ҚЫТАЙ ДӘСТҮРЛІ ЖАРҒЫЛАРЫ ЖӘНЕ ҚЫТАЙ ХАЛҚЫНЫҢ ДҮНИЕТАНЫМЫ

Дәстүрлі мәдениеттердің ішінде – ұлттық менталитетті қалыптастыруға көбірек ықпал етіп келген құбылыстың бірі – дәстүрлі жарғылар. Жасыратыны жоқ, бұл сала әдетте көбірек заң ғылымының тарихына қатысты сөз болғанымен, мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде көп сөз бола бермейді. Біз бұл еңбегімізде қытай халқының дәстүрлі жарғыларының шығу тарихы мен оның ұлттың дәстүрлі мәдениетіне ықпалын қысқаша сөз ететін боламыз. Адам баласы пайда болып, топтасып, қоғам болып өмір сүре бастаған кезден бастап-ақ заң адамзат қоғамынан өз орнын иеленді. Сөйтіп ол адамзат мәдениетінің негізгі бір категориясы ретінде ұйымдасқан қоғамның күш-қуаты арқылы жеке адам мен топтардың іс-әрекетін реттеп, қадағалап отырумен бірге, қоғамдық жүйе мен тәртіпке қиғаштық жасағандарды тектеп, түзетіп, жазалауды жүзеге асырып та отырды [1,227-б]. Осы арада «заңды не үшін адамзат (немесе белгілі бір ұлт) мәдениетінің құрамдас бөлігі, негізгі бір категориясы ретінде қарастырамыз?» деген қисынды сұрақ қойылуы мүмкін. Әрине «топтасып, қоғамдасып өмір сүру» адамнан өзге жануарлар әлемінде де кездеседі. Олардың тіршілігін «реттеп» отыратын өз «заңдары» бар. Мәселен, құмырсқалар, ордалы жыландар, бөрілер, құландар, бал аралары, су сиырлар, жылқылар, сиырлар, тырналар… т.с.с. жәндіктер мен хайуанаттардың тіршілік «тынысына» қарайтын болсақ, ең әуелі олардың «топтасып, қоғамданып» тіршілік ететінін аңғарамыз. Сонан соң, әрі қарай байыптасақ, олардың тіршілігін «қадағалап, бақылап, реттеп» отыратын белгілі бір «ереже-тәртіп» бар екендігіне де куә боламыз. Алайда олардың «топтасып, қоғамданып» өмір сүруі мен адам баласының «топтасып, қоғамданып» өмір сүруі арасында мәндік, түпкілікті айырмашылық бар екендігін дәлелдеуге тырысудың өзі басы артық жұмыс болар еді. Ал бұл мәселеге түптеп үңіліп, егжей-тегжейлі тоқталып жатпай-ақ, мына бір фактор арқылы көз жеткізген болар едік. Яғни жан- жануарлар әрекетінің, тіршілік-қалпының дені олардың өз қасиеті – жаралыс қалпы да, жүре келе «үйренген», «игерген» нәрсесі жоқтың қасы. Ал адамға келетін болсақ, оның іс-әрекетінің, тіршілік-тынысының дені бір-бірінен үйренген, көрген-игерген нәрселер де, «өз қасиеті – жаралыс қалпы» азырақ. Адамзат пен хайуанның бір-бірінен түпкілікті айырмашылығының бірі, міне осы. Ал адам баласының белгілі бір топтың ішінде бір-бірінен үйреніп, игеріп, күнделікті қолданып, тұтынып жүрген іс-әрекеті мен оның өнімі мәдениет болып есептеледі. Демек біздің дәстүрлі мәдениет деп жүргеніміз белгілі бір қоғам мүшелерінің басшылыққа алып жүрген, игіліктеніп отырған тіршілік формасының бір ізді, толық жиынтығы. Әрине бұндай тіршілік формасын адамдар тіл арқылы бір-біріне таратады, сана-сезім, ақыл-парасат арқылы жалғастырып, дамытып отырады. Сондықтан да біз мәдениетті адамзат қоғамының ең басты, ең маңызды ерекшелігі деп есептейміз. Ал мәдениет күрделі ұғым. Оған уақыт пен кеңістік тұрғыдан қарайтын болсақ, ұшы-қиырсыз, көл-көсір дүние. Алайда сол мәдениеттің туылуына, өмір сүруіне негіз болған іс-әрекетті тек жеке адамдар жүзеге асырады. Содан бір-біріне тарайды. Осылайша ол іс-әрекеттер қоғамдық сипат алады. Сосын жеке бір адам өлгенмен де, немесе тұтас бір буын жаңарғанмен де әлгі қалыптасқан мәдени форма тірілердің немесе жаңа буынның арасында өмір сүре береді. Бұл тұрғысынан мәдениет адамзат қоғамында бүтін бітім ретінде үзіліссіз, тоқтаусыз өмір сүреді. Демек мәдениет жеке адамдардың тіршілігімен іс-әрекетінде өмір сүре отырып, әрі сол адамның тіршілігі мен іс-әрекетін реттеп те отырады деген сөз [2,47-б]. Мәдениеттің маңызды бір категориясы ретінде адамзат қоғамында өмір сүретін заң да жеке адамдардың тіршілігі мен іс-әрекетінде өмір сүреді һәм оны реттеп, қадағалап отырады. Түсініктірек етіп айтсақ, жас ұрпақ қашанда үлкендердің (ата-ана, аға буын) теңгерімінде, тәрбиесінде болады. Ондағы мақсат ертең жас ұрпақ өскенде де өздерімен рухани үндес, тыныстас болуы үшін оның өз бетімен өсуіне, білген бағытымен кетуіне жол бермеу. «Жол бермеу» дегенде, «жас ұрпақтың» бәрі ылғи да өз бетімен, білген бағытымен кетуге құштар болады немесе жаңа, жас буынның өзіндік ойлауын, дербес тірлігінің бәріне тұсау болу керек деген сөз емес. Өйткені жеке адам (мейлі жас ұрпақ, мейлі ересек адам) ешқашан да жеке өмір сүрмейді. Ең әуелі ата-ана тәрбиесі, сосын мектеп, университет, қоғам… т.с.с. әлеуметтік ортада өмір сүре жүріп, ата-бабасы ұстанған жолды басшылыққа алады, өз өмір тәжірибесіне сүйенеді, өзгеден үлгі алады. Сөйтіп өзінің тіршіліктегі күллі іс-әрекетін реттеп отырады. Демек өмірдегі тірі адам деген сөз өзара ықпалдастықтағы мәдени құбылыс деген сөз. Егер әрбір жеке адамның өз жолы болса, әр кім білгенін істесе мына дүниедегі былықпалықты көз алдыға елестетудің өзі мүмкін болмас еді. Сондықтан бір жекенің тағдырынан тұтас адамзаттың амандығына дейінгі алып тіршілік – ұлы дүние тек тәртіптің арқасында ғана аман тұрғаны жасырын емес. Олай болса ол «тәртіп» не? Ол тәртіп – бір сөзбен түйіндесек «заң» деп аталады. Әрине «заң» дегеннің өзі де жалпылама сөз. Ол діни ережелерді де, әдет-ғұрыптық заңдарды да, дәстүрлі құқықтық жарғыларды да, халықтық жол-жоралғылар мен ырым-салттарды да, бүгінгі құқықтық заң актілерін де… бәрін қамтиды. Әсіресе осылардың ішіндегі діни ережелер мен әдет- ғұрыптық заңдар адамзат қоғамының ұзақ тарихы барысында өз тұтынушыларының бүкіл тіршілігімен біте қайнасып кеткендіктен, ол бірте-бірте адамдардың дүниетанымына, рухани тынысына, тұтас тірлігінің қалыбына айналады. Осылайша заң уақыт оза келе адамдарды, тіпті тұтас қоғамды илеп, билеп отырады. Алайда уақыт көші бір жерде тұрмайды, мезгіл ауысады, адам жаңаланады, адамға қарай қоғам жаңарады. Сөйтіп заман өзгереді, заң жаңғыртылады. «Тозған заң» ендігі жерде тек қоғамның аяғына тұсау, адамның сана-сезіміне бұғау болады да отырады. Осындай да сол топтың, сол халықтың ішінен шыққан көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар, ұлтшыл ұлы тұлғалар заманның озғанын, соған байланысты заңның тозғанын айтып жар салады. Жар салумен ғана шектелмей, тозған заңды тастап, озған заманға лайық өмір сүру жолын ұсынады. Жалпы Заң қай кезде, қалай жарыққа шықты деген мәселе төңірегінде әлем ғалымдары әр түрлі болжам айтумен келеді. Яғни бір түйінге тоқтаған ғылыми тұжырымның ауылы әлі алыста секілді. Біреулер алғашқы қоғамда заң болған жоқ, тек тіршілікке қажетті жол-жосындар ғана болды дейді. Олардың пікірінше заң таптық қоғамда ғана өмір сүретін ерекше құбылыс, яғни тап пайда болып, мемлекет дүниеге келген кезде алғашқы қауымдардан келе жатқан жол-жосындар билеуші таптың еркіне өкілдік ететін ресми заңға өзгерген-мыс. Сондай-ақ таптың, мемлекеттің жойылуына ілесіп заң да келмеске кетпек-мыс. Ал тағы біреулер, заң әсте таптық қоғамға тән құбылыс емес, адамзат қоғамы заңсыз өмір сүрмейді. Тіпті, сонау алғашқы қоғамдық қауымның да өз деңгейінде «заңы» болғаны белгілі деп қарайды [3,383б]. Біздіңше, жалпы заң туралы ұғымды әрі оның пайда болуын таппен байланыстырудың бәлендей ғылыми қисыны немесе әлеуметтік өнімі жоқ әңгіме. Ол кешегі коммунистік қызыл идеологияның өткеннің бәрін «сұрқия» етіп көрсетуге тырысатын, бұрынғының бәрінен таптың табын іздейтін пиғылынан қалған түсінік. Сондықтан заң туралы түсінікке бүгінде түбірінен бетбұрыс керек болып отырғанын атап айтқымыз келеді. Ол үшін қоғамдық категорияның маңызды бір саласы ретіндегі заңның қай қоғам да да, қай заманда да қоғамның тәртібі, заманның тыныштығы, адамның амандығы, адамзат тіршілігі тәртібінің кепілі… үшін қызмет етіп келгендігіне мойын бұрып, оның о баста қандай қажеттіліктен, қалай туғандығына көбірек ден қойған мақұл. Иә, айтып-айтпай, заңның қалай пайда болғанын таптың пайда болуымен іліктестірудің еш қисыны бола қоймас. Себебі дүниенің әр түпкірінде, әсіресе кейбір аралды өңірлерде жасап отырған алғашқы қауымдық қалпеттегі тайпалар дәл бүгінгі күннің өзінде аз емес. Ал олардың өз қоғамдық құрылымдарын, өндірістік қатынастарын, күнделікті тыныс-тіршіліктерін реттеп, жөнге салып отыратын жүйелі салттық жарғылары бар. Олар сол жарғылардың күшімен тіршілік етіп өсіп-өніп отыр. Демек, ол жарғыға бәрі бағынады, қайшылық жасағандары өз жазасын алады деген сөз. Сонда бұны (тапсыз қоғамдағы жарғы) қалай заң емес деп айта аламыз. Жұртқа мәлім болғандай, қандай да бір заң болмасын, ол мейлі салттық жарғы болсын немесе қазіргі қатепті заң болсын, бәрі де қоғамның тыныштығы, заманның амандығы, адамдардың алаңсыз тіршілік етуі үшін қызмет етіп келгенін жоғарыда астын сыза отырып атап өттік. Олай болады екен, бізше, заңды ендігі жерде таптың пайда болу-болмауына қарап емес, жазылған- жазылмағандығына қарап қана жіктеген орынды. Яғни хатқа түскен, жүйеге келтірілген, белгілі өкілетті топ шығарған заңды жазылған заң деп, халық ішінде бағзыдан бері келе жатқан, нобайлап атқарылатын, салт-дәстүрге жақындау ережелерді жазылмаған заң немесе салттық жарғы деп атауға болады. Олай болса жазылған заңның (конституция) түп-төркіні, әсілі, жазылмаған заңда (салттық жарғы) жатуы тиіс еді. Бірақ біздің халқымыздың тағдыры сонау ХІХ ғасырдың басында- ақ біздің ұлттық болмысымызға мүлде жат, бөгде заң сыйлады. Яғни заң жалғастығының болмауы қоғамның сипатын өзгертеді. Себебі алғашқы заң халықтың эстетикасы мен діні, салт-дәстүрі, құн көзқарасы дегендермен іліктесіп жатыр еді. Бұл туралы қытайдың заң зерттеуші ғалымы Яң-Фаң мырза өзінің «ұлт туралы» деген айтулы еңбегінде салттық жарғының тегі туралы: «Салттық жарғылар да әдеп-иба, дін секілді алғашқы қоғамның сатысында өмірге келді. Бірақ ол замандағы заң ешқандай бір таптың еркі мен пиғылының көрінісі емес еді. Сондай-ақ оны мемлекеттік заң шығару органдары қабылдамаған. Әрі мемлекет машиналары арқылы атқарылмайтын. Жазылған, нормаға түскен ресми құжат та емес еді. Яғни ол (салттық жарғы) – қоғамдағы құрылымдар мен әлеуметтік тәртіпті сақтауға бағышталған, жалпыхалықтық қысыммен атқарылатын, салт- дәстүрден отауланып шыққан, ғылыми жүйеге түспеген ережелер-тұғын. Бұл ереже, жол- жосындар көп жағдайда моральдық, діни ұғымдармен іліктесіп жататын» [4,137-б], — дей келіп, оның өзі алғашқы жабайы тобырдың қауымдық қоғамға өтер тұсында қалыптасқан деген болжамын ұсынады. Жазылмаған, салттық жарғының қалыптасуына, әрине, өзге де қоғамдық категориялар белсенді роль атқарды. Дегенмен олардың ішінде сол дәуірде біршама ықпалды роль ойнағаны тотемдік тыйымдар еді. Біздің бұл пікірімізді түркі халықтарының тыйымдары мен табу мәдениетін ішкерілей зерттеп жүрген белгілі ғалым, профессор Ә.Ахметовтың мына тұжырымы толығымен қуаттай түседі: «Себебі тотемизм әлгі тайпалардың табынатын діні болумен қатар, олардың бүкіл болмысын, тұрмыс-тіршілігін реттеп отыратын заңының да қызметін қоса атқарған» [5,96-б]. Тотемдік тиымдар әдетте қимыл-әрекет, азық-түлік, тіл-сөз қатарлы мазмұндарды қамтиды. Мұнда тотемдік тиымдардың талабы бойынша белгілі затқа (тотемдік нәрсеге) соқтықпау, беталды жұғыспау, бүлдірмеу, жан-жануар болатын болса, оны ұрмау, атпау, сойып жемеу әрі тікелей атын атамау дәріптеледі. Алғашқы қоғамда айтып-айтпай, тотемдік тиымға бойсыну немесе оған құлшылық ету төтенше қатаң талап етілгені белгілі. Мәселен, тотемдік тиым шарттарына қайшылық жасағандар сол тайпа мүшелері тарапынан қатаң жазаланған, тіпті өлім жазасына үкім етілген [4,96-б]. Бағзы замандарды былай қойып, таяу жылдарға дейін Үндістанда сиырды ұрғандар сотталып, өлтіргендер өлім жазасына кесілген. Жалпы алғашқы адамдар назарында тотем болып отырған зат өздерінің тегі, ата-бабасы немесе қорғаушы құдайы ретінде есептелетіндіктен, оларға зиянкестік жасау, оларды құрметтемеу бір түрлі қылмыстық іс болып саналатын. Міне осы секілді ең алғашқы тотемдік ұғымның яғни «адам баласының ғана жаратушы иесі болады» деген түсініктің аясы барған сайын кеңи берді. Осындай кеңейген түсініктен барып анимизм, магия, аруаққа табыну… деген ұғымдар өмірге келді. Бұл ұғымдардың пайда болуы тиымның мазмұн көлемін тіптен ұлғайтып, далитып жіберді. Яғни әрбір жан иесінің (адам, аң-құс, өсімдік, тау-өзен…) иесі-киесі болмақ. Оларды бейкүнә мазалау, қорлау, өлтіру…қылмыс болып есептелетін болды. Осындай тіршіліктің бар саласына қатысты тыйымдар жинақтала, жүйелене келіп, ертедегі тайпалардың қарапайым салттық жарғыларының жарыққа шығуына негіз болды. Ал жарғыға қайшылық жасағандарды жазалаудың алғашқы қоғам тұсында қалай атқарылғаны туралы көңілге қонымды дерек жоқ. Тек кейін келе, яғни таптық қоғам пайда болғанннан кейін ғана, ру-тайпа көсемдерінің ұйғарым-ұйымдастыруымен жүзеге асып отырды. Марксизм-ленинизмшілердің заңның пайда болуын таптық езгіден қарастыратыны сондықтан… Сөзіміздің осы тұсында қазақ халқының да дәстүрлі жарғыларының тарихы тым арыда жатқаны туралы бірер сөз айта кету артық емес. Мәселен біздің ата-бабаларымыз да айтылып жүрген қоғамдық формацияның бәрін дерлік басынан кешіргені белгілі. Өте арғы, ту бағзы дәуірлердегі заңның тарихын былай қойып, әлеуметтік тарихымыз туралы деректердің өзі алтынға папа-пар отырғаны кімге құпия?! Сондықтан біз бағзы дәірдегі заңның қалай болғаны туралы тек жоғарыда айтылған тотемдік тиымдармен шектелеміз. Олай болса, әңгіменің осы тұсында, «кейінгі заңдарымыз ше?!» деген орынды сұрақтың туындайтыны анық. Ол туралы да ауыз толтырып айтарлық айғақтар, дәлелі күшті дәйектер жоқтың қасы. Дей тұрғанмен көне қытай мұрағаттарынан там-тұмдап кездесетін деректер арғы ата-бабаларымызда кәдімгідей жүйелі заңның болғанын дәлелдейді. Мәселен қытайдың «Таңнама», «Ханнама» деп аталатын тарихи құжаттарында: «… Үйсін, Сақ елдерінде күңнің құны бір түйе, немесе 11-12 кез мата; құлдың құны бір атан немесе бір ат болады екен… Ол елдің заңында бағып алған баланы құл етуге, сатып жіберуге, кепілге қоюға болмайды. Әрі оны ауыстыратын зат құн емес, сүтақы деп аталады…» [6,16-б], — деп жазылған. Аталған тарихи мұрағаттың тағы бір жерінде: «Ғұндар мен үйсіндерде ағасы өлсе оның әйелін інісі, інісі өлсе жесіріне ағасы әмеңгерлік ететін заңдары бар еді. Бұл тұқым-жұрағатының құрып жоғалуының алдын алуды, сондай-ақ рулық жүйені қорғауды көздеген әлеуметтік заң-жарғы еді… ғұндар табиғат құбылыстарына, ата-бабаларының аруағына табынатын. Олардың жүйелі жазуы жоқ еді. Қағаз бетіне түспеген, бейресми заңдары бар-тұғын. Мәселен қылмыс түріне қарай өлімге үкім ету, айыбы үшін мал-мүлкін алу, тәнін кесу… жазалары бар еді» [6,16-б], — деген де дерек бар. Сөздің осы тұсында әйгілі түрколог Лев Гумилевтің «Көне түріктер» деп аталатын еңбегінде: «Түріктерде,… жалпы, өте қатал, тіпті қатыгез құқ заңының өзі әйелді қолдап, қорғаған. Күйеуі бар әйелді зорлаған кісі өлім жазасына кесілген. Қыздың арына қол салған еркек дереу оған үйленуге тиіс болған. Бір қызығы әйелді зорлау ең ауыр қылмыстармен: көтеріліс жасау, опасыздықпен кісі өлтіру, тұсаулы атты ұрлаумен қатар қойылған… Ал жай ұрлық үшін зиян шеккен кісінің пайдасына алар ақысы он есе артық төленген. Төбелесте кісі денесін жарақаттағаны үшін де айып салынған» [7,72-б], — деп жазғанын айта кетудің еш артықтығы жоқ. Ал Қытайдың феодалдық қоғамында, әсіресе Сұң (宋) патшалығы (б.з. 960-1279) дәуірінен бермен қарай, феодал билеушілер мен даоцизм мүриттері әйелдің «қара жамылуын» жолға қойды. Бұларада біз «қаралы болу», «қара жамылу» сөздерін, қытайша атаудан аударып, қазақы ұғымға келтіріп отырмыз. Негізінде қытай халқындағы бұл ұғым қазақ халқының түсінігінен мүлде бөлек. Оны түсіну үшін атаудың өз басына аз-кем тоқтала кетуге тура келеді. Қытай тіліндегі қосарланып келіп тұрғаны болмаса екі сөз –екі ұғым. Оның бірі «节»-нің талабы бойынша — күйеуі өлген әйел ендігары тұрмыс құрмай, бейберекет жүріп-тұрмай тек үйінде отыру керек. Күйеуі қанша ерте өлсе, отбасында қанша тауқыметті өмір өткізсе «қара жамылуы» сонша керемет болып есептеледі. Келесі бірі «烈» салтының тәртібі бойынша — күйеуі өлген әйел, ол мейлі некелі әйелі болсын немесе айттырылған қалыңдығы болсын, күйеуінің артынан өліп алу керек. Бұнда да егер әйелдің өлімі қаншалықты аянышты болса, қара жамылуы соншалық сәтті болған болып есептеледі. Бұл салтты қытайдың классик жазушысы Лу-Шүн жоғарыда аталған мақаласында: «Әр бір адам белгілі бір арманмен, үмітпен өмір кешеді. Алайда адамдардың арман-үмітінің сипаты, денңгейі ұқсамауы мүмкін, бірақ ол сол адам үшін мағналы. Негізінде бұндай арманмен өмір сүру ерлі-зайыптылар үшін, тым болмаған да сол адамның өзі үшін пайдалы екендігі даусыз. Ал «қара жамылу» дегенің тұрған бір азап, өзіне де, өзгеге де пайдасы жоқ. Ауыз жүзінде әр адамның еркі дегенмен, бәрі бірде адамгершілікке жатпайтын құбылыс» — деп ашына сын тезіне алады. Қысқасы ұзына тарих бойына қытай халқының дәстүрлі жарғылары олардың жалпы дүниетанымен мен өмір сүру салтына өзінің кесірін тигізіп келді. «4-мамыр» жастар қозғалысынан бастап бұл мәселе туралы қытай зиялылары мәселе көтергенімен, ол тек ҚХР құрылғаннан кейін ғана өркениетті заңдарға орын берді. Алайда дәстүрлі жарғылардың кейбір қалдықтары ұлттың ғұрып-әдеті ретінде күні бүгінге дейін сақталып отыр. Сондықтан қытайтану ғылымын игеруде немесе қытай мәдениетін оқытуда осы дәстүрлі жарғыларға көбірек ден қойып отырудың маңызы ерекше.

Читайте также:  Азат қозғалысының құрылу тарихы

Оставить комментарий