iRef.kz

Жаңа дүниежүзілік тәртіп

Әрбір ғасырда, табиғаттың әлде бір заңына бағынатындай, халықаралық қатынастардың бүкіл жүйесін өз құндылықтарына сәйкестендіруге құдірет ­ қуаты, ырқы, сондай-­ақ интеллектуалдық және моральдық стимулдары бар бір ел пайда болып отыратын секілді. XVII ғасырда кардинал Ришельенің тұсында Франция халықаралық қатынастар мәселесіне сол кез үшін жаңа көзқарас ұсынды, ол ұлт ­ мемлекет принциптеріне негізделген және ақтық мақсат ретінде ұлттық мүдделерді жариялаған көзқарас болатын. XVIII ғасырда Ұлыбритания содан кейінгі 200 жыл бойы еуропалық дипломатияда үстемдік еткен күштер тепе­теңдігі тұжырымдамасын талдап әзірледі. XIX ғасырда Меттернихтің Австриясы «еуропалық концертті» қалпына келтірді, ал Бисмарктың Германиясы оны бөлшектеп, еуропалық дипломатияны күш саясатының салқынқанды ойынына айналдырды. XX ғасырда халықаралық қатынастарға ешбір ел АҚШ секілді соншалықты үзілді­кесілді және бір мезгілде соншалықты екіұшты ықпал еткен жоқ. Бірде­бір қоғам басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласуға болмайтындығын соншалықты табанды жақтаған және өз құндылықтарын пайдаланудың әмбебаптығын соншалықты жалынды қорғаған емес. Бірде­бір ұлт күнделікті дипломатиялық қызметте одан неғұрлым прагматик немесе өзінің тарихи қалыптасқан моральдық нормаларын сақтауға тырысуда одан неғұрлым идеологияландырылған болған емес. Бірде­бір ел Биті одақтарға кіре тұрып және өзіне кеңдігі мен көлемі жағынан теңдесі жоқ міндеттер ала отырып, шетелдегі істерге өзінің араласуы туралы мәселелерде одан асқан ұстамды болған емес. Құрама Штаттар өзінің тарихи даму барысында ие болған өзіндік ерекше белгілер сыртқы саясат мәселелеріне бір ­ біріне қарсы екі көзқарас туындатты. Олардың біріншісінің мәнісі: демократияны өз үйінде жетілдіре отырып, Америка өз құндылықтарын барынша жақсы орнықтырады, және сондықтан ол адамзаттың қалған бөлігі үшін шамшырақ қызметін атқарады; екіншісінің мәнісі мынаған саяды: құндылықтардың өзі АҚШ­ты олардың дүниежүзілік ауқымда орнығуы үшін күресуге міндеттейді. Патриархатық өткенді аңсау мен мінсіз болашаққа жалынды ұмтылыс арасында әрі­сәрі болған американдық ақыл­ой изоляционизм мен халықаралық істерге тартылу арасында аласұрды, дегенмен екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған уақыттан былай өзара тәуелділік факторлары басым мәнге ие бола түсті.

Ойлау жүйесінің АҚШ­ты тиісінше не шамшырақ ретінде, не крест таққан күрескер ретінде тәпсірлейтін екі бағыты да қалыпты жағдай ретінде демократияға, сауда бостандығына және халықаралық құқыққа негізделген жаһандық халықаралық тәртіпті көздейді. Мұндай жүйе өмірде ешқашан болмағандықтан, оны құруға шақыру өзге қоғамдарға көбіне­көп аңғырт демесек те, утопиялық нәрсе болып көрінеді. Дегенмен, шетелден жайылған скептицизм Вудро Вилсонның, Франклин Рузвельттің немесе Рональд Рейганның және, шындап келгенде XX ғ. барлық басқа американ президенттерінің идеализміне көлеңке түсіре алған жоқ. Қалай десек те, ол тек американдардың тарих барысын бұрып жіберуге болатынына және егер әлем шын мәнінде бейбітшілікті аңсаса, онда ол мораль тұрғысында американ рецепттерін пайдалануы керектігіне сенімін қуаттай түсті. Ойлау жүйесінің екі бағыты да американдық тәжірибенің жемісі болып табылады. Басқа республикалар да болғанына және әлі де бар екендігіне қарамастан, олардың бірде­бірі бостандық идеясын орнықтырып, қорғау мақсатында саналы түрде құрылған емес. Ешқашан ешқандай басқа елдің халқы бостандық үшін және баршаның шешек атуы үшін жаңа континентті игеру мен оның тусырып жатқан кеңістіктерін бағындыруды өзінің міндеті етіп таңдаған емес. Осылайша, изоляционистік және миссионерлік екі көзқарас та, сырттай соншалықты қарама­қайшы көзқарастар, Құрама Штаттар дүние жүзіндегі ең үздік басқару жүйесіне ие және басқа барлық адамзат дәстүрлі дипломатиядан бас тартып, елге тән халықаралық құқық пен демократияға құрмет қатынасын қабылдау арқылы бейбітшілік пен гүлденуге жете алады деген сол көзқарастардың негізінде жатқан ортақ сенімді бейнелейді. Американың халықаралық саясатқа енуі практикадан сенімнің салтанат құруына айналды. Ол 1917 жылы әлемдік саяси аренаға шыққан сәттен бастап, оның өз күшіне және өз мұратының әділдігіне сенімінің нық болғандығы соншалықты, біздің ғасырымыздағы ең басты халықаралық келісімдер ­ Ұлттар лигасы мен Бриан ­ Келлог пактысынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы мен Хельсинкидегі мәжілістің Қорытынды актысына дейін ­ американдық құндылықтардың жүзеге асқандығы болып шықты. Кеңестік коммунизмнің күйреуі американдық мұраттардың интеллектуалдық жеңісінің шыңы болды, бірақ бұл, тағдырдың тәлкегімен, елді оның өзі бүкіл тарихында көрмеуге ұмтылған әлеммен бетпе­бет келтірді. Туындап келе жатқан халықаралық тәртіп аясында ұлтшылдық жаңа тынысқа ие болды. Ұлттар асқақ моральдық принциптерді ұстанғаннан гөрі өз мүдделерін әлдеқайда жиі күйттейтін болды, ынтымақтастық жасаудан гөрі жиі бәсекелесетін болды.

Және дүниенің өзіндей көне тәртіп моделі өзгерді, не таяудағы онжылдықтарда өзгере қалады деуге негіз шамалы. Ал туындап келе жатқан дүниежүзілік тәртіптегі шын жаңалық ­ АҚШ енді сол дүниеден бойын аулақ сала да алмайды, сонда үстемдік ете де алмайды. Ол тарихи даму барысында өзіне алған рөлге көзқарасын өзгерте алмайды, және оған ұмтылмауға тиіс ­ ті. Ел халықаралық аренаға шыққан кезде, ол жас, мықты болатын, өзінің халықаралық қатынастарға көзқарасымен әлемді келісуге мәжбүр етуге қаблетті қуатқа ие еді. 1945 жылы, екінші дүниежүзілік соғыстың соңына қарай, Құрама Штаттардың қуатты болғандағы соншалықты, оның маңдайына дүниені өз қалауынша қайта жасау жазылған сияқты болып көрінетін (дүниежүзілік жалпы тауар өнімінің 35 пайыздайы оның үлесіне тиесілі сот те болған). 1961 жылы Джон Кеннеди бостандық мұраттарының ойдағыдай жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін Американың кез­келген құн төлеуге, кез­келген ауыртпалыққа төзуге» күш­қуаты жеткілікті, деп нық сеніммен мәлімдеді. Отыз жылдан кейін Құрама Штаттар өзінің барлық тілектерін дәл солай дереу іске асыруды әлдеқайда кем талап ете алды. Ұлы державалар деңгейіне басқа елдер де жетілді. Енді қазір, оған осындай қыр көрсетілген кезде, өз мақсаттарына кезең­кезеңмен жетуге тура келеді, оның үстіне әрбір кезеңнің өзі американдық құндылықтар мен геосаяси қажеттіліктердің қоспасы болып табылады. Сондай қажеттіліктердің бірі ­ қуаты салыстыруға болатын деңгейдегі бірқатар мемлекеттерді қамтитын дүние өз тәртібін күштер тепе­теңдігі тұжырымдамасының біріне, яғни, АҚШ­ты әрқашан өзін ыңғайсыз жағдайда сезіндіретін идеяға негіздеуі тиіс. 1919 жылы Париж бітім конференциясында сыртқы саясатты американша пайымдау мен еуропалық дипломатиялық дәстүрлер бетпе­бет келгенде тарихи тәжірибедегі айырмашылық қасіретті тұрғыдан айдан анық болып көрінді. Еуропалық көшбасшылар орын алып отырған жүйені дағдылы әдістермен түзеуге тырысты; ал американдық бітімгерлер болса ғаламат соғыс қандай да бір шешілмейтін геосаяси жанжалдардың салдары емес, Еуропаға тән және шын мәнісінде кеселді айла­шарғылардың салдары болып табылатынына кәміл сенді. Вильсон өзінің атақты «Он төрт тар мағында» еуропалықтарға халықаралық қатынастар жүйесі бұдан былай күштер тепе­теңдігі тұжырымдамасына емес, этностық өзін­өзі билеу принципіне құрылуға тиіс еместігін, қайта олардың қауіпсіздігі әскери одақтарға емес, ұжымдық қарекетке тәуелді екендігін және олардың дипломатиясы бұдан былай құпия болмауға, мамандардың құзырында қалмай, «ашық қол жеткен ашық келісімдерге» негізделуі тиісті екендігін айтып берді.

Сөз жоқ, Вильсон соғыстың аяқталу шарттарын немесе орын алып отырған халықаралық тәртіпті қалпына келтіруді талқылаудан гөрі, үш ғасырға жуық қызмет еткен бүкіл халықаралық қатынастар жүйесін өзгертуге күш салды. Өйткені американдықтар сыртқы саясат турасында ой толғай бастаса ­ ақ, Еуропа бастан кешіп жатқан қиындықтардың бәрін күштер тепе­теңдігі жүйесі тудырды деген қорытындыға байырқайтын. Және Еуропа алғаш рет американдық сыртқы саясатқа ден қоя бастауға мәжбүр болған сәттен ­ ақ, оның көшбасшылары Америка әлемді реформалау жөнінде өзіне алған миссияға күдікпен қарай бастады. Әр тарап өзін қарсыласы дипломатиялық тәртіп әдісін қалай болса солай таңдап алғандай ұстады, бірақ олардың біреуі неғұрлым кемеңгер немесе кемірек жаугершіл болса, ол қандай да бір өзге, неғұрлым қолайлы әдісті таңдар еді. Іс жүзінде, сыртқы саясат проблемаларына американдық көзқарас та, еуропалық көзқарас та олардың төл, тіршілік етудің бірегей жағдайынан туындаған еді. Американдар жыртқыш мемлекеттерден екі ғаламат мұхит бөліп жатқан йен дерлік құрлыққа қоныстанды, және де олардың көршілері аса әлсіз елдер болды. Және де Америка күш­қуаты жағынан тепе­теңдік орнату қажет болатын бірде­бір мемлекетпен қақтығыспағандықтан, тіпті оның көшбасшыларының миында Еуропаға сыртын берген халық үшін еуропалық үлгілерді көшіріп алу туралы өрескел ой пайда болса да, тепе­тендікті қолдау жөнінде өзіне міндет қоюы неғайбыл еді. Еуропа елдерінде жан азабына ұшырататын қауіпсіздік дилеммаларының Америкаға 150 жыл бойы қатысы болған жоқ. Ал сол дилеммалар оған жанасқан бойда, Америка екі рет еуропалық халықтар бастаған дүниежүзілік соғысқа қатысты. Осы жағдайлардың әрқайсысында Америка соғысқа тартылған сәтте күштер тепе­тендігі принципінде қауқар қалмаған болатын, содан да парадоксты ахуал туындап отырды: американдардың көпшілігі аза бойы қаза болып қарсы шыққан сол күштер тепе­теңдігінің өзі бастапқы көзделген мағынасына сәйкес жұмыс істеп тұрғанда оның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді екен; нақ соны бұзудан ел халықаралық саясат өрісіне тартылған болып шықты. Еуропалық елдер халықаралық қатынастарды реттеу тәсілі ретінде күштер тепе­теңдігі тұжырымдамасын тіпті де дау­дамай мен жанжалға туа біткен үйірлігінен немесе Ескі Дүниеге тон айла­шарғыны жақсы көретіндіктен таңдап алмаған еді. Егер демократия мен халықаралық құқық принциптері Америка үшін тек өзіне ғана тән қауіпсіздік сезімінің салдарынан іргелі болса, еуропалық дипломатия қиын ­ қыстау сынақтар көрігінде шыңдалған еді. Еуропа күштер тепе­теңдігі саясатының тұңғиығына өзінің бастапқы таңдауы ­ әмбебап империя туралы ортағасырлық арманы күйреп, бұрынғы қиял мен ұмтылыстар қирандысының орнында күш­қуаты бір деңгейдегі мемлекеттер тобы пайда болған кезде, итеріп жіберілген болатын.

Дүниеге осылай келген мемлекеттер бір­бірімен өзара ықпалдасуға мәжбүр болғанда, тек екі нұсқа ғана мүмкін еді: не сол топтағы мемлекеттердің бірінің күші артып кеткені соншалық, ол басқаларға үстемдік жүргізіп, империя құра алатын, не ешқайсысы да мұндай мақсатқа жету үшін жеткілікті күшті бола алмайтын. Соңғы жағдайда халықаралық қоғамдастық мүшелерінің ішіндегі ең агрессияшыл пиғылдағы ел талаптары барлық басқалардың жиынтығы, яғни, күштер тепе ­ теңдігінің қызметі арқылы тізгінделетін болады. Күштер тепе­теңдігі жүйесі жанжалдарға немесе тіпті соғыстарға жол бермеуді көздеген емес. Қалыпты қызмет ете отырып, ол бастапқы мағынасына сәйкес тек бір мемлекеттердің екіншілеріне үстемдік жүргізу мүмкіндігін және жанжалдар ауқымын шектеп отырды. Оның мақсаты бейбітшіліктен гөрі тұрақтылық пен қанағатшылдық еді. Өзінің мәнісі жағынан күштер тепе­теңдігі жүйесі халықаралық қоғамдастық мүшелерінің әрқайсысын толық қанағаттандыруға дәрменсіз болатын; реніш көрген тарап қанағаттанбау деңгейін халықаралық тәртіпті құлатуға тырыспайтындай дәрежеге дейін төмендете алса ғана жүйе бәрінен жақсы жұмыс істейтін. Теориялық тұрғыдан күштер тепе­теңдігі жүйесін көбіне халықаралық қатынастардың табиғи пошымы секілді көрсетеді. Ал іс жүзінде бұл жүйе адамзат тарихында өте сирек кездеседі. Батыс жарты шарға ол мүлде белгісіз, ал осы заманғы Қытай аумағында ол соңғы рет бұдан екі мың жыл бұрын «шайқасушы патшалықтар» дәуірінің аяғында қолданылған. Ең ұзақ мерзімді тарихи кезеңдерде басқарудың әдеттегі пошымы адамзаттың басым бөлігі үшін империя болған. Империяларда халықаралық жүйе аясында қарекет жасауға ешқандай мүдде болмаған; олардың өздері халықаралық жүйе болуға тырысқан. Империялар күштер тепе ­ теңдігіне зәру емес. Құрама Штаттар өзінің сыртқы саясатын Америка континентінің бүкіл аумағында, ал Қытай өз тіршілігі тарихының үлкен бөлігінде Азияда ­ нақ солай жүргізген. Батыста жұмыс істейтін күштер тепе­теңдігі жүйесінің бірден­бір үлгісі Ежелгі Грекиядағы қала­мемлекеттер және Қайта өрлеу дәуіріндегі итальян қала­мемлекеттері, сондай ­ ақ 1648 жылғы Вестфалия бітімі тудырған еуропалық мемлекеттер жүйесі бола алады. Барлық жүйелердің сипатты ерекшелігі шамамен қуаты тең толып жатқан мемлекеттердің болуының нақты фактысын әлемдік тәртіптің жетекші принципіне айналдыру болды. Интеллектуалдық тұрғыдан күштер тепе­теңдігі тұжырымдамасы Ағарту дәуірінің барлық ірі саяси ойшылдарының кәміл сенімін бейнеледі. Олардың түсінігі бойынша, дүниедегінің бәрі, соның ішінде саясат өрісі бірін­бірі теңестіріп тұратын ұтымды принциптер негізінде жұмыс істеді.

Парасатты адамдардың сырттай қарағандағы бір­бірімен байланысы жоқ секілді қарекеттері жиыла келіп баршаға ортақ игіліктерге жетелеуге тиісті болады деп саналатын, дегенмен. Отыз жылдық соғыс аяқталғаннан кейін де тыйылмаған жанжалдар ғасырында бұл гипотезаның дәлелдері тым қияли сипатта болатын. Адам Смит өзінің «Ұлттар байлығы» атты еңбегінде «белгісіз қол» индивидтердің эгоистік экономикалық іс­қимылдарынан баршаға ортақ экономикалық бақуаттылық шығарады деп кесіп айтты. «Федералистің» мақалаларында Мэдисон жеткілікті ірі республикада, төл мүдделерін эгоистікпен көздейтін әртүрлі саяси «фракциялар» автоматты түрде жұмыс істейтін тетіктердің көмегімен тиісті ішкі жарасымды жасап шығаруға қабілетті деп дәлелдеп бақты. Монтескье ұсынған және АҚШ Конституциясына енгізілген «билікті бөлу», сондай­ақ «тежемелер мен тепе­теңдік» тұжырымдамалары да сол көзқарасты білдіреді. Билікті бөлу мақсатты басқарудың жарасымды жүйесіне қол жеткізу емес, деспотизмге жол бермеу болатын; басқару жүйесі тармақтарының әрқайсысы өз мүдделерін көздей отырып, шектен шығушылықтан бой тартар еді де, осылайша баршаға ортақ игілікке қол жеткізу ісіне қызмет етер еді. Халықаралық қатынастарға да нақ сол принциптер қолданылды. Төл эгоистік мүдделерін көздей отырып, мемлекеттердің әрқайсысы прогреске септігін тигізер еді деп топшыланды, бұл бейне қандай да бір «көрінбейтін қол» мемлекеттердің әрқайсысы үшін таңдау еркіндігі баршаның бақуаттылығына айналатынына кепілдік беретін сияқты болып көрінетін. Бір ғасырдан сәл артық уақыт бойында бұл үміт ақталғандай болып көрінген. Француз революциясы мен Наполеон соғыстары тудырған дүрбелеңдерден кейін еуропалық көшбасшылар 1815 жылы Вена конгресінде күштер тепе ­ теңдігін қалпына келтірді де, дөрекі күшке сүйенудің орнына моральдық һәм заңдық тежегіш факторларды енгізудің арқасында халықаралық аренада елдер арасындағы қатынаста қанағатшылдықты іздестіру келе бастады. Дегенмен XIX ғ. соңында еуропалық тепе­теңдік жүйесі күш саясаты принциптеріне, және де әлдеқайда көп ымырасыздық жағдайында қайта оралды. Қарсыласқа қыр көрсету дипломатияның үйреншікті әдісіне айналды да, мұның өзі шексіз күш сынасуға жетеледі.

Ақыр соңында, 1914 жылы дағдарыс пайда болды да, одан ешкім өз еркімен шыққысы келмеді. Еуропа бірінші дүниежүзілік соғыс апатынан кейін өзінің әлемдегі көшбасшылық жағдайын қайтара алмай­ақ қойды. Басты ойыншы ретінде Құрама Штаттар шықты, бірақ Вудро Вильсон көп ұзамай өз елі еуропалық ереже бойынша ойнаудан бас тартатынын сездірді. АҚШ өзінің бүкіл тарихында ешқашан күштер тепе­теңдігі жүйесіне қатысқан емес. Екі дүниежүзілік соғыстың алдындағы кезеңде бұл ел сол жүйемен байланысты саяси айлакерлікке қатыспай және осынау принципті барынша жаңғыра отырып, жүйенің іс жүзіндегі жұмысының пайдасын көрді. Қырғи қабақ соғыс заманында Америка Кеңес Одағымен идеологиялық, саяси және стратегиялық күреске тар тылды, ол кезде екі астам держава бар дүние күштер тепе ­ теңдігі жүйесіне ешқандай қатысы жоқ принциптер негізін де өмір сүріп жатты. Биполярлық дүниеде жанжал баршаға ортақ игілікке жетелеген деген гипотеза әу бастан негізсі і еді: тараптардың бірі үшін кез­келген ұтыс екінші жақ үшін ұтылыс болатын. Шындап келгенде, қырғи қабақ соғыста АҚШ соғыссыз ­ ақ жеңіске, яғни Джордж Бернард Шоу тұжырымдаған: «Өмірде трагедияның екі түрі бар. Біреуі ­ ең асыл арманыңа жете алмай кету. Екіншісі ­ жету» деген дилеммаға бетпе­бет келуге мәжбүр еткен жеңіске жетті. Американ көшбасшылары өз құндылықтарын өзінен­өзі түсінікті нәрсе ретінде соншалық жиі тәпсірлейтіндіктен, сол құндылықтарды басқалар қаншалықты революциялық және дүниенің үйреншікті тәртібін бұзушы ретінде қабылдайтынын тым сирек түсінетін. Индивидуумдардың мінез ­ құлқына қолданылатын этикалық нормалар дәл солай халықаралық істер жүргізуге де қолданылады деп басқа ешбір қоғам айтпайтын ­ басқаша айтқанда, мұндай көзқарас Ришельенің raison d’etat (мемлекеттік пиғылдар) дейтінінің мәнісіне түбегейлі кереғар болатын. Америка соғысқа жол бермеу нақ дипломатиялық қыр көрсету секілді заңды тірлік, және де ол өзгерістерге қарсы шықпайды, өзгерістердің белгілі бір әдістемесіне, мәселен, күш қолдануға қарсы шығады деп кесіп айтатын. Қандай да бір Бисмарк немесе Дизраэли, сыртқы саясаттың пәні болып жатқан оқиғалардың мәнісінен гөрі, оларды жасаудың әдісі болып табылады деген топшылаудың өзін, егер мұндай нәрсе олардың түсінік аясында жалпы бола қалса, күлкіге айналдырар еді. Ешбір ұлт ешқашан, Америка істегеніндей, өзіне моральдық талаптар қойған емес. Ешбір ел өзінің моральдық құндылықтарының абсолюттік сипаты мен оларды қолдану қажет болатын нақты жағдайға тән жетімсіздіктің арасындағы әрі­сәрілік азабына ұрынған емес.

Пікір қалдыру