Заңдар туралы немесе заңдар принциптері

Жер бетіндегі үкімет пошымдарының, заңдардың және құқықтардың сұмдық ала­ құлалығы – желөкпелеу жұртты күлкіге қарық қылатын, парасатымызға мін болса да, адамзатты қашанда әлдене көрсоқыр да ұшқалақ тағдыр басқарып келгеніне кезі жеткен адамдарды түңілтіп жіберетін көрініс. Әркім де өз бақытын өз қалауынша орнатқысы келіп, оны бірде үлде мен бүлдеге оранудан, ләззат алудан, бірде ашкөздік пен әздектіктен, бірде біреуді қанаудан, сол секілді өзге де есуастықтан іздеді, ал өзінің басқаша тәртібін орнатқан табиғат болса, біздің өрескел қылықтарымызға әжуалай қарады. Ол бізді өзіміздің адасушылығымыз үшін жазалады; барлық дерлік халықтар өздері шығарған парықсыз заңдардың құрбандарына айналды. Барлық жерде қоғам езушілер мен езілушілердің жиынтығына ұқсады. Мыңдаған қатыгез революция жердің бетін мыңдаған рет өзгертті, ұлы империяларды күйретті, сөйтсе де соншама қайталанған сабақ бақытымызды ол жоқ жерден іздеп жүргенімізді ұқтырмады. […] Бұл жайында қаншалық көбірек ойласам, мүлік пен ахуалдың теңсіздігі, былайша айтқанда адамды бүлдіретініне, оның жүрегінің табиғи қалауын өзгертетініне соншалық көзім жете түсті, өйткені пайдасыз қажеттіліктер оның шын бақытына кереғар тілектер туындатып, оның ақылын ең әділетсіз де жосықсыз соқыр сенімдермен немесе адасумен алжастырады. Ал, теңдік, біздің қажеттерімізді шектей отырып, қу нәпсінің оянып, өсе беруіне бөгет болатын жан тыныштығын сақтайды деп санаймын […] Меніңше пайдасыз да зиянды нәрселерді жақсылықтан артық көруді үйретті. Теңдік ахуалы тұсында қиянаттың алдын алып, заңдарды мықтап беркітуден оңай ештеңе жоқ екені дәлелденген нәрсе деп санаймын. Теңдік барлық игілікті беруге тиіс, өйткені ол барлық адамдарды біріктіреді, олардың жанын асқақтатып, оларды өзара жанашырлық пен достық сезіміне тәрбиелейді.

Мен осыдан: адамдарға барлық бақытсыздықты теңсіздік әкеледі деген қорытынды жасаймын. Егер адамдар өзара тең болса, адамдардың бойындағы жақсылық пен талантты ғана бағалайтын болса, бәсекелестік өзінен өзі әділет шегінде қалады. Теңсіздікті жойсаңыз болды, бәсекелестік қызғаныш пен қызғаншақтыққа айналады, өйткені оның мақсаты арамдық болады. Бір кезде құлдық гректер мен римдіктер республикаларын қалай масқара етсе, қазір Еуропаны масқара етіп отырған қайыршылық туралы айту қажет пе? Сірә, біздің өзімізге өзіміз жасаған қасіреттеріміз аз болған­ау – тұтас бір халықтар бір­біріне қарсы қаруланғанда, бүкіл адамзат құқығының быт­шыты шықты. Өзінің көршілерін тонау тиімді болып шықты, сөйтіп тонаушылық пайдалы болғандықтан, оны әділеттен көбірек құрметтей бастады, содан бері біздің әділет жайындағы түсінігіміз де жалған. Біз өлшем мен салмақтың екі түрін жасап алдық; сөйтіп парасатты тәрк етіп, байлар ұрлық үшін өлім жазасына кесетін болды, өйткені ұрланып қалудан қорқады, сөйте тұра шауып алуды мақұлдайды, өйткені солардың өздері халықтарды тонайды. […] Табиғат теңдікті ата­бабаларымыз үшін заңға айналдырған болатын, сонысымен ниетін де айқын байқатқан, оны ұқпау да мүмкін емес еді. Шын мәнінде, біз табиғат уысынан шыққанымызда нағыз теңдікте болғанымызды кім терістей алмақ? Ол адамның бәріне бірдей мүше, бірдей қажеттілік, бірдей парасат бермеп пе еді? Ол Жер бетіне ағыл­тегіл етіп берген игілік адамдардың бәріне ортақ емес пе еді? Теңсіздік тұғырын қайдан таппақсыз? Әркімге ерекше үлесті сол беріп пе еді? Егістіктердегі омақаны жасаған сол ма еді? Ол байларды да, кедейлерді де жасаған жоқ. Аңдарды өздеріне бағындыру үшін адамдарға біршама жоғары қабілет бергеніндей, табиғат кейбір нәсілдерге артықшылық беріп пе еді? Ол ұлыларды да, кішілерді де жасаған жоқ, ол біреулерді басқалардың қожайыны етіп жаратқан жоқ. […] Спарталықтар алты жүз жыл бойы ең мінсіз теңдікте өмір сүргені белгілі, және сіз алты жүз жыл бойы мызғымаған мекемелердің энтузиазммен, бір сәттік фанатизммен немесе сән әмірімен жасалмағанын теріске шығара алмайсыз. […] Егер қоғамдар құрылған тұста меншік дегенді білмесе, олар одан кейін сонсыз өмір сүре алмас еді. Адамдар көбейе түсіп, тұрақты баспана және жерді өндеу керектігін ұққан кезде, олардың басына бірінші болып келген ой барды бөліп алып, меншік құқығын орнату болып па еді? Жаңа тәртіп енгізгенде біздің ақылымыз әдетте өзінің дағдылы идеяларының жетегінде болады. Сондықтан да біздің ата­бабаларымыз ыңғайлырақ тіршілік еті үшін жұмыс істеуге мәжбүр болғанда, өз күштерін ортақ еңбекке біріктірді деп ойлаған орынды, олар мемлекеттік өкімет орнатқанда солай етіп еді ғой.

Бірлесіп жұмыс істеп, олар егіндерін де бірлесіп жинаған. Қараңызшы, табиғат бізді мүлікті ортақтасып иемденіп, құрдымға кетпеуімізді қандай кемеңгерлікпен дайындаған, ол құрдымға бізді меншікті енгізу кетірді. […] Тегінде, осынау алтын заман бақытын жалқаулық бүлдірген. Бәлкім, жалқаулау және енжарлау адамдар қоғамның еңбегімен күн көріп, оған самарқау да немқұрайды ат салысқан болар. […] Өзіміз шағына беретін жамандықты тыю үшін біз неге әркімге өз еңбегімен тапқан енімді ғана беру жөнінде заң шығармаймыз? Жерімізді тең бөлейік; барлық заңдардың ең құдіреттісі – мұқтаждық жалқаулықты қуып шығады; ол күш, қуат, еңбекқорлық береді, сөйтіп біздің билеушілеріміз өздері орындай алмайтын шаруадан құтылады. […] Мүліктің ортақтығы азаматтарды мемлекеттің тағдырына немқұрайды ететіндігінен мен қорықпаймын. Адамдар өзінің байлығымен, өзінің сән­салтанатымен және ләззатымен неғұрлым азырақ айналысса, қоғамдық игілікке солғұрлым көбірек мүдделі болады; олар өздерін ұмытып кеткендей болып, тек заңдарды жақсы көреді – тәжірибе осыны қуаттайды, ал парасат тәжрибені қуаттайды. Егер менің ешқандай меншігім болмай, үкіметтен өзіме қажеттінің барлығын алатын болсам, мен ез отанымды сүйетініме сене беріңіз, өйткені мен оған барлығы үшін қарыздар боламын. Қиялға берілмейік: меншік бізді екі тапқа – байлар және кедейлер табына бөледі. Байлар әрқашанда өз меншігін мемлекет меншігінен артық көреді, ал кедейлер өздерін бейбақыт еткен үкімет пен заңдарды да ешқашан жақсы көрмейді. Менің республикамның адамдары өз жағдайын өздерін құл еткісі келетін жауларының жағдайымен салыстырады; өздерінің теңдігін мақтан ететін, өзінің бостандығын қадірлейтін олар басқаның қол астына түссе, бәрінен де айрылып қалатынына көзі жетеді де, олардың торығуы олардың барлық жақсылықтарына жаңа нәр береді. […] Бай­бағландар өздерінің дәулетін кедей­кепшік тартып алмаса екен деп қорқатыны орынды. Барлық мемлекеттер пайда болған кезде олардың теңдікке қолайлы заңдары болды; алайда барлық мемлекеттерде азаматтар арасында намысыңды келтіретін айырмашылықтар мен артықшылықтар пайда болады; және басында байлық пен атақтар тым бадырайып тұрмаса да, дегенмен олар көпшілікті бағындыруға жеткілікті еді: байлық пен атақтың билігі соншалық құдіретті! […]

Егер енді теңдіктің көзі құрыса, егер азаматтар жерді өзара бөліп алса, егер мүліктің ортақтығын қайтадан қалпына келтіру мүмкін болмаса, сонда, деп сұрайсыздар сіздер, заң шығарушылардың міндеті қандай? Ол өкпек жел бет қаратпай бағытынан тайдыратын кеменің қайсар басшысына ұқсауға тиіс. Ол өкпек желдің дегеніне көнбейді, сан алуан амал қолданады, жолдан таймау үшін желкендерін дұрыс қояды. Теңіздегі тентек жел қандай болса, мемлекетте меншік тудырған нәпсіқұмарлық та дәл сондай. Олардың ырқына көнбеңдер – көнсеңдер үйіріп әкетеді, демек, құрдымға кеткенің. […] Меншік берген нәпсіқұмарлық­дүниеқоңыздық: мен жаңылыспасам, біздің барлық міндеріміз де содан балалайды; демек, соны алқымынан алу керек, Бірақ сол долы нәпсіқұмарлық күрес үстінде күшейе түседі: оның үрейі күшейе түскен сайын, ол арсыздана түсіп, үнемі жеңіске жетеді. Оны заң шығарушының ашық күресте жеңіп шығуы киын. Демек, ол айла мен өнерді қатар қолдануға тиіс, осынау принциптен мен шығаратын бірінші қорытынды – бір кезде мемлекетте орнатылған меншікке тәртіптің, тыныштықтың және қоғамдық қауіпсіздіктің негізі деп қарау керек. […] Егер біз билеушілер әділ болғанын қаласақ, мемлекеттің қажеті де аз болуы қажет, ал билеушілерді әділетке көбірек үйрету үшін, заңдар оларда басқа азаматтардан көбірек қажеттілік болуына мүмкіндік бермеуі керек. […] Қарапайым ғана қажеттіліктер мен құлық орнатуға жәрдемдесіп, заңдар дүниеқоңыздық туғызатын бүліншіліктің алдын алатын немесе кідіртетін басқару жүйесін жасады. Осынау қарапайымдылықтан айрылып қалыңызшы, оны алмастыру үшін берілген нұсқаулардан тук те шықпайтындығына иманым кәміл. Республиканың шектен тыс қажеттіктері құлықтың қарапайымдылығымен ұзақ сыйыса алмайды. Өзінің қажетіне қарай заңдарды үздіксіз бұра беретін билеушілер сөзсіз құлатылатынына шәк келтірмеңіз. Демек, мемлекеттік немесе оның билеушілерінің қажеттіктерін көбейте түсуге қызмет ететін нәрсенің бәрі табиғатынан кесел.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar