Загрузка…

ЖАҺАНДАНУ КОНЦЕПЦИЯСЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ТҰЖЫРЫМДАМАЛАР

Қазақстан басқа елдермен экономикалық сауда-саттық қарым-қатынасына түсіп, нарықтық жағдайда дамып келеді. Даму жолы мәдениет пен салт-дәстүрдің тоғысқан ғажап әлеміне тура келді. Әлемдік деңгейдегі елдердің өзара тәуелділігі жаһандануға алып келеді. Бұл үрдіс халықтың өмір сүру тәсілін өзгертіп, нарықтық қоғамға бағыттайды. Әлеуметтік жағдайды көтереміз деп, таңның атысы мен күннің батысы күйбең тіршіліктің соңынды жүріп өзіміздің жаһандануға қаншалықты сіңіп кеткенімізді де байқамай қалғанымыздың себебі де осы. Қазіргі таңдағы әлемдік қарқынды даму сатылары мен ілгерілеудің мотивизацияларын талдай отырып, жаһандану үрдісі тек кеңейе береді деген болжам жасай аламыз. Жаһандану дәуірі кері кетпейді немесе тоқтап қалмайды. Демек, өркениеттер өзара кірігу жолымен дамиды. Жаһандану дегеніміз – адамзат тарихындағы теңдесі жоқ жаңа бір құбылыс па, әлде ол кейбір тұрақты үрдістерді біршама сипаттай ма деген сұрақтардың жауабын табу керек. Жаһандану кезеңі дамушы немесе өтпелі кезеңдегі мемлекеттер үшін көптеген мәселелерді көлденең тартатыны айқындалып, дәлелденіп келеді. Үлкен белестерді бағындыруды мақсат еткен Қазақстандай жас мемлекеттің алдына жаһандану деген айдаһарға жұтылып кетпеу деген негізгі мәселе туындайды. Өйткені, бұл үрдіс үлкен сынақтарды туғызады. Оған төтеп беру үшін жаһандану дүниесін толықтай, танып, зерттеп‑зерделеп алуымыз дұрыс-ақ. Өзге елдерде, мәселен, Орталық және Шығыс Еуропада немесе Ресейде жаһандануды зерттеу арнайы ғылыми жолға қойылған. «Біз жаһанданудан қорықпауымыз керек, біз оған барынша дайын болуымыз керек» [1] – деп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ылғи да жаһандану үрдісінің заман шындығы екенін ескертіп келеді. Елбасы айтқандай, жаһанданудың тиімді тұстарын алып, қажет емес қырларынан жиренуіміз керек. Өзінен әлсіздерді жұтып қоюға дайын тұрған «алпауыттардың» барында, бәсекелестіктің атқа мінген жаһандану заманында бей‑жай отыруға болмайды. Жаһандануды ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеу өткен ғасырдың 70-жылдары ғана қолға алынды. Жаһандану үрдісін экономикалық, саяси, тіпті, философиялық қырынан зерттесек ЖАҺАНДАНУ КОНЦЕПЦИЯСЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ТҰЖЫРЫМДАМАЛАР 140 ҚазҰУ хабаршысы. Журналистика сериясы. №1/1 (37). 2015 Жаһандану концепциясындағы ғылыми тұжырымдамалар те, бүгінде «Жаһандану деген не?» деген сұраққа бірыңғай, біртекті анықтама бере алмаймыз. Жаһандану терминінің өзі әлемде болып жатқан жағдайларға берілетін анықтама секілді қалыптасып келеді. Бүгінгі таңда әр елдің ғалымдары мен зерттеушілері жаһандануды әртүрлі қабылдап, алуан түрлі пікірлерін білдіріп, сан-түрлі анықтамалар беруде. Ғалымдар арасында жаһандану мен оның тарихына қатысты алуан бағыттағы тартыстың орын алғанына көп уақыт болды. Жаһандану сөзінің этимологиясына қатысты анықтамасы да сан алуан. Мәселен, В. Кузнецов Жаһандануды (Глобализация) ағылшынның «Globe» – жер шары[2] деген сөзінен шыққан десе, А. Арсенко француздың «Global» – ғаламдық деген сөзінен шыққан деп түсініреді[3]. Француз ғылыми мектебінде «жаһандану»: мондиализация «La mondialisation» француздың «Le monde» – бейбітшілік және жаһандану «La globalisation» деген екі мағынасында түсіндіріледі. «Глобализм» термині саясатта, экономикада болсын, жалпы мәдениетте болып жатқан елеулі мәселелерді шешу барысында туындайтын ойлау әдісі де, әрекеттену түрі десе де болады. Бұл күндері жаһандану идеясын немесе глобализм терминін біржақты талдау мүмкін емес. Яғни, не бірыңғай жағымды, не бірыңғай жағымсыз үдеріс деп кесіп айту қиын. Жаһандану туралы алғашқылардың бірі болып 1983 жылы Американдық әлеуметтанушы Р.Робертсон «Глобализация» (Globality) терминін өз мақалаларының тақырыбында қолданып, 1985 жылы globalization терминіне түсіндірме беріп, 1992 жылы өз тұжырымдарын кітап етіп шығарған. Алайда, «Нақтырақ айтсақ, әлеуметтік қатынастардың жаһандануының күшеюіне тарихи үрдісін түсініп және оған түсініктеме беру» – деп Дж.Маклин өз еңбегінде алғаш қолданған деген пікірлер де бар. Тіпті, кейбір ғалымдардың пайымдауынша, жаһандану терминін ең алғаш рет 1983 жылы Гарвард бизнес мектебінің профессоры Теодор Левитт «Гарвард бизнес ре- вью» журналында «Нарықтың жаһандануы» деген мақаласында қолданған. Ол өз мақаласында «жаһандануға нарықтық жағдайдағы жекелеген бірнеше өнімнің үлкен корпорацияға бірігуін жатқызған» [4]. Осыдан келіп, «Глобализация» ұғымы 1983 жылдан бастап тілдік қолданысқа енген деген тұжырым жасай аламыз. 80-нші жылдардағы ғылыми ортада кеңінен қолданылған жаһандану өндірістің, қаржыландырудың және ақпараттық жаһандық торабының қалыптасуынан көрініс алды. Дәлірек айтар болсақ, коммуникация мен ақпарат саласындағы жаңа технологиялардың тез дамуынан капиталдың жарылыс бейнелі қозғалыс үдерісі, әрі қаржы және биржалық нарықтардың интеграциясын бейнелеу үшін қолданыла бастады. 1980 жылдардың орта шенінде ғана «жаһандану» ұғымы экономикалық және қаржы саласында қолданысқа ене бастады. Бұл терминнің көпшілікке танылуына, жапон зерттеушісі және басқару стратегиясы саласындағы маман Кенчи Омаэның еңбектері себепкер болды. Оның 1985 жылы «Триада билігі» («Traid Power») деген кітабында «Триада» деп ойша жасалған үш бұрышты, яғни, АҚШ, Батыс Еуропа мен Жапонияның өздеріне жататын жағрафиялық аймақ бойынша құрылып, 600 млн. тұтынушысы бар, әлемдік технология өнімінің ѕ астамын тұтынатын нарықты атады. Бұл еңбегінде ол Трриада елдерінде қалыптасқан жаңа нышанды қатаң бәсекелестік жағдайында өмір сүру үшін көпұлтты корпорациялар жаһандық көрегендікке ие болып, осы өлшемде әрекет етуі тиіс деп атап көрсетті. Зерттеуші, саяси ғылымдардың докторы Зүлфухар Гайпов: «Жаһандану өзінің бастауын христиан дінінің пайда болған кезеңінен, ислам дінінің қанат жайған тұсынан бастау алды»[5], – дейді. Тіпті, географиялық ашылулар мен техникалық жетістіктердің барлығын жаһандану үдерісінің қарқынды дамуымен байланыстыруға болатынын айтады. Филип Моро Де Фаршта өзінің «Жаһандану» («La Mondialisatio») деген еңбегінде «Еуропалықтар (Христофор Колумб, Васко да Гама) жасаған ұлы жағрафиялық ашылулар жаһанданудың бастауына негіз қалады» – деп жазған болатын. Демек,бүкіл жер шарын қамтыған әртүрлі байланыстардың пайда болуы жаһанданудың көріністері болды. Ал, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы «Жаһандануды алғашқылардың бірі болып жүзеге асырғысы келген Ескендір Зұлхарнайынның ата жұрты – гректер тілінде «агон» деген маңызды ұғым болған. Ол ұғым ежелгі грек болмысы мен мәдениетінің маңызды элементтерінің бірін танытады. «Агон» қоғамдық құрмет пен абыройды әперетін ең биік жетістіктерге жетуге бағытталған жеке тұлғаның не адамдар ұжымының, полистердің (көне грек қала-мемлекеттерінің) болсын өзара жарысу принціпін айтамыз. Қарапайым сөзбен топшылар болсақ, агон – еркін бәсекелестік» – деп жаһанданудың көрінісін келтірген. Демек, бұдан әр дәуірде адамдардың жаһандық сипатқа ие іс-қимылдары мен жоспарланған бағдарламаларын іске асыру жолындағы әрекеттерін көреміз. ISSN 1563-0242 KazNU Bulletin. Journalism series. №1/1 (37). 2015 141 Киялова Д. және т.б. Кейбір ғалымдар бұл үрдіске жағымсыз көзқарастарын танытып, адамзаттың дамуына теріс ықпал беруде десе, енді бірі, жаһанданудың негізін – техникалық, экономикалық, нарықтық, мәдени жаңалықтарды жатқызуда. Мәселен, орыс ғалымы В.М. Межуев: «Жаһандану – әлемдік қауымдастықтағы ұлттық мемлекеттер мен аймақтардың бір-біріне өзара тәуелділігінің артуы, олардың жалпыға ортақ экономикалық, саяси және мәдени ережелері бар бір жүйеге бірте‑бірте тартылуы, интеграциялануы» [6], – деп атап көрсетеді. Бұл дегеніміз бүгінгі компьютерлендіру бағдарламалары, ғарышты игеру, бүкіл әлемдік қуатты корпорациялар, Халықаралық сауда ұйымы, туристтік ұйым сияқты әлемдік қаржы институттарының құрылуы. Жалпы, бүгінде жаһандану шешімдері мен әрекеттері дүниежүзілік үрдістерге ықпал ететін дүниежүзілік сахнаға халықаралық қатынастардың жаңа жеті субъектісін көшбасшылық қатарға шығарды. Оларға: • Халықаралық ұйымдар (ЮНЕСКО, МВФ, ФАО, Дүниежүзілік банк, МОТ, ВТО, «Үлкен жетілік», оның қатарына Рессей қосылғаннан кейін «сегіздікке» айналды) • Аймақтық ұйымдар (олардың саны 60-қа жуық) • Үкіметтік емес ұйымдар («дәрігерлер еш шектеусіз» қозғалысы, «жасылдар») • Ірі мегаполистер (Париж, Токио, Франкфурт, Лондон, Нью‑Йорк) • Институционалдық инвесторлар (сақтандыру компаниялары, инвестициялық және зейнетақы қорлары) • Индивидтер (жоғары оқу орындарының профессорлары, өнер адамдары, ғылыми қызметкерлер, жеке тұлғалар) • АҚШ Ал, З.Бжезинскийдің анықтамасында «Жаһандану дегеніміз – бұл америкалану, себебі, АҚШ қай жағынан да ең қуатты мемлекет, әлемді басқаруға, реттеуге кепіл бола алады» делінген. Тіпті, оның ойын жалғастырушылар АҚШ президентін АҚШ азаматтарымен қоса әлем азаматтары да сайласын деген ұсыныстарын айту- да. Космополиттік идеяны қолдаушылар тарихи сахнадан кететін елдерге АҚШ, Жапония, Германия, Англия, Франция сияқты мемлекеттерді қоспайды. Демек, мәселе шағын мемлекеттер тағдыры туралы болып отыр. Яғни, жаһандану үдерісінің өзгерістерінің әсерінен кейбір елдер алпауыттардың көлеңкесінде қалып қойса, енді біреулері дамудың көшіне ілесе алмай, құлдырауға түсіп кетеді. З.Бжезинскийдің анықтамасынан тек мемлекеттердің болашағы ғана емес, қала, аймақ, тіпті адамдардың әлеуметтік, психологиялық жағдайына да қатысты деп бағалауға болады. Мұндағы негізгі мәселелердің бірі жаһанданудан кім ұтып, кім «жұтылады» деген сауалмен байланысты болып келеді. Әрине, мұнда бай елдер немесе индивидтер басым орынды иеленеді. Кейбір оппоненттер кірістердің жаһандық конвергенциясы орын алуы мүмкін, өйткені, кедей мемлекеттердің экономикасы бай елдерге қарағанда, жедел қарқынмен дамиды деген пікір айтады. Негізінде, жылдам даму барлық мемлекеттерге тән емес, экономикалық тұрғыдан нашар дамыған елдер бай елдерге қарағанда баяу қарқынмен ерекшеленеді. Соған қарай, олардың жаһанданудан алар пайдасы аз болып келмек. Жаһанданудың әсері жан-жақты болып, қаумалай келгенде оның қай қырынан қаншалықты соққы бергені білінбей де қалады. Оның себептеріне: Экономикалық қауқарсыздық; Бәсекелстіктің күштілігі; Мемлекет басқарудағы әлсіздік; Қарапайым адамдық қажеттіліктердің өтелмеуі; Заңның сауатсыздығы; Жағрафиялық орналасудың ықпалды себептерін жатқызуға болады. Біздің өміріміздегі күн сайын, сағат сайын болып жатқан жаңалықтар, жаңаша өзгерістер, техникалық ілгерілеулердің барлығын жаһанданудың жемісі деп қабылдасақ та, бұл үдеріс жоспарланып, арнайы ойластырылған деген тұжырымды да жоққа шығара алмаймыз. Негізінен алғанда ғалымдар жаһандану ХХ ғасырдағы эволюциялық төңкерістен кейін етек жая бастады дейді. Өйткені, осы кезеңде көктегі тәңірден гөрі биліктегі басшыларға, жеке басқа табынушылық, мадақтау белең алған еді. Осындай өзгерістер эволюциялық дамуды жаһанданудың басқармалы және ұйымдастырмалы түріне алып келеді. Демек, қазіргі жаһанданудың маңызды күш құратын ерекшелігі – оның айқын басқарылатындығында. Жаһандану үдерісі ғаламдағы өмірдің жалпы интернационалдануымен дұрыс байланысса да, ол стихиялы көрінеді. Шындығында, нарықтық экономика арасына, соның концептуалды капиталистік, неолибералдық үлгісі шеңберіне жол тауып бағытталады. «Жаһандану «бақылаусыз» жайдан-жай қала алмайды, ол, керісінше ұлттық элиталар мен ұлт аралық әлеуметтік күштердің әр түрлі және саналы түріндегі саяси және экономикалық жобаларын көп жақты реттеу мен көп жақты басқарудың жаңа формаларының объектісі болып табылады» – деп, Хелд, Гольдблатт, Макгрю, Перратон. пайымдайды [7]. Ал, оның басты жеткеші күші – АҚШ болып табылатындығы шүбәсіз. 142 ҚазҰУ хабаршысы. Журналистика сериясы. №1/1 (37). 2015 Жаһандану концепциясындағы ғылыми тұжырымдамалар Жаһандану өзінің әлеуметтік сипаты жағынан батыстық әлемнің ауқымды соғысы секілді. Бұл соғыста тек қана даму эволюциясын басқару, ұйымдастыру ғана емес, сондай-ақ, өзіндік позицияны жүргізу һәм бір жақты көзқарасты таныту да болып табылады. Мұндай қарусыз соғыстан кейін қанатын жая бастаған жаһандану АҚШ-тың жетекшілігімен жүргізіле бастап, басқармалы формасына ауысты. Бұл турасында профессор Сәбетқазы Ақатай: «11 қыркүйектен соң АҚШ-тың терроризмге қарсы күрес бастауы – осы глобализацияның тұсаукесер тойы болды», – [8] деген. Жаһандану үрдісін зерттеп жүрген Әбдімәлік Нысанбаев жаһандануға байланысты өз ойын: «Қазір барлық елдер мен мемлекеттер біркіндікті жаһандану дүниесінде өмір сүруде, оның жалғыз кіндігі АҚШ болып отыр. Әлемдік және аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті өз мойнына алып отырған АҚШ үшін бұл оңай шаруа емес. Жаһандану үдерісіне оңтайлы кірігу үшін басқа елдер де бұл үдеріске АҚШ-пен тең дәрежеде қатысқаны жөн. Сонда ғана біз әлемдік көпкіндікті жаһандасу үдерісінің шынайы субъектілері бола аламыз. Әйтпесе, әлемдік орнықты даму тығырыққа тіреліп, үлкен қасіретке дұшар етуі мүмкін» [9], – деп білдірген болатын. Қорыта келгенде, жаһандануға қатысты ғалымдар мен зерттеушілер әлі де болса нақтылы, бір анықтамаға тоқтам жасаған жоқ. Бүгінде саясаткерлер, философтар, экономистер, жазушылар, заңгерлер, әдебиеттанушылар мен әлеуметтанушылар өз пайымдарын өзіндік тұрғыдан, өз мемлекеттерінің аясында түсіндіруге, зерттеуге бет алғандығын байқауға болады. Алайда, қазақ елі секілді жас, кемемізді тәуекел дариясына түсірген, алыс сапарға бел буып, елес үміті емес, ерлік пен елдік мұратын кемеміздің тұғырына байрақ еткен ел екенімізді ескерсек, әлемдік жаһандануға бей-жай қарап, батыстық қарқынды көшке ілесе беруге еш болмайтыны анық.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar