекетінің императоры деп жариялайды. Елдің оңтүстігінде Шығыс Цзинь империясының билігі 317жылдан 420 жылға дейін сақталды. Осы уақыттан бастап елдің саяси өмірі екі жарым ғасырдан астам уақыт бойына оңтүстік және солтүстік бөлікке бөлінуге мәжбүр болады. Солтүстік Қытайға көшпенділердің басып кіруі және олардың үстемдік құруы қытайлық тарихнамада ерекше аталатын жаңа кезеңді – Наньбэй Чао – Солтүстік және Оңтүстік әулеттер кезеңін бастап берді.

Читайте также:  ЖАЛПЫ ХАЛЫҚ ТІЛДЕРІНДЕГІ БАЛАМАСЫЗ ЭЛЕМЕНТТЕР

Сөйтіп, ІV-­VІ ғғ. Қытай тарихы елдің екі бөлікке бөлінуіне орай өзіндік ерекшелігімен дамиды. Осы бір аласапыран кезеңде Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы қайшылық саяси жағынан алғанда өте айқын көрініс тапты. Елдің солтүстігі, яғни Дуньхуаннан Шаньдунге дейінгі аралық өңір бір­бірін тез алмастырып отырған жауласушы қытай емес тайпалар мен халықтардың кішігірім империяларының күрес алаңына айналды. ІV ғасырдың басында олардың саны жетіге жетті. 384­409 жылдары бұл жағдай өзінің шарықтау шегіне жетіп, 12 әртүрлі мемлекеттер пайда болады. Олардың билеушілері Қытайдың мемлекет басқару әдістерін пайдаланып, өздеріне қытайлық кеңесшілерді шақырып, солардың ақылымен билік жүргізген. Бірақ көшпенділердің билік тәсілдері де берік сақталып, бұл мемлекеттік бірлестіктерде билік етудің дуалистік түрі үстемдік етті. Саяси бей­берекеттік жағдай солтүстікте V ғ. 30­ жылдарына дейін сақталды. Ал Батыс Цзинь империясына ғұндардан кейін басқа да көшпенді тайпалардың шабуылы тоқтамайды. Әсіресе Қытайдың солтүстік­шығыс шекарасына жақын мекен еткен сяньби тайпалары бұрыннан бері қытайлықтармен әртүрлі байланыс орнатып, сауда жасап, император сарайына сый­сияпат және аманат жіберіп отыратын. Сяньбийлер Оңтүстік Маньчжурия, Корей түбегінің солтүстік бөлігіне, Хэбэй провинциясына орнықты. Қытай саясаткерлері осы сяньбилерді ғұндарға қарсы одақтас ретінде пайдалануды көздейді. Ш ғасырда­ақ сяньби тайпалары бірнеше ірі одаққа бөлініп кетеді. Олардың ішіндегі ең ірі тайпалық одағы Оңтүстік Маньчжурияны мекендеген муюн және Ордос пен Ішкі Моңғолия жерін жайлаған тоба тайпалары болады. Муюн тайпасы Қытайдың Хэбэй провинциясын басып алып, ғұндарға қарсы ұзақ уақыт бойы соғыс жүргізеді. ІV ғ. олар муюн (баян) руының басқаруымен күшті тайпалық одақ құрды. Қытайлықтардың көмегімен олар Цянь­Янь деген мемлекетін құрады. 351 ж. сяньбилердің соққысынан жарты ғасырдан аз өмір сүрген ғұндар патшалығы құлайды. Аспан асты мемлекетіне оның батыс жағында өмір сүрген тайпалар да көз тігіп, тибет тобына жататын бұл тайпалар Ганьсу, Шэньси және Нинься жерлеріне ие болып, олар Цянь­ Цинь атты мемлекетін құрады. Бұл мемлекет әскери жағынан аса қуатты болады және олардың жаулаушылық саясаты муюндар және қытайлықтармен қақтығысқа әкеледі. Цинь мемлекетінің билеушісі Фу Цзянь басқарған әскер Хэнань жерінен өтіп, қытай әскерлерін Янцзы өзенінің аңғарына қарай ығыстыра отырып, 383 жылы Хуайхэ өзені маңында қытайлық аз ғана әскермен бетпе­бет келеді. Оңтүстік Қытайдың әскери қолбасшылары ежелгі қытайлық әскери өнердің қулық әдісін шебер пайдаланып, көшпелілерге ауыр соққы береді. Фу Цзяннің әскері күл талқан болып жеңіледі. Көшпелілер әскері бас сауғалап кері қашуға мәжбүр болады. Осыдан кейін Цинь патшалығы күйреуден бас көтерместен, ыдырауға ұшырайды. Солтүстіктегі көшпелілердің құрған мемлекеттері саяси жағынан берік емес, тұрақсыз бірлестіктер болды. Үздіксіз жүргізілген соғыстар тұрғын халықты құлдыққа айналдырумен қатар жүріп отырды. Сөйтіп, ежелгі мәдениеттің ірі ошағы болған, дамыған және өте тығыз қоныстанған халқы бар солтүстік Қытай жарты ғасырдан астам уақыт бойы көшпелілердің үздіксіз соғыс аренасына айналды. Бұл саяси бей­берекет кезеңді көшпелілердің аса қуатты жаңа шабуылы ғана тоқтатты. Қытайға 367 жылы сяньби тайпаларының тоба немесе табғаштар деп атаған руының шабуылы басталады. Солтүстік Қытайдағы қытайлықтармен қоса кішігірім көшпелілердің мемлекеттік бірлестіктерін басып алып, табғаштар оларды біріктіре отырып, қол астына ұстайды. Ал 386 жылы сяньби тайпаларының өзі тоба немесе табғаш руынан шыққан Тоба Гуй көсемнің билігінің қол астына бірігеді. Бүкіл солтүстіктегі тайпалар мен қытайлықтарды біріктірген Тоба Гуй 398 жылы өзін император етіп жариялайды.

Читайте также:  Кеңес одағының батыры Біләл Қалиев

Ол мемлекетін басқаруда қытайлық әдісті қолданады. Қытай тарихнамасында оның солтүстік Қытайда құрған мемлекеті Солтүстік Вэй деп аталып, 439 жылы Солтүстік және Солтүстік батыс Қытай сяньбийлердің қол астына толық өткен соң, бұл мемлекет 386­534 жылдары Солтүстік Қытайда үстемдік еткен табғаштар әулетінің билігі деп саналады. Тоба Гуйдің немересі билеген кезең Хоу­Вэй немесе екінші Вэй патшалығы деп аталады. Тоба Гуй және оның ұрпақтары билеген кезеңде Вэй мемлекетіне Қашғар мен Жәркенттің билеушілері тәуелді болып, алым­салық төлеп тұрған деген деректер бар. Сяньбилер жергілікті қытайлықтармен араласып кетті. Әсіресе билік басындағы табғаштар мен қытайлықтар арасы тым жақындасып, көшпелілер қытайлық билік тәсілін қабылдап, империяның қытайлануы күшейеді. Елді қытайлық тәртіп бойынша облыстар мен уездерге бөліп, әкімдердің қытайлық билік дәрежесі орнығады. Қызметкерлердің тұрақты жалақысы белгіленіп, салық тәртібі қабылданады. Мемлекеттік қызметтегі қытайлықтардың саны алғашқы кездегі мардымсыз 2­тен V ғ. ортасына қарай 25 ­ке, ал астаналық әкімшілікте 40­ке жетеді. V ғ. аяғына қарай сарайдың жарлығымен атақты табғаш руының тегі қытайлық атаумен аталатын болды. Император Тоба Гуй өз аты мен тегін енді қос атаумен емес, қытайша бір ғана атаумен ­ Юань деп өзгертіп атайтын болды. Император халықтың киім киісіне де өзгеріс енгізіп, қытайлық киім киюге бұйырды. 495 жылы мемлекет астанасы солтүстіктегі Пинчэннен, бұрынғы Хань империясының астанасы болған Лоян қаласына көшірілді. Бұл жердегі бұрынғы қытай аристократтарын табғаш ақсүйектерімен тең құқылы дәрежеге көтереді. Бірақ қытайлықтар мен табғаштар арасындағы айырмашылық толық жойылды деуге болмайды. Қатардағы табғаш­жауынгерлер елдің ең шұрайлы деген ерекше 8 аймағына бөлінді. Мемлекетті билеп отырған ақсүйек табғаштардың үлес саны билік өкілдерін үнемі қысқарту кезінде де елеулі болып қалды. Бірақ қытайландыру саясаты табғаштардың жоғарғы билік өкілдері мен тайпаластарының арасында наразылық туғызып, қысқарту кезінде бірқатар артықшылықтарынан айрылып, қатардағы салық төлеушілерге айналғандар көтеріліске шығып отырды.

Читайте также:  Биыл жоғары оқу орындарына 32 мыңға жуық грант бөлінді

Оставить комментарий