Жұмыс жоспарын жасау жолы

Әрбір мекеме, ұйым, әрбір ғалым, маман, өнерпаз, істейтін ісіне алдын­ала план жасап алады деп, бұрын да айтқамыз. Мектеп те өз алдына бір мекеме, ұйым болғандықтан, жылдық жұмысына план жасайды. Біздің жасайтынымыз жалпы мектеп жұмыс планы емес, балаларға оқытатын сабақтың планы (жоспары) болу керек. Жұмыс жоспарын жасарда есте болатын нәрселер мыналар: 1. Мектептің негізгі мақсұтын белгілеу. Оның мәнісі сол жердің тұрмыс жағдайына қарай жұмыстың жалпы бағытын, балаларды неге бейімдеп оқытуың шамалау, мектеп тұрған ауданда мал шаруасы басым ба, диқаншылық, күшті мектеп үстем бе, балық аулаудан ба – елдің көбірек күн көретін кәсібін мектеп те баса оқыту керек, мектеп сондай кәсіпке бейімдеу керек. 2. Мектепте қандай еңбек түрлері болмақшы. Басқаша айтқанда мектеп күн көрісі жұмыстың қандайына қатыспақшы екенін шамалау. Ондай еңбектерді жалпы тәжірибе жұмысымен, білім жұмысымен қалай жанастырып, үйлестіріп келтіретінін белгілеу. 3. Әр тақырыпты жұмыстағанда қандай деректер (материалдар) алынбақшы, ол деректердің мөлшері, аумағы қандай, мінезі қандай болмақшы екенін жобалау. 4. Мектептің елмен, елдегі қоғам ұйымдарымен, мекемелерімен қандай қатынасы болмақ. Елдің, ұйымдардың мектепке не пайдасы, мектептің елге не пайдасы, қолқабысы тимек екенін нобайлау. Тәрбие беру, білім беру жөнінде оқудан басқа, еңбектен басқа қандай шаралар істелмекші (мысалы: дене тәрбиесі, гимнастика, көркемдік тәрбиесі – сурет, ән­күй, өлең, тақпақ сияқты) салаларды да шамалау. Бұларға қосымша: а) Материал тізгенде, тұрмыс пен ғылым айқасып, астасып тізілсін. б) Жоспарда комплекс жаны, оны жұмыстап өтетін уақыт мөлшері дәл көрсетілсін. с) Жұмыстайтын материалдар даяр түрінде емес балалар тәжірибе қылып, зерттеп, өз бетімен шешкендей, тұрмыс жұмбақ түрінде берілсін. ж) Жұмыстау негізіне баланың бұрынғы өз тәжірибесі перне қоры, мағлұматы салынсын; дәл айтқанда, балаға танымал жақын нәрседен басталсын. д) Сабақ күн бұрын жасалған жоспармен жүргізілсін. Сабақтың ретіне қарай, әрине, іс жүзінде жоспардан тайын кетуге де болады. Әйтсе де жоспарсыз істелсе, тақырыптың ең керекті жері далада қалып, жүрдім­бардым кетіп, уақ­түйегіне көп алдануға мүмкін. е) Тоқсан (семестр) бітіп, жұмыстың бас­аяғын қорытып, келешекке жоспар жасағанда, жасасуға балалар да қатыссын. Балалар: 1) Өзіне мақсұт қойсын. 2) Жоспарды талқыға салсын. 3) Нені істеуге болатынын шамаласын. 4) Кім не істейтінін үлесіп алсын. 5) Жұмысты бірігіп орындасын. ж) Жаттығу жұмыстары әр тақырыптың жоспарында толық көрсетілсін Кейбір жоспарларда балалардың жоспар шығаратын нәрселері де көрсетіледі. Мысалы: 1. Ашық түсті жапырақтарды қатырға жапсыру. 2. Кейіпті ағаштардың бұтағын, жапырағын жинау. 3. Бүршіктер, саңырауқұлақтар, тұқымдар жинау. 4. Қайтқан құстардың жапсырма суреті (апликация). 5. Егін саймандарының тұлғасы. 6. Октябрь, тағы басқалардың ұраны. 7. Түрлі отындардың үлгі қиқымы. 8. Жыл мезгілдерінің календары. 9. Жыл мезгіліне қарай, жаратылыстан, үй іші тұрмысынан, мектептен суреттер. 10. Хат танығандағы балалардың өз әліппесі. 11. Өз кітабы… деген сияқты.

Читайте также:  Христиандық және мифология

Оставить комментарий