iRef.kz

Заң шығарушы өкіметтің ауқымы туралы

Адамдардың қоғамға кіруінің негізгі мақсаты өзінің меншігін алаңсыз, қауіпсіз пайдалану болып табылады, ал мұның негізгі құралы мен амалы қызметін қоғамда орнатылған заңдар атқарады; барлық мемлекеттердің бірінші және негізгі оң заңы заң шығарушы өкіметті орнату болып табылады; тап сол сияқты заң шығарушы биліктің өзі бағынуға тиісті бірінші және негізгі жаратылыстық заңы қоғамды және (қоғамдық игілікке қаншалықты сәйкес шамада) қоғамның әрбір мүшесін сақтау болып табылады. Бұл заң шығарушы өкімет мемлекеттегі жоғарғы өкімет қана емес, бір кезде қоғамдастық сеніп тапсырғандардың қолындағы қасиетті де мызғымайтын өкімет болып табылады. Және кімнің болмасын бірде­бір жарлығы, мейлі ол қандай пошымда ойластырылмасын және қандай өкімет оны қолдамасын, егер ол халық сайлаған және орнатқан заң шығарушы органның рұқсатын алмаса, заң күші мен міндеттілігіне ие бола алмайды. Өйткені мұндай рұқсатсыз аталған заң, шындығында да заң болуы үшін мүлдем қажетті нәрсеге – бәрінен жоғары тұратын қоғамның келісіміне ие бола алмайды және осы қоғамның келісімі 5 және оның мүшелерінен алған билік негізінде болмаса, заң шығаруға ешкімнің де құқығы жоқ. Демек, кез­келген адам ең салтанатты міндеттемелер арқылы көрсетуге міндетті бүкіл бағыну ақыр соңында осы жоғарғы өкіметте аяқталып, ол шығаратын заңдармен бағытталып отырады. Қандай да бір шетелдік державаға берілген ант та, ешқандай отандық бағыныштағы билік те қоғамның кез­келген мүшесін қоғамның сенімі бойынша жұмыс істейтін заң шығарушыға бағынудан босата алмайды; тап сол сияқты қоғамның кез­келген мүшесін осылайша шығарылған заңдарға қарсы бірдеңеге бағынуға немесе заң белгілегеннен көп мөлшерде бағынуға міндеттеуге болмайды; әлдекім қоғамда жоғарғы өкімет болып табылмайтын қандай да бір өкіметке толығымен бағынуға міндетті болуы мүмкін дегенді ойлаудың өзі күлкілі. 135. Заң шығарушы билік ол бір адамның немесе бірнеше адамның қолында шоғырланғанына, үздіксіз немесе белгілі бір үзілістермен жүзеге асырылатынына қарамастан, ол әрбір мемлекеттегі жоғарғы билік болса да, дегенмен: Біріншіден, халықтың өмірі мен игілігі жөнінде ол абсолютті деспоттық билік болып табылмайды және, тегінде бола да алмайды.

Өйткені ол небәрі қоғамның барлық мүшелерінің заң шығарушылар болып табылатын адамдарға немесе жиналысқа берген құрама билігі ғана; ол жаратылыстық ахуалда болған осы адамдар, қоғамға кіріп, осы билікті қоғамдастыққа бергенге дейінгі кезде ие болған биліктен артық бола алмайды. Өйткені ешкім де басқаға өзінде бар биліктен асырып ештеңе де бере алмайды және ешкімнің де өзіне немесе басқа біреуге өзін өлтірерліктей немесе басқа біреуді өмірінен немесе мүлкінен айырарлықтай бағындыратын абсолютті деспоттық билігі жоқ. Дәлелденгеніндей, адам өзін басқа біреудің деспоттық билігіне бағындыра алмайды; және де жаратылыстық ахуалда оның басқаның өміріне, бостандығына немесе меншігіне деспоттық билігі болмағандықтан, табиғат заңы небәрі оның өзі мен адамзаттың қалған бөлігін сақтау билігін ғана беретіндіктен, оның мемлекетке, сол арқылы заң шығарушыға беретіні немесе бере алатыны сол ғана, сондықтан заң билігі бұдан артық ештеңеге не бола алмайды. Бұл билік өзінің ең шеткі шектерінде қоғамдық игілікпен шектелген. Оның [қоғамды] сақтаудан өзге мақсаты жоқ, демек бодандарды қырып­жою, құлдыққа салу немесе қасақана қайыршылыққа ұшырату құқығына ешқашан не бола алмайды . Табиғат заңының міндеттемелері қоғамда тіршілік етуін тоқтатпайды, бірақ көптеген жағдайларда олар неғұрлым анық білдіріледі және адамдардың заңдарына сәйкес оларды сақтауға мәжбүр ету үшін оларға белгілі бір жазалар ілесе жүреді. Осылайша, табиғат заңы барлық адамдар үшін, заң шығарушылар үшін де, басқа адамдар секілді, мәңгілік басшылық ретінде көрінеді. Олар басқа адамдардың іс­қимылдарын бағыттау үшін шығаратын заңдар олардың өздерінің қарекеттері мен басқа адамдардың қарекеттері секілді жаратылыстық заңына, яғни, құдайдың ырқына сәйкес болуы керек, ол соның көрінісі; табиғаттың негізгі заңы адамзатты сақтау болып табылатындықтан, егер бұған қайшы келетін болса, ешқандай да адам рұқсаты ізгілікті немесе негізді бола алмайды. 136. Екіншіден, заң шығарушы, яки жоғарғы өкімет өзіне жүгенсіз деспоттық жарлықтар 6 арқылы билеп­төстеу құқығын ала алмайды; керісінше, ол жарияланған тұрақты заңдар мен соған өкілетті белгілі қазылар арқылы әділ сот жүргізуге және боданның құқықтарын белгілеуге міндетті.

Өйткені, жаратылыстық заңы жазып қойылған заң емес және оны адамдардың ақылынан басқа еш жерден табуға болмайтындықтан, нәпсісі мен жеке мүддесінің арқасында оны бұрмалайтын немесе теріс қолданатындардың қателіктеріне, егер сол үшін қойылған қазы болмаса, олардың көзін жеткізу оңай бола қоймайды ғой. Бүл жағдайда заң өзінің күші жүретіндердің құқықтарын айқындап, меншіктерін сақтау ісіне қызмет етпейді, ал заң соған қызмет етуге тиіс, әсіресе, әркім сол заңның (өз ісінде де) қазысы, тәпсіршісі және орындаушысы болатын жерлерде; солай және құқығы бар адамда әдетте тек өзінің жеке күші ғана болады, яғни, өзін жәбірлеуден қорғау үшін немесе қылмыскерлерді жазалау үшін жеткілікті күші болмайды. Жаратылыстық ахуалдағы адамның меншігін қожыратуға жетелейтін осынау қолайсыздықтардан құтылу үшін адамдар қоғамға бірігеді, мұны өзінің меншігін сақтап, қорғау және оны анықтайтын тұрақты заңдары (солардың арқасында әркім өзіне не тиесілі екендігін біле алады) болуы үшін бүкіл қоғамның біріккен күшіне сүйену мақсатында істейді. Бұл үшін адамдар өздерінің бүкіл табиғи билігін өздері кіретін қоғамға береді, ал қоғамдастық заң шығару билігін өзі лайықты деп тапқандардың қолына тапсырады; бұл ретте адамдар өздері жария етілген заңдардың көмегімен басқарылады деп үміттенеді, керісінше болса, олардың тыныштығы, бейғамдығы мен меншігі жаратылыстық ахуалдағыдай бұрынғысынша дүдамал жағдайда болады. 137. Абсолютті деспоттық өкімет, немесе белгіленген тұрақты заңдарсыз басқару қоғам мен үкіметтің мақсаттарына тіпті де сәйкес бола алмайды, өйткені адамдар сол мақсаттар үшін, яғни тек өздерінің өмірін, бостандығы мен меншігін сақтау үшін және құқық пен меншік туралы белгіленген заң қағидаларының көмегімен өздерінің тыныштығы мен алаңсыздығын қамтамасыз ету үшін жаратылыстық ахуалдағы бостандығынан бас тартып, өздерін тиісті дәнекерлермен матаған. Олар, тіпті қолынан келетін болғанның өзінде, өздерінің жеке басы мен игіліктері жөніндегі абсолютті деспоттық билікті қандай да бір адамға немесе бірнеше адамға беріп, ол өздері жөнінде шектеусіз жүгенсіздік жасауы үшін билікті соның қолына тапсыруға ниеттенді деп ойлауға болмайды.

Бұл өзін жаратылыстық ахуалдағыдан да жаман жағдайға ұшырату болар еді, өйткені бүл ахуалда оларда өз құқықтарын басқалардың қаскүнемдігінен қорғау бостандығы және бір немесе бірден көп адамның шабуылына ұшырағанда оны қорғап қалу үшін күші болған. Егер де біз олар өздерін абсолютті деспоттық билікке және бір заң шығарушының ырқына бағындырды деп ойлайтын болсақ, онда олар өздерін қарусыздандырып, оны қаруландырған болып шығады, сондықтан да ол кез­келген сәтте оларды өзінің олжасы ете алады. Қарамағында 100000 адам бар бір адамның деспоттық өкіметіне тәуелді адам, жекелеген 100000 адамның деспоттық өкіметіне бағынған адамға қарағанда, әлдеқайда ауыр жағдайда болады ғой; өйткені осындай билігі бар адамның ырқы, мейлі оның күші 100000 есе артық болса да, басқа адамдардың ырқынан артық екендігіне ешкім де кепіл бола алмайды ғой. Ендеше, мемлекеттің пошымы қандай болса да, билік жүргізуші өкімет оқыс шығарылған бұйрықтар мен дүдамал шешімдердің көмегімен емес, жария етілген және белгіленген заңдардың көмегімен басқаруға тиіс. Өйткені, егер адамзат, бір адамды немесе біраз адамдарды көптің біріккен күшімен бағындыруға мәжбүр ету, осынау көпті олардың мүмкіндік шегінен шығып кететін шамадан тыс және жүгенсіз, кенет ойына келген талаптарының жүгенсіздігіне немесе билеп­ төстеушілердің қарекеттерін бағыттап, оларды ақтай алатын қандай да бір белгіленген өлшемдер жоқ кезде, ештеңемен шектелмеген әрі осы сәтке дейін беймәлім ырыққа бағынуға мәжбүр ету үшін қаруландырса, жаратылыстық ахуалдағыдан әлдеқайда нашар жағдайға тап болады. Өйткені үкіметтің барлық өкіметі тек қоғам игілігі үшін тіршілік етеді ғой және сондықтан ол, қаншалық деспоттық және жүгенсіз болмауға тиіс болса, соншалық белгіленген және жарияланған заңдардың көмегімен жүзеге асырылуға тиіс, бүл халық та өзінің міндеттерін біліп, заң шегінде қауіпсіздікте болуы үшін, билеушілер де өз шектерінде болып қолдарындағы биліктің арқасында оны өздері ашық айтуға батпайтын мақсатта және солардың көмегімен қолданудан алыс тұруы үшін қажет. 138. Үшіншіден, жоғарғы өкімет қандай да бір адамды оның меншігінің қандай бір бөлігінен оның келісімінсіз айыра алмайды. Себебі меншікті сақтау үкіметтің мақсаты болып табылады, адамдар қоғамға нақ сол үшін кіреді; осылайша, қажетіне қарай осыдан адамдардың меншігі болуы керек деп саналады және талап етіледі, өйткені мұнсыз олар қоғамға кірген кезде өздерінің кіру мақсаты болған нәрседен .айырылады; бұл тым зор жөнсіздік, онымен ешкім келісе қоймас.

Ендеше, адамдар қоғамда болғанда меншікке ие болады; олардың мүлікке құқығы қоғамдастықтың заңы бойынша өздерінің меншігі болады, олардың жиған­терген мүлкін немесе олардың бір бөлігін өздерінің келісімінсіз алуға ешкімнің де құқығы болмайды; мұнсыз олардың ешқандай меншігі болмайды. Егер менің меншігімді ойына келген сәтте, менің келісімімсіз тартып алуға басқа адамның құқығы болса, онда менде шынында да ешқандай меншіктің болмағаны ғой. Осылайша, кез­келген мемлекеттің жоғарғы немесе заң шығарушы өкіметі ойына келгеннің бәрін істей алады, бодандарының мүлкіне деспоттық билік жүргізе алады немесе осы мүліктің бір бөлігін жөнсіз ырқымен ала алады деп ойлау қате. Заң шығарушы орган құрамы толығымен немесе ішінара үнемі өзгеріп тұратын жиналыстардан тұратын, ал ол таратылғаннан кейін оның мүшелері басқалар секілді өз елінің ортақ заңдарына тең дәрежеде бағынатын басқару жүйелерінде бұдан онша қорықпауға болады. Бірақ заң шығарушы орган тұрақты жұмыс істейтін бір жиналыстан тұратын немесе барлық заң шығарушы билік абсолютті монархиядағыдай бір адамның уысында болатын басқару жүйелерінде бұл адамдар немесе адам өздерінің қоғамдастықтың қалған бөлігінен өзге ерекше мүддесі бар деп санап, ойына келгеннің барлығын халықтан алып, өздерінің байлығы мен билігін ұлғайтуға бейім болады. Өйткені, егер осы азаматтарға бұйрығын жүргізіп отырған адамның өз қалауы бойынша кез­келген жеке тұлғадан оның меншігінің кез­келген бөлігін тартып алатын және оны пайдаланатын, ойына келгенінше әмірін жүргізетін билігі болса, оның меншігін өзіндей азаматтардың меншігінен бөлетін жақсы және әділ заңдары болса да, адамның меншігі мүлде қауіпсіз жағдайда болмайды ғой. 139. Бірақ үкімет, кімнің қолында болса да, мен көрсетіп өткендей, адамдардың өз меншігі болуын және оны қамтамасыз ету шартымен және сол мақсат үшін ғана билікке ие болады; тақсыр немесе сенаттың бодандар арасында меншікті реттейтін заң шығару билігі қандай болса да, дегенмен ешқашан бодандардың барлық меншігін немесе меншігінің қандай да бір бөлігін олардың келісімінсіз алу билігіне не бола алмайды, өйткені бұл іс жүзінде бодандарды жалпы қандай да бір меншіксіз қалдыру болып шығар еді.

Сондықтан қажет жерінде абсолютті билік те абсолютті бола тұра деспоттық билік болмайтынына, дегенмен кейбір жағдайларда осы биліктің абсолюттік болуы талап етілетін жағдайлармен шектелетіндігіне және мақсаттармен айқындалатынына көз жеткізу үшін бізге әскери тәртіптің әдеттегі практикасын қарастыру жеткілікті. Армияны сақтау, сол арқылы бүкіл мемлекетті сақтау өзінен жоғары тұрған әрбір офицерге абсолютті бағынуды талап етеді, және де ең қауіпті немесе ақылға сыймайтын бұйрықтарға бағынбағаны немесе дауласқаны үшін өлім жазасы қолданылатыны әділ; дегенмен біз солдатқа оның қаза болуы күмәнсіз зеңбірек өңешіне баруды немесе қорған қабырғасының ойылып түскен жерінде тұруды бұйыра алатын сержанттың сол солдатқа і и ақшасының бір пенниін болса да бер деп бұйыра алмайтынын көреміз; тап сол сияқты өзінің орнын өз бетімен тастап кеткені немесе барып тұрған ақылға сыймайтын бұйрықтарға мойынсұнбағаны үшін оны өлім жазасына кесе алатын генерал, оның өмірі мен өліміне абсолютті билігі бола тұрып, гол солдаттың меншігіндегі бір фартингке де билік ете алмайды немесе оның мүлкінің болар­болмас бөлігін иелене майды; дегенмен ол солдатқа қандай да болмасын бұйрықты бере алады және болар­ болмас мойынсұнбаушылық үшін дарға аса алады, өйткені тап осындай көзсіз бағыну бұл билікке командирдің не болу мақсатына, яғни, басқаларды сақтауға қол жеткізу үшін қажет; бірақ оның мүлкіне билік ету құқығының бұған ешқандай қатысы жоқ. 140. Үкіметтерді үлкен шығындар жұмсамай ұстап тұру мүмкін емес екендігі рас, және өзін қорғау үлесін пайдаланатын әрбір адам оны ұстауға кететін үлесті өзінің мүлкінен төлеуге тиіс. Бірақ дегенмен бұл оның өз келісімімен, яғни, не тікелей өзі, не өздері сайлаған өкілдер арқылы беpiлетін көпшіліктің келісімімен жасалуы керек. Өйткені, егер әлдекім халықтың тарапынан келісімсіз өзінің жеке билігімен салық енгізу және оны халықтан жинау құқығын талап ететін болса, сонысымен ол меншіктің негізгі заңына қаскүнемдік жасайды және үкімет мақсатының жүзеге асырылуына кедергі жасайды. Басқа адам ойына келген уақытта, өз құқығы бойынша ала алатын болса, менің қандай меншік құқығым болуы мүмкін? 141. Төртіншіден, заң шығарушы орган заң шығару құқығын басқа біреулерге бере алмайды.

Өйткені бұл халық сеніп тапсырған құқық, сондықтан оған ие болған адамдар, оны басқаларға бере алмайды. Мемлекет пошымын заң шығарушы өкіметті құру және ол өкіметті ұстайтын адамдарды тағайындау арқылы халық қана орната алады. Және халық: біз заңның нұсқауларына бағынып, біз үшін осындай адамдар, осындай пошымда жасаған заңдар арқылы басқарылатын боламыз деп мәлімдейтін болса, ­ басқа ешкім де халық үшін заңдарды басқа адамдар жасайды дей алмайды; дәл сол секілді халық та, халық сайлап, сол үшін заңдар шығару өкілеттігі берілген адамдар шығарған заңдардан өзге заңдарға матастырыла алмайды. Заң шығару билігі, ол оң көзбен қараған ерікті сый және орнату арқылы халықтан болғандықтан, осы сый арқылы берілгеннен басқа ештеңе бола алмайтындықтан, ал ол заң шығарушыларды емес, тек заңдар шығару үшін жасалғандықтан, заң шығару органы өзінің заң шығару билігін басқа біреуге сеніп тапсырып, басқаларға бере алмайды. 142. Кез­келген мемлекеттің басқарудың барлық пошымдарында заң шығарушылар өкіметі үшін қоғам берген өкілеттіктер және құдай мен табиғат белгілеген заң шектері міне осылар. Біріншіден, олар жарияланған белгіленген заңдар бойынша басқаруға тиіс, әрбір жекелеген жағдайда олар өзгермеуге тиіс, керісінше, бай үшін де, жарлы үшін де, сарайдағы фаворит үшін де, соқа соңындағы шаруа үшін де бір заң болуға тиіс. Екіншіден, бұл заңдар халық игілігінен басқа ешқандай өзге түпкі мақсатқа арналмауға тиіс. Үшіншіден, олар халықтың өзінің немесе өз өкілдері арқылы берген келісімінсіз оның меншігіне салықты көбейтпеуге тиіс. Және бұл, әрине, тек қана заң шығарушы органы үздіксіз жұмыс істейтін немесе халық, бері салғанда заң шығарушы билікті белгілі бір бөлігін оқтын­оқтын өздері сайлайтын депутаттарға беріп қоймаған мемлекеттерге қатысты. Төртіншіден, заң шығарушы орган заң шығару билігін халық сеніп тапсырған адамнан басқа қандай да бір адамға бермеуге тиіс және бере алмайды немесе қайта сеніп тапсыра алмайды.

Пікір қалдыру