Қытайдағы қазақтар туралы қысқаша мәлімет

«Қытайдағы қазақтар» деп отырғанымыз, қазіргі Қытай халық республикасына қарасты Шыңжаң ұйғыр автономия районы аумағында өмір сүріп отырған қазақтар. Қытайдағы қазақтардың жалпы саны 1990­жылғы бүкіл қытайлық ұлттық санақ бойынша 1 111 718 адам болып,олар негізінен Шыңжаң ұйғыр автоном районының қазақ автономиялы облысына қарасты Іле, Тарбағатай және Алтай аймақтарында тұрады. Іле қазақ автономия облысының орталығы ­ Құлжа қаласы. Қытайдағы қазақтардың біраз бөлегі Бұратала моңғол автономия облысында, Тәңір тауының солтүстігі мен шығысындағы Үрімжі, Шыхызы, Күйтің қалаларында, Санжы Хұйзу (дүнген) автоном облысының Мөри қазақ автоном ауданында, Құмыл (Қами) аймағының Баркөл қазақ автоном ауданы мен Аратүрік ауданында тұрады. Мұнан тыс Шыңжаң өлкесіне шекаралас Гансу өлкесінің Ақсай­Алтыншоқы аудандарында және Бейжин, Ләнжоу қалаларында тұрады. Қытайдағы қазақтардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, егін шаруашылығы мен сондай­ақ шағын саудамен айналысады. Ал қаладағы қазақтар негізінен білім беру саласында, әкімшілік мекемелерде, ғылыми­зерттеу орындары мен баспасөз саласында қызмет етіп жүр. Қазақтар өздерінің дәстүрлі Ислам дінін ұстанады. Ұлттық салт­дәстүрін сақтай отырып, осы заманғы өмір салтының оң және теріс ықпалына ұшырай бастаған да көзге ұрып тұрады. Тұтастай алғанда қытайдағы қазақтар өзінің ана тілін, дәстүрлі төте жазуын (Ахмет Байтұрсын жазуын) қолданады. Өткен ХХ ғасрдың елуінші жылдарында Латын алфавитін және Латын алфавитіне негізделген «Жаңа жазу» (Шин вынзы) деген дүбәра жазуды да қолдануға мәжбүр болып, 1983­жылдан былай қарай қайтадан төте жазуға көшкен болатын. Қытайдағы қазақтар бұл күндері көп тілді, көп жазулы ұлтқа айналып ұйғыр, қытай тіл жазуын да еркін пайдалануға бет алған. Соның әсер­ықпалымен қалалар мен ірі елді мекендердегі қазақтар жаппай ассимиляциялануға ұшырап бара жатқаны да тарихтың ащы шындығы. “Қытайдағы қазақтар” деген атау қашан пайда болған, яғни қазақтар қалайша Қытай мемлекетінің қарамағына өтіп кеткен деген заңды сұрақ туары анық. ХІХ ғасырдың орта шеніне дейінгі қазақ халқының этнотерриториясы бүгінгісінен әлде қайда кең еді. Манжу Қытай империясы мен орыс империясының отарлаушылық саясатының шарықтау шегі 1864­жылғы Қытай мен Ресейдің Шәуешек қаласында қол қойған шекара келісімі мен аяқталды. Сөйтіп біртұтас қазақ халқы және оның қасиетті жері екі мемлекетке ­ Ресей мен Қытайға бодан болғандығын халықаралық құжат негізінде күшпен заңдастырғандай болды. Содан бері қарай бүгіндері қолданыста жүрген “Қытай қазақтары ­ қытайдағы қазақтар” деген этносаяси атау пайда болды.

Читайте также:  XVIII ғасырдағы қазақ тарихы туралы

Оставить комментарий