Қытайдағы моңғол үстемдігінің құлатылуы

Қытайда 1279­1368 жылдары Юань династиясы деген атпен билік құрған Шыңғысханның әулетінің билігі, ХІV ғ. ортасына қарай, елдің ішкі және сыртқы саяси­әлеуметтік және экономикалық дағдарысы салдарынан құлдырауға ұшырап, қытай халқы моңғолдардың үстемдігін жою жолындағы күресін күшейтеді. Сонымен қатар, табиғат апаттарының салдарынан, өзендердің тасуы, Хуаңхэнің арнасының өзгеруі, алқаптарды су басуы сияқты жағдайлар егістік жерлердің мөлшерін күрт азайтты, шаруалардың тұрмысын нашарлатты. Қала базарлары қаңырап, шеберханалар мен дүкендер жабылды. Үкімет қазынадан қағаз ақшаларды шығаруға мәжбүр болады, ал бұл қолөнершілер, сауда компаниялары мен өсімқорлардың банкротқа ұшырауына әкелді. Елдегі жағдай шектен тыс шиеленісіп кетеді. Юань өкіметі бұқаралық бүліктердің шығып кетуінен сескеніп, халықтың қару жарақтарды үйлерінде ұстауына, сақтауына тиым салды. Юань сарайында тіпті қытайлықтарды жаппай қырудың жоспары да әзірленіп, Қытайда ең көп тараған бес қытайлық әулетті жоюдың жобасы да жасалды. ХІV ғ. 30­жылдарында шаруалар жаппай қолға қару алып, көтеріліске аттана бастайды. Оларды Оңтүстіктің қала халқы және әртүрлі ұлттар мен ұлыстар қолдайды. Моңғол үстемдігіне қарсы халық көтерілістерін, көбінесе, шаруалар ұйымдастырып, ол 1350­1356 жылдары құлашын кеңге жайып, бүкіл елге тарайды. Қытайдағы көптеген жасырын құпия ұйымдар, моңғол билігін құлату үшін ұзақ уақыт бойы халықты азаттыққа жеткізу жолында күресті. Қала халқы да шаруалар көтерілісіне қосылып, моңғолдардың әскери гарнизондарын талқандап, қалалардың қақпасын шаруаларға ашып беріп, оларға қару­жараққа ие болуға көмектеседі. «Байляньцзяо» немесе «Ақ лотос» деп аталған құпия ұйымның белсенді әрекеті нәтижесінде, әскери жасақтар құрылып, олар бастарына қызыл орамал байлап, белсенді қарсыласу соғыстарын жүргізеді. Бұл әскери жасақтарды «қызыл әскерлер» немесе «қызыл орамалдылар» деп те атаған, оларды Лю Футун деген адам басқарды. «Қызыл орамалдылар» күрестерін кеңге жая отырып, Цзинань, Кайфын, Баодин, Датуң қалаларын моңғолдардан тазартып, астанаға қауіп төндіреді. Орталық Қытайда үлкен халық көтерілістері Хубэй, Аньхой, Чжэцзян және Цзянси провинцияларына тарайды. Миң Юйчжэнь бастаған Хубэйдегі көтерілісшілер батысқа қарай бет алып, Сычуань провинциясына жетеді. Шаруаның баласы Миң Юйчжэнь Сычуаньды моңғолдардан азат етіп алған соң, өзін император деп жариялайды, шаруалардың мұң­ мұқтажын қанағаттандыру мақсатымен ірі жер иелерінің байлығын тартып алып, жерлерін шаруаларға үлестіреді, шаруалардың мойындарындағы қарыздарын жойып, салықтарының мөлшерін 10 есеге азайтады. Басып алынған жерлердің бәрін шаруалар өз қолдарына алады. Моңғолдар 1356 жылы Солтүстік Қытайдан біраз әскери күштерін оңтүстік жаққа алып келіп, «Ақ лотос» ұйымы басқарған көтерілісшілерге қарсы тойтарыс беру мақсатында шабуылын бастайды. Күшті әскери басымдылықпен моңғол әскерлері шаруалардың қарсылығын аяусыз жаныштап, оларды кері тықсырады. Моңғолдар көтерілісшілерден қайтадан Кайфын қаласын және Хуанхэ өзенінің солтүстігі жағындағы біраз қалаларды тартып алады. 1361 жылы моңғолдардың үстемдігі Шаньдун, Хэнань, Шэньси және Шаньсиде қалпына келеді.

Читайте также:  Сәулет өнері. Сәулет өнерінің даму тарихы

Бірақ Қытайдың оңтүстігі көтерілісшілердің ерлік күресінің нәтижесінде моңғолдардың үстемдігінен біржолата азат болады. Көтерілісші әскерлердің ішінде, Аньхойлық кедей шаруа отбасынан шыққан, Чжу Юаньчжан басқарған әскери жасақ ерекше көзге түседі. Он жеті жасында ата­анасынан айрылып, жетім қалған Чжу Юаньчжан будда дінін қабылдап, соңынан монах болады. 1354 жылы ол әскери жасақтардың басшылығын қолына алып, Янцзыда әскери флот жасақтайды және моңғол әскеріне қарсы шайқастарда үлкен табыстарға қол жеткізеді. 1354 жылы Чжу Юаньчжан Сучжоуды азат етеді және осы қалада ол үлкен қару­жарақ қоймасына ие болады. Ол енді Ханчжоуды да моңғолдардан тазартады. Екі жыл өткен соң, Чжу Юаньчжан Орталық Қытайды моңғолдардан толық азат етті. Чжу Юаньчжанның күшеюіне «Ақ лотос» ұйымы жетекшілік ететін «қызыл әскерлерң жасақтарының бұларға келіп қосылуы үлкен себеп болады. Осыдан кейін Чжу Юаньчжанның әскери жасағына басқа да көтерілісші әскерлер келіп қосылып, оның әскери күштері 1368 жылы Янцзы өзені аңғарындағы бүкіл Қытай жерлерін моңғол үстемдігінен тазартады. Моңғолдарға қарсы күресті ұйымдастырып, билікке қол жеткізген Чжу Юаньчжан оңтүстіктегі астана Интянь (Нанкин) қаласында, өзін жаңа Миң империясының императорымын деп жариялайды. Орталық Қытайға нық бекінген Чжу Юаньчжанның әскері моңғолдардың негізгі күштеріне қарсы аттанып, 1368 жылы олар, моңғолдардың әулетіне астана болған солтүстіктегі Даду (Пекинді) қаласын алады. Шыңғыстың мұрагері ­ «Аспан ұлы» атанған император, өзінің қалған әскерімен және туыстарымен Моңғолияға қашып кетеді. Сөйтіп, моңғолдық Юань әулетінің Қытайдағы билігі құлатылады. Қытайдың императорлық билігін қалпына келтіріп, таза қытайлық Миң әулетінің билігі орнайды. Осыдан кейінгі аз ғана уақыт ішінде бүкіл Қытай жері моңғолдардан тазартылып, 1382 жылы Юньнанді, 1387 жылы Ляодунді Миң империясына қосып алуымен елді біріктіру процесі аяқталады. Миң әулеті билігінің негізін салған Чжу Юаньчжан Тай­цзу деген атпен 1368­1398 жылдары билік құрды. Осылайша, 1368 жылы Қытайдағы моңғол үстемдігі толық жойылды.

Читайте также:  Адамгершілік метафизикасының негіздері

Оставить комментарий